“МЕНІҢ АТЫМ -ҚОЖАНЫ” ОҚЫМАҒАН МИНИСТР, ӘКІМДЕРГЕ ЖАНЫМ АШИДЫ - Қазыбек Иса
2024 ж. 21 қыркүйек
2034
0
Қазақ әдебиеті классигі, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтіп жатқан 100 жылдығы екі күннен бері туған жері Нарынқолда дүрілдеп өтіп жатыр.
Кеше 20 қыркүйекте Б.Мұқай атындағы мәдениет үйінде “Болмысы бөлек Бердібек” атты әдеби-сазды жиын өтті.
Жиынды ашып, сөз сөйлеген белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасы Мереке Құлкен жиын тізгінін өз қолына алды.
Әйгілі жазушы-драматург, ҚР Еңбек Ері Дулат Исабеков, белгілі қаламгерлер, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кәдірбек Сегізбаев, Құлбек Ергөбек, Қуандық Түменбай, жазушының қызы Самал Бердібекқызы Соқпақбаева, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса және тб сөз сөйлеп, Бердібек Соқпақбаевтың қазақ әдебиетіндегі ерекше рөлі туралы айтты.
Түстен кейін Б.Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Ұлт әдебиетінің алыбы» атты республикалық ақындар айтысы өтті.
Бүгін, 21 қыркүйекте Нарынқолда таяуда ашылған “Бердібек Соқпақбаев атындағы жастар саябағында” жазушының еңселі ескерткіші ашылды.
ҚР Парламенті Сенаты төрағасы Мәулен Әшімбаев сөз сөйлеп, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың құттықтау сөзін жеткізді.
Одан соң Алматы облысы әкімі М. Сұлтанғазиев сөйледі. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасы, жазушы Мереке Құлкен “Бердібек Соқпақбаев қазақ балалар әдебиетіндегі құбылыс” деп бағалады.
Бердібек бейнесін бедерлі де, тура мүсіндеген мүсіншілер Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаммедовтерге ел ризашылығын білдіріп жатты.
Бұдан соң жазушы мерейтойының ресми бөлімі Сарыжаз жазығында, ақшаңқан киіз үйлер ортасында жалғасты.
Жиынды ҚР Парламенті Сенаты төрағасы Мәулен Әшімбаев сөз сөйлеп ашты. Алматы облысы әкімі М. Сұлтанғазиев, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасы, жазушы Мереке Құлкен, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, ақын Жанарбек Әшімжандар сөйлеп, Бердібек Соқпақбаевтың руханиятымызға қосқан үлесіне тоқталды. Алматы облысы ардагерлер кеңесі төрағасы Ілияс Сүгіров жазушының қызы Самал Соқпақбаеваға автокөлік мінгізді. Самал Бердібекқызы әкесін ардақтап жатқан елге алғыс айтты.
Тойдың көркін белгілі әнші, Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазы мен әйгілі дәулескер күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Секен Тұрысбек, әнші Мәдина Садуақасовалар арттырды.
Түстен кейін бәйге басталды.
Біз бүгін ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Исаның сөзін оқырмандар назарына ұсынамыз.
“МЕНІҢ АТЫМ -ҚОЖА” - МЕНІҢ ӨМІРІМ, МИЛЛИОНДАРДЫҢ ӨМІРІ! - Қазыбек Иса
-Қазақ қаламгерлерінің ішінде ең әйгілі жазушылардың бірегейі Бердібек Соқпақбаев!
Қазақ әдебиетінде Соқпақбаев салған соқпақ миллиондардың жүрегіне даңғыл жол ашып, Хан Тәңірі биігіне көтерілді.
1.“МЕНІҢ АТЫМ -ҚОЖА” - МЕНІҢ ӨМІРІМ!
“Менің атым Қожа” - менің өмірім, сенің өмірің, бәріміздің өміріміз. Миллиондардың өмірі.
Біз де Жанардай жақсы қыздарды ұнаттық, Жантастай жантықтарды жылаттық. Апайларымыздың сөмкесіне бақа салмасақ та, жүйкесін талай жұқарттық. Ер Сұлтандарға еліктеп, соңынан ердік.
2.ҚОЖАНИК - ТИТАНИК
.”Менің атым Қожа” романын айтқанда, әдебиеттегі Қожа өмірін киноға қаз-қалпында көшіріп, Халықтық Қожаға айналдырған көрнекті режиссер Абдолла Қарсақбаевтың үлесі зор!
”Менің атым Қожа” барлық уақытта оқылатын шығарма болғанындай, ”Менің атым Қожа” киносы да барлық уақытта, барлық бала көретін кино!
Бұрын балаларымызға қосылып көретін едік, қазір немерелерімізге қосылып көреміз.
