НАҒЫЗ АРЫНДЫ ЖУРНАЛИСТ, АБЗАЛ АЗАМАТ ЕДІ…
2024 ж. 06 қазан
2036
0
Өмірден керемет журналист, кеңпейіл азамат, көкжал қаламгер, абзал ағамыз Зейнолла Абажан өтті деген суық хабарды естігенде, қабырғамыз қайысып кетті…
Алла алдынан жарылқасын!
Ауырып қалып, ем қабылдап жатқандықтан, туған жеріне алып кеткен Зейнекеңмен Павлодар облысы Ертіс ауданында өткен қоштасуға бара алмай қалғаным өкінішті!..
Есімі елімізге белгілі қарымды қаламгер, ҚР Ақпарат саласының үздігі, республикалық “Қазақ үні” газетімізде ұзақ жылдар бойы Бас редактордың бірінші орынбасары болып еңбек етіп, құрметті зейнетке шыққан ардагер журналист еді…
Зекең нағыз журналист болып туған еңбекқор жан еді. Өз саласының марғасқа майталманы деп осындай ерлерді айтары анық.
“Қазақ үні” газетіне көп еңбегі сіңген еді…
Алпысты алқымдап қалған кездің өзінде арыны мен қарымы жастардан артық еді… Газеттің күнделікті күйбең тірлігінде жиі болып жататын баспасөз мәслихаттары мен қоғамдық-саяси шараларға жас журналистер тартыншақтап жатқанда, Зейнекең үлгі көрсетіп өзі тартып кете беруші еді.
Газеттің қоғамдық-саяси бетінде үнемі халықтың жайын ойлап, мұңын мұңдаған өткір мақалалары апта сайын жарияланып тұратын. Парламент бетін жүргізді. “Қазақ үні” газетінің нағыз Қазақ үніне айналуына үлкен үлес қосты.
Зекең бізге дейін республиканың көптеген басылымдарында істеді.
“Алматы ақшамы” ашылғанда қазығын қағысты. “Дала мен қала” газетінің іргесін көтерісті. Қазақ газеттері жабыла бастағанда, елімізге жақсы танылып қалған “Дала мен қалаға” да қатер төніп, шығуын тоқтатқанда
“Қазақ үні” газетіне белгілі журналист Сапарбай Парманқұл ағамызды бас редактор, Зекеңді бас редактордың ооынбасары етіп қабылдап едік.
Содан Зекең зейнет демалысына шығып кеткенше өнімді еңбек етті. Зейнетке шықса да, атсалысып, екі-үш жыл істеп жүрді. Кейінгі кездері қатерлі ауруы меңдей бастағанда ғана, жұмысты қойған болатын.
Зейнетке шығып кеткеннен кейін де, газетке, бізге жанашырлық танытып жүретін қамқор аға еді…
Былтыр жемісті жетпіске толғанда мерейжасымен құттықтап, редакция жігіттері мен “Ақ жол” партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасы орынбасары Арман Жұмәділ бастап, біраз тілектестері кіріп шыққан болатын.
Сонда құттықтауымда жазып едім:
“Қазақ журналистикасына сіңірген зор еңбегіңіз елге белгілі!
Қаламыңыз қаруға айналып, халық сөзін сөйлеп келесіз! Ақиқаттың Ақ туын биік ұстап, шындықты шырқыратып жазып жүрсіз!
Жазарыңыз - қазақтың жан азабы.
Інілердің болдыңыз ағажаны.
Қазақ үнін жеткізер Зекең елдің, -
Абаданға айналған Абажаны!”-деп, ақ тілегімізді ақтарған едік…
Иә, Зекең өмірінің соңына дейін халық сөзін сөйлеуде қару еткен қаламын тастаған жоқ…
Алла үкіміне амал жоқ.
Пейіште рухы шалқи бергей!
Жатқан жері жайлы болсын!
Отбасына, туған-туыстарына қайғысын бөлісіп, көңіл айтамыз.
Ұрпақтарына ұзақ ғұмыр бергей құдай!
Иманы саламат болсын!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні