ЖАЗУШЫҒА ХАЛЫҚ БЕРГЕН ЖЕР АТЫ - КЕМЕЛТӨБЕ
2024 ж. 27 қыркүйек
2098
0
Кеше, 2024 жылы 26 қыркүйекте “Жақсыдан - шарапат”, “Әруақ разы болмай, тірі байымайды” деген қазақтың даналық сөздерінің растығына тағы бір көзімізді жеткіздік.
Қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлының туғанына 85 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысуға Ақтауға келген ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов бастаған бір топ депутаттар қасиетті Маңғыстау өлкесіне барып, ел аралап қайтқан едік. Атай кетсек, ақын депутаттар Қазыбек Иса, Жанарбек Әшімжан, Ринат Зайт, әкім депутаттар Еділ Жаңбыршин, Елнұр Бейсенбай, кәсіпкер депутат Самат Мұсабай.
Сапарымызда тұрғындардың өтінішімен Қарақия ауданы Сенек ауылына аттың басын бұрдық.
Еділ Терекбайұлының мәлімет беруінше, Қарақия - жер бетіндегі ең шұңқыр ойыс. Иә, шынында да, ғаламтор ақтарсақ, Қарақия ойысы табаны мұхит деңгейінен 132 метр төмен жатыр екен. Ұзындығы 85 км, ені 10-25 км, түбі жазық.
Ауылдың мәдениет үйінде халық күтіп отыр екен. Қариялармен, ел ағаларымен, ауыл белсенділерімен келелі кеңес, жылы шырайлы ғибратты әңгіме-дүкен құрдық.
ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов тұрғындардың көкейіндегі барлық сұрақтарына нақты жауап берді. Кейбір өңір үшін маңызды мәселелер сол жерде шешімін тауып жатты.
Пір Бекет Атаның шапағаты сол, ауыл тұрғындарының өтінішімен ауылға жақын жердегі Жаңаөзен қаласынан түйе сүтін өңдейтін зауыт салынатын болды. Бұған жақсы мысал ретінде Алматы облысындағы 5 мың түйе өсіріп отырған Дәулет Сыдықтың түйе сүтін өңдеп отырған іскерлігін айтсақ та болады. Бұл болашақ зауыттың салынуын қадағалау осы өңірдің перзенті депутат Самат Мұсабайға тапсырылды. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қанат Құлжанов та әкімдік тарапынан қолдау жасалатынын айтты.
Облыста 104 мың түйе бар екен. Егер Жаңаөзенде түйе сүтін өңдейтін зауыт ашылса, түйе ұстап отырған осы өңірдегі ауыл тұрғындарының бәрі өз өнімдерін зауытқа өткізіп, жағдайларын жақсартатын болады.
Сонымен, құдай қаласа, бір жылдан кейін Жаңаөзендегі жаңа түйе сүті зауытының ашылуына келіп қатысатын болып, бәтуа жасастық.
Осындай жақсы жаңалықты естіген Маңғыстау облысы әкімі Нұрдәулет Қилыбай да бұл маңызды мәселенің орындалуын қадағалайтынын айтты.
Халық жаратылысы бөлек Маңғыстау өңіріндегі ғажайып әдемі жер - Бозжыраның игілігін көру үшін инвестор тартуды да сұрады. Бұдан бұрын өз аяғымен Түркиядан келіп тұрған, Бозжыраның болашағын көріп тұрған, осындай әсем жерді туризм ордасына айналдырып, 70 гектар жерге жылыжай саламыз деп, уәде беріп тұрған қуатты инвесторға аудан тұрғындарының өзі қарсы шығып, қайтарып жібергенінен жақсы хабардар Ерлан Жақанұлы осы оқиғаны ел есіне салғанда, ауыл тұрғындары бұл аяқ астынан пайда болған “экологтардың” үгітімен жасаған теріс әрекеттері үшін қатты өкінетіндіктерін білдірді.
ЖАЗУШЫҒА ХАЛЫҚ БЕРГЕН ЖЕР АТЫ - КЕМЕЛТӨБЕ
Біз халықпен кездесіп, қариялардың ақ батасын алып, қоштасып шығып бара жатқанымызда, шығарып салып тұрған, кездесуде бірнеше ұтымды ұсыныстар айтып, көзге түскен Разғали деген ауыл ақсақалы елді елең еткізген бір тың дерек айтып қалды. Журналистік кәсібіміз ұстап, бұл хабарға назар аударып, құлақ түрдік.