Кезінде “Титаник” киносын бәріміз жабыла көріп жатқанда ұлттық арнада “Менің атым Қожа” болып жатты. Бес жастағы балам Қаныш “Каналды ауыстырыңдар, мен “Титаник” емес, “Қожаникті” көрем деп, баламызға қосылып бәріміз Қожаны көрдік тағы да.
Уақытқа бағынбайтын осындай ұлы туындылар болады.
Мен “Менің атым - Қожа” кітабын оқымаған министрлер мен әкімдерге, депутаттарға, қалталыларға, жалпы шенеуніктерге жаным ашиды…
3.ӘДЕБИЕТКЕ ЕСКЕРТКІШ
Астанадағы “Жетісу” саябағында ”Менің атым Қожа” туындысына ескерткіш қойылды!
Бұл Әдебиетке ескерткіш! Өнерге, киноға ескерткіш!
Әлемде әдебиетке ескерткіш ең ұлы шығармалардың халықтық кейіпкерлеріне қойылады. Бізде де әдебиетке ескерткіш қойылғанына қуанасың. Алайда, Қазақ Елі тәуелсіздік алып, өз еліне өзі Қожа болған кездегі астанадағы, қаладағы Қожалардың қай тілде сөйлеп жүргеніне қуарасың…
Бұл ескерткіштің орнатылуына үлкен үлес қосқан белгілі журналист Жанболат Аупбаев ағамызға рахмет!
4.АҢЫЗ АДАММЕН КЕЗДЕСУ
Мен бүгінде 100 жылдығын бүкіл әлем тойлап жатқан осындай, Бердібек Соқпақбаевтай елдің сүйікті жазушысымен кездесіп, сөйлескеніме шексіз қуаныштымын. 1992 жылы Дүниежүзілік Қазақтар Қауымдастығының бірінші құрылтайынан соң кездестік. Белгілі фотограф Зейнел Үйсінбаев екеуміз сол күні Бердібектей аңыз адамды емін-еркін жекешелендіріп алып, түн жарымға дейін әңгімесін тыңдап едік. Сол күні үйіне жеткізіп тастап, үшеуміз құшақтасып қоштасқан едік… Сол кезде біз бұл қазақтың ұлы жазушысын алғаш және соңғы рет көріп тұрғанымызды білмедік… Бір-екі аптадан кейін өмірден өтіп кетті…
Біз осы тойға әйгілі жазушы, ҚР Еңбек Ері Дулат Исабековтың республикалық “Қазақ үні” газетіне Бердібек Соқпақбаев туралы “Сенім мен күдік” атты керемет мақаласын басып, 300 данасын алып келдік.
5.ШЫНАЙЫ ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫ - Өлгендер қайтып келеді!
“Өлгендер қайтып келмейді” деген әйгілі роман жазған Бердібек Соқпақбаев 100 жылдығында қайтып келді. “Менің атым Қожа” арқылы “Балалық шаққа саяхат” жасап жатыр. ЮНЕСКО әлемдік деңгейде атап өтуде.
Шын мәніндегі Халық жазушысын өлмеске айналдырған оның өміршең шығармалары!
90-шылдары берілген “Қазақстанның Халық жазушысы” атағы ең алдымен халықтық шығарма жазған Бердібек Соқпақбаевқа берілуі керек еді… Алақанға салып аялайтын жазушымызға алакөзбен қараған әділетсіз биліктің көп кедергілерін енді біліп жатырмыз…
Өйткені ол өтірік жазбады, өтірік сөйлемеді. Қазақ халқының Азаттығын аңсады. Аңсап қана қоймай, қолынан келген әрекетті жасады. Кеңес одағының қылышынан қан тамып тұрғанда, Ташкентте өткен Азия-Африка жазушыларының халықаралық конференциясына белгілі ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов екеуі «Бізді арнайы шақырыңыздар! Біздің айтатын уәжіміз бар. Біз отарланған елде өмір сүріп жатырмыз…» деп “-деп телеграмм салып, коммунистік биліктің жүрегін дір еткізген.
Сондай жазушыны билік қалай маңдайынан сипай қойсын… Бір де бір марапатын қимаған екен.
“Ештен кеш жақсы”-дегендей, енді “Әділетті Қазақстанда” ұлықтап жатсақ та, халық тілегі орынды болар еді…
Халық жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың ескерткіші тек Нарынқолда емес, қос астанада да болуы керек!
Ал “Менің атым - Қожа” шығармасының ескерткіші тек Астанада ғана емес, барлық қалаларда, аудандарда тұруы тиіс.
Бердібек Соқпақбаевтай жазушы, “Менің атым Қожадай” кітап өмірге екі рет келмейді. Иә, болашақта көркемдігі жағынан асып түскен шығармалар да жазылар, бірақ дәл “Менің атым Қожадай” халықтық шығармаға айналуы оңай емес…
Ел сүйіктісіне айналған Бердібек Соқпақбаев қазақ халқының, миллиондаған Қожалардың жүрегінде мәңгі жасай береді.
Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты