ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАЗАЛАНҒАНДАР
2024 ж. 15 шілде
570
0
Екінші Жаһандық соғысында жау қолына түсіп, тұтқын болған кызыләскерлердің саны кемінде алты миллиондай адам екен. Алты миллион тағдыр! Әрқайсысының тамұқта көрген азабы, қилы тағдыры олардың туған-туыстарының, жора-жолдастарының ғана емес, елін, жерін сүйіп, ұлт мүддесін ойлайтын әрбір азаматты бей-жай қалдыра алмайтындығы сөзсіз. Ол туралы қаншама айтылып-жазылып жүр, алдағы уақытта да бұл үрдіс жалғаса беретіні кәміл. Өйткені бұл жеке азаматтың қарақан басының оқиғасы емес, ата-бабаларымыз өткен жол, ел тарихы. Ол қоғам үшін, өткенді зерделеу үшін қажет. Осыған орай біз жалпыламадан жалқыға көшіп, қолдағы бар деректер негізінде саяси қуғын-сүргін құрбаны болған кейбір әскери тұтқынның хикаясын аз-кем әңгімелеуді жөн көрдік.
Хамза Абдуллин
Сарғыш тартқан архив мұрасы. Айыптау қорытындысы. Талай құпияны бойына сіңіріп, талай сабаздың тағдырын шешкен дүние. Әр сөйлемі, әр сөзі мірдің оғындай. ЬІзғар шашады, тұла бойыңды тітіркентеді, жан дүниеңді алай-түлей қылады.
Айыпталушы – Хамза Абдуллин. 1917 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Ақмола ауылында туған, қазақ, СССР азаматы. Білімі – жоғары, журналист.
«1941 жылдың қыркүйек айында неміс әскерінің қоршауына ілігіп, оккупацияланған аймақта – Дубровка деревнясында қалады. 1942 жылы әскери тұтқындар орналасқан жерге жіберіледі.
1943 жылғы мамырда антисоветтік ұлтшыл ұйым – Түркістан ұлтшыл комитетінің «Яни Түркістан» газеті редакциясының әдеби қызметкерлігіне, кейін жауапты хатшылығына бекітіледі. Ол «Милли Түркістан», «Милли әдебиет» журналдарына, «Түрік бірлігі» газетіне қатысады, ұлтшыл Мұстафа Шоқаевты, Вали Каюм-ханды, Мағжан Жұмабаевты мадақтайды. Түркістан мемлекетін құру идеясын насихаттайды, шығармаларын «Сайран» деген бүркеншік атпен жазады».
Міне, Хамзекеңнің он жылға бас еркінен айырылып, қалған ғұмырының астан-кестеңі шығып, жарты ғасыр бойы өкімет пен қоғамның сенімсіз адамының санатына қосылуына себеп болған қағаз осы.
2000 жылдың мамыр айында Алматыға бір барғанымда Хамза Абдуллин ағайға сәлем беріп, кіріп шықтым (келесі жылы ол қайтыс болды – А. К.). Тимириязев көшесіндегі бес қабатты үйдің астыңғы жағында тұрады екен. Кемпірі жоқ, бағып-күтетін жанашыры болмаған соң қарт адамда қандай күй болушы еді. Сырқаттанып ауруханадан шыққан. Бөлме іші жұпыны, бірақ таза, көптен жөнделмегені білініп-ақ тұр.
Бұрын халық жауы есебінде сотталған, итжеккеннен келген, елге оралғанда сенімсіз, күдікті элемент болып есептелген жан. Берекелі қызмет тимек түгіл, оны биліктегілер адам екен деп сөйлеспей қанша қорлық көрді десеңізші! Мұндай тірлік қырық тоғыз жылға созылғанын біреу білсе, біреу білмейді. Толық ақталғанының өзіне үш-төрт-ақ жыл болды. Алайда, соған қарамастан өкімет тарапынан көрген зорлық-зомбылықты, қиямет-қайымды кешіріп, сабасына түскендей. Осы кезде Жеңістің 55 жылдығы тойланып жатқан, сол жиындарға Хамзекеңді де майдангер есебінде шақырып, әртүрлі ұжым оған сый-сияпатын көрсетіпті. Өңі жүдеу тартқанмен көңіл-күйінің көтеріңкі екендігі содан деп ойладым.
Ақсақалмен жүзбе-жүз алғаш кездессем де әңгіме-дүкен құрып, талай сөйлескен адамдай шүйіркелесе кеттік. Бұрын «Түркістан легионы» кітабын жазу үстінде бірнеше рет хат жазысып, пікір алысқан едім. Мүмкін сондықтан болар, шәй үстінде әртүрлі мәселенің басын қайырдық. Соның бірі – Мағжан туралы. Хамзекеңді жауапқа тартқанда оған тағылған кінәнің бірі осы – «халық жауы, ұлтшыл ақын Мағжан Жұмабаевты насихаттауы».
Ақынның сұлу жырларын жастайынан жаттап өскен Хамзекең Мағжанды өмір бойы пір тұтқаны рас. Редакция алқасының мүшесі ретінде оның Мағжан ақталғаннан кейінгі таңдамалы шығармаларын (1989, 1995 ж.) құрастыруға белсене кіріскені де содан болар.
Әңгіме-сұхбат барысында ол: «Мағжанды біздің үйдегілер құда бала дейтін. Екеуіміздің көкеміз бірге қызмет атқарды. Менің әкем Жармұқамет кезінде Ақмола облысында волостной правитель болған, Мағжанның әкесі Бекен Жұмабаевтың қарамағында оның іс жүргізушісі болған. Әкем қара жаяу емес: орыс, парсы тілдерін білетін көзі ашық, көкірегі ояу азамат еді», – деп өткенді еске алды.
Хамза Абдуллин кезінде ұлы Мағжанның батасын алған, Мұстафа Шоқайдың түрікшілдік идеясын ту етіп көтерген, елін, халқын сүйген арқалы ақын еді. Ол неміс тұтқынында болғанда да, орынсыз бас еркінен айырылып Колымада жүргенде де болашаққа деген сенімін жоғалтпады, бодан болған қазақ елі түбінде егемен, тәуелсіз болатындығына кәміл сенді. Мұны оның жау қолында, сондай-ақ кеңес лагерінде жүріп жазған жыр жолдарынан айқын байқайсыз, сезінесіз.
Ерте кезім, өткен күнім – алтын шақ,
Жас өмірім қайта ту да жай құшақ!
Серпіл үстен, қараңғылық тұманы,
Аш қойныңды, тарт баурыңа болашақ, –
деп 1942 жылы неміс тұтқынында жүріп жазса, өз елінде итжеккенге кетіп, соғыстан кейін айдауда болғанда:
Қазақ елі, сен Тұранның төрісің,
Сенен шыққан төрт тарапқа өрісім.
Аспанға ұлып, шығып Алтай шыңына,
Көрем тұрған Түріктің Көк Бөрісін, –
деп ата жұртын мақтан етеді, асқақтата жырлайды.
Хамзекең Колымада, 1953 жылы жазған бір өлеңінде:
Мен – қазақпын!
Қазақ үшін көрдім көбін азаптың.
Шыда, бауырым, Алаштың жас ұланы,
Азаттыққа қалды тіпті аз-ақ күн, –
деп өзінің қазақ болып туғандығын мақтан етеді, болашаққа үмітпен қарайды.
Хамзекеңнің 1937 жылы Қызылжардағы облыстық «Ленин туы» газетінде жарияланған «Айша», «Пушкин – дана» атты алғашқы өлеңдері ұлы Мағжанға ұнайды, ол балауса жырларға үлкен үміт артып, өзінің ағалық ақыл-кеңесін берген. Бұдан қуат, нәр алған жас ақын сонау 40-жылдардың өзінде «Шойын жолда» дастанымен республикалық байқауда бірінші орын алады.
