Төлен Әбдік: Қазақ халқының Назарбаевты таңдауы – ұлттың қателігі
2024 ж. 09 қыркүйек
5636
1
Маған Whats App желісі арқылы: «Сізден үш сұрақ бойынша видеоролике сұхбат алсақ деп едік. Бірінші сұрақ – «Адамзат қателігі», екінші сұрақ – «Ұлттың қателігі», үшінші сұрақ – «Өзіңіздің қателігіңіз». Мүмкіндігіңіз бола ма?» – деген өтініш түсті. Өзім аурып жүргем, сұхбат беруге, экранға шығуға жағдайым жоқ. Оның үстіне өтініш жасаған жігіттің телефон нөмірін де жоғалтып алдым. Бірақ сұрақтары ұнаған. Кейін осы сұрақтарға қатысты ойларымды қағазға түсірсем қайтеді деген ой келді. Қолға қалам алуымның себебі осы еді.
Адамзаттың қателігі
Адамзаттың қателігі оның тарихында жатыр. Ол тарихқа көз жіберсең, өңкей қанды-қырғын соғыс, күштінің әлсізге зорлығы, басқыншы тирандардың жеңісі, өркениеттің жойылуы – осының бәрі қателік.
Ағылшын философы Бертран Расселдің: «Всемирная история есть сумма всего того, чего можно было избежать», – деген сөзі бар. Қазақы ұғымға салсақ, «Адамзат тарихы – жасамай-ақ қоюға болатын өкінішті қателіктердің жиынтығы» деген сөз.
Рас, адамзат бүгінгі ақыл-ой дәрежесіне мыңдаған жылдар бойына жетілу, тәжірибе жинақтау, тарихтан сабақ алу секілді эволюциялық дамудың нәтижесінде жетті. Ал ертеректе бейбіт қатар өмір сүру, өзгенің де мүддесімен есептесу деген ұғымдар жұмыс істемеді. (Рас, қазір де оның керемет жұмыс істеп тұрғаны шамалы. Бірақ ол – басқа әңгіме). Ол кезде қолдан келсе – басып алу, тартып алу, бағындыру, бағынғысы келмесе – қырып-жою – осының бәрі қалыпты жағдай еді. Сол себепті негізінен тарихты басқыншылар жасады. Ол үшін оларды ешкім кінәлаған жоқ. Олар өз елдерінің ұлы тұлғасына, көсемдеріне айналды. Тирандардың культі қалыптасты. Бұл адамзаттың хайуанаттар заңынан тым алыстап кете қоймағанының белгісі еді. Оған дін аралық және діни мотивтегі соғыстарды (76 жылға созылған Крест жорығы, тағы басқаларды) қосыңыз.
1492 жылы қандықол Христофор Колумб Американы ашып, соның нәтижесінде адамзат тарихында тағы бір қырғын соғыстың, тұтас бір континенттің халықтарына жасалған геноцит дәуірі басталды. Ең сұмдығы осы қылмысты бүкіл Еуропа тұрғындарының қолдауы болды.
Бүгінде жұрттың көбіне үндістер мәдениет пен кәсіптің не екенін білмеген, дамымаған, өзін-өзі қорғай алмаған, жартылай тағы адамдар секілді елестеуі мүмкін. Ондай тайпалардың болғаны да рас. Бірақ Америка континенті, шын мәнінде, өркениеттің мекені болғаны айдан анық. Оған куә – инка, мая, ацтек империялары. Инкаларда егін шаруашылығы сыртында қала мәдениеті, су құбырлары, басқа да тіршілікке қажетті жағдайлардың бәрі жасалған қалалар болған.
Ал Маяның мәдениеті өз заманында жоғарғы деңгейдегі өркениет деп әлдеқашан мойындалған. Онда архитектура, скульптура, жазу, математика ғылымы жақсы дамыды. Әсіресе мая календары осы күнге дейін өзінің құпиясымен ғалымдарды таңғалдыруда.
Бұлардың бәрінен бұрынырақ дамыған олмектер еді. Олмектер біздің дәуірімізден бұрынғы екі мыңжылдықтың аяқ кезінде жазу өнерін пайдаланды. Бұл жазуды маялар мен ацтектер одан әрі дамытты.
