Алманат ТӨЛЕБАЙ: Жүйкені сақтау – өзіңді сақтау
2024 ж. 22 тамыз
1375
0
Бүгінгі күні әлем бойынша әрбір бесінші адамды бас ауруы мазалайды. Аталмыш симптом кеңінен таралған неврологиялық бұзылудың бірі саналатындықтан науқастардың басым бөлігінің шағымы да осы мәселеге келіп саяды.
Жүйке жүйесі – адам ағзасындағы ең негізгі жүйелердің бірі. Ол барлық ішкі органдармен және тіндермен тығыз байланысты болғандықтан, кез-келген неврологиялық бұзылу дененің жұмысына бірден әсер етіп жатады. Осы орайда біз ең жиі кездесетін неврологиялық ауру түрлері мен осы дерттің себебі туралы «Евромед» көпсалалы клинкасының невролог дәрігерінен сұраған едік.
– Алманат Іргебайқызы, ең әуелі неврология ғылымына түсініктеме беріп өтсеңіз?
– Неврология (лат. neurologia) латын тілінен аударғанда жүйке жүйесі деген мағына береді. Ол қалыпты және патологиялық жүйке жүйесін зерттейді.
Неврология ғылымы аурулардың пайда болуы мен олардың даму механизмдерімен, белгілерімен, диагностикасы, емдеу және алдын алу әдістерін назарға алады. Анығырақ айтқанда, неврология аурулардың үлкен тобымен жұмыс істейді. Сонымен қатар, арқа және мойын ауруы, (оның ішінде омыртқааралық дискілердің жарықтарын) бет және бас аурулары, бас айналу, аяқ-қолдардағы әлсіздік, инсульт және оның салдары, эпилепсия, ұйқысыздық және ұйқының бұзылуы, невроздар, жүйке аурулары, ми тамырлары және т.б. көптеген ауруларды емдейді.
– Неврологиялық ауру түрлері адамның жасы мен жынысына қарай ма? Көбіне кімдер ауырып жатады?
– Бұл ретте адамды мазалайтын кез-келген ауру жүйке жүйесімен тығыз байланысты екенін ескеруіміз керек. Жүйке жүйесі – талшықтардан құралған ұлпалардың шоғыры. Ол ми мен жүйке түйіндерін басқа органдармен өзара байланыстырады. Сондықтан да, неврологиялық аурулардың туындауының себебі де сан қилы. Жүйке жүйесінің аурулары сыртқы ортамен, оның ішінде біздің атқаратын жұмысымызбен тікелей байланысты. «Жүйкем жұқарды», «жүйкем тозды», «жүйкем шаршады» деген сөздер тегіннен-тегін шықпайды. Әсіресе, бір орында тапжылмай, компьтермен жұмыс істейтін мамандық иелері неврологиялық ауруларға ұшырауға бейім. Өйткені бұл кісілерде қимыл қозғалыстың аздығынан миға баратын қан тамырларының кішіреюі жиі кездеседі. Әсіресе, мұғалімдер, бухгалтерлер жұмыстарының ауырлығына байланысты жүйке жүйесі тез бұзылысқа ұшырайтын мамандық иелері. Ал жүк тасу ісімен айналысатын ер кісілерде көбіне бел омыртқасының аурулары көптеп кездеседі. Сонымен қатар инсультқа да әйелдерге қарағанда көбіне ерлер ұшырап жатады. Жоғарыда атап өткенімдей, күнделікті атқаратын жұмысымыздың ауыртпалығы көбейген кезде аурудың да туындау қаупі жоғары. Әрбір маман иесі өз кәсібінен нәсібін тауып отырғандықтан, жұмыстан бас тартуға кеңес берілмейді, әлбетте. Десе де ауыр жүктемені азайтып, әр адам өз жұмыс кестесін өзіне қолайлы етіп жасап алуы тиіс. Мол табыс тапқанның жөні осы екен деп, басты байлығымыз – денсаулығымызды оның жолында сарп етудің қажеттілігі жоқ. Өйткені, денсаулық бәрінен де қымбат, бәрінен де бағалы.
– Бүгінгі таңда жиі кездесетін неврологиялық ауруларды атап көрсетсеңіз?
