Еңбек адамы Жамалбек Бейсенов: ҰСТАЗДАРЫМ МЫҚТЫ БОЛДЫ...
2024 ж. 08 қыркүйек
1536
0
«Қой бағып жүріп те, қолымнан кітабымды тастамадым»
– Жәмке, мектеп бітірген соң екі жыл шопан болып істепсіз. Ол кезде балалар қалайда сол жылы оқуға түсуге тырысушы еді ғой. Жастарды «екінші тыңды игеруге» шақырған солақай саясаттың салқыны ма бұл, жоқ, әлде басқа себебі бар ма?
– Мен тұратын ауыл мен мектептің арасы 27 шақырым болатын, соған велосипедпен қатынап оқыдым. Шаршасам интернатта қонып қалатынмын. Себебі, сегізінші сыныпта оқып жүргенімде басталған әкемнің өңешінің қатерлі ісік ауруы аттай алты жылға созылды. Оныншы кластың көктемінде ол кісі төсек тартып жатып қап еді. Тамағынан тек жүзімнің шырыны өтетін. «Қайтсек әкеміздің жаны қалады?» деп қаратпаған емшіміз қалмай жүргенде, үйдегі қырық-отыз майда, жеті-сегіз ірі қарадан тігерге тұяқ қалмапты. Соның салдарынан бітіру кешіне де бара алмадым, өкініші естен кетпейді...
– Қазақ «ауру кірді дегенше, әлек кірді десейші» деп соны айтпай ма?
– Үйдегі он үш ұл-қыздың үлкені өзіммін. Кеңшардың директоры Оразәлі Мәмеков деген керемет жақсы кісіден жұмыс сұрап, «ДТ-54» деген шынжыртабан тракторге отырдым. Үш күн, үш түн тезірек ақша табайын деп дем алмай жер жырттым. Үш күннен соң бригадир: «Мынау тапқан еңбекақың» деп үш сом ұсынды. Жылап жібере жаздадым, бір ай істесем отыз сом табады екенмін... Мәмековке қайтадан бардым. «Комсомол ұйымының хатшысы бол, айлығы 70 сом» деді. Бір үйде он бес жанға не болады ол? Мәмеков тамызда айырар бір отар, 800 бас ересек қозыны ертерек енесінен айырып берді. Екі жыл шопан болуымның сыры сондай...
– Қой баққанның бір жақсы жағы – адамды көп ойлануға үйрететін.
– Мен де болашағым жайында көп ойлайтынмын, қолымнан кітап, газет-журнал түспейтін. Сол ойымның бірін әскерде іске асырып, компартия қатарына мүше болып келдім. Екі жыл еңбек өтілімнің, әскерде болғанымның пайдасын кейін көрдім – оқуға конкурссыз қабылдандым.
– Кеңес өкіметі еңбек адамына көп жақсылық жасаушы еді ғой... Студент кезде «медбрат» болып істепсіз. «Медбрат» Өзбекстанда көп, ал бізде жоқ деуге болатын жағдай қой...
– Мен 1-курста үйлендім-дағы, бірден 6 іні-қарындасымды Алматыға қолыма алып алдым. Пәтер жалдап тұрдық. Бәрін қиналсам да қазақ мектебіне оқыттым. Сабақтан келген соң олардың үлгерімін қадағалаймын. Алтыдан кейін, күнкөріс көзі керек, «медбратпын», жұмысқа кетемін. Жексенбі күндері вокзалда көмір түсіремін, жеміс базарға барып, жеміс-жидек түсіремін. Он сомға дейін табамын, бұл әжептәуір ақша. Бауырларымды әкелген себебім, орысшаға, қаланың өміріне пысып, үйрене берсін дедім. Оным дұрыс болып, кейін бәрі өз күшімен оқып, адам болып кетті. Ол үлгі ауылдағы бауырларыма да әсер етті. Талай пәтер ауыстырдық, неше түрлі сөз естідік, төздік, шыдадық. 1-курстан соң өз інімді, әйелімді қосып алып, студенттік құрылыс отрядына барып, ақша тауып келдік. Ауылдағылар да ақша қосып, орыстың кішкентай «времянкасын» сатып алдық. Сол аумақтағы жалғыз қазақ үй біз болдық. Қазаққа үй сатылмаушы еді ғой ол кезде...
