АРУЛАР АЗ БОЛДЫ МА АТҚА ҚОНҒАН...
2024 ж. 13 тамыз
1239
0
Қашанда әділетті, шындықты бетке айту қиын. Ол үшін адам ішкі-сыртқы дайындық жасап, алдымен өз шындығын айтуы керек.
Бұл ретте Сайраш апай өмірлік шындықты өзінше айтып, өзінше жазып жүрген адам. Әсіресе, қай жерде тіл туралы, қазақ туралы әңгіме басталса, астына сексеуіл жаққан қазандай көп уақытқа дейін суи қоймайды.
«Аяғы лас есік пен төрді былғар, тілі лас бесіктен көрге дейін былғар» деген, Сайраш апай сол тіл «былғағыштармен», қазақтың әдет-ғұрпын құрметтемейтіндермен хал-қадерінше айтысып келеді. Кейде небір мықты деген, аузының дуасы бар азаматтарымыз шындықты айтатын кезде тартынып тұрғанда, кез келген мінберде өзінің сыңғыр үнімен айбар көрсетіп бебеулеп кететіні ақиқат. Өйткені, қазақ тілі ол кісінің қанында, миында, жанында берік орныққан. Орнығып алған соң да оның ауруымен ауырады, ыстығына күйеді, суығына тоңады. Оны, тіпті, мінез етіп қалыптастырған. Ал мінезің – өз қадірің.
Ендеше, бүгінгі Сайраш апай туралы сөз еткенде, журналистігінен, көп жылдан бері тапжылмай ұстаз деген үлкен зиялы қауымға арналған жорналды басқарған басшыдан гөрі көз алдыма қайраткерлік санаттағы қасиеттері басымырақ келеді. Ал кешегі Сайраш апай жайында да біраз сыр шертуге болады. Ол кісімен бірнеше жыл бойы бұрынғы «Социалистік Қазақстан», қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінде бірге қызметтес болдық, сыйлас, сырлас жүрдік. Сол жылдарды жинақтай келгенде, Сайраш апай ұжым арасында осы белсенділігімен, көргенділігімен, тіпті жып-жинақы киім киіс, жүріс-тұрысымен де жақсы әсер қалдырған жан. Әсіресе, газеттің қоғамдық жұмысына жанын салып араласты.
Ол кезде кәсіподақ ұйымының беделі де бедері бар кез. Сайраш апайдың журналистігі өз алдына, партбюро мүшесі болып, білдей газеттің кәсіподақ комитетін басқаруға сенім білдірілуінің өзі көп нәрсені аңғартса керек. Жұмыс істеймін деген жанға кәсіподақ ұйымының беделі бүгінгідей емес, әжептәуір, талай мәселенің басын қайыруға жарайтын кез. Сайраш апай сол мүмкіндікті пайдаланып, ұжымның бірлігін арттыруға, жақындастыруға, ұрпақ жалғастығының жібін үзіп алмай, сабақтастыруға ұйытқы бола білді. Ондай адами, азаматтық қасиеттерге өте бейім. Сонымен бірге алғырлығы, өжеттігі, жұртты бауырына тартып алатын «магниті» өз алдына.
Баршаға аян, ол уақыттарда «Социалистік Қазақстан» газетінде журналист қыздардың жұмыс істеуі некен-саяқ. Тіпті 60-70-жылдары мүлдем болмаған. Ол қалам ұстаған қыздардың аздығынан ба, әлде айдарынан жел есіп тұрған газетте «нәзік жандыларға» көрсетілген сенімсіздік пе, білмеймін, бұл басылымға орналасу қиынның қиыны еді ғой. Сайраш апай газет тарихында жұмыс істеген қыздардың ішінде ондықтың бел ортасына кірсе, ал қыздар арасынан аға әдеби қызметкер болғандардың алғашқысы шығар. Содан да болар, Сайраш апайға кілең «сен ат, мен тұрайын» жігіттердің арасында сын көз де, жауапкершілік те жоғары еді. Бірақ ол сыннан мүдірмей өтті.
Тек қағылез, шапшаң журналистігімен ғана емес, онда жас, әдемі кезі болатын, барлық жағынан үлгі бола білді. Апайға қарап бой түзедік. Өйткені апайдың талғаммен киім киісі, жүріс-тұрысы сол кездегі уақытқа да, газеттің «мазмұнына» сай болатын. Тік жүріп, тік тұрды. «СҚ»-ның өз «ережесіне» сай қызмет етті. Кейде әзілқой құрдас әріптестері әзіл әңгімеге тартып жатса, орынды қалжыңмен жауап беріп, өзін сыйлата білетін.
Менің есімде, Сайраш апай «СҚ»-ның ерке қызы ретінде есте қалды. Ағайлар еркелетуші еді, өзі де еркелей алды. Ал еркелей білудің өзі де үлкен қасиет. Өйткені, «СҚ» жұрттың бәрін еркелете бермейтін. Сол көңіл, сол сый-құрмет шығар, қазір Сайраш апай «Егеменге» төркініне келгендей, ағаларына, сіңілілеріне келгендей әлі де еркелеп келеді. Лайым, солай бола бергей.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
журналист-жазушы
Мейірім шуағына бөлеген
Жүрегіңе көктем күніндей нұр шуағын төгетін, жаныңды түсініп, жабырқасаң, маңдайыңнан сипап, жабықсаң, қайрат-жігер беретін жаратылысы бөлек, жайсаң жандардың жер бетінде жүргеніне не жетсін, шіркін! Тіпті, кейде өміріңнің бар мағына-мазмұны мен қадір-қасиетін де сол бір адамдарға қарап өлшеп-пішетін сияқтысың. Өйткені нағыз адал таразы, айқын жол бағыты да сол адамдардың іс-әрекеті мен мақсат-мұратынан көрініп тұрады.
Менің өмірімде сондай бір өшпес өнегесімен із қалдырған адам –Сайраш апай Әбішқызы. Бүгінгі таңда сексеннің сеңгіріне шығып, елі мен жерінің алдындағы парыз-қарызын бір адамдай өтеп шыққан, сонысымен асқақ арман-мұраттар үдесінен көріне алған осы апайымның қабағына көлеңке түспесе екен, Құдай деніне саулық берсе екен деген тілегімді іштей жиі қайталаймын. Иә, мұның себебі де жетерлік.
1986 жылы «Жалын» баспасында жүргізілген сұрапыл «қысқартуға» ұшырап, «Қазақстан мектебіне» жұмыс іздеп келгенімде, шын адамдық мейір-шапағатымен жұмысқа қабылдаған апайымның сол бір кездегі бет-ажары, жылы сөзі мен қайрат беріп қайрауы бүгінгідей есімде.
Мен «Қазақстан мектебіне» дейін журналистік мектептен өтпеген, таза әдебиетші қатарындағы жан едім. Екі жылдық мұғалімдік қызметтен кейін үш жыл «Балдырған» журналында поэзия бөлімін басқардым. Одан кейін «Жалын» баспасы. Мұндағы жұмысым – адамның ішін пыстыратын бір авторлардың түкке тұрмайтын өлеңдерін өңдеп-жөндеп, өндіріске өткізу болатын. Әрине, ол кезде де үзіп-жұлып болса да баспасөз бетіне әр түрлі тақырыпта мақалалар жариялап тұратынмын.
«Қазақстан мектебінің» педагогика-психология бөлімінің редакторы ретінде, педагог-журналист ретінде мақалалар жазуға тура келгенде, алғашында қорқақтағаныммен, ең бастысы, Сайраш апайдың демеу-қолдауының арқасында тез арада-ақ бұл қызметке де төселіп кеттім. Апай қашанда маған күш-жігер беріп отырушы еді.
