Төлеев тағдырының тәлімі
2024 ж. 10 маусым
887
0
Біз өткен нөмірде экономикалық та, саяси да тұрғыдан Ресей үшін аса маңызды рөлге ие Кемерово облысын 21 жыл басқарған марқұм Аман Төлеев ағамыздың 80-жылдық мерейтойына қатысты Шымкентте өткен халықаралық ғылыми-теориялық конференция жайлы жазған едік. Астана емес, Алматы емес, бұндай жиын неге Шымкентте өтті?
Төлеевтің тағдырынан алар тәліміміз ең алдымен дәл осы сұраққа байланысты. Біріншіден, бұрын да талай жазғанбыз, тағы бір рет қайталап айтсақ артық бола қоймас – әлемде дарыны мен таланты жағынан қазаққа теңесер бір де бір ұлт жоқ! Ондай дарабоздардың көптігі сондай, біздің әр жақсымыз жеке батыр болғысы келеді. Мықты бір қазақтың екінші мықты қазақты мойындай қоюы қиямет. Өзіміздей өзбектерде дарындар аз. Аз екеніне олар намыстанбайды, қайта әр асылдың бағасына жетуге тырысады. «Таланттарды құдай қазаққа берген, бізге қадырын берген» дейді.Өзінде жоқты өзгеден алуға тырысады, соның ішінде өз еліне сыймаған талай қазаққа қызмет берді.
«Қай нәрсе адамның бағы, оның соры да сол нәрсе» дейді қазақ. Біздің сорымызға қарай бостан болған еліміздің билігіне Риддерде рудник бастығы болып жүрген Д.Қонаевты министрдің орынбасары, министр етіп уақыт кетіріп жатпай бірден өзіне, Министрлер Кеңесінің Төрағасына орынбасар етіп алған; «алашордашыл» деген атынан амалсыз бой тасалап Жезқазғанда қарапайым геолог болып жүрген Қ.Сәтпаевты бір мақаласынан танып, Мәскеуге, КСРО ҒА президенті В.Л.Комаровқа ертіп барып, «біздің болашақ академиямыздың президенті» деп таныстырып кеткен; колхоздың бастығы С.Құбашевті әкеліп бірден Атырау (Маңғыстау бөлінбеген кез) облаткомының төрағасы етіп көтерген; «қолы да, жаны да, ары да таза», елін ойлаумен өткен Нұртас Ондасыновтай емес, алдымен өзін, сосын тағы да өзін, қалса барып елді ойлайтын жанның келгені, оның Төлеевтей жампозды қалай елге жолатпағаны жайлы өткен нөмірде жаздық.
Конференцияда сөйлеген А.Тшанов: «Біз Төлеевті шақырмадық. Шақырмағандарды айыптай алмаймын, өйткені солардың арасында өзім де жүрдім» деп, кеш те болса кешірім сұрағандай болды. Атасына рахмет, басқалары оған да жараған жоқ...
Айтайын деп айтпайсың, жақсыларымызды тірісінде бағалай алмау – қазақтың ұлттық дертіне айналды. Тіпті сол, қазаққа жасаған жақсылығы өлшеусіз Н.Оңдасыновты есерсоқ Н.Хрущев «айтқанымды тыңдамай, Маңғыстаудың мұнайын зерттейсің!» деп, 1962 жылы 58-жасында зейнетке шығарып жібергенде Димекең араша бола алмады. Онысын «адам – пенде» ғой деп, кешірмесең де түсінуге болар, екі жылдан кейін Хрущев кетіп, өзі Қазақстанның билігіне қайта оралғанда ұстазын шақырып алмағанын қалай түсінуге болады?..
2014 жылы жазда Ақтөбе облысының Ойыл ауданында Аманның әкесі Молдағазының жүз жылдығына арнап, оның туған жерінде ас берілді. Бүкіл елден ағайын-туғандары жиналды. Ақтөбеде «Қазақия» газетін шығарып жүрген мен кешкі қонағасыда: «Аман ағамыз жетпіске келді. Енді Путин оны кез-келген күні қызметтен алуы мүмкін (айтқандай-ақ, 2018 жылы 26-наурызда сауда-сауық орталығындағы 60 адам қаза тапқан өрттен соң отставкаға сұранған Төлеевке «сенің не жазығың бар, жұмысыңды істей бер» деген жоқ...) Губернатор кезінде бәріне керек Төлеев, зейнетке шыққан соң ешкімге керек болмай қалуы мүмкін. Оны сондай күйге жеткізбей, ақсақалдарымызды жіберіп, елге әкелудің қамын істейік» дедім. Сол жерде отырған жүз шақты қасқа мен жайсаңның біреуі ия «дұрыс», ия «бұрыс» демеді...
Кейін осы ұсынысымды фейсбук бетінде де айттым. Жауаптың дені «барғанбыз, айтқанбыз, келмейдіге» сайды. Мен де тақымдап қоймасам керек, ақыры ақтөбелік белгілі бір азамат: «Шымкенттің шеркеші, адайдың ісіне араласпаң» дегеннен кейін тоқтауға мәжбүр болдым...
