Ендігүл Назарова, психолог: Түйсігімізбен тілдесе білейік
2024 ж. 03 шілде
802
0
Адамзат мыңдаған жылдардан бері табиғатты түсінуге талпынумен қатар, өз жан дүниесінің қатпар-қалтарысын ұғынуға тырысып келеді. Әсіресе соңғы жылдары бұл саладағы әлемдік білім көпшілікке жете бастады. Адам психикасының өмірге ықпалы жан-жақты зерттеліп, қолданысқа да енгізіліп жатыр. Жан саулығын сақтау мәселесінде психолог, коучтарға жүгінетіндердің қатары артты. Бұл ретте ғалым-мамандардың жөні бөлек. Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры, табысты да үйлесімді өмір сүру туралы бірнеше кітаптың авторы, тәлімгер-ұстаз Ендігүл Назаровамен сұхбатымызға түйсіктің адам өміріне әсері және оны тиімді пайдалану жолдары арқау болды.
– Кейде бізге ішімізден бір дауыс үн қатып, белгі бергендей болады.
Біз бұны түйсік немесе алтыншы сезім деп атап, оны тыңдау керек деп жатамыз. Ендігүл Көшерқызы, сіз ғалым әрі психолог-тәлімгер ретінде түйсік деген жұмбақ құбылысты қалай түсіндірер едіңіз? Ол қандай қызмет атқарады?
– Түйсік дегеніміз – адамның ішкі ядросын, негізін қалыптастыратын, әрдайым бізді ізгілікке жетелеп, бақытты, бай-бақуатты болуға бағыттайтын көмекшісі, жаратылыстың ерекше құралы. Қарапайым сөзбен айтатын болсақ, түйсік деген ол өзіңіз, ішкі Меніңіз. Түйсік жайлы психологияда да, дінде де, философияда да айтылады, оны сіз тіпті күнделікті өміріңізден де байқай аласыз. Мысалы, сізде кейбір кезде ерекше сезімдер байқалады, «мынау бір бәлеге ұрынайын деп тұр» немесе «бір жақсылық болады» деген секілді іштен, жүректен келетін белгілі бір сезім пайда болады, міне осының барлығы түйсігіңіздің сізбен байланысқа түсіп, хабар беріп жатқандығының көрінісі. Мұндай мысалдарды айтатын болсақ өте көп, соның бірі ретінде бұрынғы ата-бабаларымыздың киелі адам, көзі ашық, көкірегі ояу дегенінің барлығы осы ішкі рухани көзін (түйсікті) ашып, оны дұрыс қолдана білген жандар. Бірақ, бұл тұста біздің түйсігіміз тек бейсаналы түрде ғана жұмыс істейтінін ескеру керек. Ойың сөзіңе, сөзің әрекетіңе, әрекетің әдетіңе, әдетің мінезіңе, ал мінезің тағдырыңа әсер етеді деген сөз тегін айтылмайды, ол түйсікке тікелей қатысты. Бізге қол-аяқты, көзді, құлақты, мұрынды бергені сияқты, түйсік те солай өмірімізді тиімді басқару үшін берілген. Ол бізге дұрыс жол таңдауға, ең тиімді бағыт табуға, кәсіпте жақсы серіктес табауға көмектеседі.
– Ендеше осынау тамаша құралды қалай қолданамыз, қалай игереміз?
– Бұл үшін ең алдымен түйсіктің негізгі қызметтерін білу қажет. Жалпы түйсіктің басты сегіз қызметі болады, олар: өмір сүру моделін құрастыру, қорғаныс, ағзаның жұмысын қамтамасыз ету, жеке өміріңді немесе тағдырыңды құрастыру, жады немесе есте сақтау, бағдарлау, ақпаратты тікелей қабылдау, жеке ойлау жүйесі.
