Ашық хаттың инициативасы Асекеңдікі, хатқа қол қойғанына мен куәгермін! - Қанат Төребай
2024 ж. 14 қараша
969
0
Соңғы бірнеше күнде «Jasalash.kz» порталы мен әлеуметтік желілерде жарияланған Мәдениет министрлігінің жұмысын сынға алған бір топ әйгілі мәдениет қайраткерлерінің Ашық хаты қызу талқылануда.
Ашық хат ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Үкімет басшысы Олжас Бектеновке және Қазақстан Парламентінің қос палатасындағы депутаттарға бағытталған. Хатқа қол қол қойған белгілі өнер қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері отандық кинематографияда, жалпы мәдениет саласында қалыптасқан жағдайға қатты алаңдаушылық танытып, президенттің өзі бұл мәселені бақылауға алуын сұрайды.
«Аbai.kz» порталы Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімовке хабарласып, мән-жайды сұраған еді. Асанәлі Әшімов ол хатқа қол қоймағанын мәлімдеді.
«Мен ешқандай ашық хатқа қол қойған жоқпын. Тек министрдің қабылдауына жазылуды өтініп, хат жолдаған болатынбыз. Ал қазіргі мәдениет министрлігіне көңілім толады. Министрліктің жұмысына қарсылық білідіретіндей еш хатқа қол қоймадым», - деген Асанәлі Әшімов.
Десе де, кейін Ашық хатты ұйымдастырушылар редакциямызға А.Әшімовтің қол қойғанын растайтын құжатты ұсынды.
Осыдан соң, біз қоғамда резонанс тудырған аталмыш Ашық хатқа қол қойған, Президентке киногерлер үндеуін жеткізушілердің бірі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, кинопродюсер Қанат Төребайға хабарласып, мән-жайды сұрадық.
«Мен Асекеңнің «қол қоймадым» деп айтқанына сенбеймін. Өзі қолын қойғанына мен куәмін. Абыз ақсақалымыз басында «зиялылар президентке хат жолдайық» деп, өзі тапсырма берген. Бұл ұсынысты «Қазақфильмнің» планеркасында өзі айтқан, ол жерде Қазақстан киногерлер одағының басқарма мүшелері де болған», - деді Қанат Төребай.
Қалғанын оқырман өзі таразылар.
Дереккөз: Abai.kz