Нұргелді Әбдіғани: Ата Заң – Конституция біз үшін ең маңызды құжат!
2024 ж. 29 тамыз
1803
0
Ежелгі Гректің ойшылы Солоннан біреу келіп: «Ең жақсысы Конституция қай Конституия» деп сұрапты. Сонды әлгі гректің заң шығарушысы: «Қандай халыққа және қай дәуір үшін, ең алдымен соны айтыңыз», - деп жауап беріпті.
Сөзсіз, кез келген мемлекеттің саяси бағытын, мемлекеттік құрылысын, басқару жүйесін, мемлекет ретіндегі негізгі құндылықтарын айқындайтын басты құжат осы – Конституция! Оның әрбір бабы, әрбір тармағы, әрбір сөзі, керек десеңіз үтір-нүктесіне дейін үлген мәнге, мағынаға ие. Конституциядағы әрбір таңбаның өзгеруінің өзі қоғамға, мемлекет өміріне үлкен өзгерістер әкеледі. Ал ондағы ереже-міндеттердің жүйелі орындалмауы – қоғамның дамуын тежеп қана қоймай, мемлекеттің өмір сүруіне қауіп төндіреді! Сондықтан да Ата Заң – Конституция біз үшін ең маңызды құжат!
Осыдан тура екі жыл бұрын, 2022 жылы Қазақстанда референдум өтіп, Конституцияға маңызды түзетулер мен өзгерістер жасалды.
Солардың бірсыпырасын тізбелер болсақ, ол әрине әуелі – «Қазақстанда Президент бір мерзімге – 7 жылға сайланады» деген өзгеріс. Бұл Тәуелсіздік алған алғашқы күнен бастап, 30 жылға жуық уақыт ішінде жалғыз Президенті қайта-қайта «сайлап» келген Қазақстан қоғамы үшін ерекше маңызға ие өзгеріс. 30 жылға жуық уақыт ішінде мерзімді һәм мерзімінен тыс өткізілген президенттік сайлаулардың көлеңкелі тұстары туралы азаматтық қоғам ашына айтып, Халықаралық қауымдастықтардың Қазақастан мен оның билігіне күдік-күмәні көбейгені, сол себепті елімізді автократиялық басқырудағы елдер тізіміне енгізгені өтірік емес. Ал жаңа ереже – әуелі осы кеткен олқылықты түзетуге, бір адамның билікті шексіз иемденуіне һәм «узурпациялауына» тосқауыл қоятын қадам деп саналады.
Онан соң, «Жаңа Конституция» «Президент өкілеттігін азайтып, Парламенттің құқық-құзыретін арттыруды» көздейді. Қазақстанның негізгі Заң шығарушы органы саналатын – Парламент болса, оның қос Палатасының жұмысы тәртіпке келтірілді. «Заңды Мәжіліс қабылдап, Сенат мақұлдайтын» ереже қалыптасты.
Парламент тақырыбынан ауытқымай, Парламенттік электоралды процесске қос сайлау жүйесінің енгізілгенін атап өту керек. Бұрын Парламент сайлауы тек партиялық сайлау тәртібімен өткізіліп келсе, енді мажоритарлы жүйе арқылы сайланған (бейпартиялы) депутаттар да сайлана алатын болды.
Тағы бір айта кетерлік өзгеріс – бұл Мәжілістің 30 пайызы, облыстық мәслихаттардың 50 пайызы, аудандық мәслихаттар 100 пайыз төтелей сайлау жүйесі, яғни тікелей халықтың дауыс беруімен сайланатын болды.
Ең ақыры – Конституциялық сот жүйесі жасақталды. Бұл процесс елдегі көптеген заңдарды жетілдіруге, сол арқылы жалпыға ортақ демократиялық игіліктерді бекітетін нормаларды жетілдіруге мүмкіндік артты.
Тағы бір қоса кетерлігі – жергілікті өңірлердегі әкімдердің сайлануы. Аудан мен ауыл әкімдері сайлану тәртібіне ауысты. Бұл ел азаматтарының мемлекеттік басқару ісіне белсенді араласуына мүмкіндік ашты.
Жоғарыда айттық: Конституцияға өзгерістер енгізуден басталған елді жан-жақты жаңғырту елімізде әлі жалғасты болып келеді. «Үшкіре салып, көзің қалай болды» дейтіндей емес. Кем-кетіктер саяси-қоғамдық жүйенің әр саласында жоқ емес. Десе де, бағыт дұрыс. Қазақстанның саяси жүйесі түбегейлі өзгеруі керек. Ол үшін жасалған алғашқы қадамдар: Парламент ықпалының артуы, Үкімет жауапкершілігінң күшейтілуі һәм Үкіметтің есеп беруін қадағалау, саяси партиялардың қоғамдағы рөлін күшейту, азаматтарымызға өз пікірін белсенді білдіруге мүмкіндік беретін тетіктер әзірлеу т.б.
Түйін: Конституция – еліміздің басты Заңы! Қазақстан Республикасы Конституциясындағы басты қағида халық билігі, заңның үстемдігі, азаматтардың теңдігі және халпы халықтың бірлігі болып табылады. Қасиетті тәуелсіздігімізді мәңгілік ету үшін жоғарыда аталған қастерлі ұстанымдардан айнымауымыз керек. Сонда ғана еліміздің жарқын болашаққа бет алған даму бағдары анық болады!
Нұргелді Әбдіғали,
Фейсбук парақшасынан