Шындығын айту керек, жастық пен мастықтың арқасында жаза басқан кездерім де аз болған жоқ. Анамдай аяулы адамды ренжіткен кездерім де жоқ емес. Сол туралы ойласам, жүрегім сазып, арқам терлеп кеткендей боламын. Әрине, ол қателіктерімде арамдықтың көлеңкесі де жоқ болатын, сол баяғы жұмысқа келе алмай «ауырып» қала беретінім...
Сайраш апайымның арқасында қаншама жер көрдім, ел таныдым. Үлкен-үлкен проблемалық мақалалар жазу бақытына ие болдым. Қазір «Қазақстан мектебінің» сол кездегі сандарын парақтап отырсам, Қазақ елінің біраз түкпірлерін сол кезде аралаппын, сол кезде тәуір мақалаларды дүниеге әкеліппін. Менің кейіннен «Қазақ әдебиетінде» де қамшы салдырмай кеткеніме осы бір «Қазақстан мектебінің» сабақтары үлкен көмегін тигізгені анық. Бұл өзі – мен үшін, мен ғана емес, осында істеген, істеп жүрген көптеген азаматтардың аяулы мектебі. Олардың қай-қайсысы болсын, Сайраш апайға деген алғыстарын айтып жеткізе алмай әлек болады. Әрине, оған себеп, осы «Қазақстан мектебінің» қатардағы қызметкері мен үй сыпырушысына дейін пәтерлі болуы және олардың бүкіл үй-ішілік жағдайларына дейін Бас редактордың назарынан тыс қалмауы, ең бастысы – мейірім, шапағат!
Өзім ойлаймын, егер осы апайымның мейір, шапағаты болмағанда, қай уақытта үй алып, қай уақытта қатарға қосылар едім деп. Иә, бұл бір айтып жеткізе алмас ізгілік...
Мен осы адамның сарқылмас қайратына, жемірілмес жігеріне таң қаламын. Бұл кісі тек халық үшін, адам үшін жаратылған сияқты. Қанша жылдар қатар жүріп, өз басының қамын күйттегенін көзім көрмепті. Тіпті, кейде ауырып отырған кезінің өзінде журналдың немесе әлдебір қызметкерінің қамын ойлап отыратынына таңғалатын едік. Жатып қалған кезінің өзінде телефон соғып, шаруаның мән-жайын тексеріп отыратыны тағы бар.
Менің осы жазғандарымды оқып отырған әлдекім «апайын әбден мақтапты» деп күлуі де мүмкін. Бірақ Сайраш апай туралы, әсіресе, ол кісінің тіл жетпес адамгершілік қасиеттері туралы осынау бір кішкентай ой-толғауда айтып шығу тіпті мүмкін емес. Өз басым осынау бір қазақтың нағыз біртуар адамымен әріптес, қызметтес болғаныма, қала берді бауыр, іні болғаныма шексіз ризамын.
Біздің қай-қайсымыздың болсын кішкентай ғана жетістігімізге шексіз қуанып, ажарланып, нұрланып кететін, ауыз толтырып айтып жүретін алтын апайымызға көңіл өтеуінен басқа ешқандай жақсылық істей алмадық-ау деп ойлағанда, өзімнен-өзім ұялатыным да рас. Бірақ «Көп тілеуі – көл» деген ғой, сол көптің біреуі ретінде, жанымен жақсы көретін бауыры ретінде Сайраш апайыма сәт сайын саулық, саламаттық тілеп отыратыным – Алла алдында ақиқат!
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты, ардақты Сайраш апайымыз қанаты талмай самғайтын мұзбалақ ана қыран сияқты – қажымас қайрат-жігердің иесі. Осы бір ана қыран қанаттандырып ұшырған балапандардың біразы қазіргі уақытта кереге қанаттарын кең жайып, қазақ аспанында қалықтап жүр. Соның бәрін Құдай көп көрмесін дейміз!
Әбубәкір ҚАЙРАН,
ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.