Наскалар жер суландыратын каналдар салды. Айта берсе, әңгіме көп. Оның бәріне тоқталып жату мүмкін емес. Негізгі тақырыбымызға көшейік.
Колумб келгенге дейінгі Америка халықтарының жалпы саны туралы мағұлматтар әр түрлі. Консерваторлық көзқарастағылар 55 миллиондай десе, көп ғалымдар 70-85 миллион шамасында дейді.
Жаппай қырып жоюдың ақырында, екі ғасыр өткеннен кейін, яғни 1800 жылдары сол халықтан 600 000, ал 1890 жылдары 250 000-ақ адам қалды. Американың байырғы халқына жасалған геноцидтің масштабы мінеки, осындай.
Өз басым мұны адамзаттың ең үлкен қателігі деп білемін. Осы трагедияның басында тұрған Колумбты осы күнге дейін ұлықтап көкке көтеріп отырған Еуропа, Америка елдерінің (ең өкініштісі, демократиялық жүйеге тұғыр болып отырған өркениетті елдердің) бұл ұстанымдарын екінші қателік деп мойындаған жөн шығар.
Американың ұлы жазушысы Марк Твеннің: «Американы ашқаны жақсы-ақ, бірақ Колумб оны таба алмай өтіп кеткенде тіпті жақсы болатын еді», – деген сөзі – әзіл де болса, әділ сөз.
Жер бетіндегі үлкен трагедиялардың ең соңғысы: бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстар. Екеуі де ХХ ғасырда болды. Бірінші дүниежүзілік соғыста әскері бар, бейбіт тұрғындары бар 17 миллиондай адам қаза болса, екінші дүниежүзілік соғыста 70 миллион адам өлді деген дерек бар.
Осыдан кейін адамзат ойланғандай болды. Өз қателіктерін мойындап, бұлай өмір сүруге болмайды екен, ортақ құндылықтарды сақтай отырып, белгілі бір келісімді заңдармен өмір сүрейік деген ұсыныс ортаға түсті. Біріккен ұлттар ұйымы (ООН), Еуроодақ (ЕС), Еуропадағы қауіпсізік пен ынтымақтастық ұйымы (ОБСЕ), НАТО, тағы басқа халықаралық ұйымдар құрылды. Жер бетіндегі мемлекетаралық қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа әлемдік қауымдастықтың ықпалы жүре бастады. Ең бастысы, мемлекеттің үлкен-кішісі өлшем емес, бәрі тең хақылы деген халықаралық норма баршаға ортақ және міндетті еді.
Алайда бұл ұйымдар да еларалық әр түрлі қақтығыстарды тоқтата алмады. Өйткені бұрын өзге елдерді табанға салып, зорлық жасап үйренген зор мемлекеттер көрші шағын елдердің өзімен тең хақылы болғанын қаламады. Олар әлемді өз биліктерін жүргізетін зоналарға бөлуді ұсынды, яғни ең үлкен екі алпауыт ел келісуге тиісті: «Мына жақ – менікі, ана жақ – сенікі, өз жағыңа не істесең де өз еркің, тек менің жағыма тиіспе». Ал сол зоналардағы кішкентай елдердің өзі не ойлайды ол есеп емес.
Халықаралық нормаларды мойындағысы келмейтіндер – атап айтсақ, империялық санадан қол үзбеген Ресей, Қытай секілді алып елдер мен солардың ықпалындағы мемлекеттер және өз елін жеке дара билеп-төстегісі келетін диктаторлар.
Қытай өте сақ мемлекет, өзге елдің аумағын өзінікі етіп, жұртшылық арасында, оқу-білім жүйесінде империялық насихат жүргізіп жатса да, ресми түрде ештеңе білдірмейді. Ал Ресей халықаралық заңдар мен келісімшарттарды бұзып ашық текетіреске кетті. Кремль насихатшылары: «Украинаның шаруасын бітіргеннен кейін, сендермен айналысамыз», – деп Қазақстанға ашық сес көрсетіп қояды.
