ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ РЕТІНДЕ ДАМИТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ! - Қазыбек Иса
2024 ж. 25 қазан
1644
1
ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІҢ ҰСТЫНЫ - БІР ҒАНА МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ!
ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕМІЗ РЕСПУБЛИКА КҮНІ құтты болсын, ағайын!
“МЕМЛЕКЕТ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН ДАМЫТУҒА ЖАУАПТЫ”
Мемлекеттік Егемендік Декларациясынан.
1990 жыл 25 қазан.
Кеңес Одағы құрамында, 1990 жылы 25 қазанда жарияланған, бүгін 34 жыл толып отырған Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы ДЕКЛАРАЦИЯДА осындай: “МЕМЛЕКЕТ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН ДАМЫТУҒА ЖАУАПТЫ” деген ұлттық қағида бар екен!
Ал 2022 жылы 7 қазанда халықтық коалицияда «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан сөйлеген сөзімізде біз де: “ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ РЕТІНДЕ ДАМИТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ!” - деп мәлімдедік.
Иә, бұл барлық саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар бас қосқан халықтық коалициясында, еліміз бойынша 3 мыңдай адам жиналған Конгресс-холдағы жиында сөйлеген сөзімізде: “Тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін енді бізге ұлт болып ұйысу – ең маңызды міндет. Ұлттық идеологиямызды қатаң жолға қойып, ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ РЕТІНДЕ ДАМИТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ!”- деген едік.
Бұл ұсынысымызды парламенттегі депутаттық сауалдарымызда да айтып келеміз.
Осы декларация қабылданған соң 32 жылдан соң жоғары мінберден айтылып тұрған сөзімізді қуана қолдап кетудің орнына, бүкіл сөзден бір сөзді бөліп алып, балақтан тартып жатқандар да болды өкінішке орай…
Бұл деректі маған 2022 жылы қайта қалпына келген Республика күнімен құттықтаған белгілі қоғам қайраткері жазушы-публицист, профессор Марат Тоқашбай ағамыз жазып жіберген еді.
Сол бір Тәуелсіздікке алғаш қадам жасаған, еліміз үшін зор тарихи сәтке куә болған Марат ағамның сөзі бәріміз үшін де өте маңызды болғандықтан тағы да түгел келтіре кетейін:
“Бүгінгі Республика күні мерекесі құтты болсын! 1990 жылы 25-қазанда «Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданғанда Жоғарғы Кеңестің мәжіліс залында аспанға секіріп едік. Ол тәуелсіздікке құқықтық негіз болды. Кейін экс-елбасыға Декларациядағы «мемлекет қазақ ұлттық мемлекеттілігін дамытуға жауапты» деген қағидасы ұнамай, ел жадынан ұмыттыру үшін 2008 жылы ол Тәуелсіздік мерекесіне қосылып жіберілді.
Одан кейін Республика күні мерекесін қайта тірілту туралы қаншама мақала, пост жаздық, баспасөз мәслихаттарын ұйымдастырдық. Ақыры қазіргі билік Республика күнін ұлттық мереке мәртебесінде қалпына келтірді. Бұл елімізде Ұлттық мәртебеге ие жалғыз мереке. Біз қуаныштымыз! Өйткені Республика күні дегеніміз Қазақ Республикасының күні деген сөз ғой. Сондықтан да осы қастерлі мерекеміз құтты болсын!”-деп жазған болатын ақжарма тілегін айтқан ағамыз Марат Тоқашбай.
Иә, бұл дерек біз үшін аса құнды! Декларациядағы «МЕМЛЕКЕТ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН ДАМЫТУҒА ЖАУАПТЫ”» деген қағида көзімізге оттай басылды. Бұған дейін көтеріп жүрген “ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ РЕТІНДЕ ДАМИТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ!!”-деген ұсынысымыздың құжаттық негізі де бар екен ғой! Ол еліміздің Егемендік декларациясында жатыр екен!
Ол үшін Марат Тоқашбай көкеме көп рахмет!
Сонда қараңыздар, қылышынан қан тамған Кеңес империясы құрамында тұрып, сол кезде Егемендік Декларациясын қабылдағанда: «МЕМЛЕКЕТ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН ДАМЫТУҒА ЖАУАПТЫ”»-деп мәлімдейді. Бұл әрине, Декларацияның негізгі жобасына толықтырулар мен өзгерістер енгізу үшін құрылған комиссия жетекшісі, заңғар заңгерлер, академиктер Салық Зиманов пен Сұлтан Сартаевтар бастаған тарландардың тарихи еңбегі. Пейіште рухы шалқи бергей!