Менің көріпкел болып көрінсем деген ешқандай ниетім жоқ, бірақ, Төлеев 2018 жылы 1-сәуірде қызметтен өз еркімен кеткен соң жағдай тура біз айтқандай болған да қойған! Аман ағамыз өзінің 2021жылы орыс тілінде шыққан «Преодоление» деген өмірбаяндық кітабында былай деп жазады:
«Мен бұрынғы күнімнің бәрін жұмыста өткізген адаммын. Тіпті, демалыс күндері де қаланы бір аралап шығатынмын, өзімді тоқтаусыз жүгіріп келе жатқандай сезінетінмін. Ал, мен адамшылық себептермен қызметтен кеткенімде бәр бірден кілт тоқтап қалғандай болды. Ешкім келмейді, қоңырау да минут сайын сыңғырламайды...
Жанымды бәрінен де кешегі әріптестерімнің қылығы қатты ауыртты. Шенеуніктер – ерекше топ. Кімге мен ең көп күшімді, ақылымды, білімімді, тәжірибемді сіңірдім, іс жүзінде тәрбиелеп шығардым – бірінші болып солар теріс айналды! Бір сәтте жалт берді! Теріс айналатындарын білгенмін. Бірақ, бұл соншалықты тез болады, екі күнге де жетпейді деп ойламаппын.
Бейне бір оларды мансапқа мен қоймағандай, көп жыл бірге қызмет істемегендей. Тіпті сәлемдесуді де қойды... Өмір деген қызық, кімге онша сенбедім, кімді көбірек сынадым – солар қасымда қалды.
Бүкіл баспасөз бір кісідей Кузбасста соңғы 20 жылда ешқандай игі іс істелмегендей, өңірді нөлден бастап қайта өрлету керек деп жаза бастады, жағдай соған дейін жетті.
Менің шексіз байлығым – саяжайым, яхтам, аралдарым, ұшақтарым, коттедждерім жайлы өршелене жазып жатты. Мен табыс туралы декларациямды интернетке шығардым, прокуратураға «байлығымды» тексерттім, ол «бәрі жалған» деп ресми түрде хат берді. Бірақ, оны бір де БАҚ жарияламады, жала жапқандар да жазаланған жоқ.
Неге бұлай болды? Өйткені мен ұрыларға, жемқорларға күн көрсетпедім, жалақыны кешіктіргендерді, салық төлемегендерді сотқа сүйреумен болдым, ешкімге бақылаусыз көмір өндіртпедім, қазынаға қол сұққысы келетіндерді табанда қызметінен қудым» (Ықшамдап аударған біз – Ө.А.)
2009 жылы Пермде дәл осындай өрттен 156 адам қаза тапқанда губернатор Олег Чиркунов қызметін түк болмағандай жалғастыра бергендігін айта кеткен жөн болар... Ал, ресейлік журналист А.Ванденко зейнеттегі А.Төлеевтің жанында бір жыл жүріп жазып алғанын қағазға түсіріп, ағамызға алып келеді. Ағамыз оқып шығып: «С моих слов записано верно» деп, қолын қояды. Журналист кітабының атына осыдан артық сөз таба алмайды... Оның кейбір үзінділерін журналист Г.Сабаеваның аудармасымен берейік.
«-Кузбасста 20 жыл аттан түспедіңіз. Қай жыл сізге қиын соқты?
-2018-жылғы «Зимняя вишня» кешеніндегі қасырет. Тұңғыш рет өзімді сәулесіз, үмітсіз қара түнекте қамалып қалғандай сезіндім.
Екіншіден, жалғыздықтан, құсалықтан, ешкімге керексіз болып қалғанымды сезіндірген түйсіктен қорықтым. Мына өмірде Төлеев мүлде болмағандай күй кештім. Бұл мені моральдық жағынан өлтіргенмен бірдей болды. Бұрын мені тыңдайтындар көп еді, кәзір жүре тыңдайтындар одан да көп. Жанымның күйзелісін сөзбен жеткізу қиын. Жетпіс бес жасқа толған күніммен де құттықтаған жоқ, БАҚ үнсіз қалуды жөн көрді. (Сұхбат 2019 жылы алынған – Ө.А.) Тек «Кузнецкий рабочий» ғана мерейтой туралы жазды. Бұрын тұлға болсам, кәзір қанаты қайрылған құс немесе жаралы ұшқыш секілдімін.
-Сіз Кемероводан неге кетіп қалмадыңыз?
-Қайда? Айтшы, мен қайда кетемін? Ашығын айтқанда, қай ақшаммен кетемін?
-Жалақыңыз қанша болды? Зейнетақыңыз қанша?
-Жалақым – жүз отыз мың рубль болатын. Зейнетақым - жиырма алты мың. Лауазымды қызметім мен ордендерім үшін жүз елу мың рубль аламын. Эльвираның зейнетақысы – он үш мың. «Төлеев – миллионер» дейтіндер біздің капиталдың қанша екенін біле жүрсін. «Халық губернаторы» деген атағым үшін елу мың рубль төленетін. Басқа облыстарда екі жүз мыңнан жоғары қарай. Сібірдегі облыс басшыларының арасында ең төменгі жалақы менде болды. Өз қалауыммен.
