ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТА АБАЙТАНУШЫ М.МЫРЗАХМЕТҰЛЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТА АБАЙТАНУШЫ М.МЫРЗАХМЕТҰЛЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

10 тамыз – қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туған күні. Бұл күн 2020 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Абай күні» деп аталады. Ақыл мен ойдың асқар шыңына жеткен Абай атамыздың туған күні еліміздің барлық аймағында ерекше құрметпен аталып өтіледі. Абай мұрасын кейінгі ұрпаққа ғылыми тұрғыда дәлелдеп жүрген ғалымдарымыздың бірі және бірегейі Мекемтас Мырзахметұлы. 

Жасы 97-ге қадам басқан абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлын Абай күніне орай арнайы құттықтап, сый-құрмет көрсетуге Түлкібас ауданы, Майтөбе ауылына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов барды. 

Бар саналы ғұмырын Ұлы Абайдың іліміне арнаған Мекемтас Мырзахметұлы кандидаттық, докторлық ғылыми атақтарын Абай шығармаларын зерттеп қорғаған. 

Қарт ғалымға сәлем беріп, ақ батасын алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары облыс аумағындағы идеология саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы пікір білдіріп, ғылым мен руханият салаларында алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды жеткізді. 

Ұлттық болмыс пен салт-дәстүр, тарих пен мәдениет мәйегі жөнінде сөз қылған ғалым Мекемтас Мырзахметұлы арнайы ат басын бұрып келген азаматтарға ризашылығын білдіріп, хакім Абай туралы жазылған кітаптарын сыйға тартты.