Жер бетіндегі соғыс өрті әзірге толастар емес. Алайда бұл қақтығыс – кейбір сарапшылар айтқандай, өркениет қақтығысы емес, жүйелер қақтығысы.
Әлемдегі саяси жүйелерді шартты түрде екіге бөлуге болады: бірі – демократиялық, екіншісі – демократиялық емес жүйе. Демократиялық жүйеде халық билікке араласа алады (әділ сайлау, парламент, т.б. жолдармен), демократиялық емес жүйеде халық ештеңе шешпейді, мәселені диктаторлар шешеді. Диктаторларға демократия тиімсіз. Олар қолдарын байлайтын заңдарды өзгертіп, Конституцияны жөндеуге құмар келеді.
Демократия – жер бетіндегі халықтардың бейбіт өмір сүруінің шешуші факторы. Адамзаттың демократиялық негізде, ортақ құндылықтар аясында бірігуі шағын ұлттардың қауіпсіздігіне де кепіл болар еді. Оған Еуроодаққа біріккен 27 мемлекеттің тағдыры куә.
Енді адамзаттың бүгінгі өмірге қатысты қателігі қандай деген сұрақ туындайды. Заманымыздың әйгілі ғалымдары айтып жүрген әлемдік деңгейдегі үш проблема бар. Оның біріншісі – экология, екіншісі – ядролық қарулардың қатері, үшіншісі – жасанды интеллект. Соңғы екеуінің зардабын әлі тарта қойған жоқпыз. Сондықтан оларды әзірге адамзаттың қателігіне жатқызу қиын. Ал экология мәселесі – бүгінгі таңдағы ауыр проблема. Ауаның бұзылуы, жердің тозуы, климаттың жылынуы, одан туындайтын апаттардың қатері – осының бәрі адамдардың өндіріс жолындағы ашкөздігі мен тойымсыздығының нәтижесі екені белгілі. Бұдан құтқару бір мемлекеттің қолынан келетін шаруа емес. Ол үшін бүкіл адамзат бірігуі керек. Әзірге адамзат біріге алмай отыр. Табиғат-анаға жасалған қиянат – адамзаттың қателігі.
Ұлттың қателігі
Қазақтың ең бірінші қателігі – оның көшпенді өмір салтынан отырықшы тіршілікке ауыса алмағанында, соның кесірінен ғылым-білімге, заманауи өркениетке қолы жетпегенінде. Бұл – қазақтың ғана емес, бүкіл көшпенді елдердің қасіреті.
Даму деген – заманның ауысуы. Көшпенді өмір салтының да дүрілдеген кезі болды. Бірақ ғылым мен білімнің заманы келді. Оған отырықшы болмай қол жеткізу мүмкін емес. Көшіп-қонып жүріп жоғары оқу орындарын, ғылыми лабороторияларды, обсерваторияларды сала алмайсың, үлкен техниканы жасай алмайсың. Рас, моңғол шапқыншылығына дейін түріктердің үлкен өркениеті болды және оны одан әрі дамытуға да мүмкіндігі бар еді. Ол – Хорезм өркениеті.
Хорезм – ежелден түркі-парсы елдерінің мекені. Ескі жұрты қазіргі Қарақалпақстанның Бируни ауданында жатқан Топыраққала (түрік сөзі екеніне ешкімнің күмәні болмас) 3-4 ғасырларда көне Хорезмнің астанасы болған. Әйгілі ғалым Әбу Райхан әл-Бируни: «Біздің дәуірімізге дейінгі XIII ғасырда Хорезмнің көне тұрғындары – түріктер еді», – дейді. Ал 1097-1221 жылдарғы Хорезмшахтар мемлекеті Түркі патшалығы деп аталады. Оның ең соңғы шахы Мұхаммед II – оғыз, анасы Теркен-хатун – монғолдардан жеңіліп Венгрияға ауған қыпшақ ханы Қотаннның туысқаны. Хорезмшахтардың негізгі әскери тірегі қаңлылар мен қыпшақтар еді. Хорезм мәдениеті әлемдік деңгейдегі көне де озық өркениеттердің бірі болып есептеледі. Археологтар ондағы Қойқырылған қала да біздің дәуірімізден бұрынғы IV-III ғасырларда обсерватория салынғанын анықтады. Түрік халқы көбейіп, түрік әулеті билеген заманда Хорезм ұлы ғалымдардың отаны болды. Тек әлемдік ғылымның дамуына ықпал жасаған аса ірі ғалымдарды атасақ, ең алдымен Әбу Насыр әл-Фарабиді айта аламыз. Ол Отырарда, Бұхарада, Самарқандта білім алып, жұмыс істеген. Ендеше, Хорезм мәдениетінің түлегі. Одан кейін Мухаммад ибн Муса әл-Хорезми, Әбу Райхан әл-Бируни, оның ұстазы Әбу Насыр ибн Ирак, Әбу әли ибн Сина (Авиценна), Махмуд ибн Омар әл-Чагмини осылай кете береді. Түркі тілі ғылымға ене бастады. Әл-Бируни өзінің еңбектерінде ай аттарын, емдік шөптердің (фармакология) аттарын түрік тілінде келтіреді. Сонымен Хорезм мәдениетінің соңғы дәуірін Түрік өркениеті деп айта аламыз. Әрине, оған көне парсы мәдениеті, парсы тілі жетекшілік еткені белгілі. Бұл арада мәдениеттің қосақтасып дамитын ерекшелігін атап өткен жөн. Грек мәдениетінің дамуына Египет мәдениеті ықпал еткенін, Рим мәдениетіне Грек мәдениетінің әсерін, ал Рим мәдениеті Еуропа мәдениетін жасағанын тарихтан білеміз. Еуропа ғылымына латын тілі ұзақ уақыт үстемдік етті. 17-18 ғасырдарда өмір сүрген И.Ньютон ғылыми еңбектерін латын тілінде жазған. Бірақ оның еңбектері Рим мәдениетінің емес, ағылшын мәдениетінің мұрасы болып табылады.
Сол сияқты түркілік Хорезм ғалымдарының еңбектері парсы тілінде жазылғанмен Түрік өркениетінің мұрасы деп айта аламыз.
Осындай түркілік сипаты қанат жая бастаған ғажайып өркениетті моңғол шапқыншылығы жойып жіберді. Түркі мәдениеті бірнеше ғасырға кейін шегінді.
Екінші қателік
Тәукеханнан кейін қазақ елі үшке бөлінді. Әр жүздің өз ханы болды. Олар ешкімге тікелей бағынған жоқ. Жаугершілік кезде бас қосуы мүмкін, бірақ әкімшілік тұрғысында бір-бірінен тәуелсіз. Осылайша ұсақталып, біртұтас мемлекеттің болмауы қазақ хандығын әлсіретіп, көрші мемлекеттердің қазақ жеріне көз алартуын күшейтті. Ақыры осындай сәтті аңдып отырған жоңғарлар 1723 жылы жойқын шабуыл жасап, қазақ елін «Ақтабан шұбырындыға» айналдырды. Бұдан кейін қазақтың басы қосылған жоқ. Әбілхайыр хан Кіші жүзді бөліп алып, бодан ретінде Ресейге қосып, Қазақ хандығын одан әрі әлсіретті. Кейінірек Орта жүз бен Ұлы жүз де жеке-жеке Ресей бодандығын қабылдады. Бір кездегі тұтас мемлекеттің үш бөлігін жеке-жеке қабылдау Ресейге тиімді еді. Жеке бөліктердің Ресей секілді империяға үлкен талап қоя алмайтыны белгілі. Ал қазақ елі бір тұтас мемлекет күйінде келісімшартқа отырса, әңгіменің басқаша сипат алуы әбден мүмкін еді. Қазақ хандығының үш хандыққа бөлінуі – ұлттың қателігі.
Үшінші қателік
1991 желтоқсан айында Совет одағы ыдырап, аяқ астынан дербес, тәуелсіз елге айналып, тарихта сирек кездесетін бақытқа қол жеткіздік. Енді осы бақыттан айрылып қалмай, оны тиімді пайдалану қазаққа сын болды. Ең бірінші міндет – тәуелсіз елімізді билейтін басшыны таңдау. Қазақ халқының таңдауы тәуелсіздіктің алдында ғана президент болып сайланған, бұрынғы советтік номенклатураның өкілі Н.Ә.Назарбаевқа түсті. Шындығында, Назарбаевты халық та, зиялы қауым да қолдады, үміт артты. Алғашқы президент қолын конституцияға қойып, ант беріп тұрғанда бақытты өмірдің есігі ашылғалы тұрғандай әсерде болғанымыз рас. Бірақ Конституция заңдарын бұлжытпай орындауға ант берген президентіміз көп ұзамай саяси ойындарды бастап та кетті. Қолдан ұйымдастырып Жоғарғы Кеңесті таратты. Алғашқы Конституцияны жоққа шығарып, бар билікті өз қолына алуға мүмкіндік беретін жаңа Конституция қабылдатты. Нәтижесі 90 пайыздан төмен түспейтін, тек мезгілінен тыс асығыс өткізілетін заңсыз президент сайлауының 30 жылға созылған сериясы басталды. Халықаралық бақылаушы орган ОБСЕ оның бір де бірін мойындаған жоқ. Шетелдік сарапшылар «Назарбаев –диктатор» деген сөзді ашық айтуға кірісті. Халық қазынасына қол сұққан ұрлық-қарлықта есеп жоқ. Қазақ жерінің асты-үстінің байлығы биліктің құпия бөлісіне түсті. Сарапшылар «Қазақстан бір адамның меншігіне айналды» деген сөзді айта бастады.
Ұлтты ұйыстыратын, сол арқылы оның қауіпсіздігін нығайтатын негізгі құрал – мемлекеттік тілді 30 жылдың ішінде тұғырына қондыруға болатын еді. Биліктің жасаған кедергісінің кесірінен тіл проблемасы әлі күнге дейін толық шешілмей келеді. Ғылымда болашақ жоқ, Ғылым Академиясы шағын ғана қоғамдық ұйымға айналды. Оның орнына діннің ықпалы күшейді. Қазақтың руға, жүзге бөлінуі аз болғандай, енді діни топтарға бөліне бастадық. Секталық діншілдер тарапынан террористік әрекеттер етек алды. Ваххабизм Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне (КНБ) тарапты, оның мүшелері намазға жығылады, намаз оқымағандарына ескерту жасалады деген хабар тарады. Демократиялық принциптер аяққа тапталды. Бірде-бір шын оппозициялық партия тіркелген жоқ. Террористік әрекеттің құрбаны болған оппозиция басшыларының (Алтынбек Сәрсенбаев, Заманбек Нұрқаділов) өлімінің құпиясы әлі күнге ашылмай келеді.
Енді осыларға халық қырылған Жаңаөзен мен Қаңтар оқиғасын қоссаңыз, «Елбасы» дәуірінің толық картинасы көз алдыңызға келері анық. Халқы титықтап кедейленген, президенті шылқып байыған, коррупция жайлаған, әбден былыққан жағымпаздар еліне айналдық.
Бұдан туатын бір-ақ қорытынды бар. Ол тәуелсіздіктен кейін қазақ халқының президенттік орынға Назарбаевты таңдауы – ұлттың қателігі.
* * *
Мынандай адамзат, ұлт тағдырына байланысты үлкен әңгімеден кейін «Өзіңіздің қателігіңіз» атты сұрақ бойынша сөз қозғауды жөн көрмедім. Өз басым әлдебір азаматтық тұрғыда қателік жіберіп алып, өкініп жүретін адамдардың санатына жатпаймын. Өзімнің дүниетанымымнан, өмірлік ұстанымдарымнан тайып көрген күнім жоқ. Президентті мақтап сөз сөйлеп, мақала жазып, оның қабылдауында болуға ынтыққан жан емеспін. Ал жеке бастың өзіне ғана қатысты қателіктер әркімде болуы мүмкін. Бірақ ол кімге керек? Ешкімге керегі жоқ затты әңгіме қылудың қажеті қанша? Сондықтан алғашқы екі сұрақтың ғана төңірегінде өз пікірімді ортаға салдым.
Төлен ӘБДІК,
ҚР Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Қазақ әдебиеті