Жауынгер ақын – Хамза Абдуллинның – дүниежүзі әдебиетінің озық үлгілерін қазақшаға аударуда сіңірген еңбегі зор. Мұның ішінде Ғабит Мүсіреповтің өзі жоғары бағалаған атақты грузин ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс тонды жиһанкез» дастанынын ана тілімізде сөйлетуін ерекше атап өткен жөн. Ол Пушкиннің, Лермонтовтың, Байронның, Гетенің, Вургунның, Хетагуровтың, Прокофьевтің өлеңдерін, грузин ақыны Ираклий Абашидзенің «Грузия аспаны» жыр жинағын, татар, башқұрт, қырғыз ақындарының бірсыпыра шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Жалпытұрандық идеяны ту ғып көтерген Сайранның – Хамза Абдуллинның жырлары түрік тектес халықтар арасына белгілі. 1973 жылы Стамбулдатүрік тілінде шыққан «Алаш – Түркістан түріктерінің ұлттық ұраны» атты кітабында Хасен Оралтай былай деп жазады: «Сайран мырза Берлиндегі Түркістан ұлттық комитетінде қызмет атқарды және көп пайдасын тигізді. Оның кітаптары мен журналдарда жарияланған өлеңдері Мағжан Жұмабаевтың шығармалары сияқты қуатты және өзіне тартатын болғандықтан Түркістан легионының мүшелері оларды сүйіп оқитын. Өкінішке орай, бұл біреулерге ұнамады. Сондықтан жазықсыз жала жабылды. Соғыстың соңына таман Сайран мырзаны СС қудалап, нақақтан нақақ тұтқындайды».
«Бұл оқиға Словакия жерінде болды. Әйтеуір, Құдай сақтап, аман қалдым ғой», – деп еді ол жөнінде Хамзекеңнің өзі.
Байтақ Әбдіров
Байтақ Әбдіровтің ата мекені – қазіргі Маңғыстау облысының Бозашы түбегі. Әлемге әйгілі Қаламқас, Қаражамбас тәрізді мұнай мен газдың мол қоры шоғырланған жер. Алайда, оның бала кезінде, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары, жаз жайлап, қыс қыстап жүретін Бозашыдағы адай ағайындардың тұрмыс тауқыметі қиындап кеткен болатын. Ақ пен қызылдың қиян-кескі бітіспес күресі. 1928 жылғы жұт, «ұлы кәмпеске». Содан әке- шешесімен Әзірбайжан асып, Түрікменстаннан бір-ақ шықты. Бәрі күнкөрістің қамы, әрине. 1940 жылы техникумның соңғы курсында оқып жұргенде әскерге алынды.
Байтақтың соғыс операциясына араласуы батыстан емес, еліміздің оңтүстік шекарасынан – көрші Иран жерінен басталды. Мұнда немістің арнаулы барлау тобы жасырын келіп, мұнайлы аймақ – Кавказ өңіріне шабуыл жасауды мақсат еткен. Әбдіров осы жау әскерінің бөлімшелерін жойып, құртуға тікелей қатысты. Бұдан соң 1942 жылдың мамыр айында 6-армияға қарасты Қызыл Тулы 116-гаубицалық артиллерия полкінің құрамында солтүстікке аттанды. Нысана – Харьковты азат ету.
Жағдай өте күрделі болатын. Оңтүстік-Батыс майданның әскері солтүстігі мен оңтүстік жағынан Харьковты айналып өтпек болып, шабуылға шығады, жау қоршауын бұзып, 25-40 км. алға жылжиды. Алайда немістер ұйымдастырған қарсы шабуыл нәтижесінде біздің Оңтүстік-Батыс майданның солтүстік және оңтүстік бөлігіндегі әскери бөлімшелер қоршауда қалады, тас-талқаны шығады. Тарихтан белгілі болғандай, Харьковты азат ету операциясы кеңес әскерлерін орны толмас үлкен қайғы-қасіретке ұшыратты.
Осы ұрыста 6, 9, 28 және 58-армия, жеті жеке танк және атты әскер корпустары, көптеген ірілендірілген дивизиялар, бригадалар мен полктар қырып-жойылды, мыңдаған танктер мен құрал-қару құртылды, қыруар стратегиялық запасты немістер олжалады, жүздеген мың офицер мен сарбаз оққа ұшты, тұтқынға алынды. Осының салдарынан майдан алаңында Курскіден Таганрогқа дейінгі пайда болған 500 км. бос кеңістікте (брешь) немістер ешқандай қарсылық көрмей лап қойып, Воронеж, Сталинград және Солтүстік Кавказды нысанаға алып, бөгетсіз алға жылжи берді. Мұның өзі, кеңес-герман майданының оңтүстік қанатындағы жағдайын вермахт пайдасына күрт өзгерілуіне әкеліп соқты.
