Мақсат ҮСЕНБАЕВ: ХАЛЫҚТЫҢ АМАНДЫҒЫ ҮШІН БӘРІМІЗ ЖАУАПТЫМЫЗ
2024 ж. 13 тамыз
1021
0
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаулысымен елімізде «Дені сау ұлт» атты ұлттық жоба жүзеге асып келе жатқаны белгілі. Әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз етуді көздейтін жоба аясында ел көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.
2025 жылға дейін жоспарланған жобада медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, эпидемиялық болжау мен ден қоюдың заманауи жүйесін қалыптастыру, отандық фармацевтика саласының дамуына ықпал ету, салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыру сынды басты төрт бағытты қамтитын жоба бойынша жүйелі жұмыстар жолға қойылды.
ЕМХАНАМЫЗ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ
«Жаңа Қазақстанда» медицинаны да жаңаша дамытуды көздейтін клиникалардың бірі – Алматы қаласындағы «Евромед» көпсалалы клиникасы. Осы орайда біз денсаулық саласындағы түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға білек сыбана кіріскен клиника директоры Мақсат Үсенбаевпен тілдесуді жөн санадық.
Мекеме басышысының айтуынша, 2017 жылдан бері халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан клиниканың 2022 жылдан бастап өзінің жаңа ғимараттары бой көтеріпті. Бүгінде бір ғана Алматының өзінде «Евромед» көпсалалы клиникасының үш бөлімі жұмыс істейді.
– «Евромед» көпсалалы клиникасы – ең біріншіден халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсетуді көздейді. Қазіргі таңда мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын денсаулық сақтау мекемелерінің басым бөлігінің мемлекеттік тіліміз – қазақ тіліне толыққанды өте алмай келе жатқаны мені қынжылтады. Сондықтан да мен Тәуелсіз Қазақстанымызда мемлекеттік тіліміздің мәртебесі асқақ болуы үшін, сонымен қатар қолданыс аясын одан әрі кеңейту мақсатында өз клиникамызда барлық іс-қағаздарын, түрлі формаларды, науқас тарихын барлығын таза қазақ тілінде жүргізу туралы бастама көтердім. Сонымен қатар, біздің мекемемізге жұмысқа қабылданғысы келетін дәрігерлерге де қойылатын ең негізгі талаптың бірі – қазақ тілін жетік білуі, әрі қазақ тілінде қызмет алуы. Яғни, біздің мекемеде аударуға келмейтін халықаралық терминдерден басқасының барлығы қазақ тілінде жазылады. Менің бұл игі бастамамды ұжым да түгел қолдап, бүгінде қазақ тлінде қызмет көрсетуді жолға қойдық, бұл біздің емхананың өзгелерден басты ерекшелігі деп атап өткен болар едім, – деп сабақтады сөзін Мақсат Мұхтарұлы.
Иә, халыққа сапалы қызмет көрсетуді өздерінің ең негізгі міндеттері санайтын «Евромед» клиникасында терапевт, эндокринолог, невропатолог және т.б көптеген мамандар жұмыс істейді. Соңғы үлгідегі ультра дабыстық зерттеу аппараттары да, қанға талдау жүргізетін лаборатория да ел игілі үшін қызмет етуде. Сонымен қатар, мекеменің жоғары қабатында тәулік бойы жұмыс істейтін стационар орналасқан. Науқастар мұнда өздеріне қолайлы уақытта келіп тиісті ем-шараларын ала береді екен. Сондай-ақ, физиотерапиялық кабинеттер мен оңалту орталығы да жұмыс істейді. Бұл орталықта дәстүрлі медицинамен қатар шығыс медицинасымен емдеу ісі де жолға қойылған. Білікті мамандар бұл бағытта да емдеу ісін жүргізеді.
АУЫЛДАҒЫ АҒАЙЫН САПАЛЫ ЕМГЕ ЗӘРУ
Емхана басшысымен әңгіме барысында еліміздің медицина саласындағы ең бір күрмеуі қиын күрделі мәселелерді атап көрсетуін сұрадық.
– Тәуелсіз Қазақстанымыз бүгінде әлемнің маңдайалды мемлекеттерімен терезесі теңеліп, дамудың жолына бет түзеді. Дәл қазіргі мезетте еліміздің маңызды салаларының бәрінде оң өзгерістер байқалады. Оның ішінде денсаулық сақтау саласы да заман талабына сай, жоғары қызмет көрсетуге бейімделді. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың арқасында бүгінде барлық ауруханалар мен емханалар соңғы үлгідегі қажетті құрал-жабдықтармен толыққанды қамтамасыз етілді. Жаңа технологияларды меңгерген мамандар да жетерлік. Соның нәтижесінде ауруды дер кезінде анықтауға мүмкіндік туып отыр. Бір әттеген-айы – мұндай иігіліктің барлығы тек қана ірі қалаларда болғандығы. Еліміздің шалғай аймағында орналасқан шағын елдімекендердің көпшілігі мұндай игіліктен тысқары қалып жатқандығы өкінішті, – дейді дәрігер.
Маманның айтуынша, шалғай аймақтардағы науқастар, жолдама арқылы өздерінің аумағына қарасты облыс орталығына барады. Олар ірі қалаларға жетемін дегенше, көп жағдайда ауруын асқындырып алып жататын кездер де жоқ емес көрінеді.
– Мәселен, өзім жағдайын бес саусағындай білетін туған жерім – Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылы халқының денсаулығы мені қатты алаңдатады. Тұзды болғандықтан ол жақ экологиялық аумаққа жатады. Сондықтан да өңір халқы түрлі ауруларға ұшырауға бейім келеді. Бүйрек тас аурулары, қан қысымы және т.б аурулар жергілікті халықтың басым бөлігін меңдеп алған. Тіпті соның салдарынан халықтың өмір сүру ұзақтығы да қысқарып келе жатыр. Бұған өз кезегінде жергілікті жұртшылықтың менталитеті де ықпал етсе керек. Денсаулығы сыр беріп, сырқаттанып қалса да, бар мәселені Құдайға тапсырып қойып, дұрыс ем алуға тырыспайтындығы да аурудың одан әрі асқынуына әкеліп соқтырып жататын жағдайлар аз емес. Мұндағы менің, дәрігер ретінде айтар ұсынысым – сапалы медициналық көмекті қажет ететін еліміздің әрбір аймағындағы шалғай ауылдарға көңіл бөлу – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселесі. Аталған аймақтардың медициналық жаңа технологиялар мен кәсіби білікті мамандармен қамтамасыз етілуіне мемлекет тарапынан қолдау болса екен деймін. Бұл тұрғыда арнайы бағдарлама қолға алынып, дұрыс жүзеге асыру жағы қарастырылса, бұл ел саулығын сақтау жолындағы ауқымды істің бірі болар еді.
АУЫРМАЙТЫН ЖОЛ ІЗДЕЙІК...
Қазіргі таңда халықтың басым бөлігі күнделікті күйбең тіргшілікпен жүріп, дер кезінде дәрігерге қаралуға уақыт таппайды. Содан кейін ауруын асқындырып алатындардың қатары да көбейетіндігі осыдан. Осы орайда біз дәрігер Мақсат Үсенбаевтан «Евромед» клиникасына бас сұғатын пациенттердің дені қандай шағыммен келетінін де сұрадық.
– Әр пациент әртүрлі жағдаймен келеді. Десек те, қан қысымы көпшілігін мазалайтынын айтуға тиіспіз. Жүрек және қан тамырлары ауруларының салдарынан орын алатын өлім-жітім бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. 2023 жылдың алғашқы 6 айында Алматыда қан айналымы жүйесі ауруларымен тіркелгендердің саны 8 443,9 құрады. Бұл 2022 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 9,4%-ға жоғары. Аталмыш сырқат науқастарды медициналық профилактикалық тексерулер кезінде анықталған. Осы орайда қан қысымна бей-жай қарауға болмайтыны әрбір жанның қаперінде жүрсе екен, – дейді Гиппократ антына адал жан.
Дәрігер Мақсат Мұхтарұлының сөзінше, науқастар арасында жиі кездесетін аурудың түрі – қант диабеті. Бұл дерт инсулин гормонының жеткіліксіздігінен туындайды. Сонымен қатар, барлық зат алмасудың бұзылуымен сипатталады. Дененің артық салмағы, артериалдық гипертония, физикалық белсенділіктің төмендігі және т.б жағдайлардың ақыры қант диабетіне апарып соқтырады екен.
Мамандар аталмыш дертке шалдыққандар санының жыл сайын артуына қарап, 2030 жылы диабектиктер саны 1 миллион адамға жетіп қалуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, елімізде халықтың 10 пайызға жуығы қант диабетінен зардап шегетін көрінеді.
– Жоғарыда бірнеше аурудың түрлеріне тоқталып өттік. Осы орайда, қант диабеті және эндокриндік аурулар, әртүрлі буын аурулары бар, көпшілігінің түп-тамыры артық салмақта жатыр. Халықтың басым бөлігі семіздікті дертке санамайды. Бірақ артық салмақтан арылуға ден қоймаса, онда оның ақыры адам өміріне қауіп төндіретін ауруларға әкеліп соғуы ықтимал. Сондықтан ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік, – дейді дәрігер.
ҚАЙТСЕК ДЕНІ САУ ҰЛТҚА АЙНАЛАМЫЗ?
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша мән беріп келе жатқан «Дені сау ұлтты» қайтсек қалыптастыра аламыз?» деген сауалымызға дәрігер өз көзқарасын білдірді.
– «Ауру – астан». Иә бұл шындық. Дені сау ұлтты қалыптастырамыз десек, онда біз ең бірінші кезекте әрбіріміз дұрыс тамақтануға дағдылануымыз керек. Осы жолды ұстанған жан ауруға тез бой алдыра қоймайды. Ауырған күннің өзінде асқынып кетпейді.
Дұрыс тамақтану туралы академик Төрегелді Шарманов атамыз жетер жеріне жеткізіп айтып кетті: «Таңғы тамақты өзің іш, түскі тамақты досыңмен бөліс, кешкі тамақты жауыңа бер» деген шығыс тәмсілі бар. Яғни қуатты тағамдарды күннің алғашқы бөлігінде тұтынып, жатарға таяр уақытта асқазанды бос ұстаған жақсы. Бұл – бүкіл әлем медицинасы әлдеқашан құптаған қағида» деген болатын.
– Иә дұрыс тамақтану дағдысын өмір салтымызға енгізсек, онда деніміз де, тәніміз де сау болары анық. Диета десе, мүлде тамақтан тыйылатындар бар. Бұл дұрыс емес. Тамақты аз аздан жиі ішу керек. Ал кешке қарай мүлде жемеген жөн, – деп тамақтануға зор мән беру керектігіне тоқталды дәрігер.
Иә дұрыс тамақтанумен қатар, қалыпты ұйқы, салауаты өмір салтын ұстану, қимыл-қозғалыста болу сынды қарапайым қағидаларды айнымас серігіміз еткенде ғана дені сау ұлт ретінде қалыптасатынымыз анық екендігін жеткізді маман.
Гүлмира САДЫҚ