Халықтың жадымен ойнауға болмайды!..
2024 ж. 05 тамыз
556
0
Ойланып көріңізші: адамда жады (память) болмаса, телефоныңызда да жады болмаса ешқандай мән мағынасы қалмайды ғой.
Құлдық заманда жадысы өшіп кеткен қазақтың жадысын Назарбаев өзінен бастап қалыптастырғысы келді. Оған бүкіл мемлекеттік машинаны жұмылдырды. Назарбаевқа ескерткіш, белгі, бюст, тақта, музейлер, атаулар секілді түрлі еске түсірерлік белгілер қойып тастады. (Бұны материалдық дейді). Өлең, роман, естелік сияқты кітаптар, мақалалар жаздырып, фильмдер түсіртті. (Бұны материалдық емес дейді). Не үшін? Тарих жадысын өзінен бастап қалыптастыру үшін. Бірақ күл талқаны шықты. Неге? Себебі өтірік пен жалғандықтың арты бір тұтам. Осылайша Назарбаев қарақан басы үшін бүкіл Қазақтың тарихы мен жадына үлкен зардабын тигізді. Телефон, ноутбуктің жадына вирус кіріп кеткенмен бірдей. Сосын қатып қалып, жұмыс істемей қалады. Сол секілді жадына вирус кірген халық қуып кетеді. Әйтпесе, әлемдегі бүкіл байлықтың үстінде отырып, аш-жалаңаш кедей отыру деген еш ақылға симайды ғой. Арабтарың жалғыз мұнаймен шалқып отыр...
Назарбаев дәуірінен, Қаңтар қасіретінен мемлекет ретінде сабақ алайық. Егер мемлекет боламыз десек. Мемлекет ретінде қалыптасу, даму кезеңдерінде бастан кешкендерінен сабақ алмаса, қателіктерінен сабақ алмаса; онда болашаққа жоспар жасай алмайтыны аксиома. Болашағы жоқ екені аксиома.
Халықтың сондай жадысын қалыптастыру жолында қызмет етіп келе жатқан Сапар Ысқақов ағамыз (дәл бүгін 83 жастың сеңгіріне шықты)Торғайда "Ұлттық жады қабырғасын" салған еді (Әлемнің бүкіл кереметтерін салып жатқан кешені бөлек мәселе). Мемлекеттің жасауы тиіс осы шаруаны Сапар аға жасап жатыр дегенге сене алмай, өткенде барып танысқан едім. Сапар ағамен ортақ ештенеміз жоқ, ортақ бизнесіміз жоқ. Тек ортақ рух қана бізді біріктіріп тұр. Сол үшін өткен жылы "аға, осындай мемлекеттік маңызды жұмысқа бүкіл ел жұдырықтай жұмылу парызымыз ғой" деп барған едім. Әрине, жұдырықтай жұмылған ел болмады. Сонда да Сапар аға салды. Бірақ сол жады қабырғасын әлі ашуға рұқсат ала алмай отыр екен. Өте қатты таң қалдырды. Бір адам өз қаржысына мемлекеттің шаруасын жасап жатса, барлығын заң аясында жасаса, онда неге рұқсат бермейді? Жай рұқсат бере салу неге сонша қиын? Рұқсатың не, керісінше кедергілер көп сияқты, көрінбейтін. Неге? Өткен жылы анау, Сапар аға ұйымдастырып жеке қаржыға Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына орай ескерткіш орнатқан еді. Оны да бұздырып алдырып тастапты...
Күн қаласа да, қаламаса да шығады. Қай кезде де билік шындықтың және күннің бетін жаба алмаған. Жапқысы келген Назарбаев, Сталин сияқтылар сабақ болуы керек... Ұлттың жадысына тек тексіздер ғана қарсы шығатынын көрсетті тарих. Себебі шын тарих тексіздердің шынайы бет бейнесін көрсетеді. Ал егер халықтың жадысы оянса, өткенде өзінің кім болғанын еске түсірсе, тексіздердің шаруасы бітеді. Біз бұны бастан өткергенбіз.
Сондықтан халықтың жадысымен ойнамай, қалыптастыруына керісінше көмектесу керек.
P.S. Қарақан басыма бірдеңе сұрап тұрған жоқпын. Елдің болашағына, мемлекетімнің болашағы үшін сұраймын.
"Ұлттық жады қабырғасы" - жер бетінде адам пайда болғалы еліміз, жерімізге қызмет еткен тұлғалардың сүйек топырақтарынан салынған қабырға.
Фазылбек Әбсаттарұлы,
Фейсбук парақшасынан