ШЫН БАҚЫТЫҢ – ЕЛІН СҮЙГЕН ҰЛ-ҚЫЗЫҢ
2024 ж. 09 қазан
1116
0
Бала болашағына балта шаппайық
Қай-қайсымыздың болсын көңіл-күйіміз, өзіміз қарым-қатынас жасайтын адамдардың мінез-құлқына тікелей байланысты. Өйткені, жақсы қатынас адамды қуантады, өмірге құштарлығын арттырады. Өкінішке орай, кейбіреулердің өзін дұрыс ұстай білмегендігінен, өз бойына, мінезіне бір сәт болса да назар аудармағандығынан өзінің де, өзгенің де көңіл-күйін төмендететіні кездесіп қалатыны өкінішті-ақ. Мұндай сүреңсіз қасиеттен өсіп келе жатқан жас ұрпақ қандай өнеге алмақ?
Керісінше, айналасындағыларға құрметпен қарап, екінші біреуді сыйлау, жаман әдеттен қашып, жақсыға сүйсіну адамның жеке басының беделін арттырып, көпшілікпен тәуір қатынаста болуға жағдай туғызып қана қоймай, өзінің де, өзгенің де өмірін нұрландыра түседі. Ең бастысы, осы өнегені көріп, содан нәр алып өскен ұрпақ жақсы мінезден де, адамгершілік қасиеттерден де кенде қалмайды.
Әдетте, көпшілік ата-ана баласының дені сау, тамағы тоқ, киімі бүтін, теріс әдеттерден аулақ болу жағына барынша көңіл бөледі де, бойында жастайынан жақсы қасиет сынық мінез қалыптастыруға онша мән бермейді. Соның салдарынан балаларда тым ашушаң, өзімшіл, тәкәппар немесе жуас, өте тұйық, сондай-ақ ұрыншақ мінез қалыптасады. Оның өзін кейбір ата-ана баласы өсіңкіреп, жоғары сыныптарға барғанда ғана байқайды. Сонда ғана өкінеді. Мұндай күйге ұрынбас үшін балада жақсы мінез қалыптастыру мәселесіне де сәбидің бесіктегі кезінен бастап-ақ мән берген жөн.
«Аспандағы айды алып бер» деуге дейін баратын сәбидің айтқанының бәрін бұлжытпай орындап, бәйек бола беретін әке-шеше, сөз жоқ, өзімшіл, өркөкірек, «әзірге мәзір» жалқауды тәрбиелеп өсіргенін өзі де байқамай қалады. Керісінше, баланың талабына зер салған ата-ана оны орындау аса қиындық туғызбаса да, оның денсаулығына, тәрбиесіне тигізер пайдасы мен зиянын іштей сарапқа салып, өзара ақылдасып барып шешім жасайды.
Көршінің он жасар ұлы велосипедке тым әуес болды. Әке-шеше қарсылық жасамағандықтан велосипедінің түрі өзі өскен сайын өзгере берді. Көбіне ол көшедегі зуылдаған машиналармен жарысуды мақтан санайтын және мұндай «ерлігін» үйде айтып та отыратын. Оның бұл қылығының теріс әрі қауіпті екендігі жөнінде үй ішінде ешқандай ескерту жасалған жоқ. Өз өнеріне мәз болған бала бір бұрылыста жүк машинасына соғылып, өзі едәуір жерге ұшып кетті, велосипед машинаның астында қалды. Баласының ес-түссіз ауруханаға түскенін естігенде ғана ата-анасы оның велосипедке өте үйірлігін есіне алып, тыйым салмағанына, ескертпегеніне қатты өкінді.
Ал оның күнде машинамен жарысып жүретін қылығын көретін көршісі «велосипед әпер» деп мазалайтын балаларына:
– Біздің ауламыз өте тар, көшеде машина көп. Тек жақсы оқып, тәртіп бұзбасаңдар ғана көктемгі, жазғы, күзгі демалыс күндері қала сыртындағы оңаша саяжайда велосипед тебуге рұқсат етеміз, – дейтін.
Бұл уәдесін ұқыпты орындайтын да. Демек, бұлар баланың талабын тәрбиемен ұштастырып жүргізе білді.
Бала мінезінің жағымды, жағымсыз болып қалыптасуы отбасындағы үлкен-кішісіне, ондағы адамдардың өзара қарым-қатынасына да байланысты. Таңертең ұйқыдан тұрғаннан бір-біріне «қайырлы таң» тілеп, ілтипат көрсетуден бастап, өзара дауыс көтермей, мәдениетті жұмсақ сөйлесіп, қарым-қатынас жасайтын үйдің балалары да сынық мінезді ұқыпты, жинақы болып өседі.
Ал, ұрыс-керіс жиірек болатын отбасындағы сәбилерде дөрекі, ызақор, ашушаң не барынша қорқақ мінез қалыптасады. Сондай-ақ отбасы мүшелерінде өзара сыйластық болмаса, оны бала тез сезеді. Мұндай отбасындағы сәбилер жаман әдетке үйір, ұғымталдығы төмен, мінезі нашар келеді. Демек, үй-ішінде өзіне бақылау жасамаған, өзін дұрыс ұстай білмейтін ата-ананың бала тәрбиесіне немқұрайды қарауы ұрпағының болашағына балта шапқанмен бірдей.
Кейінгі өмірі орны толмас өкінішке толы Төкен деген жігіт біреудің жалғыз ұлы еді. Ата-анасының бар пейілі соның үстінде тұратын. Барын баласының аузына тосып, үстіне жапсырып, бетінен қақпай өсірді. Бірақ Төкеннің бойында зеректік, өнерге бейімділік бар еді. Ол мектепте де, одан училищеде де жақсы оқыды. Жоғары сыныпта оқып жүргенде-ақ сағат жөндейтін, ағаштан келі, кейін шкаф, терезе, есік жасайтын өнері де болды.
Ерте үйленді, балалы болғаннан кейін кәрі әке-шешесі дүние салды. Енді шаңырақ басқарып, шаруашылыққа ие болуға тура келді. Бірақ ол ішімдікке үйір еді. Әйелдің де естісі кездеспепті. Ақыры, бірінің айтқанына бірі көнбей, үйде ұрыс-керіске жиі жол беріліп жүрді. Осы жағдайда ол мүлде маскүнемдікке салынып, қызметтен қуылды. Ауылдағы басқа жұмыстардан да береке таппады. Әйелі де одан қалғысы келмей жарыса ішті, үйден береке кетті.
Дүниеге келген үш-төрт бала көздері бақырайып, үрпиісіп қорқынышпен күн кешті. Сәбилер әке-шешесінің біреуінің мас болып келе жатқанын көрсе шкафтың ішіне, төсектің астына жасырынып, зәре-құты қалмайтын. Ал, ата-анасының бір сәт осы балғын балалығының берекесі қашқан сәбилердің болашағына зер салуға шамалары келмеді. Бір төбелес кезінде әйелі өліп, өзі сотталып кетті. Балалар панасыз қалды. Міне, шектен тыс еркелетіп, бала тәрбиесіне мән бермеушіліктің салдары осыған жеткізді.
Кейде бір үйдегі екі-үш баланың мінездерінің әр түрлі екендігіне таңданамыз. Көбінесе, алғашқы бала ашық мінезді, жұртпен оңай тіл тапқыш, көңілді, сергек келеді. Ал, одан кейінгілердің біреуі тұйық, онша сөйлей қоймайтын, көп нәрсеге қызықпайтын енжар, белсенділігі төмен болады.
Оларға берілетін тәрбие, тұрмыстық жағдай да біркелкі: бірдей тамақтанады, бірдей киінеді. Ендеше мінездегі ерекшеліктің себебі неде?
Әдетте, тұңғыш балаға, алғашқы немереге ерекше күтім жасалып, көбірек көңіл бөлінеді. Оның әрбір қимылы, сөйлеген сөзі, іс-әрекеті ескерусіз қалмайды. Бір сөзбен айтқанда, онымен қалыптан артығырақ қатынас жасалады. Ересектердің ілтипатына, мейіріміне бөленіп, әр нәрсеге көбірек араласқандықтан көңіл-күйі сергек, мінезі ашық, белсенді, жігерлі көрінеді.
Ал, көп сөйлемейтін тұйық, жуас мінез бұдан гөрі көңіл аз бөлінген, көбінесе өзімен-өзі ғана ескерусіз өскен сәбиге тән. Бұл жерде мұндай баланың белсенділігін, жігерін арттыруға бола ма деген сұрақ тууы әбден заңды.
Кезінде ата-ана өздері жіберіп аяған олқылықтың орнын тынымсыз, аса сергек тәрбие арқылы ғана толтыра алады. Мұндай сәбимен көбірек айналысып, әңгімеге тартып, оны тыңдап, тындырған нәрсесін орынды жерінде мақтап, одан да зор іеке шамасы келетініне сенім білдіріп, оның бойында жігер отын тұтатып, өзіне-өзінің сенімін арттырса ғана мақсатқа жетеді. Бірте-бірте тұйықтықтан туған жалған ұялшақтық батылдыққа ауыса бастайды. Бұл тәрбиені аяқсыз қалдырмай, балада тұрақты жақсы мінез қалыптасқанға дейін жалғастыра берген жөн.
