ШӘМШІНІҢ ТУҒАН КҮНІНЕ ТУРА КЕЛГЕН 45 ЖЫЛДЫҚ КЕЗДЕСУ
2024 ж. 16 тамыз
1678
0
Бүгін, 2024 жылы 15 тамызда қазақтың ұлы композиторы, Қазақстанның халық әртісі, Еңбек Ері Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 94 жыл болды.
Қазақ вальсінің падишасы атанған Шәмші Қалдаяқовтың мәдени мұрасына елімізде ерекше назар аударылуда. 1992 жылдан бастап, Шымкентте жыл сайын республикалық конкурс-фестиваль өткізіліп келетін. Ол кейін Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» Халықаралық ән фестиваліне жалғасты.
Бүкіл қазақ бұрында да орнынан тік тұрып шырқайтын «Менің Қазақстаным» әні мемлекетіміздің әнұранына айналды.
Бір сөзбен айтқанда Шәмші әнін білмейтін қазақ жоқ! Шәмші әндерінсіз той өтпейді.
Бүгін, Шәмшінің туған күніне тура келген Түркістан облысы Шардара ауданы Қоссейіт ауылындағы орта мектепті бітіргендердің 45 жылдық бас қосуы болды.
Мен 1969 жылы Қоссейітте мектеп табалдырығын аттап, 8 жыл оқып, 1979 жылы Қызылқұм ауылындағы мектепті бітірген едім. Яғни, екі мектептің тел түлегімін.
1979 жылы мектеп бітірген түлектер бүгін Шәмші ескерткішіне гүл қойып, 45 жылдық кездесуімізді Шәмші әндерімен бастап, Шәмші әндерімен аяқтадық. Кездесуімізді әнмен көркемдеуші талантты әнші, Республикалық байқаулардың жүлдегері Лұқпан Байқожа бауырымызға көп рахмет.
Мектепті бітірген 30 баланың 13-і о дүниелік болып кетіпті. Олардың рухына арнап құран бағыштадық. Олардың үйіндегі жарлары қатысты кездесуге.
Тау бөктерінде өткен кездесуіміз өте әсерлі болды. Бұл бас қосуды құдай қаласа, бес жылдан кейін болатын 50 жылдық кездесуіміздің мәслихаты ретінде қабылдадық.
Атаулы күнге орай осыдан 9 жыл бұрын, 2015 жылы жазылған Шәмшіге арналған “Ән патшасы” жырымды және 35 жыл бұрын 1989 жылы жазылған “Кездесейік” атты өлеңімді оқырмандар назарына ұсынамын.
ӘН ПАТШАСЫ
Шәмші Қалдаяқовқа
Жолықсаң да өмірдің қандайына,
Татымады қу тірлік таңдайыңа.
Отырардан басталған ұлы сапар,
Ән жолдарын салыпты маңдайыңа.
Тырналардай көктегі тізілді өлең,
Жүз жылдық мұң жатыр ғой жүзіңде ерен…
Жанарыңның жазуын жасырады,
Темекіңнің түтіні үзілмеген…
Асулардан әнменен асу үлгі,
Түсінбеді тасырлар тасуыңды.
Ащысынан тірліктің ашынғанда,
Ащы судан алар ең ашуыңды…
Енді сенсің – еліңнің ұран-әні,
Әуеніңе кім шыдап тұра алады?
Әлдилеген даланы әндеріңнен,
Қазақстан картасы құралады…
Махаббаттың мәңгілік жасыл бағы,
Сыр сұлуы сырын еш жасырмады…
Ақ бантикті ұмытқан Ақмаңдайға,
Ақ жаңбырдай сезімің басылмады…
Мың бұлағы Тамдының шапқылап бар,
Құйылады кеудеңе атқылап нәр.
Ақ еркенің ақ қанат арманымен
Ақ Жайыққа айналар ақ бұлақтар…
Ықыласын жүрсең де көріп көптің,
Жалғыздықты жаныңа серік те еттің…
Сыймай кеткен кезінде ел ішіне
Сыған қызбен сырласып, еріп кеттің…
Ақсұңқарға өзіңді балады ма,
Ғашық етті Қаракөз жанарына.
Іздеп өттің қаланы, даланы да…
Теріс мінез танытсаң қоғамыңа,
Теріскейдің тербелдің самалына…
Көкжиекке көгілдір көш кеткенде,
Көңіл ауып, қосылдым кештеп мен де…
Өмір – өзен…
Қайығын есіп келем,
Ес кеткенде айырылып ескектен де…
Көрікті әнің көп жерді көркем еткен,
Келем туған ауылға еркелеп мен.
Кейде сенің әніңе елтігенде,
Сөйлесемін Анаммен ерте кеткен…
Алаңсыз күн алыстап бар әдемі,
Сансыратты тағдырдың сан әлегі…
Қарапайым жер басып жүргізе ме,
Әуелетіп әкетті ән әлемі…
Айналдырып жібердің елді өлеңге,
Ұлылығын өнердің көрді әлем де…
Ән патшасы бәрінен биік болып
Ел патшасы еріксіз ерді әуенге…
Талантыңа талай ел таңдай қағып,
Бас бермей-ақ шабасың шалғайға алып…
Тұнған сезім тұла бой болғасын ба,
Есімің де кетті ғой әнге айналып…
Жасыра алар өмірдің кім шындығын,
Қадіріңді қайдан ел білсін бұрын…
Ескерусіз, елеусіз жүрген жерде
Ескерткіш боп еңселі тұрсын бүгін…
Жағасында Арыстың отырар кім?
Ойындасың жүректе оты бардың.
Оралдың ғой ән болып туған жерге
Тарқамайды тойы енді Отырардың!..
Қазыбек ИСА
2015 жыл
КЕЗДЕСЕЙІК!
Балалығым алыстап қалды-ау менің,
Бал күндерім қияға самғау ма едің?..
Жүйке бұзар тірліктен жүдегенде,
Сен есіме түсесің Балдәуренім!
Емін- еркін есепті шығаратын,
Көшіргім кеп отырса, ұға алатын-
Ерке қыз-ау, баяғы күйімізше,
Ұстаздардың тыңдайық ұлағатын.
Сақта мәңгі, балалық кезді есіңде,
Зымыраған уақыт тез көшуде.
Көп жыл өтті, бәріміз оралайық,
Алтын бесік ауылға кездесуге.
Күйбендіктен қашып жүр маза бүгін,
Жүрегіңнің жарасын жазады кім?
Оралғанмен мектепке, оралар ма,
Қайран менің кіршіксіз тазалығым…
Шаттығымның шарасы шайқалмаған,
Сол күндерді құдай-ау, қайтар маған.
Ерке қызға енді айтып керегі не,
Баяғы бір сырыңды айта алмаған…
Әрбір бала -боп кеттік- әр үй бүгін,
Кездеспесек бір-бірін таниды кім?
Бітпейтұғын тірлікті жиып қойғын,
Бір сәт еске түссінші сәбилігің.
Сақта, мәңгі балалық кезде есіңде,
Зымыраған уақыт тез көшуде.
Мына жалған тірлікте жайың болмай,
Жүрсең-дағы келші бір кездесуге…
Алушы ең ғой сабақтың ұғып бәрін,
Қиялдағыш кезіңді ұмытпағын.
Көңіл-шыны, қирайтын кездері көп.
Құрап алып қайтайық сынықтарын…
Бүгін басқа, беу құрбым, кешегіден,
Мәселелер түйінін шешеді кем..
Бұл тірліктің есебі күрделі екен,
Оқушының ең қиын есебінен…
Шебер едік қиялға шетімізден,
Қайтпаушы едік бір алған бетімізден.
Бұл өмірдің қиыны, қателессек,
Құтылмайды екенбіз «екімізбен».
Мәнді, мәнсіз өтуде тез күндерім,
Ащы-тәтті тірліктің сездім көбін.
Көктем едік, тек қана көктем едік,
Өтудеміз өмірдің мезгілдерін…
Өмір жолын ойлаушы-ек тіке деп те,
Ұшырады ұқсасақ үпелекке…
Көктем едік, бәріміз гүл едік-ау,
Кетпейікші айналып тікенекке…
Барлық істі бір сәтке доғарайық,
Балалықты ұмыту болар айып.
Сол күндердің соғып тұр қоңырауы,-
Алтын ұя мектепке оралайық!
Қазыбек ИСА
1989 жыл