-Губернаторлық қызметтен кейін де өмір бар екенін екермедіңіз бе?
-Тұрмыстық мәселеде мен аңғал да қарапайым адаммын. Анамның тәрбиесі солай болды. Ақылдымын ба, ақымақпын ба, оны тарих таразылай жатар...
-Шыныңызды айтыңызшы, өкінесіз бе?
-Менің алмайтын адам екенімді бәрі біледі. Тек қайырсыз жандарға таңғалудан жалықпаймын. Кезінде Төлеевтің көмегімен билікке жеткен, бірақ, бүгін оның бар-жоғын ұмытып кеткендердің «бүгін біздің көмекке келетін кезіміз!» дейтін кезі еді».
Ақтөбе ме, Шардара ма, Ақтау ма, бір үй әперіп қойғанымызда ғой, сол кезде барып ағамызды алып келер едік, қиын-қыстау кезде қасынан табылып, жанына жалау болар едік...
Былтыр жазда ағамыздың кететінін сезгендей Шымкенттегі біраз ел басқарған жігіттерге Төлеевке барайық деп өтіндім. "Аға, ең болмаса "ӘКЕМНІҢ ҚАСЫНА, ШАРДАРАҒА ЖЕРЛЕҢДЕР" деп өсиет жазып кетіңіз, сүйегіңіз қалың қазақ барып құран оқып тұратын елде қалсын" деп айтайық дедім. «Кеттік!» деген ешкім болмады. Тек досым Сламбек Мергенбаев қолдаған еді, ол ковидпен ауырып қалды...Қайтыс болғанын естігенде: "Неге бір өзім барып қайтпадым?" деген өкініш өзегімді өртеп жібере жаздады...
Менде мынадай ұсыныс бар. Құдай қаласа, елімізде Төлеевке ескерткіштің де тұрғызылатынына, кітаптардың да жазылатынына титтей күмәнім жоқ. Бірақ, біздің Аман Төлеевтің аты өшпесе дейтін ықылас-ниетіміз шынайы екені рас болса, онда біз оның денесін әкеліп, әкесінің қасына жерлеуіміз қажет. Бұл - біздің елдігімізге сын. Марқұм ағамыздың әйеліне де, баласына да әкелмесек болмайтынын, соңғы деміне дейін орыс халқына адал қызмет еткен ағамыздың енді сүйегі отыз үш жылдан бері тазалыққа сусап, арнасы кеуіп, шөлдеп өлуге айналған қазаққа рух берсін, қызмет етсін десек түсінер деп ойлаймын. Әкеліп, басына айбарлы, биік кесене орнатсақ, оның қасына түнек үй салсақ, айналасын кеңдеу етіп алып, ас беретін дәмхана салсақ, Үстүрттегі 150 км айналасында елді мекен жоқ Бекет Атаның басына барып жатқан жұрт, күре жолдың бойындағы, Шардараға кіре берістегі биік жердегі мазаратқа да соқпай кетпейтін болады. Қолы таза, ары таза, жаны таза болып өткен адамның әулиелігі де бірте-бірте күшіне кіре бастайды.
Рас, «кәзір Кемероводағы бейітінен бір уыс топырағын әкелінді, ескі қорымда кесене тұрғызып та қойды ғой, екінші кесене көтерудің реті келер ме екен?» деушілер табылар. Ұлылардың бірнеше кесенесі болған. Қорқыттың бір кесенесі Сырдың бойында еді, жылдан жылға дарияның жағасы оған жақындап келе жатқанын көріп тұрсақ та, кеңес кезінде биліктен қорқып қимылдай алмадық, ақыры оны су шайып кетті. Н.Оңдасыновтың денесін туған жеріне әкеліп қойдық. Бірақ, «өзі айтты екен деп аулына емес, Түркістанға, Әзірет Сұлтанға жерлейік те, күніге осында келген мыңдаған адам ол кісіге де арпап бата оқиды, кейінгі ұрпақ оның кім екенін білетін болады, аулына кім барады?» деген сол кездегі Түркістан ауданы әкімінің орынбасары Серік Ибадуллаевтың орынды ұсынысы көргенінен танбайтын «буквоедтердің» кесірінен өтпеді...
Енлі Төлеевтің денесін әкеле алмасақ, бір-екі ұрпақ ауысқан соң ол да ұмыт болады. Қызметтен кеткен күні тірідей талап жеп қоя жаздағандар өлі әруақты қайтсін? «Құдайға жазсаң жаз, әруаққа жазба» дейтін біздің өзіміз мойнымыздағы міндеттің бәрін істеп, жадын жаңғыртып, әлпештеп отырмасақ кімге өкпелейміз? «Тарихтың үйретер жалғыз тағлымы – ешнәрсеге үйретпейтіні» деген тәмсілдің ақиқат екендігі тағы бір рет дәлелденеді.
Бірақ, одан қазаққа не пайда?...
Өмірзақ Ақжігіт,
Қазақ үні