"ҰСТАЗЫМ МЕНІҢ, ҰСТАЗЫМ!"
2024 ж. 08 қараша
803
1
Кімде-кім халқынан алмаса тәлім,
Оны үйрете алмас ешбір мұғалім.
Ж.Баласағұн.
Мен Өзбекстан Республикасының Жыззах облысы, Фарыш ауданына қарасты Ә. Ерімбетов совхозының «№50 О.Омаров атындағы мектебін» оқып аяқтадым. Мектепке жасым жетпесе де үйімізде жатып оқитын нағашымның балаларына еріп мектепке бара беруші едім. Әжем марқұм әулие аралап жүріп көрген перзентімнен туылған, зорға жеткен немерем деп менің бар айтқанымды істеуші еді. Сол еркеліктің әсері ме мектепке бара сала кез келген сыныпқа кіріп отырып алатынмын. Сонда мұғалімдер Ұлбосын әженің еркесі келді әуппірімдеп шығарып сал деп ағайын Оспан деген көкемізге дайындайды екен. Әжем өз қолымен белбет матадан сумка тігіп үлкен түйме қадап берген болатын, соған бір дәптер, бір ручка салып алатынмын. Алғашқы әріп танытқанда менің сол айдидарлы әжем болатын. Кітап жоқ, бірақ үйімізде ШАРУА деген газет болушы еді. Соны қолына алып әріптерді жаттататын.
Жасым жетіп 1 сыныпқа қабылданған сәтімізде мектеп табалдырығынан Дәнебаева Құттығыз апайымыз күтіп алды. Апайымыздың еңбегі өлшеусіз болды. Жалпы мектеп дәуірінде көптеген ұстаздардан тәлім – тәрбие алдық. Олар: Сырманов Темірхан, Байдуллаева Алия, Сарсенбаева Меруерт, Айымбетова Ұлдаш, Төлешов Өсербай, Ақылбекова Назира, Мырзагелдиев Тағай, Акпанов Бакыт, Сейткулина Гүлжайна, Бухарбаева Сәрсенкул, Байташов Бақыт, Жақсыбаева Баян, Жунисова Салиха, Жумашова Гулнар. Өмірде өз орнымызды табуда әрбір ұстазымыздың орны бөлек. Ерекше атап өтетінім Меруерт апайымыз бен Ұлдаш апайымыз тәрбиені қолға алған мектептің қос бәйтерегі секілді көрінетін.
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де — бір кірпіш, дүниеге
Кетігін тап та, бар қалан! – деп ұлы ақын Абай Құнанбаев айтқандай, сыныптастарымыз өмірде өз орындарын тапты. Әрбіріміздің қаланған кетігіміздегі жеткен жетістігіміз отбасымыз бен ұлағатты ұстаздарымыздың ерен еңбегінің арқасында. Сыныптастарымызбен әрбір саланы меңгеріп еліміздің өсіп өркендеуіне өзіндік үлесімізді қосып келеміз.
Ұстаздарыма деген құрмет менің мұғалім болуға деген қызығушылығымды арттырды. Қазіргі таңда мен де шәкірттерге білім беріп тәрбиелеп келемін. Ұстаз жетістігі шәкіртінің шыққан биігімен бағалы – дегендей шәкірттерім биік шыңдарды бағындырып жатса мұнан артық қуаныш бар ма?
Өмір жолымда көптеген мұғалімдерді көрдім. Бәріде шәкірттерінің білімді болуы үшін жан күйдіріп жүрген жандар. Есімдерін жеке – жеке атамасам да ел игілігі үшін еңбекпен етене араласып, жарқын болашаққа қарымды қадам жасаған ұлағатты ұстаздардың баршасына алғысым шексіз!!!
Түркістан облысы Жетісай ауданы
«Х. Доспанова атындағы №28жалпы
білім беретін мектеп»коммуналдық
мемлекеттік мекемесінің
бастауыш сынып мұғалімі
Серикбаева Аңсаған Ергешбоевна