Осы қырғын соғыста Байтақ Харьков облысының оңтүстігіндегі Лозовая қаласының түбіндегі әуе шабуылына кезігіп, Құдай сақтап тірі қалды. Бірақ оқ-дәрі біткен, снаряд жоқ, резерв сыртта, сосын тұтқынға түсті.
Қызыләскерлердің қалай тұтқын болатындығын көпшілік кинодан, театр сахналарынан талай көрген. Неміс айқайлап: «Қаруыңды таста! Қолыңды көтер!» – дейді. Сарбаздың бұйрықты орындамасқа лажы қалмаған.
Алдында – әскери тұтқын, артында автоматын кезенген неміс солдаты екеуі штабқа бет алады.
Ал рота, батальон, тіпті, полк емес, бірнеше армия қоршауға түссе ше? Байтақ тап осындай жағдайға ұшырады. Ешкім оған қол көтер деген жоқ, қайта керісінше, көппен бірге сапқа тұрғызды. Санап болмайды: қаптаған тұтқындар, толып жатқан колонна, шеті мен шегі көрінбейді. Өрістен қайтқан мал сияқты бәрін қайырып, айдап келеді.
Әскер тізбегі енді оңтүстікке бұрылды. Күн ыстық, шыжып тұр. Жұрт шөлдеп өліп барады. Тоқтаған жерде болмаса су ішуге рұқсат жоқ – көзіңді құртады. Су ішемін деп талайы атылып кетті. Сондықтан болар, тоқтаған бір жерде тұтқындардың бассейндегі суды түгел ішіп қойғанын (!) көргенде Байтақ таңырқаған жоқ.
Механикаландырылған артиллерия полкінің жауынгері Байтақ Әбдіров жаяу әскердегідей емес, екі-үш күндік мұндай жаяу жүріске көп машықтанбаған. Шұлғауы да жоқ, ал керзі етігі аяғын қажап, жанын қинап барады. Тоқтасаң – оққа ұшасың. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, дес бергенде бес-алты жігіт қол ұшын созды, сүйемелдеп, саптан шығармады.
Бұл топ Днепропетровск қаласындағы ақ патша заманынан қалған түрмеге келіп тоқтады. Асты-үсті бетондалған ғимараттың шағын бөлмелері кісілерге лық толды. Жолшыбай үстерін шаң басқан кір-қожалақ солдаттардың тер сіңген киім-кешегінің сасық иісі мұрын жарады. Мына аласапыранда оған кім назар аударып жатыр дейсің. Беретін тамағы – сұйық бидай ботқасы. Ыдыс-аяқ деген жоқ. Бақырашың (котелок) болса жақсы, жоқ екен шекеңнен тартып жібереді, көңілі түссе бас киімге – пилоткаға тамызады.
Немістер бұларды енді поезға тиеді. Алда қандай тағдыр тәлкегі күтіп тұр екен?
Бір-бірімен сығылыстыра, міңгестіре тиелген адам санын кім есептеген! Қай вагонды көрсеңіз жолаушы емес, ағаш не темір-терсек артқандай, аузы мұрнына дейін тығындалған кісі. Қисайып көз шырымын алу, көсіліп аяқ жазу дегеніңіз тек қиял, арман. Тамақ түгіл аузыңа су тамызбайды. Шыдасаң тірі қаласың, шыдамасаң – өлгенің.
Қанша жүргенін кім білсін, шамасы бір жұмадай болған шығар, поезд тоқтады. Полтава облысының Хорол стансасы. Вагонның есігін ашып еді, тұтқындардың үштен бірі өліп қалыпты.
Кеңестік әскери тұтқындар лагері. Аштан, ауру-сырқаудан, зорлық-зомбылықтан шәйіт болғандар жүздеп емес, мыңдап саналады. Көміліп үлгермеген, тау-тау үйіліп жатқан мәйіттер қаншама! Совет одағындағы халықтың біразы осында жүр. Қазақ, орыс, украин, татар, башқұрт дейсіз бе –бәрі бар.
Лагерь – түрме. Айналасы тікенек сыммен қоршалған, сыртқа шығуға болмайды: не абалаған кызметші ит талайды, әйтпесе қолына автомат ұстаған неміс атып тастайды.
Түркістан легионына кірген Байтақ Польша, Германия, Греция, Италияға барады. Фашистерге қызмет істеуден бас тартып, қашып жүріп, екінші рет тұтқынға түседі. Бұл жолы ұстаған – ағылшындар. Сонан соң Ион, Жерорта теңіздерімен Африканы шарлады. Порт-Саид, Суэц каналымен, Қызыл теңізбен жүзіп отырып, Аденге (Иемен) келді. Араб теңізімен Азияға қайта оралып, Ирак пен Иранды басып, Каспий теңізімен елге жетті. Келуін келді-ау, бірақ мұнда оны туған-туыстары, жора-жолдастары емес, НКВД қарсы алды.
Енді Байтақ Әбдіровтің өзін тыңдап көрейік:
– Ағылшындар бізді совет өкіметінің қолына тапсырған соң теңіз арқылы Бакуге жеттік. Қоңыр күз, күн аздап суыта бастаған. «Халық жаулары, поезға мініңдер», – деп қолына резеңке шоқпарлары бар күзет әскері бізді поезға қуып, тией бастады. Әр вагонға 150-200 адамнан тықпалады. Вагон іші лас, сасық иіс мүңкіп тұр. Екі-үш күн дегенде бір қалаға тоқтадық, Подольск екен. Патрон шығаратын әскери зауытта жұмыс істейтін болдық. Біз сияқты әскери тұтқындар мұнда қаптап жүр. 1945 жылдың 9 мамырын осында өткіздік.
Мейрамнан кейін Москваға, Дзержинский алаңына әкелді. Сыртынан қарасаңыз – қоршалған құрылыс объектісі, ішіне кірсеңіз – әскери лагерь. Қайда болдың, не көрдің, не білесің – бірнеше тергеуші кезек-кезек айқыш-ұйқыш сұрақ қояды. Шамасы, бізді ағылшын шпионы деп күмәнданатын сияқты.
1945 жылы қыстай сонда болдық. Келесі жылы күзде қайтадан эшелонға артты, оңтүстікке жол тарттық. Ленинабад түбіндегі әскери лагерьге, сосын НКВД-ның екі қабатты ғимаратына әкелді. Асты подвал екен, сонда қамады. Дымқыл, қолқаны қабатын жағымсыз иіс мүңкіп тұр. Түнде көртышқан ұйықтатпайды. Күні-түні жауап алады.
Жасыратын не бар, шынын айтамын. Тергеушілер сенбейді, бірақ жоққа шығаратын дәлелдері жоқ. Негізгі кінәм – тұтқынға түскенім. Бірнеше армия қоршауда қалса, мен не істеймін?!
1947 жылдың 27 қазаны. Әскери трибунал өтіп жатыр. Сот дегеніңіз формальді нәрсе, бәрі алдын ала келісілген, шешімі бұрын дайындалған. Он жылға соттады. Ленинабад облысының Кантай деген қорғасын шығаратын шахтада жұмыс істедік. Келесі жылы СтепЛАГ-қа – Жезқазғанға аттандық.
***
Сонау Маңғыстау жерінен майданған аттанып бара жатқан сәтте Байтақ Әбдіров Сарыарқа төсі – Жезқазған өңіріне келгенде түтін түтетемін, немере-шөбере сүйіп, осы жерден бақытымды табамын деп ойлады ма екен?
Тікенек сыммен қоршалған зона ішінде «халық жауларының» қатарында жүргені күні кеше емес пе еді? Мылтық асынған ішкі әскер күзетінің айғай-шуын, қызмет иттерінің арсылдаған ащы даусын ұмытуға болар ма?
Бәрі тағдырдың жазғаны. Әйтеуір, заңсыз сотталғаны мойындалды: Байтақ Әбдіров 1955 жылы – жылымық кезеңнің алғашқы толқынында-ақ толық ақталды.
Сондықтан да Байекең қазақтың байлық-береке дарыған осындай жерге кезінде айдалып келсе де, оның құт қонысқа айналғанына тәуба, шүкіршілік қылған еді.
Амантай КӘКЕН,
журналист