Өмір сүру моделін құрастыру қызметі дегенді жеке түсіндіріп өтетін болсам, біздің түйсігіміз түпсанамызда әрдайым әртүрлі жағдайларға, белгілі бір уақиғаға орай біздің жауабымызды (түрлі бағдарламаларды) құрастырады. Мысалы, сіздің балаңыз бір ыдысты сындырып қойды делік, сол сәтте сіз қандай да бір реакция көрсетесіз. Ұрсасыз, ашуланасыз не болмаса балаңызға ақыл айтасыз. Міне, осының барлығына ықпал жасау түйсіктің алғашқы қызметі болып есептеледі. Қандай да бір жайтты әр адам әртүрлі қабылдайды, мұның барлығы сіздің түпсанаңызда қандай модельдер құрастырылған, соған сай болып жатқан көріністер. Сол себепті біздің өмірлік моделіміз дұрыс қалыптасуы қажет.
– Адамның өмірлік моделінің құрастырылуында шыққан тегінің, ортасының, ата-ана тәрбиесінің әсері бар ма?
– Әлбетте. Жалпы адамдарда төрт психологиялық модель болады, олар: басқыншы, құрбан, қорғаушы және жеңімпаз. Басқыншы әрдайым «менікі дұрыс, сендердікі дұрыс емес, мен биікпін, сен түкке тұрғысызсың» деген көзқараспен өмір сүреді. Мұндай адамдар көбіне өзінің айтқанынан қайтпай, тәкаппарлық танытып жатады. Құрбан моделі әрдайым өзін төмен, ез сезінетін, ылғи өмірден таяқ жеп жүретін адам, ол «менің жолым болмайды, мен ғана осы дүниеде бақытсызбын» деген көзқараста болады. Бұл адамдар әрдайым кім қайдан көмек береді деп алақан жайып жүреді. Қорғаушы моделі – көбіне осы басқыншы мен құрбанның арасына түсіп, ебіл-дебіл болып, екеуін қосуға, татуластыруға ұмтылып, ақыр соңында өзі кінәлі болып қалатын жандар. Ал жеңімпаз өзіне де, қоршаған әлемге де пайдалы болатындай әрекет етеді. Бір іске кіріспес бұрын ең алдымен өзіне дұрыс сұрақ қоя отырып, барлығын егжей-тегжейлі бағамдайды. Ең бастысы, кез келген жағдайдан сабақ алып, мүмкіндікті көріп, соны қолдана алады.
Адам баласы дүниеге келмес бұрын, ол әкесінің бойында ұрық ретінде болса, кейін анасының құшағына қонып, толыққанды адамға айналады. Міне, осы тұста біздің тұлға ретіндегі бастапқы негізіміз қалыптасады. Яғни сіздің әкеңіз бен анаңыздың бойындағы бар болмысы сізге беріліп, ары қарай дами бастайды. Сол себепті құрсақтағы кезеңнен-ақ (3-4 айлық) баламызға дұрыс тәрбие беруді бастағанымыз жөн. Анасының айтқан сөзі, ертегілері, жүкті кезде бастан кешкен түрлі оқиғалары баланың бойына нәр болып сіңеді, мұны педагогикада ұрық не жатыр тәрбиесі деп айтады. Осылайша сәби дүниеге келмей тұрып, ана жатырында алғашқы базалық өмір сүру моделі қалыптасады.
Дүниеге шыр етіп келгеннен соң осы материалдық әлемдегі қалыптасу басталады. Бұл кезеңде бала үшін өз отбасының әсері зор. Бала отбасында нені көреді, соны жаймен қайталап өседі. Дана халқымыздың «Бес жасқа дейін балаңды патшадай көр, 5-13 жас аралығында құлыңдай жұмса, 13-тен әрмен қарай досыңдай сырлас» деген сөзі бекер айтылмаған. Мұнда бес жасқа дейін бала еркіндікте өмір сүріп, мына әлемді толықтай танып-білуін меңзеп тұр. 5-13 жас аралығында оны құлдай жұмсау, баланың қабілетіне сай шыңдап, оны әртүрлі қырынан тану, соған сай болашақта өз жолын қалыптастыруға ықпал жасау керек. «Он үш жастан кейін досыңдай сырлас» деген сөз өмірдегі түрлі жайттар жөнінде балаңызбен кеңесіп, ой бөлісіп, пікір алмасу дегенді білдіреді. Міне, қазақтың қарапайым да дана сөзінде бала тәрбиесінің осындай керемет көрінісі жатыр.