– Неврология саласында күйзелістің, депрессияның салдарынан туындайтын аурулар жетерлік. Мұның ішінде ең қауіптісі – инсульт. Бұл – мидың қан айналымының бұзылуын қамтитын жүйке жүйесі ауруы дамуының соңғы нүктесі. Науқас инсуьлт алған кезде мидың кейбір аймақтарына қан ағымы азаяды. Кейбір жағдайларда қанның жетуі мүлде тоқтайды. Мұның да екі түрі бар: ишемиялық және геморрагиялық. Ишемиялық – қанның артериялар арқылы ми жасушаларына өтуінің бұзылуынан туындайды. Ал геморрагиялық – мидағы қан кетудің салдарынан пайда болады. Қай қайсысы болса да адам өмірі үшін аса қауіпті. Мұндай дертке шалдыққан пациенттерге айрықша күтім қажет болады. Ем-шара нейрохирургиялық әдіс арқылы жүзеге асады.
– Инсульттің пайда болу жолдарына тоқталып өтсеңіз...
– Инсульт (лат. Insultus) – соққы, қыспа талу деген мағынаны білдіреді. Инсульт ми ұлпасының зақымдалуынан пайда болады. Мидағы қан айналымының кенеттен бұзылуының салдарынан миға қан құйылады немесе ми тамырлары бітеліп қалады. Медициналық тілмен айтқанда тромбоз деп аталады. Инсульт – гипертониялық аурулардың салдарынан туындайды. Қан қысымының жоғарылауы қан тамырларының зақымдануына алып келеді. Бұл құбылыс медицинада атеросклероз деп аталады.
Яғни, артериялардың қабырғаларына холестерин жиналады. Одан кейін холестериннен тұратын атеросклеротикалық бляшкалар туындайды. Кейін артериялардың саңылаулары тарылып, қанның жүруі баяулайды. Сөйтіп, оттегі мен қоректік заттарды жеткіліксіз тасымалдайды. Біз атап көрсеткен осы артериялар жүрек, миға баратын болса, атеросклероз жүректің ишемиялық ауруын, миокард инфаргін, гипертонияны тудырады. Ең қауіптісі ары қарай инсультке апарып соқтырады.
– Мидың тамырлы ауруларының қауіптілігі неде? Бұл туралы статистика не дейді?
– Мидың тамырлы аурулары біздің елімізде ғана емес әлем бойынша кеңінен таралған. Аталмыш дерттің ұлт саулығына тигізер зардабы да орасан. Сондықтан болса керек, бұл сырқаттың түрі еліміздегі ең маңызды медициналық-әлеуметтiк мәселенің бірі болып саналады. Әлем бойынша жыл сайын инсульттан 7 миллионға жуық адамның өмірмен қоштасатынын ескерсек, бұл – дерттің қауіптілігінің жоғары екендігінің көрінісі. Статистикалық мәліметке сүйенсек, жыл сайын 40 мыңнан астам қазақстандық инсультпен ауырады екен. Ал оның 60 пайызы мүгедектікке душар болады. Ауруға шалдыққан алғашқы 10 күннің ішінде, 5 мың адам өлім құшатын көрінеді.
Аурудың қауіптілігі сол – дертке шалдыққандардың 70%-ы өзгелердің көмегіне мұқтаж болып қалуында. Себебі, осы сырқат меңдеген науқастардың біраз бөлігі дененің бір жақ бөлігі істен шығып жатса, кейбір ауыр жағдайларда екі аяқ екі қолы бірдей істемей, екіжақты салдануға ұшырап жатқандар жетерлік.
Бұл аурудың қармағына ілінгендердің 10% -ы ғана қалыпты жағдайда өмір сүріп кетеді. Еңбекке қабілетті жастағы инсульттің жиілігі 60%-дан асса, аурудан кейін олардың дені жұмысқа қабілеттілігін жоғалтуы қатердің ең үлкені.
– Осы орайда, науқастың толыққанды айығуына септігін тигізетін ем-шараларды атап көрсетсеңіз? Емдеу тәсілі өзіңіз қызмет атқаратын «Евромед» клиникасында қалай жүзеге асады?
– Емдеу шаралары қабылдауымызға келген науқастың сол сәттегі жағдайына байланысты жүргізіледі. Науқастың барлық шағымын толықтай тыңдай отырып, қандай жағдайда да ең бірінші жвазылып кетуіне мүмкіндіктің бар екендігін жеткіземіз. Яғни, ең бірінші кезекте ем іздеп келген әрбір пациентке біздің психологиялық тұрғыдан қолдауымыз ауадай қажет. Одан әрі МРТ (магниттік резонансты томография) және КТ (компьютерлік томогрофия) тәсілдер арқылы лабортаориялық диагностикалық зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. Осыдан кейін барып, науқасқа нақты диагноз қойылады. Одан әрі ем тағайындалады. Әсіресе біз жоғарыда атап өткен инсульт секілді қауіптілігі жоғары дертке шалдыққан науқастарға реабилитациялық ем-шаралары өте қажет. Осы орайда, дәрі-дәрмек, инемен емдеу, физио ем, массаж және т.б ем түрлерін кешенді қабылдаған кезде науқастың ауруынан құлан таза айығуына мүмкіндік мол. Осы орайда, кейбір науқастарға шетелдерде ем керемет жасалатын тәрізді көрінеді. Осы орайда ддүниежүзі бойынша аурулардың диагностикасы мен емдеу хаттамалары бірдей екендігін баса айтқым келеді. Қазіргі таңда отандық медицина қарқынды даму үстінде. Шетелдегідей емді өз елімізде де алып, ауруыңыздан айығуға болады,
– Сөз соңында оқырмандарымызға ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын нұсқасаңыз екен?
– Жоғарыда біз әңгіме өзегіне айналдырған инсульт секілді қатері зор аурулар қан қысымының жоғарылығынан туындап жатады. Меніңше қан қысымы мазалайтын әрбір жан оның неге апарып соқтыратынын жақсы біледі. Дей тұрғанмен аурудың алдын алуға ұмтыла бермейтіндігі өкінішті.
Таңнан кешке дейін компьютер мен гаджеттерге телміру, қимыл-қозғалыстың аздығы, дұрыс тамақтанбаудың салдары түрлі ауруларға әкеліп соқтырып жатады. Тек қана неврологиялық аурулардың алдын алу үшін емес, жалпы денсаулығы мықты адам ретінде өмір сүру үшін салауатты өмір салтын ұстана отырып, дұрыс тамақтануды жолға қойғанымыз жөн.
Дұрыс тамақтану туралы сөз қозғағанда, ең бірінші кезекте денсаулығымызға кері әсерін тигізетін түрлі газды, энергетикалық сусындарын, түрлі фаст-фуд өнімдерін, майлы, тұзды тағамдарды тұтынуды доғаруымыз керек. Бұл өз кезегінде өз денсаулығымызға жасаған қамқорлығымыз болып табылады. Мұның барлығы айтыла айтыла жауыр болған дүние десек те, мұның қауіптілігін ескере бермейтіндер жетерлік. Дәрігер ретінде біз дабыл қақпасақ, халық саулығына зор қауіп төнері сөзсіз. Сонымен қатар, қимыл-қозғалысты арттырып, жаттығу жасау мәселесін көтергенде пациенттеріміз жаттығу жасауды қиын әрі күрделі деп бағамдайды. Соның салдарынан қолын бір сілтейді де, артық салмақты жинап алып жатады. Ал артық салмақ әртүрлі аурулардың пайда болуына әкеліп соқтырады. Сондықтан, жағдайды қиындатпай, тұрғын үйлердің алдында да әрбір адамның жаттығу жұмысымен айналысуына жасалған дүниелерді кәдемізге жарата білсек, ұтпасақ ұтылмасымыз анық. Осы орайда таңертең, түсте, кешке үш мезгіл 20 минуттей жаттығу жұмыстарын жасауды қолға алсақ мұның өзі саулығымызды сақтауға зор септігін тигізбек. Сонымен қатар, адамның иммунитетін көтеріп, денсаулығын нығайтуға көмектесетін түрлі дәрумендерді, көкөністер мен жеміс-жидектерді тұрақты түрде тұтынсақ, деніміз сау болары анық. Сондай-ақ, темекі шегу, алкагольді сусындарды ішу сияқты жаман әдеттерден бойымызды аулақ ұстап, ұйқының режимін дұрыстап, салауатты өмір салтын ұстануға дағдылансақ онда аурулар бізді айналып өтері анық.
– Әңгімеңізге рахмет! Еңбегіңізге жеміс тілеймін!
Сұхбаттасқан: Гүлмира САДЫҚ