НАҒЫЗ ТУРАЛЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН НАРТҰЛҒА
2024 ж. 31 қазан
1349
0
БІРЕГЕЙ ҰСТАНЫМДЫ БІРТУАР НҰРТАС
Еліміздің ең қиын кезеңінде, екінші дүниежүзілік соғысы кезінде 1938-1951 жылдары 13 жыл үкімет басқарып, ел экономикасы мен мәдениетін биікке көтеріп кеткен біртуар мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасыновтың тарихымыздағы рөлі зор.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті Қазақстан құруда отаншылдық пен ұлттық бірегейлікті нығайтуға ықпал ететін тұлғалар рөлін көтеруге баса назар аударуда. Төл тарихымызда өзіндік орны бар тұлғалардың бірыңғай тізімін әзірлеуді тапсырып, ономастика саласының тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы болуы шарт екенін атап өткен. Тарихи тұлғалардың атын тірілтуді өңірлердің ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтарын ескеруге шақырды.
“Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды.
«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек.”-деп атап көсетті Атыраудағы Ұлттық құрылтайда.
Яғни, “Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек” дейді. Ендеше, мемлекет басшысы айтқан “Адал адам” қағидатына нағыз сай келетін нартұлға – Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов. Соңында әрбір мемлекеттік қызметкер ұстанар қағидат боларлықтай ұлағатты ұстанымы мен сөзі қалды.
«Біріншіден- қанша қиын кездерде ел басқарсам да ешкімнің жаны мен қаны мойнымда жоқ- АРЫМ ТАЗА!
Екіншіден- ешкімнен ешқашан пәре алған емеспін-ҚОЛЫМ ТАЗА! Үшіншіден- ешқашан ешкімнің руын, жүзін сұраған емеспін-ЖҮЗІМ ТАЗА!».
Он үш жыл Үкімет басқарып, жалпы жиырма жылдай жоғары билікте болған Нұртастың бар қазаққа бағдар болып, барлығы үлгі тұтарлық бұл үш ұстанымын Үкімет үйінен бастап, барлық мемлекеттік мекемелердің маңдайшаларына жазып қою керек!
Мемлекеттік қызмет академиясында осы Адалдықты, Тазалықты, Әділдікті ту еткен Нұртас Оңдасыновтың үш ұстанымын басты назарға алып оқыту керек!
Бұл ұлы Абай ұран еткен адал еңбек, Алаш арыстары күреспен өткен өмірлерінде өнегелі іспен көрсеткен әділдік 37 жылғы қанды зұлматтан кейін, қан майдан қайнап жатқан ең ауыр кезеңде сол асылдарымыздың жарқын жалғасындай жарқ етіп саясат майданына шыққан Нұртас Оңдасыновтың нар тұлғасынан табылуы тарихи заңдылық еді.
Осындай қиын-қыстау кезеңде Нұртас Оңдасынов өзіне тән адалдық пен іскерлігі арқылы зиялыларды бір ұлттық мүддеге топтастырып, соңынан ерте алды. Сонымен бірге одақтың әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-интеллектуалдық күшін қазақ білім-ғылымын, мәдениетін көтеруге жұмылдыра білді. Республика бойынша қанашама білім, мәдениет, денсаулық сақтау ошақтары, Ұлттық консерватория, Қыздар педагогика институты, Ғылым академиясы, “Қазақфильм” және тб маңызды рухани ордалар Н.Оңдасыновтың саяси табандылығы арқасында өмірге келді. Кейінгі Жоғарғы кеңес төрағалығы мен Гурьев облысындағы (қазіргі Атырау мен Маңғыстау облыстары) басшылық қызметінде де тарихта қалатын зор жұмыстар атқарды.
Н.Оңдасыновтың білім, ғылым, өнер, мәдениет, өндіріске сіңірген еңбегі зор. Қазақ жерінде мектептер мен ғылым ордасының құрылуына септігі тиген. Жеріміздің тұтастығын сақтауға үлес қосқан тұлғалардың бірегейі. Оның артында қалған төрт томдық «Арабша-парсыша-қазақша түсіндірме сөздік» шет тілдерін оқитын студенттердің қажетіне жарап тұрған дүние. Сондай-ақ, «Араб текті қазақ есімдері», «Шығыс халқының мақал-мәтелдері» кітабы мен түрік жазушысы Мехмед Тауфиқтың «Бұ Адам» кітабының аудармасы – өшпес мұра.
Ғылым академиясын қалыптастыруда үлесі зор Нұртас Оңдасынов білім-ғылым мен руханият саласының ұлтшыл жаңа буынын қалыптастырды. Академиктер Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Ә.Марғұлан Нұртас Дәндібайұлының саяси және адами қолдауын көрді.
Солардың бірі, жақында Ақтау қаласында 85 жылдығы аталып өткен қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбай.