Оқуды бітірген соң бір жылдан астам «жедел жәрдем» дәрігері болып істегенім көп нәрсеге үйретті. Ұстаздарым өте мықты болды. Татьяна Павловна Динягина, Абай Қабатайұлы Байкенжин, Бинеш Оразұлы Жарбосынов. Профессор Абай Байкенжин, академик, кәзір Астанада, медорталықтың директоры. Мені ол кісі астанаға да шақырды, барудың сәті түспеді.
Наркозсыз операция
– Туған жерге келіп, табаны күректей 13 жыл жұмыс істедіңіз...
– Мен 1983 жылы 27 қазанда ауданға келген соң көп ұзамай-ақ үлкен операциялар істеп кеттім. Өкіметтің шопандарға қатты көңіл бөлетін кезі ғой, бірде бас дәрігер мені шопандарды аралап қайтуға жіберді. Өзімізге туыс Бейбіт ағайдың отарына барғанымда, аяғы ауыр Шынар жеңгеміз маған: «Кеше қойдың соңында жүрген бала едің, сен не білесің?» деді. Әзілдеп айтса да, қатты тиді. Жеңгемнің өзін көріп болдым да, қарсыласқанына қарамай қасымда жүрген фельдшердің мотоцикліне салып, ауданға жібердім. Ол үйден шығып, менен кейінгі Бауыржан інім мен әкемнің отарына келіп демалдым. Сөйтсем, түн ортасында фельдшерге ауданнан телефон соғыпты: «Жамалбек жіберген әйелдің баласын кесар тілігі арқылы жасап алайын деп жатқанда, наркоз беретін «полинаркон» аппаратының оттегісі таусылып қалды, Жамалбекті алып кел!» деп... Фельдшердің мотоциклімен ауылға, ол жерден «Жедел жәрдеммен» ауданға келдім. Келсем, әйел шыңғырып жатыр. Тілік жасалмаған. Хирургтен жауапкершілікті өз мойныма алып, наркозсыз, новокаинмен операция істеп, баланы жарып алдым. Әйел де аман. Сөйтіп, жақсы атым шығып кетті. «Не білесің?» деген жеңгемнің сөзіне жауабым осы болды...
– Хирургтардың жұмысы өте ауыр да өте жауапты болумен қатар, өте бір шым-шытырық оқиғаларға толы болады. Солардың бір-екеуін еске түсіріңізші.
– Мен 41 жасымда әскер қатарына қайта шақырылған адаммын. 2004 жылы Сарышағандағы әскери полигонда қыстың күні, темір пешпен жылытылатын шатыр ішінде бір жарым айда 52 операция жасадым, оның 11-і – аппендицитке.
– Күніне бір операциядан да артық. Неге сонша көп?
– Менің травмотологиядан да сертификатым бар, оның да арнайы курсын оқып алғанмын, жарақат алғандарға, аяқ-қолы сынғандарға да операция жасай беремін. Сол Сарышағанда, наурыз айында, түнгі он бір шамасында солдат балаға ота жасап жатқанмын, сырттан шатырға от тиіп, ол жана бастады. Шатырда соқыршегін алдырған бір әскери қыз бала жатыр еді. Оны дереу одеялға орап алдым да, көтеріп апарып қардың үстіне жатқыза салдым. Қайтып келіп, фельдшер, бір шофер жігіт үшеуміз солдатты сыртқа, елу метрдей жерге шығардық. Содан кейін от өшіргіш баллондарды пайдаланып, өртті сөндірдік. Сол кезде жарық беріп тұрған дизель мотордың майы таусылып қалып, операцияны май шамның жарығымен аяқтадым ғой. Осы еңбегім – ерлігім үшін ҚР Қорғаныс министрінің 1-орынбасары генерал Н.Поспелов маған 4 мың теңге ақшалай сыйлық пен мақтау грамотасын тапсырды. Негізі, біздің дивизияның штаб бастығы полковник Ж.Ерғалимов деген кісі мені мемлекеттік марапатқа ұсынған екен, неге екені белгісіз, өтпей қалыппын.
Сол жердегі әскери-далалық госпиталдың бас хирургі болып істедім. Менің автомашинаны операция жасауға ыңғайлауға, икемдеуге бағытталған ұсыныстарым кейін іске асырылды.
Сондай-ақ, 12 мамырда Флорес Найтингейлдің құрметіне арналған мейірбике күнін Қазақстанда атап өтуді бастаған мен болатынмын. Ол жөнінде 1990 жылы аудандық «Алғабас» газетінің мақаласында айтылды.
Әкемнің тәрбиесі
– Енді ең қызық та тәлімді оқиға жайлы айтып берсеңіз...
– Бесінші операциям болса керек, кеңшардың бас бухгалтері, өзімізге ағайын кісінің қызына операция істеп едім, қаны тоқтамай, қиналсам да сәтті аяқтадым. Жазылып шыққан күні қызына келген Тілепбай ағамыз мені де ауылға ала кетті. Қызын үйіне қалдырып, біздің үйге келдік. Ағайым үн-түнсіз машинасының багажнигін ашып, бір дәу қошқарды түсіре бастады. Оған әке-шешем, мен жәрдемесіп, төртеулеп жүріп зорға түсірдік. Содан кейін әкем Тілепбайдан жайша жүрсің бе деп сұрады. Сол кезде ол:
– Мына Жамалбектің қолы жеңіл екен, қызымды операция жасап, аман алып қалды. Соған балаңыздың қолы дерт көрмесін деп, әкеп отырған ризашылығым ғой, – деді. Әкем қолындағы таяғымен жонарқамнан періп жіберсе бола ма:
– Сен енді пара алайын дедің бе? Менің ауырғанымды, врачтарға жем болғанымызды ұмытайын деген екенсің!
– Әкем таяғын көтеріп мені үй айнала қуып жүр, «енді пара алсаң, қолың қалтырауық болсын!» деп, маған ұрсып жүр. Мен қашып жүрмін. Шешем араша түсіп жүгіріп жүр. Әкем шаршап, отырып қалды.
– Тілепбай, әкет малыңды, – деді сосын. Енді шешем үшеуміз қошқарды машинаға сала алсақшы!.. Әкем ашуланып, көмектеспей қойды бізге.
– Киноға дайын сценарий ғой мынау, Жақа!..
– Қойды айтасыз, мен «Жигулиді» де алмай қойдым содан кейін... 1984 жылдың жазында мен жайлы «Оңтүстік Қазақстанда» мақтаған мақала жазылды. Сол кезде аудандағы бір Кавказдан келген шешен жігіттің әйелінің іші ісіп кетіп, ауырып жүр екен. Өз елінде көрсеткен дәрігерлер «жүктісің» депті. Ол заманда узи аппараты жоқ қой. Әлгі мақала әйелдің көзіне түсіп, екеуі маған келіпті. Байқап қарасам, жүкті әйелдей болып көрінгенімен, интуициям ондай емес дейді. Мен «маған сенсең, операция жасаймын» дедім. Келіншек көне қалды. Ішегі үлкейіп, папиростың қағазындай болып жұқарып кеткен екен. 15-20 сантиметрдей аскорида көрініп тұр. Ұстазым Татьяна Павловнаға телефон соғып, кеңесіп алдым да, ішегін кесе бастадым. Әйелдің ішінен 3003 аскорида алдым. Үш литрлік шыны банкінің төртеуі толды. Үлкені 38 см, кішкентайы 5 см. Егер мен аскориданың қаншасы еркек, қаншасы ұрғашы, қайсысының ұзындығы қанша см деген секілді мәліметтің бәрін жиғанымда, кандидаттық диссертацияның материалы дайын болатын екен.
– Айтпақшы, полигонда жасаған 52 операцияның құнды материалдары негізінде кандидаттық қорғау ойыңызға келмеді ме?
– Ойламаппын ғой соны...