Разғали ақсақалдың айтуынша, сонау өткен ғасырда, шамамен, 1984 жылы қазақтың көрнекті жазушысы, ұлт әдебиетіндегі детектив жанрының негізін салушы Кемел Тоқаев осы ауылда құрметті қонақ болған екен.
-Мынау Сенек деген киелі ауыл. Ол кезде бұл жер кішкентай ауыл, мектебі бар. Осы жерде Бесімбай Бегенішов деген ағамыз болды. Кезінде ауылдық кеңес төрағасы, әкім болған. Сол кісінің аузынан естігенбіз. Жазушы Кемел Тоқаев ағамыз осы жерге келіп, халықпен кездесіпті. Сосын ауыл белсенділері “қонақасы берейік” деген ғой. Сонда Кемел ағамыз: “Қонақасы беретін болсаңыздар, осы жерде кімнің баласы көп, сол үйге қонақ боламын”-депті. Елеусіз деген кісі бар, 12 баласы бар, сол үйден қонақасы жеп кетіпті. “Жақсы адам еді. Ол кезде асфальт жоқ, қара жол, анау жерде ауылдан шыға берісте бір-ақ жерде биік төбе бар. Сол жерден шығарып салған ғой ауыл адамдары. Сол биік төбені ауыл адамдары бертінге дейін “Кемелтөбе” деп атап кеттік. Жақсы адам, тамаша кісі еді” деп айтып отыратын еді ағамыз. Сол Кемел ағамыз дәм татқан ауылға сіздер де қайта оралып тұрсыздар. Қадамдарыңыз құтты болсын!-деді Разғали ақсақал ақжарма пейіл танытып.
-Бұл сол ағамыздан қалған бір әңгіме еді… Беріде өзі айтады: “Кемел ағамыз құрттай ауылға не себепті келіп жүр? Беріде ойладым, сол Бекет Атаның басына барып келе жатыр-ау. Ол уақытта айтылмайды ғой, мүмкін солай шығар деп ойладым, өзімнің ішкі пікірім”- дейді ауыл ақсақалы.
Белгілі жазушы Кемел Тоқаевтың киелі Маңғыстау өлкесіне келіп, пір Бекеттің басына зиярат етіп, қайтарда Қарақия ауданы Сенек ауылында халықпен кездесуі және халықтың сүйікті қаламгерінің атымен жер атауын атап кетуі жазушының өмір тарихындағы оқырмандар үшін тың дерек!
Бұл туралы сол Сенек ауылы тұрғыны Шынар Кендін де фейсбуктегі өз парақшасына жазыпты.
“Маңғыстауда жүрген бір топ Мәжіліс депутаты кеше Қарақия ауданы Сенек ауылының ақсақалдарымен кездесіп кетті.
Сол кезде ауыл ақсалы Разғали ағамыз бір тың дерекпен бөлісті.
Сонау 1984 жылы киелі Маңғыстау топырағына Кемел Тоқаев келіп-кеткен екен. Көз көрген ауыл ақсақалдарының әңгімесін естіп, біз де бір марқайып қалдық.
Сол сапарында Кемел Тоқаев тектілік танытып, Пір Бекет бабамыздың басына барып, тағзым етті деседі.
Тектіден текті туады деген осы шығар...”-дейді ауыл тұрғыны.
Иә, ұлттық салт-дәстүрлерге қатаң тыйым салып, қылышынан қан тамып тұрған кешегі кеңестік қызыл империя кезінде Алматыдан арнайы сонау қияндағы қиыр түбекке, маң дала Маңғыстау өңіріне, Пір Бекетке барып зиярат жасау - жазушының имандылық пен ұлттық салт-дәстүрді берік ұстанғанын айқын көрсетеді.
Қонаққа шақырған ауылдағы басшылардың үйіне барудан бас тартып, ең көп балалы үйге бас сұғуы - шын мәнісінде бақыт пен байлықтың қайда екенін осындай ізгі ісімен нақты көрсете білуі деп білеміз.
Ел әулие тұтып, пір санаған Бекет Ата туралы бүгінде 85 жылдығы аталып өтіп жатқан заманымыздың заңғар жазушысы, өзі де 362 әулиелі Маңғыстаудың 363-ші әулиесі атанған әйгілі жазушы Әбіш Кекілбайұлы ыстық ықыласпен жазады:
“Бекет Ата – көзінің тірісінде қиянатқа жол бермес Әділдіктің, күпірлікке жол бермес Адалдықтың, қараулыққа жол бермес Шапағаттылықтың, қатыгездікке жол бермес Мейірімділіктің, арсыздыққа жол бермес Парасаттылықтың асқан үлгісін танытқан, елінің жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы бола білген азамат, жаудан елді арашалаған Батыр, дауда әділетті арашалаған Қази, озбырлықтан обал мен сауапты арашалаған Пірәдар, Әлсізге Медет, Күштіге Айбар, Зарыққанға Жебеу, Тарыққанға Демеу, Асқанға Тосқан, Сасқанға Сая, Ұрпаққа Ұстаз, Ұлысқа Ұран, Ел Иесі, Жер Киесі” -деп тура бейнелейді.
Бәрімізге белгілі, пір Бекет-Атаға баратын жол оның ұстазы киелі Шопан-Ата арқылы өтеді. Өмірінің соңынан дейін Бекет-Ата өз ұстазын қадір тұтып өтеді және зиярат жасаушылардың өзіне келуі үшін, алдымен Шопан-Атаға соғып келгендерін қалайтын. Әлі күнге дейін зиярат етушілердің Бекет-Атаға барар жолында Шопан-Атаға соғып кетуі жазылмаған тәртіп болып қалыптасып қалғаны баспасөзде талай жазылған жайт.
Демек, қалыптасқан тәртіп бойынша жазушы Кемел Тоқаев Бекет атаға барар жолда Шопан атаға да зиярат еткен деп айқын болжауға болады.
Жазушы Кемел Тоқаевтың Маңғыстауға, Бекет атаға барып, зиярат еткені туралы тың деректі айтып берген Разғали ағамыз көп жылдар ауылда кино көрсететін автоклуб айдаған, бүгінде зейнетке шыққан қарапайым жан.
“Өнегелі отбасы” конкурсына қатысқан көп балалы отбасы иесі. “Ақ жол” партиясының елге еңбегі сіңгендерге арналған “Еңбегім - еліме” медалымен марапатталған еңбек ардагері.
Жазушы Кемел Тоқаевтың 1984 жылы 18 ақпанда Сенек ауылына келгенін, қасында жас айтыскер ақын Баянғали Әлімжанов болғанын, мектептегі кездесуде қаламгерге домбыра сыйланғанын, ол домбыраның қазір Жетісу облысында Үштөбедегі жазушы музейінде тұрғанын сол кезде Аққұдық ауылдық кеңес төрайымы болған Болдыхан Шалқарбаева 2022 жылы “Қарақия” аудандық газетіндегі мақаласында жазыпты.
Әңгімеміздің басындағы Бекет Атамыздай әулиелер жатқан өлкеге келгенде, Алланың шапағаты тиіп жатқанын меңзеген “Жақсыдан - шарапат” дегеніміз де осы еді. Жаңаөзенге салынар түйе сүтін өңдейтін жаңа зауыт салу шешімі мен жазушы Кемел Тоқаевтың өмір тарихындағы тың деректің табылуы.
Дамыған елдерде белгілі тұлғалардың өмір тарихына байланысты әрбір деректерге құрметпен қарайтынын ойласақ, қазақ әдебиетінің дерекнамасы үшін бұл да бір құнды жаңалық екені анық.
Қаламгер, ақын ретінде мені ойландырған бір сұрақ - қайран Кемел ағамыз кезінде сонау қазақтың кең даласында, қияндағы Маңғыстаудың Қарақия ауданындағы бір ауыл өзіне жер атауын бергенін, Кемелтөбе деп аталатын жер бар екенін біліп кетті ме екен?!.
Әлемдегі мұхит деңгейінен ең төмен жер Қарақиядағы елдің өздері жақсы көрген жазушыға жасаған сыйлығы - кезінде кітаптары ең көп оқылған жазушы үшін де, кез келген қаламгер үшін ең жоғары, ең биік баға!
Қазыбек ИСА,
Сенек ауылы,
Қарақия ауданы,
Маңғыстау облысы.
27 қыркүйек 2024 жыл