Отбасыдан кейінгі әсер етуші күш – достары, көршілері, сыныптастары мен мұғалімдері. Олардан да белгілі бір тәрбие, үлгі алып, өмір сүру моделін құрастырады. Осылайша бала мектепті тәмамдап, ересек болғанша осы процесс айналып жүре береді, соңында белгілі бір тұлға болып қалыптасып, жоғарыда айтқан төрт модельдің біріне айналады. Бірақ бұл міндетті түрде толықтай басқыншы не құрбан, тағы басқа рөлде болады деген сөз емес, адамның бойында осы төрт модельдің біреуі басымырақ болады деген сөз.
– Түйсіктің қорғаныс қызметінің маңызы қандай?
– Адамның болмысында тіршілік ету, өмір сүру барысында түрлі бағдарламалар қалыптасады. Мәселен, қыз бала кезінде белгілі бір ер адамды ұнатпай, «оны жек көремін, көргім келмейді» деп қатты ренжіп, іштей бір шешімге келді делік, содан кейін оның түпсанасында осы әрекетіне сай «ер адамдар жаман, олардан қорғану қажет» деген сенім, ой-түйін қалыптасады. Бұл бағдарлама біртіндеп оның өмірінен көрініс таба бастайды, ол ең алдымен денсаулығы жағынан белгі береді, мысалы көз көруінің нашарлауы, жыныстық аурулар, аяқ-қол, буын аурулары секілді. Не үшін бұлай болды десек, оның жауабын қарапайым түрде былай түсіндіруге болады: ол әйелдің түпсанасында жұбайы, немесе жалпы ер адамдар жайлы жағымсыз пікір қалыптасқан, ол оны анық көрмеген сайын, ол кісі айналасында болмаған сайын өзін қауіпсіз сезінеді. Демек, түйсік ол әйелді қорғап жатыр, бірақ денсаулыққа зиян келтіру арқылы қорғап жатыр. Ол әйел нәтижеге жетті, бірақ өзіне зиян келтіру арқылы жетті. Себебі одан шығудың басқа жолын білмейді, көркем қарым-қатынас жасау, сабақ алу, ішкі сезімін жеткізу деген түсініктер, ол түсінікті жүзеге асыратын құралдар жоқ. Сондықтан жан саулығы жағынан да білімді болуға ұмтылуымыз қажет.
Бірақ, бұл түйсіктің қорғаныс қызметі тек негатив бағдарламаларды ғана жүзеге асырады деген сөз емес, қорғаныс қызметі жалпы сіздің тұлғалық моделіңізде қандай бағдарламалар бар, өмірдің бүкіл саласын қамти отырып, соның барлығының мүлтіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін сақшы болып саналады. Бірақ біз көбінесе бойымызда жақсы дүниені қалыптастырудың орнына, зиянды дүниені жиып аламыз. Ондай зиянды, өз өміріңде қиындық туындататын мәселелерді осы түйсіктің қызметі арқылы тиімді шешуді үйрену қажет. Түйсіктің бүкіл қызметін біз қалағандай арнаға бұру арқылы тәніміздің жұмысын, сапасын өзгертуге болады.
– Сөз бен ой – материалды нәрсе, айтқан сөзің, ойлаған ойың орындалуы мүмкін деп жатамыз, соны түсіндіріп өтсеңіз.
