СЕРІК СЕРІ АСҚАРАЛЫ 60-та!
2024 ж. 16 қыркүйек
1423
0
Былтыр Serik Zhanbolat бауырым туралы академик досымыз Бауыржан Омарұлы әдеттегідей төгілдіріп әдемі жазғанда айтқан едім. “Біздің елдің ұлт зиялыларын сөз зергері, академик Бауыржан Омарұлының сыйқырлы қаламына ілінгендер мен ілінбегендер деп екіге бөлуге болады. Енді сондай құрметке Серік бауырым да ие болыпты!”-деп.
Иә, қандай құрметке де лайықты Серік сері биыл асқаралы 60-тың асуына шығыпты!
Тарлан Шерағаңнан бастап, талай қаламгердің газеттен телеарнаны барып түлеткенін білетінбіз. Ал мен білгенде, Серік телеарнадан газетке келіп, алғашқы бас редакторы ретінде басылымды басты газеттердің біріне айналдырып, “Айқынның” айқын үнін танытқан талант!
Қазір “Алаш айнасы” сайтын айшықты етіп шығарып келеді.
Серіктің ел біле ме, білмей ме, білмеймін, мен білетін бір қыры - сазгерлігі. Ол менің екі өлеңіме ән жазды. Біріншісі, осыдан кемі он бес жылдай бұрын “Қазақ әдебиеті” газетіне шыққан топтамамнан “Қоштасамыз бір күні” атты ғашықтық ғазалыма жазылған әсем ән. Екіншісі “Ақ етік киген аппақ қыз” деген өлеңіме жазған әдемі ән! Оны қайдан тапқаны есімде жоқ, бәлкім оқырмандардың желіге салғанын Серіктің қыранддай қырағы көзі шалып қалған болар…
Бір өкініштісі, екеуінің де әншісі табылмай тұр!
Серік анда-санда бізге “Ақ жолға”, курстас досы Арман Сқабылұлына келіп-кетіп жүреді. Екеуінің емен-жарқын әзілдері жараса кетеді. Жарқылдап, жарқын күліп отырады риясыз таза ақ көңілмен! Екеуі де биллиардтан жарысып, тастаяқ түйістіріп, таласып жүреді. Қайсысын тыңдасаң да, биллиард ойнауда бір-бірінен асып тұр, өздерінен артық ешкім жоқ…
Серік достыққа адал, айтқан сөзінде тұратын табанды жігіт. Кейбіреулердің кеше бір жерді жағалап жүріп, кейін сол жерді жалалап жүретін сужұқпас сумақайлығын суқаны сүймей, сүйкеп жіберетіні де бар!
Төл мерекең мол берекеңе жалғаса берсін Серік бауырым!
Алпысың асулардан асыра бергей!
Бар күшің ән болып шашыла бергей!
Шаңырағың шапағатқа бөлене бергей!
Алла жар болып, Жұлдызың жарқырай берсін!
Әрдайым Ақ жол тілеймін!
Қайда сені салса да, ісің ерен,
Арғымақсың арқырап кісінеген!
Арта берсін арының Алпыста да,
Ерлей бергін екі отыз күшіменен!
Жүреді ел де өзіңді көріп тәуір,
Әр сөзіңнен есіп ән, елітті ауыл!
Ақ көңілмен кездессе аппақ ару,
Әні дайын әрдайым Серік бауыр…
Ән айтсаң кетер елдің еріп шері,
Биіктерге шығарды ел сеніп сені!
Қуат ап күй тараған гитарадан,
Жасай бергін жалынды Серік сері!
Құрметпен, Қазыбек ИСА