Баланы көп ұрсып, жазалап, сөге беру де жігерін құм етіп, ашындырып жібереді. Мұндай әдет дұрыс тәрбие құралы емес. Бала қылығын ескерусіз қалдырмай, үнемі көңіл бөліп, кемшілігін дер кезінде түсіндіріп отырса, теріс кете қоймайды. Әңгіме сондай әдістің кейде жетпей қалатындығында.
Өнеге – өзімізден...
Адам баласы өмір көшінде қандай кезең, қандай заман, қандай қиындыққа кез келсе де ұрпақ қамын, оның тәрбиесін бір сәт те ұмыт қалдырған емес. Өйткені әркім өзі өмірге әкелген ұрпағына ғұмырының жалғасы, болашағы ретінде қарайды. Атамыз қазақтың «бала-шағаңның қызығын көр» деп бата беруі де сол үміттің ақталуына деген тілектестіктен туғаны анық. Неге десеңіз, ата-анаға қуаты кеміп қартайған шағында қас-қабағына қарап, бағып-қағатын, көңіл қуанышын сыйлайтын азамат балалары болғанынан артық бақыт жоқ. Сол бақытқа кенелетіндер де, оған жете алмай, қалған өмірі өкінішпен, қасыретпен өтетіндер де бар.
Неге олай? Ата-ананың үміті неге ақталмады? Баласына берген тәрбиесінің, ұйқысыз түндерінің, күлкісіз күндерінің еш болғаны ма? Мәпелеп өсірген ұл-қыздан неше алуан бұзақы, ұры-қары, қатыгез-қайырымсыз жандар өсіп шыққанда, міне, осындай түрлі-түрлі сауалдар әркімнің көкейіне ұялайтыны хақ. Оның шешімін таба алмай дал болатындар қаншама?!
Тіршіліктегі барлық нәрсе бір-бірімен тығыз байланыста өзара сабақтас келетінін ескере бермейміз. Туған жердің табиғатының да, жылдың төрт мезгілінің де адамға, оның мінез-құлқына әсері барын ғылым дәлелдеген көрінеді. Сол сияқты, отбасындағы, өскен ортадағы, бірге араласып жүрген айналадағы адамдардың да жарық дүниені жаңа танып келе жатқан бүлдіршін санасына, мінез-құлқына ықпалы зор екен.
Көргенін айнытпай қайталайтын, әрнәрсеге еліктейтін, көруге, білуге құштар сәбидің нәзік жанын көбіне ескере береміз бе? Үй ішіндегі ерлі-зайыптылардың өзара керісі, ене мен келіннің, туыстар арасындағы дүрдараздық, екі кісінің басы қосылса арақ ішу, теледидардан сұрықсыз, әдепсіз көріністерді қызықтау, оңай жолмен олжа табу сияқты жағдайлардың бәрі көз алдында өтіп жатқанда баланың бойында небір жаман қасиеттердің қалыптасуына әсері тимей қоя ма? Осының бәрін ой сарасынан өткізсек, баланың жақсы, не жаман адам болып өсуі ең алдымен оны тәрбиелейтін ата-анасына, үйдегі басқа да ересек адамдардың іс-әрекетіне, өскен ортасына тікелей байланысты екеніне көзіміз жетеді.
Әрине, ешкім баласын жаман болсын деп тәрбиелемейді. Кез-келген ата-ананың сәбиіне жақсылықтан басқа тілейтіні жоқ. Өз әке- шешесін жек көретін бала да кездеспейді. Алайда, өсе келе жаман жолға түссе, оның себебін басқа жақтан емес, тәрбиеде мүлт кеткен кемшіліктің, баланы жақсы көру деген осы екен деп айтқанын екі етпей шектен тыс еркелетудің, кімдермен, қайда жүргеніне назар аудармаудың салдарынан іздеген жөн. «Баланы бастан» демекші, ата-ана әуел баста бала тәрбиесіне өте ыждаһаттықпен мән беріп, аса қырағы болмаса, үміті ақтала бермейтіні белгілі.
Бұдан бірталай бұрын жастар газетінің бетінде жалғызілікті бола жүріп, бес бала өсірген жесір анаға өзінің жиырма жастағы бойжеткен қызының тілі де, қолы да тиіп, жәбірлегені жөнінде хат жарияланғаны бар. Хатта жазылғанындай, ол қыз балаларының алды екен. Анасы оны қатарынан кем болмасын деп айтқанын екі етпей, тапқан-таянғанын, соның үстіне жапсырып, аузына тосқаны байқалады.
Дайын үй, даяр киім, дайын тағамның қандай еңбекпен келіп жатқанына бір сәт мән бермеген тәкәппар қыз өсе келе шешесінің шамасы келмейтіндей талаптарды күшейте береді. Онсыз да екі жерде жұмыс істеп, тапқанын бес баланың киімі мен тамағына әрең жеткізіп жүрген анаға қызының талабы оңай соқпайды. Күндіз-түні жұмыстан қолы тимейтіндіктен, қызының әр қадамына зер салуға мүмкіндігі қалмайды. Сөйтіп жүргенде қызының бойында теріс мінездің қалыптасып, асқынып бара жатқанын бірақ байқайды. Анасының жай-күйін жанымен ұғынуға сезімталдығы жетпеген бойжеткен теріс мінезіне тоқтау айтқаны үшін шешесін жәбірлеп тынған. Бұдан балаға қамқорлық жасай отырып, оған жауапкершілікті сезіне білуді де үйретуді ұмытпау керек деген қорытынды шығады.
Осыған керісінше тағы бір мысал ойға оралады. Кішкене күнімде аулымызда Самат деген жігіт ағасы кәрі әкесін демалыс сайын моншаға жетектеп апаратын. Қасында үнемі төрт-бес жастағы ұл бала бірге қосақтасып жүреді. Оны көрген үлкендер «мына кісіні алып жүрудің өзі күш, балаңды несіне қоса ертіп аласыз» деп сұрағанда ол: «бұл да үйрене берсін, кейін бізді де жетектейтін бір адам керек қой» дейтін жымиып.
Сөйтсек, Самат әке алдындағы парызын адал өтей жүріп, қарт кісіге қамқорлық жасау керектігі жөнінде өз ұлына өнеге көрсеткен екен ғой. Міне, ата-аналар осы Самат сияқты әрбір іс-қимылы арқылы бала тәрбиесіне мән бере әрекет етсе, кейін өкінбес еді. Бұған қоса ата-ананың адал еңбегі, өмірге саналы көзқарасы, өзін дұрыс ұстай білуі, айналасындағылармен, тіпті, баламен де дұрыс қарым-қатынасы тәрбиеде жетістікке жетер баспалдақ екені даусыз.
Бала күнімізде мектептес құрбымның үйінде жиі болатынмын. Оның елге сыйлы, мінезге бай, дастарханы жиылмайтын кеңпейіл ата- анасына қызыға қарайтынмын. Қашан барсақ та келе ғой, жоғары шық, тамаққа кел деп бәйек болатынын қайтерсің. Үлкендерді былай қойғанда балаға осынша ілтипат көрсететін бұл жандарды ауыл-аймақтың үлкен-кішісі түгел құрметтейтін. Осы шаңырақтан өрбіген бес-алты баланың бәрі де есейе келе зиялы, сынық мінез, кішіпейіл адамдар болып, бір-бір берекелі шаңырақ иелеріне айналды. Талай жылдардан кейін сол құрбымның салиқалы әйел шағында басқа жерге қоныс аударған анасына жазған бір хатымен танысқаным бар. «Қадірлі апатайым, бұл менің өзіңе үзбей жазып жүретін, өзіңді сағынған кезімдегі реніш, қуаныш сәттеріндегі көңіл-күйімді бөлісетін көп хаттарымның бірі. Бұл дүниеде өзіңді дәл мендей, ал мені дәл өзіңдей түсінетін жан бар ма екен? Өзіңді көз алдыма елеететсем, құдды дәл қасымда бар жаныңмен езіле сүйсініп, менімен сырласып тұрғандай сезінемін. Жақында елге барып қайттық. Туын-өскен жерді, көкем екеуіңнің өкше басарларыңды, ағайын-туғанды көріп сый-құрметіне бөленіп бір марқайып қалдық. Әсіресе, менің жанымды тебіренткен ел-жұрттың өздеріңе деген ыстық ықыласы. Бізге көрсетілген сый-сияпаттың бәрі де өздеріңнің ел-жұрттың алдындағы беделдерің, құрметтерің деп түсіндім. Бәрі де сіздердің балаңыз болғанымыз үшін сыйлаған сияқты. Мен жасымда үлде мен бүлдеге бөленген, ешнәрседен кемдігі жоқ адам ғана бақытты шығар деп ойлаушы едім. Осы жолы шын бақыт – мақтаулы, жұртына сыйлы, халқына беделді ата-ананың жақсы ұл-қызы болу екен деп түйдім. Бас қосқан үйдің бәрінде екеуіңнің адамгершілік қасиеттерің, адал еңбектерің, елге жасаған жақсылықтарың алдымыздан жыр болып төгіліп, сыр болып ақтарыла берді. «Жақсы ата-ананың атағы балаларына өмір бойғы азық» деген қазақтың даналық сөзінің мәнін енді ғана түсінгендеймін. Жан ана, көкем екеуің жасыңда көрген бейнеттің зейнетін татып, балаларыңның бақытын көріп, әлі ұзақ жүре тұрыңдаршы», – деп аяқтапты хатын.
Осынау жүрек түкпірінен шыққан сағынышқа толы ыстық лебізді хат жолдарынан сол бір ата-ананың өз бойларындағы ең ізгі қасиеттерін балаларына ғана емес, бүкіл айналасына, ел-жұртына мирас ете білгені анық аңғарылып тұрған жоқ па?
Бұған керісінше, өзі дөрекі мінез көрсетіп, көрінгенмен байланысатын, араққа тойып алып, бейпіл сөйлеп, басқа жұрттың мазасын алатын, жарытып еңбек етпей, біреудің болғанын көре алмайтын адамның өсірген ұл-қызының жақсы адам болғаны сирек шығар. «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» деген халық даналығы тегін айтылмаған ғой. Өнегелі шаңырақтан жақсы тәрбие алып өскендер қатарынан жаман адам шықпауы да сондықтан болар. Бірен-саран болса да кейде өздері дұрыс адамдардың балаларынан да ішуге құмар, төбелескіш, ұрлық жасайтын, тағы да басқа жаман әдеттермен әшкереленіп, сотталып жататындар да кездеседі. Сонда, ойпырмай, бұл қалай, отбасында көрген өнегесі қайда кетті, ешнәрседен кенде емес, мұндай қылыққа қалай барды? – деген толып жатқан сауалдар туады. Оған жауап іздеп көрсек, біріншіден, жақсы өнегені көре білуге, үйренуге саналы ой, көреген көз керек. Осы қасиетті сол жақсы ата-ананың өзі кезінде баланың бойына сіңіруді ескермей қалады. Екіншіден, бала деген өте сезімтал халық. Олар ата-ананың әлдеқалай еренсіздігінен, байқаусызда мүлт жіберген, ескерусіз қалдырған сәттерін де пайдалана қояды. Сондай сәттер жиі қайталана берсе, оған еті үйреніп, өз пайдасына іске асыра береді. Сондықтан да баланың титтей де кемшілігін ескерусіз қалдырмай, сол сәтінде қателігін мойындатып, оны енді қайталамайтындай түсіндіріп отырған жөн. Өрескел қателігі үшін ұрып-соғудан гөрі қалаған нәрсесін алып бермеу, киноға жібермеу, белгілі мерзімге далаға шығуға тыйым салу сияқты әртүрлі әдістерді қолдану арқылы жазалау да теріс емес.
Баланың әр нәрсеге бейімі барын ерте байқап, соған қарай баулу жақсы нәтиже берумен бірге, бос сандалып, еріккенінен небір жаман жолға түсуден сақтайды. Мұндайда спорттың бір-екі түрі, музыка, қолөнер, сурет, кітап оқу, техника тетігін үйрену сияқты дағдыға баулудың пайдасы зор. Кезінде осындай әдістерге мән бермей еренсіздік танытып, баланың уақытын қадағаламай, бетімен жіберудің салдарынан кейін бармағын тістеп отырған ата-аналар аз дей алмаймыз.
Балаға ойын баласы ғой, есі кірген соң басылар деп қарайтын бейқамдық орны толмас өкінішке ұрындырады. Халық даналығында «Баланы бастан» деп тегін айтылмаған. Тәрбие негіздері нәресте дүние есігін ашқан сәттен басталып мектепке барғанға дейін қалыптасып қалуы тиіс. Отбасы мен балабақшада негізі қаланған дұрыс тәрбие мектеп қабырғасында біліммен ұштасып, дұрыс азамат болып өсуіне көмектеседі.
Жалпы айтқанда, балаға жақсы өнеге беру үшін ата-ана, тәрбиеші, мұғалім, қысқасы, тәрбиеге қатысты барлық ересектер өзін айнытпай қайталайтын ұрпақ барын ескеріп, өз іс-әрекетіне, мінез-құлқына, жүріс-тұрысына, сөйлеген сөзіне дейін есеп бере әрекет еткені жөн. Өйткені, өнеге – өзімізден.
Күләш БЕЙСЕНБИЕВА,
педагог-журналист.
Алматы