Декларацияға кеңес кезеңінің өзінде осы ұлттық қағидалар қалай енгізілді екен деп интернет ақтардық. Іздегеніміз edu.e-history.kz сайтынан табыла кетті.
Иә, сол кездегі “ұлттық мемлекет, қазақ” деген сөздерді тарихи құжаттан алып тастап, өз жобаларын ұсынған Жоғары Кеңестегі “Демократиялық Қазақстан” тобы мүшелері екен.
Декларация комиссиясы мүшесі, депутат Сұлтан Сартаев «Демократиялық Қазақстан» тобындағы депутаттардың «ұлттык республика дегенді жойып, азаматтық қоғам құрайық» деген пікіріне қарсылық білдіреді. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып Сұлтан Сартаев: «Ұлттық мемлекет азаматтық қоғамға, яғни құқықтық мемлекетке қайшы келмейді. Мәселен. Англия — кұқықтық мемлекет. Алайда ол ағылшындардың ұлттық мемлекеті. Сондай-ақ, Франция, Испания, Жапония тағы да басқа көптеген ұлттық негіздегі құқықтық мемлекеттерді мысалға келтіруге болады. Біз де осы мемлекеттердің үлгісінде өзіміздің егеменді, ұлттық республикамызды дамытамыз, гүлдендіреміз. Декларациядағы “қазақ” деген сөзден қорқатын ештеңе де жоқ. Қазақ ұлты, сонау ерте дәуірден тілі, ділі калыптасқан, кіндік қаны тамған өз атамекені бар халык қой. Енді келіп оны мүлде сызып тастау мүмкін емес», — деп тойтарыс береді.
Сол кезде қаны бар Қазақ зиялылары «Егемендік алдымен тілге берілсін» деген ұсыныс тастады. Филология ғылымдарының докторлары Бабаш Әбілқасымов, Сапарғали Омарбеков «Социалистік Қазақстан» газетінің 1990 жылғы 3 қазандағы санында Қазақ КСР-інің мемлекеттік Егемендігі туралы Декларациясының жобасы тіл туралы заңға қайшы келіп тұрғанын айтып, дабыл көтерді. Тіл туралы заңда орыс тілі — Қазақстан жерінде ұлтаралық қарым-қатынас тілі деп жарияланған болатын. Декларация жобасын жасаушылардың оны “ресми тіл” деп өзгертіп жібергені сынға алынды. Ғалымдар “Орыс тілін Қазақ КСР-інде ресми тіл деп жариялау — қазақ тілінің мемлекеттік статусын жоққа шығарумен пара-пар” екенін, өзі көктеп, өркен жайған туған топырағында Қазақ тілінің ресми тіл болуға да әбден құқығы бар екенін дәлелдеді.
Міне, көрдіңіздер ме, кеңес кезеңінде қабылданған Декларациядан бері 34 жыл, біз Тәуелсіздік алғанымызға 33 жылдан, яғни бір дәуірден асса да, әлі күнге ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН ДАМЫТА АЛМАЙ КЕЛЕМІЗ!
Әлі күнге Тәуелсіздіктің ең басты тіректерінің бірі, Ұлттық мемлекеттің ұстыны -Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдай алмай келеміз.
Кеңес кезінің өзінде Декларация қабылдауда ел қарсы болған “ресми тіл” мәртебесін Тәуелсіздік алғанда иеленген орыс тілі мемлекеттік тілге басымдық жасап келеді.
“Қазақ, Ұлт, Мемлекеттік тіл” десең біздің билікте отырған шенеуніктердің шетінен шекесі тырысып, Тәуелсіздік алғанымызға 33 жыл болғанын білмейтіндей қалтырай жөнеледі…
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МІНДЕТТЕУ - МЕМЛЕКЕТТІҢ МІНДЕТІ!
Біз Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау жайлы 2019 жылы ҚР Президенті Қ.Тоқаев басқаратын Ұлттық кеңестің бірінші отырысында да, 2021 жылы депутат бола салысымен Премьер-Министр А.Маминнің атына да, 2022 жылы Премьер-Министр Ә.Смайыловтың атына да депутаттық сауал жасадық. Еліміз үшін өте маңызды заңға екі премьер де тіке жауап бермей, сылап-сыйпап айналып өтіп, ешнәрсе бітірмеді.
"Қазақ үні" ұлттық порталындағы әйгілі ұлт зиялылары бастап, 130 мың адам қол қойып, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау туралы ҚР Президентіне Ашық хат жазылып, елдің талабымен, 2020 жылы Мәдениет министрлігі Мемлекеттік тіл туралы заң Концепциясы жобасын Үкіметке өткізгеніне биыл 4 жыл болды. Содан бері еш қозғалмай жатыр. Ол концепцияны Мамин ашпай кетті, Смайылов та қолын тигізбей кетті.
Енді үшінші Үкімет басшысы Олжас Бектенов келгенде оның да есіне салып, ресми хат жаздық. "Жас келсе - іске" деген деп, үміттенген едік, бірақ қозғалыс баяу.
Мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдау - бүкіл қазақ күтіп отырған ең басты мәселелердің негізгісі.
Жоғарғы Кеңес «Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны» 1990 жылы 25 қазан күні 18 сағат 55 минутта қабылдады. Декларацияға ҚССР Жоғарғы Кеңес Төрағасы Ерік Асанбаев қол қойды.
Ұлттық идеяны дамыту осыдан бір ғасырдай бұрынғы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған Алаш идеясынан бастау алатыны белгілі. Сондықтан да Алаш жолын ұстанған “Ақ жол” демократиялық партиясы 2020 жылы жарияланған “Түбегейлі өзгерістер қажет” атты саяси бағдарламасында:
“Біз «Алаш» саяси мұраларын Қазақстанды жаңғыртудың ұлттық идеясы ретінде қараймыз!”-деп айқын жазылған.
2020 жылы 1 қазанда Қазақстан халқы Ассамблеясында еліміздегі барлық этнос өкілдері «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МІНДЕТТЕУ КЕРЕК» деп, арнайы ресми үндеу қабылдады.
Біз енді тағы кімді және нені күтіп отырмыз?!.
Мысалы, Ресейде мемлекеттік тілді талап етсең - патриот болып мақталасың. Ал Қазақстанда мемлекеттік тілді талап етсең, нашар мағынадағы “ұлтшыл” атанып, датталасың, тіпті сотталасың. Жындыханаға да түсесің!
Мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білмеуі –әлемде тек Тәуелсіз Қазақстанда ғана болып келе жатқан масқара!
Барлығы 100 мыңға жетпейтін, 99 пайызы қазақтардан тұратын мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білмейтіндері шамамен 14-15 мыңдай десек, ол 20 миллион халықтың 0,01 пайыздайы ғана. Ресми мәлімет бойынша 20 миллион халықтың мемлекеттік тілді меңгерген 81 пайызы - 16 миллионнан аса халық. Тек мемлекет құраушы қазақ халқының өзі 71 пайыздан, 14 миллионнан аса халық.
Яғни, 14 миллион халықтың 14 мыңдай мемлекеттік тілге миы жетпейтін “мемлекеттік қызметкерлер” үшін отыз жылдай уақыттан бері тілдік дискриминацияға ұшырап келе жатқан заңсыз масқаралығын тоқтату керек!
Мемлекеттік тілді міндеттеу – мемлекеттің міндеті!
1.2020 жылы «ҚАЗАҚ ҮНІ» ұлттық порталында "МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ КЕРЕК!" атты ҚР Президентіне жазылған Ашық хатқа қол қоюшылар саны үш айда 130 мыңнан асып кетті, қазір 132 461-ге жетті. Ашық хатты 1 миллион 6467 адам оқып, 1 мың 200-ден аса қолдаған коммент жазылды.
Бұрын-соңды Ұлт мүддесі үшін мұншалықты қалың қол жиналған емес. Бұл тек интернетке қолы жеткен 132 мың Ел патриоттары артында смартфон пайдалана алмайтын миллиондаған халық тұрғаны айқын. Бұл қалың қол ішінде тек қазақтар ғана емес, әртүрлі ұлт өкілдері де (50-ге жуық) жеткілікті. Яғни, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау күн тәртібіндегі күннен-күнге күшейіп келе жатқан ең өзекті мәселе болып тұр.
2. 2022 жылғы 27 сәуірдегі «Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдау керек, ол үшін атазаңнан 7 бабы 2-ші тармағын алып тастау керек!» атты ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса жариялаған, барлық партия фракцияларынан 41 депутат қол қойған депутаттық сауал қоғамда зор резонанс тудырды.
Еговта осы депутаттық сауалды қолдаған петицияға 500 мыңнан, жарты миллионнан астам адам қол қойды.
Әлеуметтік желілерде жаппай қолдаған челендж әлі күнге дейін жалғасуда.
Ал бұрынғы мөлшерден жүздеген есе көп тарихи рекордқа жеткен жүздеген мың халықтың дауысын еститін мемлекетіміз қайда?
Әлде, Мемлекетіміз Мемлекеттік тілді түсінбей ме?
Ендеше, Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдау керек!
Тілдік дикриминацияға ұшырап жатқан ҚАЗАҚ ТІЛІ!
МЕМЛЕКЕТТІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІ ДИСКРИМИНАЦИЯҒА ҰШЫРАУ - тарихта әлемде тек Қазақстанда ғана!
Сондықтан, “Бізде бір ғана мемлекеттік тіл бар, ол - қазақ тілі”, “Қазақстан азаматтары Мемлекеттік тілді білуі -міндетті”-деп, бірегей ұлт саясатын ұстанған ҚР Президенті Қ.Тоқаев айтқандай, бір ғана Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек!
Сонда ғана мемлекет басшысының айтқаны заңмен бекітіледі.
1990 жылы ұлт зиялылары көтерген бір ғана мемлекеттік те, ресми де тіл -Қазақ тілі болмай, тіл мәселесі ешуақытта да шешілмейді! Бұл “екі жердегі - төрт болады” дегендей айқын аксиома, өзгермес формула!
Кейбір кертартпалардың “Әлемде мемлекеттік тілдері екеу, тіпті үш-төртеу мемлекеттер бар ғой” деген білместіктерін тыңдағанда, ол елдер мен Қазақ Елінің арасы аспан мен жердей, үш қайнаса да сорпасы қосылмайтынына неге саналары жетпейді деп сарсаң боламыз.
1.Біріншіден, олар мысалға келтіретін Швейцария, Белгия, Канада елдері Федеративті мемлекеттер, Қазақстан секілді негізгі мемлекет құраушы ұлты -қазақтар 71 пайыздан артық (ресми мәлімет, негізі бұдан да көп) Унитарлы мемлекет емес!
Ресей федеративті мемлекет болса да, мемлекеттік тілі біреу-ақ!
2.Екіншіден, ол федеративті елдерде қанша мемлекеттік тіл болса да, Қазақстандағыдай мемлекеттік тілдерін білмейтін мемлекеттік қызметкер ғана емес, ол елдің азаматтары да болмайды!
Ал бізде “екі тіл болуы керек, өзгелерде екі-үш тіл ғой” деп өзеуреп отырған өзге диаспора өкілдері былай тұрсын, қазақтардың ішінде де, мемлекеттік қызметкерлер де, жоғары лауазымды шенеуніктер де “екі тілдің, мемлекеттік тіл мен ресми тілдің” біріншісін, статусы жоғары Мемлекеттік тілді білмейді!
Қазақстан унитарлы мемлекет болса да, мемлекетттік тілі де-юре біреу болғанмен, де-факто екеу, тіпті заң бойынша ресми де статусы жоқ орыс тілі мемлекеттік тілден басым. “Ресми тіл ретінде қазақ тілімен қатар қолданылады” деген бұдан 30 жылдай бұрынғы конституцияның 7 бабы 2 тармағы “Ресми тіл” деген статус бере алмайды деген Конституциялық Кеңестің 2007 жылғы 23 ақпандағы қаулысы бар.
Тіліміз Тәуелсіздікке жетпей, Еліміз Тәуелсіз бола алмайды!
ТІЛ ДАМЫМАЙ - ТІРЛІК ОҢБАЙДЫ! Оған ұлттық идеологиядан жұрдай, ойына келгенін істеген отыз жылғы биліктің бүгінгі аянышты ахуалы айқын куә!
Республика күнін Ұлттық мереке ретінде жариялап, Егемендік Декларациясын қайта жаңғыртқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев! Сондықтан ел басшысына ел алғысын айтып жатты. Ендеше, осыдан 14 жыл бұрын «МЕМЛЕКЕТ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН ДАМЫТУҒА ЖАУАПТЫ”» деген қағидасы үшін экс-президент маңызын жойып жіберген, Тәуелсіздік алуға жасалған алғашқы құқықтық құжат, Азаттық Актысы -
Егемендік Декларациясы қайта қалпына келуі құтты болсын, халайық!
Енді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі қайта қалпына келтіріп, заңды құжатқа ие болған Егемендік Декларациясындағы «МЕМЛЕКЕТ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН ДАМЫТУҒА ЖАУАПТЫ”» деген біз қазір ең басты болып тұрған ұлттық қағидаға баса назар аударып, Халық талабын іске асырады деп сенеміз!
ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕМІЗ РЕСПУБЛИКА КҮНІ құтты болсын, ағайын!
Ата-бабамыз сан ғасыр армандап, қаны мен жанын берген барымыз да, бағымыз Тәуелсіздігіміздің Көк туы көкте мәңгі желбірей берсін!
Алла жар болсын!
Ақ жол!
Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты