ҚОЛЫНАН ШИПА ДАРЫҒАН
2024 ж. 27 шілде
741
0
Елімізде «Дені сау ұлт» атты әрбір азамат үшін қолжетімді денсаулық сақтаудың ұлттық жобасы қабылданғаны белгілі. Аталмыш ұлттық жоба бірқатар басым бағыттарды қамтиды. Мұндағы ең басты әрі ең алғашқы мақсат – халыққа сапалы медициналық көмек көрсету. Осынау қастерлі істі атқаруда алғы шепте келе жатқан мейірбикелер –ел мақтанышы.
Дәрігерлік парызды адал атқару, жауапкершілік жүгін арқалау оңай емес. Қоғамның қозғаушы күші, адам өмірінің арашашысы ретінде сала ебеккерлеріне құрмет ерек. Ұлттың саулығын жақсартуға қызмет етіп жүрген жандардың еңбегі әркез лайықты бағаланғаны абзал. Осы орайда біз Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Кардиохирургия бөлімінің аға мейірбикесі Гүлмира Сұрановамен тілдескен едік.
Біздің кейіпкеріміз қырық жылдан астам ғұмырын денсаулық саласына арнап келеді. Қаншама мың баланың сауығып кетуіне үлес қосты. Шипа іздеген талай сәбиге медициналық қызмет көрсетіп, алғысын алған білікті маман. Өзінің еңбек жолын абыройлы, тиянақты алып жүрген өз ісінің шебері.
Түркістан облысы Түлкібас ауданы Ақбиік ауылында дүниеге келген ол кішкентайынан-ақ дәрігер болуды армандаған.
– Менің балдәурен шағым Оңтүстік Қазақстан облысы Абай ауылында өтті. Мен апайымның қолында өстім. Сол ауылдың Ы.Алтынсарин мектебін бітірдім. Оқушы кезден дәрігер, не мұғалім боламын деп шешіп қойдым. Мамандық таңдайтын кезде мұғалім ағайымыз дәрігер бол деп жол сілтеді. Мен де құптап, Түркістан қаласының медициналық колледжіне оқуға түстім. Оқуды бітірген отыз қыздың жиырмасы еліміздің әр өңірінде еңбек еттік. Әрі қарай дәрігер боламын деген едім. ...Бір себеппен жоғары оқу орнына тапсыра алмадым. Алғашқы қызмет жолым Шымкент қаласы Т.Рысқұлов атындағы ауылдағы ауруханада мейірбикеліктен басталды. Инфекциялық бөлімде қызмет еттім. Тоғыз жылдан кейін Алматыға келіп, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына қызметке тұрдым. Осы орталықтың жоғарғы жағында жекменшік клиника бар. Газет арқылы вакансияны тауып барсам, орын жоқ екен. Жолда бір кісінің жол сілтеуімен, осы орталыққа келдім. Бос орын бар екен. Міне, содан бері Педиатрия орталығында қырық жылдан астам уақыт қызмет етіп келемін. Осы орталыққа жиырма жасымда келгем, қазір зейнет жасына жетіп қалдым. Алғашқы жылдары №4 онкогематология, №2 реанимация бөлімінде жұмыс істесем, 2012 жылдан бері осы кардиохирургия бөліміндемін. Бүгінде аға мейірбике атанып, бар білген, үйренгенімді жас мамандарға үйретудемін, – дейді Г.Маханбетқызы.
Қызметіне адал жан жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруына қол ұшын беріп, көп көмегін тигізіп қана қоймай, жылдар бойы жинақтаған іс-тәжірибесімен бөлісуде. Өзінен кейінгі жас буынға білгенін үйретуден жалыққан емес. Уақытпен санаспай, бөбектер саулығын сақтауды басты мақсат тұтқан ақ халатты абзал жандарға артылар жүк жеңіл емес.
– Қырық жылда түрлі кезеңдерді, «тар жол, тайғақ кешулерді» бастан өткердік. Әр жылдардың өз қиын кездері болды. Әуелгіде күре тамырға дөп түсу мен үшін қиындық туғызды. Қазір нағыз шебер атандық. Медицинаның заманмен бірге дамып келе жатқандығы қуантады. Бұрын медициналық қолғаптарды жуып, қайнатып, кептіріп, крахмалдасақ, қазір бәрі бір рет қана қолдануға арналған. Ертеректе еліміздің барлық жерінде система, шприц, т.б. медициналық заттарды жуып стирилдейтін. Қазір бір реттік құрал-жабдықтарды қолдану арқылы жүгіміз әжептеуір жеңілдегендей. Система салғанда бұрын тамшыларды қолмен санап қоятынбыз, қазір аппарат бәрін есептеп береді және бітерде ескертіп, белгі береді. Қағазбастылықтан да а электрорылып, электронды құжат толтыруға көштік. «Дамуды» ашсаң, нәрестенің барлық мәліметтері, анализ талдаулары, дәрігер тағайындаған ем-шаралары шығып тұрады. Бұрын журналды парақтап, іздеп отыратынбыз.
Басқа да көптеген заманауи медициналық құрал-жабдықтар мен заттар біздің ісімізді ілгерілетті. Бүгінгі қоғамның мейірбикесі тек дәрігердің көмекшісі ғана емес, науқас саулығына жауап беретін маманға айналды. Қазір олардың бакалаврды оқып, дәрежелері өсуде. Тек бес жылда бір рет біліктіліктерін арттырып тұрады, – дейді маман.
«Дертті жандармен тығыз қарым-қатынаста болатындықтан біздің әрбіріміздің бойымыздан ептілік, жанашырлық, мейріміділік сияқты ізгі қасиеттердің барлығы табылуы тиіс. Біздің мекеменің әрбір қызметкері нәрестеге күтім жасауды бес саусағындай білуі тиіс. Біліктілік пен жауаптылық ең негізгі талап. Өйткені, дәрігер емінің нәтижелі болуы медбикенің ем-домды дер кезінде көрсетіп, өз міндетін мүлтіксіз атқаруына тікелей байланысты», – дейді тәжірибелі маман.
– Мен әрқашан да жастарға, өз ісіңнің білгірі атану үшін өз мамандығыңды сүй деп айтамын. Әр іске асқан жауапкершілікпен қараған кезде ғана кәсібіңді бүге-шүгесіне дейін меңгеретін боласың. Сенің көз алдыңдағы науқас кіп-кішкентай бөбек болғанымен ол да – адам. Сондықтан, ешбір әрекетке бей-жай қарауға хақың жоқ.
Осы орайда, маған бар білгенін үйреткен дәрігер-ұстаздарыма, атап айтқанда ең алғашқы ұстаздарым: Фатима, Рахила есімді әріптестеріме алғысымды білдіргім келеді. Шымкент қаласында ең алғашқы еңбек жолым басталып, жас маман боп келгенде, маған жол нұсқаған осы кісілер. Педиатрия орталығындағы №4 гематология бөліміндегі тәлімгер ұстаздарым Сания Аванқызына, Людмила Генрихқызына, Гүлбану Тұрсынқызына дән ризамын, үлкен алғысымды білдіремін. Барлығы білікті маман болып қалыптасуыма әсер еткен жаны жайсаң жандар. Жас маман үшін ең бастысы – қолдау көрсету. Біздің қанатымыздың қатаюына, білікті маман ретінде қалыптасуымызға зор ықпал еткен, әрқайсысы бір мектеп деп айтуға тұрарлық абзал жандар. Бұл кісілерге дән ризамын, – деп еске алды ол. Кардиохирургия мейірбикелерінің тірлігі таңмен таласа ерте басталады. Таңғы жеті жарымнан кезекшілікті қабылдап, палаталарды аралайды. Одан кейін бөлім меңгерушісіне есеп беріп, түнгі кезекшіліктің қалай өткендігін, қандай ем-шаралар жасалғандығын баяндайды. Бөлімде тоғыз мейірбике, жеті санитар, бір мейіраға қызмет атқарады. Кардиохирургия бөлімі жиырма төсек орынға арналған. Бөлімде туабітті түрлі жүрек ақауларымен және шеткі қан тамырларының туа біткен ақаулары (артериовенозды, венозды, лимфавенозды, лимфа мальформациялары) бар жаңа туған нәрестелер мен бір жасқа дейінгі сәбилер жатады.
– Медицина саласына адамдар тек жан қалауымен, арманымен келеді. Біздің бөлімде өз ісін жақсы көретін, кәсібіне адал жандар қызмет етеді. Ауруына шипа іздеп келген кішкентай жандарға көмегімізді тигізу үлкен сауапты іс деп білемін. Өйткені бала – бауыр етіміз. Біздің – өміріміздің жалғасы. Мемлекетіміздің ең басты құндылығы адам десек, онда біз үшін дүние есігін ашқан сәбиден бастап, еңкейген қарияға дейінгі әрбір жанның денсаулығы аса маңызды. Әрбір ата-ана үшін көзге көрінген перзентінің дін аман өсуі ең үлкен бақыт. Біздің бөлімшеде ем алып жатқан әрбір нәресте үшін жан жүрегімізбен тілеулес боламыз. Әрбір ем-шараны барлық ынта-ықыласымызбен жүргіземіз. Біз үшін әрбір сауығып кеткен сәбиді көруден асқан бақыт жоқ.
Бұл өмірде ақшадан да, биліктен де құдіретті дүние бар. Ол – ниеттің, тілектің, батаның күші. Ата-аналардың алғысына ұдайы кенеліп жатамыз. Меніңше, бата алудан, алғыс алудан асқан бақыт жоқ, – дейді аналардың алғысына бөленіп жүрген маман.
Күндіз-түні бір тынбайтын жаны жайсаң жандар мамандыққа деген адалдықтың арқасында медицина саласының қиындықтарын еңсеріп келеді. Мейірбикелердің қызметін мықты үйлестіре білетін маманның саладағы жанқиярлық еңбегі бүгінгі жас мамандарға үлгі-өнеге десек артық айтқандық емес.
Г.Маханбетқызының денсаулық саласындағы көп жылғы еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі мен, Педиатрия орталығының медалімен және түрлі Алғыс хат, Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Адамзат тарихында ұлы екі мамандық бар. Бірі – ұстаздық, екіншісі – дәрігерлік. Бірі адамның үлкен өмірдегі орнын айқындап беретін бағдаршам іспеттес болса, екіншісі адам жанына шипа болатын асыл мамандық. Өмірде ізгі мамандықты таңдап, жүгі ауыр салада жанкешті еңбек етіп жүрсе де қашан да жүздерінен нұр төгіліп жүретін мейірбикелердің еселі еңбектеріне толағай табыс тілейміз!
Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