Әбіш Кекілбай өз тағдырына әсер еткен үлкен нартұлғалар туралы үнемі айтып жүретін. Мысалы, жазушы Шойбек Орынбайға берген сұхбатында біртуар мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасыновты ыстық ықыласпен еске алады.
–Нұртас Оңдасынов – өз өмірімен өлмес із қалдырған аса үлкен мемлекет қайраткері. Республикамыздың көгеріп-көркеюіне ондай қалтқысыз еңбек еткен тұлға кем де кем. Ұзақ жыл үкімет басындағы қажыр-қайраты аңызға айналған. Қызметі төмендеген сайын абыройы аспандай түскен. Мың тоғыз жүз елу жетінші жылы мектеп бітірдік… «Ауылымызда қалып, мал бағамыз деп, бүкіл облысқа үндеу тастаңыз», деген қолқа миымызды күні-түні жегі құрттай жеп болды. Ақыры көндік. Аттестаттарымызды аудандық оқу бөлімі сейфінде сақтады.
Сөйтіп, жүргенде обком басшысы өзгерді. Нұртас Оңдасынов келді. Бірінші өткізген бюро мәжілісінде біздің үндеуіміз де қаралыпты. «Мал болса, малшы табылады. Бізде оқыған мамандар жетпейді. Балаларды жолдарынан қалдырмаңдар. Оқуларына барсын», депті.
Бұл үшін ол «Ленинская смена» газетінде қатты сыналды.
Арада көп жылдар өтті. Бір күні жұмыста отырғанымда есігімді серпіп ашып, біреу кіріп келді. «Сен осы 1957 жылы Маңғыстауда мектеп бітірген Кекілбаевсың ба? Айналайын-ай, сол жылы оқуыңнан қалып қойсаң, сенен бүгінде кім шығарын кім біліпті? Мен сендерді оқуға жіберткізген Нұртас Оңдасынов деген ағаңмын ғой» деп, қолтығына қыстыра келген «Үркер» деген кітабыма автограф жазғызып алды. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа жолығып, кетіп барады екен. Маған кіре шығыпты.»-деп, Нұртасқа жоғары бағасын береді.
Қылышынан қан тамып тұрған кеңес империясының қазақ жастарын жоғары білім алуға қалаға жолатпай, қойшылықтан шығармау туралы «Шұбартаулық жастар бастамасы» сияқты жымысқы саясатына батыл қарсы шыққан, Қазақстанның батыс өлкесіне көз алартқан Кремльге кедергі жасаған Нұртас Оңдасыновтай нартұлға өмірден өтерде өзі зейнетке шыққасын Мәскеуде ұзақ жыл зерттеп, жазған қазақша-арабша сөздігін Қазақстандағы Әбіш Кекілбайұлына беріп жібергенде «ет жүрегім езіліп кетті» деп еске алады әйгілі жазушы ағамыз.
Қолына таяқ ұстап, қой бағуға далаға кеткелі тұрған бала Әбішті қолына қалам ұстатып, ой бағуға қалаға жіберіп, дана Әбішке айналуына зор үлес қосқан Нұртас Оңдасыновтың туғанына биыл 120 жыл толуын атап өтіп отырмыз. Ал бес жылдан кейін мерейлі 125 жылдығы. Бұл биыл парламенттің екі бірдей Еңбек Ері бастаған, түркістандықтар Қайрат Балабиев пен Елнұр Бейсенбаевтар қостаған, барлығымыз 25 депутат болып депутаттық сауал жасасақ та, елеп-ескеріп жатқаны шамалы, қимылдауы қиын біздің үкіметке бес жыл бұрын ескертіп жатқанымыз. Өйткені, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ елінің қалыптасуына үлес қосқан тарихи тұлғалардың мерейтойын жоғары деңгейде атап өтуді тапсырса да, Нұртас Оңдасыновтың 120 жылдығының үкіметтің ресми тізіміне енбей қалғаны мәдениет саласының үлкен кемшілігі болып тұр.
Осы орайда, жоғарыда айтылған мәселелерді ескере келіп, біршама ұсыныстарымызды атай кетуді жөн көрдік:
1)Алдағы 2029 жылы болатын Нұртас Оңдасыновтың мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту;
2) Н. Оңдасыновтың өмірі мен қызметі туралы көп сериялы көркем фильм түсіруді;
3) Алматы, Астана, Атырау, Ақтау, Шымкент, Түркістан қалаларында Н. Оңдасынов көшелерінің бойынан ескерткіш орнатуды;
4) мектептер мен жоғары оқу орындарына Н. Оңдасыновтың есімін беруді;
5) Нұртас Оңдасынов жайлы зерттеулер жазылған естелік кітаптар шығаруды;
6) «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік», «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік», «Араб текті қазақ есімдері» атты кітаптарын шығаруды ұсынамыз.
Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері