Педагогтар әулеті
2024 ж. 22 қазан
1462
0
Ұстаз – әр жанның жүрегіне ерекше жылулық нұрын төгетін аяулы тұлға, ерекше жан. Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі «ҰСТАЗ» деп ойлаймын. «Ұстаз» біздің қоғамымызда қай заманда болса да қасиетті, қадірлі болған. Сондықтан да ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр. Бірақ осынау «ұстаз» сөзінің астарында мыңдаған білім мен ғылым, махаббат пен сүйіспеншілік жатқанын байқай бермейміз. Ұстаз болу кез-келгеннің қолынан келе бермейді. Шәкірт тәрбиелеу, оны биікке жетелеу, қанаттандыру, жаны мен тәнін, болмысы мен барын беру тек өз ісіне берілген, нағыз ұстаздың қолынан келетін қасиеттер. Егер бұл ұлы мамандық ұрпақтар жалғастығы арқылы әкеден балаға беріліп жалғасатын болса, оның қасиеті арта түсетіні анық. Мен бүгін ұстаздар күнінің қарсаңында осындай әдемі дәстүр сақталған өзімнің әулетім жайлы сөз қоғауды жөн көрдім.
Менің атам Асылбеков Еген алғашқы еңбек жолын 1940 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Фрунзе ауданы, Үш-қайық елді мекенінде Буделный атындағы жеті жылдық мектепте мұғалім болып бастаған. 1943 жылы отбасымен Киров ауданына қоныс аударып, 1944-1953 жылдар аралығында Киров ауданы, Л.М.Каганович атындағы мектепте директор және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқарады. 1955-1959 жылдар аралығында Киров ауданы, «Көк иірім» 7 жылдық мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. 1960 жылдан бастап Киров ауданы А.С.Пушкин атындағы мектептің директоры және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді. Әрі қарай 1974 жылға дейін осы оқу орнында оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс жасайды. 1974-1986 жылдар аралығында В.П.Чкалов орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып қызмет атқарып, сол мектептен зейнеткерлікке шыққан. Өзінің 46 жыл ұстаздық жолында білімімен, еңбекқорлығымен, адалдығымен, шығармашылығымен таныла білген атамыз аудандық білім бөлімінің көптеген грамоталарымен марапатталып, ерекше құрметке ие болған. Қартайған күніне дейін аудандық «Алтын медаль» иегерлерінің жұмыстарын тексеру бойынша комиссияның тұрақты мүшесі болған. Отбасылық өмірінде апам екеуі бес ұл, екі қызды тәрбиелеп, барлық балаларының жоғары білім алуына ерекше көңіл бөлді. Қазақстан мемлекетіне мықты 4 педагог, экономист, зоотехник және дәрігер маманының қосылуына септігін тигізді.
Атам туралы айтқанда менің көкірегімді ерекше қуаныш, мақтаныш сезімі кернейді. Осындай текті, білімді, ұлағатты ұстаздың немересі болғанымды мақтан тұтамын. Әрі қарай атамнан тараған біздің әулетіміздің педагогтарына тоқталып кетейін.
Асылбеков Рапбек Егенұлы 1952 жылы Киров ауданында дүниеге келген.
1969 жылы А.С.Пушкин қазіргі «Қызылқұм» орта мектебін «Алтын медалмен» бітірген.
1969-1971 жылдары Алматы зоветеринарлық институнды оқып «Қызыл дипломмен» бітірген. Алғашқы еңбек жолын 1971 жылы «Коммунистік еңбек» газетінде фототілші болып, 1972-1973 жылдары «40 жылдық» совхозында зотехник болып қызмет атқарды.
1973-1976 жылдары Қаракөл ғылыми зерттеу институтында аспирантурада оқып бітірді.
1976 жылы Шымкент қаласындағы Қаракөл ғылыми зерттеу институтында ғылыми қызметкер болып қызмет атқарды.
1980 жылы Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты диссертациясын қорғады.
1982 жылдан доцент атағын алды.
1995-2017 жылдар аралығында Халықаралық Қазақ Түрік Университетінде Жаратылыстан кафедрасында аға оқытушы, доцент болып, Қазақстанның болашақ ұстаздар қауымын жасақтауда қажырлы еңбек жасады.
Қарапайым шәкірттерінің бірі Жетісай ауданының білім бөлімінде белді әдіскер Әбілхайыров Ғалымжан жұмыс жасап жүр.
Қазақстанның педагогикалық ғылымына қазақ тіліндегі әдістемелік әдебиеттермен жасақтауда өз еңбегін қоса білді.
Атамның үлкен қызы Асылбекова Райхан Егенқызы өзінің алғашқы еңбек жолын 1977 жылы В.П. Чкалов орта мектебінде физика пәні мұғалімі ретінде бастаған. 1984 жылға дейін осы мектепте жұмыс жасап, әрі қарай еңбек жолын Шардара ауданы Қасым Аманжолов атындағы мектепте жалғастырған. 1994-2014 жылдар аралығында Шардара ауданы М.Әуезов атындағы мектепте қызмет жасап, зейнеткерлікке шыққан. Қазіргі таңда зейнеттегі қадірлі, ардақты ұстаздардың бірі.
Атамның екінші қызы Асылбекова Күлайхан Егенқызы өзінің педагог ретіндегі еңбек жолын Шардара ауданы М.Әуезов атындағы мектептің физика пәні мұғалімі ретінде бастаған. 1987 жылға дейін сол жерде жұмыс жасап, 1987-2017 жылдар аралығында Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте қызмет атқарып, қазіргі таңда зейнетке шыққан алқалы ұстаздардың бірі.
Асылбеков Пердебек Егенұлы... Қазіргі таңда Түркістан облысы, С.Қожанов орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарады.
Біздің әулетімізге келіп қосылған жаңа мүшелері, яғни атамыздың келіндерінің ішінде де педагог мамандары бар. Солардың бірі менің аяулы анам Бердіқұлова Құрманай Асанбайқызы. Өзінің ұстаздық қызметінде бастауыш сынып балаларына алғаш қалам ұстатып, әріп пен санды үйрету арқылы өзінің қызметінде ерекше ықыласқа және құрметке ие бола білді. Анамның тәрбиесін көріп өскен менің есімде қалғаны оның өз мамандығына деген ерекше сүйіспеншілігі. Ауылдық өмірде келіндік міндеттермен қоса ұстаздық жолын бірдей етіп алып жүре білгені, қазіргі таңдағыдай технологияның дамымаған кезінде әрбір сабаққа көрнекіліксіз кірмейтін, кейбір күндері ұйқы көрмей, оқушыларына сабағын қызықты әрі түсінікті етіп өткізу үшін сол көрнекіліктерді жасап шығатын. Нәтижесінде әлі күнге дейін сол оқытқан балаларының ата-аналарынан алғыс алып, ерекше қуанышқа бөленіп жүреді. Менің анам қазіргі таңда ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немерелері мен шөберелерінің қызығын көріп отырған зейнеттегі ұлағатты ұстаз.
Біздің әулетіміздің педагогтары осымен бітпейді, жаза берсек олар өте көп, оның ішінде мен де бармын. Атамның дәстүрмен берілген мамандығын Қазақстанның әр өңірінде қызмет етіп, жалғастырып жүрген 10 шақты немересі.
Сөз соңында айтарым, ұстаз болу - бұл ұлы қызмет. Ол ешқашан өшпейтін, сұраныстан жоғалмайтын керемет мамандықтың бірі. Жоғарыда айтып кеткендей бұл дәстүр арқылы ұрапқтан-ұрпаққа тарайтын болса, оның қасиеті арта түсетіні белгілі. Ең бастысы осындай киелі мамандықты өз атына сай алып жүретін мықты педагогтар көп болса екен деймін. Сонда ғана біздің болашақ ұрпағымыз, білімді, бәсекеге қабілетті болып өсетіні анық.
Асылбеков Оралхан,
С.Қожанов атындағы №42 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің биология пәні мұғалімі