Ұлағатты ұстаздың ғибратты ғұмыры
2024 ж. 23 қыркүйек
1506
0
Жуырда Шымкент қаласында, М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде философ-ғалым, ұлағатты ұстаз Тілеуғали Сүлейменовтің туғанына 70 жыл толуына орай «Әділетті Қазақстанды қалыптастыру контекстіндегі «Адал адам» парадигмасының мәні» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтпек. Мақсатты конференция мынадай бағыттарды қамтымақ:
- Философия тарихындағы адам мәселесін зерттеудің теориялық- әдіснамалық және дүниетанымдық мәселелері;
- Көшпелі және отырықшы мәдениет ғылыми қарастыру нысаны ретінде;
- «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» парадигмасының саяси-құқықтық және экономикалық аспектілері;
- Цифрлық технологияны дамыту жүйесіндегі қазіргі адам.
Осындай жоғары деңгейлі іс-шараның өтуіне мұрындық болған азамат, конференция өткелі отырған университетте ұзақ жылдар бойында ұстаздық еткен, философия кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған, «адал адам» парадигмасының эталоны бола білген философия ғылымдарының кандидаты, доцент Тілеуғали Аманғалиұлы Сүлейменовтің ғибратты ғұмыры. Оның өнегелі өмірін өскелең ұрпаққа кеңінен танытып, олардың бойында ұлтжандылық қасиетті оятып, дарыта-дамыту мақсаты конференцияның басты нысанына айналмақ.
Тілеуғали Аманғалиұлы 1954 жылы 14 қазанда Батыс Қазақстан облысы Бөрілі ауданының Ақсай қаласында, зиялы мемлекеттік қызметкердің отбасында дүниеге келген. 1962 жылы сол қалада мектепке барып, оны үздік аяқтайды. Ал 1972 жылы Қазіргі Ресейдің Курск облысының Рыльск қаласында Азаматтық авиация министрлігіне қарасты авиациялық училищесінде оқиды. Ол 1974-1977 жылдары Алматы қаласының құрылыс салаларында жұмыс атқарып, 1977 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия және экономика факультетіне оқуға түседі де, оны үздік бітіріп, білім және ғылым министрлігінің арнайы жолдамасымен (Оңтүстік Қазақстан) Шымкент қаласына ұстаздық қызметке жіберіледі. Тілеуғали Аманғалиұлы біліктілігін жетілдіру мақсатында Мәскеудің М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті философия факультетінің эстетика кафедрасында аспирантурада оқып, дер кезінде кандидаттық диссертация қорғап шығады.
1982 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітіргеннен кейін, Тілеуғали Аманғалиұлы ұстаздық қызметтен қол үзбей өзінің барлық білім-білігін, күш-жігерін елімізге кәсіби мамандар даярлауға арнаған еді. «Ұстаздық ету деген өз уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау» (Ж.Ж. Руссо. Академик З. Қабдоловтың аудармасы) принципін ұстанды. Ұстаздық еткен кезеңдерінде (ол қарапайым оқытушыдан кафедра меңгерушісіне дейін өсті), дәрістерінде оның шешендік қабілетінің өзіндік ерекшелігі ашылды. Ол, бүкіл зейіні мен ықыласын өзі оқып тұрған мәселеге аудара отырып және сол мәселені «тайға таңба басқандай» етіп, идеяларды түйдек-түйдек суреттер арқылы тыңдаушысының назарына ұсынар еді. Дәріскердің өз тыңдармандарына деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы және олардың тыңдарман есебіндегі табиғи таланттарын ашуға деген шынайы ынтасы дәріс әсерін еселеп қана қоймай, оны құдіретті сөз өнерінің қайталанбас биік деңгейіне көтере алды. Ұстаз Тілеуғали өзінің оқыған дәрістерінде және семинар сабақтарын жүргізу барысында логика ілімінің негізгі принциптеріне жүгінді, ұтымды пайдалана алды. Логика ілімінің негізгі қағидаттарын терең меңгеру адамның ойлау мәдениетін жетілдіретіндігін, ол өз кезегінде өзінің де өзгенің де көзқарастарына сыни тұрғыдан қарауға үйрететіндігін жадында ұстады. Логиканың негізгі формалары мен заңдылықтарын тиімді пайдалану арқылы дүниені етене тануға болатындығын әрдайым ескерді. Қисынды ойлау дегеніміз – ол айқын да, анық жүйелі ойлау, өзінің пайымдауларында қайшылықтарды жібермей, дер кезінде логикалық қателіктерді түзете білу Төкеңнің ғылыми қаруы еді. Ол студенттерді әркезде логикалық есептер шығаруға баулитынды, философия классиктерінің өмір тарихынан, шығармаларынан үнемі үзінді келтіріп отыратын-ды. Төкеңнің осындай ұстаздық таланты мемлекет тарапынан да жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасы Ғылым және Жоғарғы Білім министрлігінің «Дарынды ұстаз» сыйлығымен марапатталады (Астана қ. 2011жыл).