– Бұл түйсіктің жеке адамның өмір тарихын немесе тағдырды қалыптастыру қызметіне қатысты дүние. Түйсіктің бұл қызметі біздің бойымызда белгілі бір наным-сенімдердің, құндылықтар мен мінез-құлықтардың, ой-жүйелердің қалыптасуына жауап береді. Сіз қалай ойлайсыз, сөйлейсіз, әрекет етесіз, осының барлығы түйсікпен байланысып жатыр. Мысалы, әлдебір адам туралы сіздің жағымсыз ойларыңыз, тәкаппарлық, жалқаулық, ашушаңдық сияқты мінез-құлқыңыздағы теріс көріністер, белгілі бір құндылығыңыздан айырылу, мысалы, балам жаман нәрсеге ұшырап қалады деп үрейлене беруіңіз, бір нәрсені істер алдындағы ниетіңіз, ақша туралы негатив ойлар, осының бәрі із-түзсіз кетпейді.
Бірақ, мұндай сенім, мінез біздің бойымызда бірден пайда болған жоқ, ол ата-анамызды, қоршаған әлемді бақылау арқылы жасаған ой-түйініміз бен шешімдеріміздің жемісі. Сол себепті әр әрекетіңді сараптап, мұның түбі неге алып барады, бұл жағдайдан мен қандай сабақ алуым қажет дегендей ой жүгіртіп, дағдылану қажет.
– «Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады» дейді халық нақылы. Кейде бір қатты налып, көңіл қалған кезде айтқан сөздің әсер ететін кезі болады. Не болмаса екі адамның арасында түсінбеушілік туындап, бір-біріне жөн-жосықсыз ауыр сөздер айтатын сәттер кездеседі. Ондай ауыр сөздер бата тимесе де қата тиетін жайттар бар. Бұл нені білдіреді?
– Түйсік ақпаратты тікелей қабылдайды. Ақпаратты тікелей қабылдау қызметінің негізгі мақсаты – қожайынның берген тапсырмасын бұлжытпай орындау. Бұл қызметтің жүзеге асқанын көп адамдар байқай бермейді, себебі біз қатты эмоционалды күйде, абайсызда әртүрлі сөздерді айта саламыз. Мысалы, ерлі-зайыптылар ұрсысқан сәтте бір-бірін қатты сөзбен тілдеп, қарғыс айтып жатады, міне осындай сөздерді түйсік орындалуы қажет бұйрық, тапсырма ретінде қабылдайды. Мысалы, әйел адам жұбайына «жолың болмасын, қолың сынсын» дегендей сөздер айтты делік, міне соны түйсік тапсырма ретінде қабылдап, барынша орындауға тырысады. Ол өзара қарым-қатынасты бұзып қана қоймай, түрлі дертке ұшырау, өмірлік қиындық және басқа оқиғалар түрінде орындалуы мүмкін. Міне, сол себепті эмоционалды күйде ешқашан қатты сөз айтпаған жөн, ол алдымен адамның өзіне зиян келтіреді, сосын айналаға да зиян.
Дана халқымыз «жақсы сөз сөйле, болмаса үндеме» деп босқа айтпайды. Міне, сондықтан қандай жағдай болса да алдымен өзімізді басқаруды үйреніп, ойымызды, сөйлеген сөзімізді, амал-әрекетімізді түзеп, түйсіктің қызметін тиімді қолдануды үйрену қажет.
– «Қамшының сабындай өмір» дейміз, соны барынша мән-мағыналы, өзімізге де, айналамызға да пайдалы сүргенге не жетсін. Бақытты, бақуатты өмір сүруді қаламайтын пенде жоқ. Парасатты өмір сүре білу де үлкен игілік. Ендігүл Көшерқызы, сіз өмірде жетістікке жеткен жан ретінде көпшілікпен өз тәжірибеңізді бөлісіп, адамдардың саламатты да берекелі, молшылықта өмір сүруіне үлес қосып келесіз. Ендеше, оқырмандарға психолог-тәлімгер ретінде қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
– Рас, кейде тіпті өз өмірінің жауапкершілігін өз қолына алмаған жандар да кездеседі. Ондай жандардың айтатын сөзі: «Сол күнделікті тіршілік қой, үй-жұмыс, жұмыс-үй, бала-шағаның қамы» деп келеді. Әрине, әр адам өзіне жақсы өмірді қалайтыны мәлім. Ал егер адамға дұрыс жол көрсетпесе, ол қысқа жолды табады. Ішкілік орындарына баратын адамды алайық, оның да мақсаты – қуаныш сезімі мен бақыт табу. Солай емес пе? Егер мұндай адамдарға дұрыс жол көрсетпесе, онда олар барынша қолжетімді, өздеріне жеңіл көрінген кез келген жолмен жүреді. Бірақ уақытша қуанышқа кенелу арқылы адам бірте-бірте өзіне берілген мүмкіндіктерден, нығметтерден айырылады. Егер теріс жолды түбегейлі таңдаса, онда бәрінен айырылуы мүмкін. Егер адамның бойында уайым-қайғы, ашу-ыза, өкпе-реніш көп болса, демек өз ішіне үңілетін уақыт келді деген сөз.
Негізінде, адамның он екі мүшесі ғажап үйлесіммен жаратылған. Біз соны жаратушы сыйлаған өмірімізде дұрыс, тиімді пайдалана білуіміз керек. Осы жолда өз түйсігіміз бізге мықты көмекші, бағыттаушы бола алады. Жақсы өмір сүрудің ең оңай да тиімді жолы өз түйсігіңмен тілдесуді үйреніп, оны тоқтаусыз дамыту дер едім. Өзіңізді мазалаған көп сұрақтардың жауабын өз ішіңізден таба аласыз.
Ең алдымен ешкімге ренжімеуді, әрдайым қуанып жүруді әдетке айналдырыңыз. Әрдайым жағымды оймен өмір сүруге тырысыңыз. Уайым-қайғы, күйзелісті химиялық заттың көмегімен емес, табиғи жолмен емдеген жөн. Себебі химияға тәуелді болу адамзатқа ешқандай жақсылық алып келмейді. Адам ең бірінші жаратушысымен, содан кейін өзімен, өзінің қоршаған ортасымен үйлесім тауып, ойын реттеп, өз эмоциясын өзі басқарып, өмірдің әрбір сәтін мәнді де сәнді өткізуге тырысса, өмірі жақсы жаққа өзгерері сөзсіз. Мұндай өмір жан-жақты білім алып, түйсікпен тілдесуді үйреніп, рухани тұрғыда дамудан басталады.
Мысалы, табиғаттың тамаша көрінісі, жақсы адаммен әңгімелесу немесе ілулі тұрған әдемі картина болсын, айналаңыздағы әдемілікті байқаңыз, оған зер салыңыз және сол сұлу әлемнің сіздің ішіңізде гүлденуіне мүмкіндік беріңіз. Өзіңіздегі ішкі сұлулықты және өмірдің сізге берген ғажап мүмкіндіктерін көре білуді үйреніңіз дер едім. Ой – бұл шынайы күш, энергия, егер сіз өзіңізді құрметтесеңіз, өзіңізге сенетін болсаңыз және күн сайын өзіңізді рухани жағынан дамытатын болсаңыз, сондай-ақ әрдайым көңілді жүрсеңіз, қарапайым нәрселерге қуана білсеңіз – сізде мазасыздық, күйзеліс болмайды, жан-дүниеңізде үйлесім орнайды. Сондықтан сыртқы әлемге ғана мән бермей, ішкі әлемге де бақ сияқты күтім жасай білсеңіз, керемет гүлдер жайқалып өсері хақ. Ал түйсік бізге қалтқысыз қызмет ететін адал досымыз тәрізді, әрдайым дұрыс бағыт беретін болады.
– Ендігүл Көшерқызы, қызықты да пайдалы әңгімеңіз үшін көп рахмет. Жан саулығын насихаттау жолындағы еңбегіңізге жеміс тілейміз.
Әңгімелескен
Дина Тазабекқызы