МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ СӨЗІНЕ ҚАРСЫ ШЫҒЫП ЖАТҚАНДАР КІМДЕР?
2024 ж. 04 қыркүйек
1665
0
Ертең, 5 қыркүйек - Тіл мерекесі күніне орай «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясы биыл өзгелерге өзгеше өнеге көрсетіп, өздеріне қарасты барлық ғимараттарға ұлыларымыздың ұлтымыз бен тіліміз туралы ұлағатты сөздерін екі тілде іліп қоюда. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханнан бастап, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа дейін ұлтымыздың және әлемнің әйгілі тұлағаларының Қазақ тілінің ұлылығы мен мәртебесі туралы қанатты сөздері қабырғаларда қанат қағып тұр.
Олардың ішінде Әлихан Бөкейханның «Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көшбасын да алып жүре алмайды», Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады», Жүсіп Баласағұнның: «Ана тілі бесіктен басталмайды, бесікті тербеткен анадан басталады», Ғұмар Қараштың «Тіл сақтауға мүмкін болғанда, тіл сақталуға тиіс. Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз», Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық рухтың негізі - ұлттық тіл», Расұл Ғамзатовтың «Егер ертең туған тілім жоғалар болса, мен бүгін өлуге даярмын», Бауыржан Момышұлының «Мен үш нәрседен қорқамын: бірінші – баласына бесік жырын айтпаған анадан, екіншісі – немересіне ертегі айтпаған әжеден, үшіншісі – бір-бірімен қазақша сөйлеспеген қазақтардан», Герольд Бельгердің «Қазақ тілін дамытатын өзге ұлт өкілдері емес, қазақтың өзі», Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі» деген және тағы басқа айшықты сөздер жазылған.
Тағы бір байқағаным — бұл жай ғана ұлағатты сөздер емес, бұл — танымдық материал, тұрақты сақтауға болатын құнды дүние. Неге десеңіз, осындай ұлылардың ұлағатты сөздерінің астындағы QR-ларды бассаңыз, сол тұлғалар туралы деректер мен олардың еңбектері, олар жөнінде деректі фильмдер мен көркем фильмдерді таба аласыз. Ұлылар жөніндегі ақпаратымызды байытып, кемелдене түсуге пайдасы зор дүние. Осындай тиімді тапқырлықты да бағалай білген жөн.
Әрине, бұл мемлекеттік тілді насихаттау туралы материалдар мемлекетіміздің заңдары мен Тіл саясаты туралы тұжырымдамаға сай өте дұрыс жасалғаны анық. Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 12-тармағында мемлекеттік тілдің беделін арттыруға, қолданылу салаларын кеңейтуге (фестивальдер, кездесулер, акциялар және т.б.), тіл мәдениетін жетілдіруге (тіл туралы нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, фразеологиялық сөз орамдары, аңыз адамдардың өсиеттері және т.б.) қатысты іс-шараларды ұйымдастыру ұлттық компанияларға да жүктелген. Бұл тұрғыда «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясына Алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Алайда, әлеуметтік желіде елдің бәрі қуана қолдап жатқан және бәріміз қолдауымыз тиіс осындай үлгілі іске кейбір шенеуніктердің шекесі тырысып жатқаны туралы сөз шығып қалды... Соның ішінде басқа емес, мемлекет басшысының мемлекеттік тіл туралы сөздерін “суретін рұқсатсыз жариялауға болмайды» деген сылтау айтылып, алғызып тастауға тырысып жатқанын қалай түсінуге болады?!.
Мемлекет басшысының мемлекеттік тіл туралы сөздеріне қарсы болып жатқандар кімдер?
Ертең, 5 қыркүйек - Тіл мерекесі күні! Бұрын 1989 жылы 22 қыркүйекте "Тілдер туралы" заң қабылдануына орай, Тілдер мерекесі 1998 жылдан 22 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні болып жарияланды. Алайда, 2017 жылы күзде үкімет қаулысымен Тілдер күні 5 қыркүйекке ауыстырылды. Мұның себебі - 5 қыркүйек – қазақ халқының Тәуелсіздігі үшін күресіп, Тіл ғылымының негізін салған Алаштың рухани көсемі, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.
ТІЛ МЕРЕКЕСІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдануы тиіс!
ТІЛІҢ БАРДА ҒАНА – ТІРІСІҢ!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні