АСЫЛ ҚАЗЫНА
2024 ж. 25 тамыз
1882
0
Биыл қазақтың ұлы ғалымы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының негізін қалаушы тұңғыш президенті, академик Қанныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл!
Өткен аптада 17 тамызда Баянауылда ұлы ғалымға арналған ұлан-асыр той өтті. Тойды ашқан ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың құттықтауын жеткізді.
“Қаныш Сәтбаев – қазіргі заманғы қазақ ғылымының атасы. Ол Ұлттық ғылым академиясының негізін қалады, білікті ғалымдардың тұтас буынын тәрбиелеп шығарды, жаңа зерттеу жүйесін қалыптастырды. Сондықтан Ғылым қызметкерлері күні оның туған күніне орайластырылған. Халқымыздың біртуар перзенті көптеген кен орнын ашып, өндірістің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Еліміз әлі күнге дейін оның еңбектерінің игіліктерін көріп отыр. Сәтбаев мұрасы ұлтымыздың теңдессіз қазынасы саналады. Оның еңбегін жан-жақты дәріптеу – ортақ парыз. Болашақта Сәтбаев салған сара жол жалғасып, қазақ ғылымы қарқынды дами береді деп сенемін”– деп атап көрсетілген мемлекет басшысы құттықтауында.
Ұлы ғалымның ұлтымыздың тарихындағы рөлі туралы толғаған Ерлан Қошанов биыл қасиетті Ертіс-Баян өңірі мерейлі даталарға толы екенін атап өтіп, тарихи тұлғаларды ұлықтаудың маңыздылығына тоқталды.
– Биыл Қаныш Сәтбаевтан бөлек, қазақтың көрнекті жазушысы, Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 135 жыл толып отыр. Сондай-ақ, қазақ археологиясының атасы, көрнекті қайраткер Әлкей Марғұланның туғанына — 120 жыл. Қазақ киносының саңлағы Шәкен Аймановтың 110 жылдығы. Бұл той – елдіктің тойы, бірліктің тойы, – деді Мәжіліс төрағасы.
Есімізге түсіп отыр, осыдан 25 жыл бұрын 1999 жылы Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО бойынша аталып өткен еді. Алматыда 167 ақын қатысқан дүрілдеген Халықаралық мүшәйра болды. Мүшәйраның төрағасы - әйгілі Қазақтың Қадыр Мырза Әлісі. Сол аламан бәйгеде Бірінші жүлдені жеңіп алған жырымды бүгін қайта жариялап отырмын. Бас бәйгені қазақтың көрнекті ақыны Жәркен Бөдеш иеленген еді. Ал қазақтың әйгілі дүлдүл ақыны Тұманбай Молдағалиев арнаулы жүлдеге ие болды.
Халықаралық мүшәйраны Халықаралық Қ.Сәтбаев қоры ұйымдастырды. Президенті қазақ жырының жезкиігі Кәкімбек Салық, атқарушы директоры Алаштың арқалы ақыны Ғалым Жайлыбай болған еді ол кезде.
Сол жылы дүниеге келген ұлымызға Қаныш деп ат қойып едік анамыздың айтып кетуімен…
Биыл Қаныштың 125 жылдық тойында бола алмасақ та, ширек ғасыр бұрын Қанышқа арналған аламанда бәйге алған жырымызды ғұламаға деген құрметіміз ретінде жарияладық.
Қаныш тойы - Қазақтың тойы жалғаса береді!
ҚАЗЫНА
Қаныш Сәтбаевқа
Даласына тән тұлғасы менен дарыны,
Қазақты нағыз халқы да мәңгi нар тұтқан.
Жерiне деген жерiне жеткен жалыны,
Жездiнiң жезiн балқытқан.
Биiктiк пенен Тереңдiк және Кеңiстiк,
Үш өлшем бойға үйлескен үздiк Тұлғасың.
Елiңе деген iңкәрлығыңмен ең ыстық,
Ұлтыңа баға бергiзе бiлген бiр басың...
Қазына iздеп...
Қазыққа қалмай байланып,
Тау-тасты кездiң...
Тарихы елдiң бар тағы...
Табаның тисе – алтынға тас та айналып,
Қолыңа алсаң –қола да гауһар тартады...
Ерекше жанды еңбегi ерен нұрлы етпек,
Едiге сынды ел қамын жеген ер едiң...
Еуразияның елбасылары құрметтеп,
Кеңесу үшiн келдi әлем саған, кемелiм...
Алыптар болмай,
Халықтар таңы атар ма?
Инемен қазған кенiңнiң түпсiз талайы.
Жамылып ойды жалғыз да жүрдiң жапанда,
Жарық қып түндi аймаңдайыңның арайы...
Иiрiм құмнан iз кесер бүгiн қай мықты,
Иек астында игерiлмеген көмбе көп...
Игiлiгiмiзге Сiз берген иен байлықты,
Иелiгiмiзден шығармай жүрсек – сол медет...
Шеңберден шетке аттап та кетер Ер асау,
Санасында ұйып сары алтын Арқа сазы да...
Асылдың бәрi астында жердiң емес-ау,
Марғасқалардың маңдайында екен Қазына!..
ЗАҢҒАР
Аспаннан түспей асқақтар асыл ән тектес,
Даңққа бөлер өзiңдей жақсылар халқын.
Баянауылдың бұлты емес басынан кетпес –
Бақ шығар, бәлкiм...
Ғылымды алдың ғаламдық қамалға кiрiп,
Көшпелi ел жырын Көшбастар ғалым ұққан-ды...
Көшелi деген...оқыған саналған ұлт,
Көшеңдi қимай...өзiңе тарылып қалды...
Бiр кезде сен де наһақтан өртенген едiң,
Керегi болмай Шындыққа қалды дәлелдiң...
Өзенiн кеннiң өргiзген өлкемде менiң,
Мысың бар мысын басатын барлық әлемнiң.
Емендей ерлер сынады иiкпей келiп,
Сәулеге бөлеп тұлғалар тұрар сананы.
Жақындап барсаң Асқар тау биiктей берiп
Алыстап қалсаң Шың басын мұнар шалады...
Ұқсауға саған ұмтылған мүсiндер мiне,
Ұлт үшiн туған ұлылар ұғынды бәрiн.
Түр-түсi кеннiң түгелдей түсiн бердi де,
Қыртысы жердiң ақтарды қырындыларын...
Теңiз ең –
Терең бiлдiң ғой Көненiң құнын,
Келешек нұрын көредi көркем бейненiң.
Көзiне қарап жүрмейтiн көкөрiм бүгiн.
Өзiңе қарап өссе егер–
Өркендейдi Елiм...
Қазыбек ИСА
1999 жыл