Содан шешен жігіт маған қорабының қағазы бұзылмаған 10 мың сом әкеліп берді. «Алмаймын» дедім. Ол үндемей кетіп қалды. Мені азырқанды деп ойласа керек, бірер күннен кейін целлофаны алынбаған «Жигули» әкеліп, есіктің алдына қойып, кетіп қалды... «Рахмет, ағайын боп қалайық» деп, қолын кері қайтардым. Бір күні «60 мың кірпіш түсіріп берейін, үй салып ал» деді. Сөйтсем, олар аудандағы «Шалдар» кеңшарынан кірпіш цех салуға келген «жабайы бригада» екен ғой. Азамат екен, бір емес, үш рет ұсынды. Алғым-ақ келді дейік, қалай аламын, алдында ғана әкемнен таяқ жеген жоқпын ба? Оның үстіне қалтамда партбилетім бар, және Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) мені сыртымнан екі жыл бақылапты. Содан бірнеше жыл ОҚО ҰҚК-інің штаттан тыс қызметкері болып жұмыс істедім. 1996-2006 жылдар аралығында Алматы қаласындағы орталық клиникалық ауруханада бас дәрігердің орынбасары, ҰҚК Орталык әскери шегарашылар госпиталінде ординатор, Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери клиникалық госпиталінде аға ординатор. Тараз қаласындағы әскери госпитальде хирургия бөлімінің бастығы болып, подполковник әскери шенімен Отан алдындағы борышымды атқардым.
– Он үш жыл бойы абыроймен қызмет етіп, аудандық аурухананың бас дәрігері дәрежесіне көтерілгенде Алматыға кетіп қалғаныңыз қалай?
– Мен сол кездегі ауданның әкіміне өкпелеп кетіп қалдым. Марқұм бір өте жақсы адам еді... Мен аудандағы «Қонаевтың резиденциясы» болған үйді маған беріңіз, санаторий етейін» дедім. Бермеді. (Кәзір ол үй жынойнаққа айналып кетті). Мен сол кезде Алғабас, Созақ ауданындағы сайлау округінен Жоғарғы Кеңеске өзімді ұсынып, екінші орын алып, өте алмай қалған едім, созақтық Ж.Шекеев өтіп кеткен болатын. Сол уақытта Созақтың әкімі, өте білімді, нағыз халықтың қамын ойлайтын Қуаныш Айтаханов ағаймен таныстым. Ол кісі «санаторийіңе 10 боталы түйе беремін, тек Созақтан он адам тұрақты емделетін болсын» деді. Мен сол он түйенің біреуін әкімге бергенімде, санаторий ашып алатын екенмін. Ол кісі де пенде ғой...
– Алматыдан кейін, Тараздағы №2 аурухана мен Байзақ ауданының орталық ауруханасында бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып кызмет атқардыңыз. Ол жақта тұрақтап қалғыңыз келмеді ме?
– Байзақ ауданының халқының саны да көп, 100 мыңнан асады, «сапасы» да жақсы, өте бір жайдары ел екен. Қалар ма едім, бір отырыста жергілікті жігіттердің біреуі әзілдеген болып: «Операцияның барлығын өзіңіз істей бермей, жастарға да үйретіңіз, біз соған қарап бағалаймыз сізді, су ағады, тас қалады деген бар ғой» дегені. Оқтай тиді. Тез-тез жиналдым да туған жеріме тарттым. Аудандағылар маған келген бойда «Ауданның құрметті азаматы» атағын берді. Байзақтықтар «жібермейміз» деп менің еңбек кітапшамды алып қалған болатын. Бір айдан кейін барып, «көрдіңдер ме, мені ауданымдағылар осылай құрметтеп жатыр» деп, кітапшамды алып қайттым. Олар «біз де береміз» деді, «кешіктіңдер» дедім... Елге келгеннен кейін 8 жыл пәтер жалдап тұрдым. Сосын барып ипотекаға осы үйді алдым. Бәрібір, туған ел, туған жерге ештеңе жетпейді ғой...
– Абыройыңыз асып, еңбегіңіз жана берсін, Жақа!
Өмірзақ АҚЖІГІТ
Қазақ үні