Досымыздың қазақшасы талайды табындыратындай, ал орысшасы орысты жаңылдыратындай еді. Ол еркін ойлап, еркін сөйлейтін-ді. Өмірде үнемі ғылыми ізденістердің үстінде жүрді. Докторлық диссертациясының тақырыбын көшпелілер философиясымен байланыстырып қорғамақ ойы бар еді. Қағазы жайлы болмады ма, әлде қаламы сайлы болмады ма әйтеуір сәті түспеді...
Ақындыққа құштар болып өскен Тілеуғали Аманғалиұлы жастайынан сан қырлы өмірдің сырларына қанығып, салт-дәстүрлердің рухани тамырларынан сусындап, достық, сыйластық сүйіспеншілік, кісілік пен кішілік сияқты қарым-қатынастарды бойына сіңіре білген азамат. Ол бүкіл өмірінде сезімталдық, ізденімпаздылық, кішіпейіл, еңбекқор, мақсатшыл, сөзі мен ісі бір жерден шығатын мәрт мінезді, адал адам болып ғұмыр кешкеніне куәміз.
Адамзатты руханиятқа, парасатқа бастар жолдар сан салалы болып келеді. Сол жолдарды бір арнаға тоғыстырушы бірегей феномен – философия.
Шынайы философ болу дегеніміз адам болмысының тұңғыйығына үңілу, заманның тағылымды талаптарына сай лайықты адами ғұмыр кешу, яғни адам болып туып, пәни дүниеден кемелденген адам болып өту болса керек-ті. Шынтуайтында қарапайым адамдардың философиялық деңгейге көтерілуі қиынның да қиыны болар. Оған қол жеткізгендердің басты арман-мұраты ақиқатқа жеткізер жолды іздеу, ал ақиқат – адамзат бақытының шамшырағы саналған. Жалпы философияның және оның жүзеге асырушысы философтың негізге алатын үш тұғыры болуы шарт. Оларға АҚИҚАТ, ІЗГІЛІК және СҰЛУЛЫҚТЫ жатқызуға әбден болар. Адамзат болмысы осылар арқылы анықталмақ. Ойы мен іс-әрекетінде осындай тұғырнамаларды ұстанымға айналдырған азаматтың өмірі ешқашан тұйыққа тірелмек емес. Төкең бүкіл өмірінде осы үш тағанды гуманистік кредоны берік ұстана білді.
«Адам ғұмыры қамшының сабындай» ғана деп өмірдің қысқалығын алға тартып жатады. Сол аз уақыттың ішінде әркім өз шама-шарқынша өмір сүріп, ұрпақ өсіріп, тіршілік кешеді. Тілеуғали Аманғалиұлы да өзінің артында өшпес із қалдыра алды, халқына шын пейілмен қызмет етті, шәкірт тәрбиеледі, философиялық білімді насихаттады, дамытты, қоғамға адамгершілік пен парасаттылықтың, ізгіліктіктің нәрін септі. Төкеңмен пікірлескен, сырласқан, ойласқан күндеріміз келмеске кетіп, тарихқа еніп барады. Арамызда жүрсе ОЛ жетпіс жасқа толар еді. Әттең бір кем дүние...
Төкеңнің бергенінен берері көп еді... Өзі ұқыптылық пен ұстамдылықтың, тектілік пен тиянақтылықтың символындай азамат еді. Мұндай ардақтылардың есімін ұрпақтар санасында дүркін-дүркін жаңғыртып отыру әріптес-достары үшін қастерлі міндеттердің бірі болса керекті. Оның шығармашылық ізденістерін толыққанды зерттеу жүргізіп, жілік-жілігін шығарып талдап, кәміл танымақ болашақтың еншісінде. Досымыздан айырылғанымызға қабырғамыз қайысса да, оның қайрат пен жігерге толы рухы отбасын, шәкірттерін желеп-жебеп жүретініне иманымыз кәміл.
Лесхан АСҚАР,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты