ЖАЛПЫ ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА - Үкімет

ЖАЛПЫ ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА - Үкімет

Екі ай бұрын еліміздің жартысын тасқын су қаптап, халық қиналып жатқанда үкімет мүшелерінің де, парламент депутаттарының да ел ішінде жүргені белгілі. Иә, мемлекет басшысы айтқандай, 80 жылдан бері болмаған алапат апатты тек халықтың бірлігі мен тірлігі арқылы ғана тоқтата алғаны анық.

Сол кезде шалғайдағы кейбір елдімекендер қараусыз қалып жатқаны жөнінде бізге арыз-шағымдар жиі келді. Солардың бірі – талай жыл елдің басты басылымы «Егемен Қазақстан» газетінде жауапты қызмет істеген белгілі журналист, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты Қайсар Әлімнің сәуір айының аяғында жазған Қостанай облысы Жанкелдин ауданы Қызбел ауылы тұрғындары атынан жазған арызы. Ауылдың жарты айдан бері жарықсыз қалғанын, газ, отын, бензин, жанар май таусылғанын, телефон байланысы үзілгенін баяндады. Үйлерді су басып, мал шығыны жиілегенін, ауыл сыртқы жолдан үзіліп қалып, топан судың нағыз ортасында аралда қалып, адам төзгісіз жағдайға тап болғанын жеткізген еді ел жағдайына алаңдаған ағамыз.

Қызбел ауылы – XX ғасырдың басында «Оян, Қазақ» жырымен ұран салып, елді оятқан Алаш көсемі Міржақып Дулатұлының туған жері.

Сол кезде біз Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі О.Бектенов мырзаға депутатттық хат жолдадық.

«Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ағарту ісімен Қазаққа жарық берген Алаш көсемінің ауылы XXI ғасырда жарықсыз қалды!?. Республикалық деңгейде Үкімет шұғыл көмек бермесе, топан судың қоршауында аралда қалған ауыл тағдыры өте қиын жағдайда.»-деп, дабыл қаққан едік.

Үкіметке рахмет, дер кезінде жағдайды бақылап, мәселелерді шеше білді. Бұл туралы сол кезде Қайсар Әлім ағамыздың өзі бізге хабарласып, рахметін айтқан болатын.

Елдегі жағдайдың қалыпқа түсіп жатқаны жөнінде ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Б. Омарбековтың өңірдегі жағдай жөнінде толыққанды жауабы да келген еді. Елден әлі хабарласып жатқандар аз емес. Сондықтан халықтың сұрауы бойынша үкіметтің сол хатымен таныстыра кетуді жөн көріп отырмыз.

ЕЛДЕГІ ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТАЛДЫ

Қазақстан Республикасы

Парламенті Мәжілісінің

депутаты

Қ.Ж. Исаға

Құрметті Қазыбек Жарылқасынұлы!

ҚР Ұлттық экономика министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) Сіздің Қостанай облысы Жангелдин ауданы Қызбел ауылының су тасқыны әсерінен туындаған проблемалық мәселелеріне қатысты депутаттық сауалыңызды мүдделі мемлекеттік органдармен және Қостанай облысының әкімдігімен бірлесе қарап, нәтижесі бойынша мынаны хабарлайды.

Қазіргі уақытта Жангелдин ауданының Қызбел ауылдық округінің құрамында 4 ауылдық елді мекен (бұдан әрі – АЕМ) бар, жалпы халық саны 763 адамды құрайды (оның ішінде: Саға - 439, Бидайық - 99, Ошағанды - 55, Ұзынқарасу -170).

Электрмен жабдықтауды қалпына келтіруге қатысты

ҚР Энергетика министрлігінің (бұдан әрі – ЭМ) ақпараты бойынша, су тасқынына қарсы іс-шараларды орындау барлық энергетикалық қызметтермен және су тасқыны жағдайлары бар өңірлердің кәсіпорындарымен тәулік бойы апатты қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, өңірлік электржелілік компаниялар мен «КЕGОС» АҚ авариялық бригадалары күшейтілген қызмет атқару режиміне ауыстырылған. Энергетикалық кәсіпорындардың диспетчерлік қызметтері халықтан түскен шағымдарды қарау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

Атап өтетін жағдай, су басқан АЕМ энергетикалық инфрақұрылымның апатты қалпына келтіру жұмыстары тасқын су деңгейі төмендегеннен кейін жүргізілетін болады.

Газдандыру мәселесіне қатысты

ЭМ 003 «Облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне газ тасымалдау жүйесін дамытуға берілетін нысаналы даму трансферттері» республикалық бюджеттік бағдарламасының әкімшісі бола отырып, жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі – ЖАО) бюджеттік өтінімдерін ҚР бюджет заңнамасына сәйкес қарайды және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға – ҚР Қаржы министрлігіне жібереді.

Сонымен қатар, алдағы уақытта Қостанай облысы әкімдігі тарапынан Қызбел ауылдық округінің газдандыру бойынша тиісті бюджеттік өтінімін ұсынылған жағдайда, ЭМ өтінімді бюджет заңнамасына сәйкес қарастыруға дайын.

Жол мәселесіне қатысты

ҚР Көлік министрлігі ақпараты бойынша «Автомобиль жолдары туралы» ҚР Заңына сәйкес жерігілікті маңызы бар автомобиль жолдары тиісті ЖАО қарамағында болады және коммуналдық меншігі болып табылады.

         Бұл ретте, Жангелдин ауданының Қызбел ауылына аудандық маңыздылығы бар «Тоқанай-Саға-Бидайық» автомобиль жолының (км 29, 32, 35, 40, 45, 51, 55, 59, 60) учаскелерінде а.ж. наурыз айында ауа-райының күрт өзгеруіне байланысты су тасқыны салдарынан бұзылулар орын алды.

            Қазіргі уақытта жолдың бұзылған учаскелерін «Қазавтожол» ЖШС уақытша қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, жолдың қалпына келтіру жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтау мақсатында жергілікті бюджеттен 9 млн. теңге бөлу жоспарланды.

Мал шығыны мәселесіне қатысты

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің (бұдан әрі – АШМ) ақпараты бойынша Қостанай облысында су тасқынының алдын алу мақсатында ЖАО қабылданған шаралар нәтижесінде 23 049 бас жануарлары қауіпсіз жерлерге көшірілді (оның ішінде: Қостанай - 52, Арқалық - 3 531, Рудный - 251, Амангелді - 3 907, Жангелдин - 13 333, Қостанай - 1 796, Әулиекөл - 179).

Су тасқыны салдарынан Жангелдин ауданы бойынша барлығы 62 бас жануар шығын болған (оның ішінде: ІҚМ - 37, ұсақ мал - 13, жылқы - 12). Шығын болған жануарлардың өлекселері кәдеге жаратылды және жойылды. 

Сонымен қатар, АШМ тарапынан республиканың барлық өңірлерінде сібір жарасына және басқа да аса қауіпті ауруларға қарсы вакцинация бекітілген жоспарға сәйкес белсенді жүргізілуде.

Бүгінгі таңда эпизоотиялық жағдай тұрақталды, АШМ және ЖАО тұрақты бақылауында.

Төтенше жағдай мәселесіне қатысты

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің (бұдан әрі – ТЖМ) ақпараты бойынша а.ж. су тасқыны бойынша еліміздің 10 облысында төтенше жағдай жарияланды.

Облыс әкімдіктері, төтенше жағдай, қорғаныс, азаматтық қорғаныс жүйелері тарапынан су тасқын салдарын жою, су тасқынына қарсы іс- шараларды жүргізу, апаттық құтқару жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, қабылданған шаралардың нәтижесінде эвакуациялау орындары, уақытша орналастыру пункттері, көлікпен қамтамасыз ету және т.б шаралар іске асырылды.

Бүгінгі таңда ТЖМ лимиті нормативтік қажеттіліктің 65% құрайды. Негізінен штаттық қамтамасыз етуді шағын өрт сөндіру бөлімдері, аудандық төтенше жағдайлар бөлімшелері және өнеркәсіптік қауіпсіздік инспекторлары қажет етеді.

ТЖМ оларды штаттық ресурстармен қамтамасыз ету бойынша мақсатты түрде жұмыс жүргізілуде. Мәселен, соңғы үш жылда азаматтық қорғау органдарының лимиті 3 000 бірлікке ұлғайтылды, оның ішінде:

- 2021-2022 жылдары кезеңінде 1 041 бірлікке (жаңа өрт сөндіру деполарының қызмет атқару үшін);

- Мемлекет басшысының Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарын құру туралы тапсырмасын іске асыру шеңберінде 225 бірлікке (оның ішінде: жедел-құтқару жасақтары үшін – 134 бірлік);

- 2023-2024 жылдары кезең – кезеңімен азаматтық қорғау органдарының жаңа және қызмет атқарудағы бөлімшелерін нығайту үшін 1 734 бірлікке (2023 жылы - 1 613 бірлік, оның ішінде жаңа өрт сөндіру деполары үшін - 380 бірлік, жаңа әскери бөлімдерді реформалау және қызмет атқарудағы әскери бөлімдерді реформалау үшін - 880 бірлік, жаңа су-құтқару станциялары үшін - 220 бірлік, Қазселденқорғау - 39 бірлік, Апаттар медицинасы орталығы – 94 бірлік, 2024 жылы – 121 бірлік, жаңа өрт сөндіру депосы үшін - 95 бірлік).

2025-2026 жылдарға арналған ТЖМ лимитін кезең-кезеңімен ұлғайту мәселесін республикалық бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, келесі жылы мүдделі мемлекеттік органдармен пысықтау жоспарлануда.

Сонымен қатар, техникалардың және жабдықтардың тозуына байланысты ТЖМ азаматтық қорғау органдарының аумақтық және ведомстволық бағынысты мекемелерін жарақтандыру деңгейін арттыруға көп көңіл бөледі.

Мәселен, 2024 жылы ТЖМ республикалық бюджетінде материалдық-техникалық жарақтандыруға 42,3 млрд теңге (оның ішінде: өрт сөндіру қызметтері мен авариялық-құтқару бөлімшелері үшін арнайы техника сатып алуға 19,9 млрд теңге және жабдықты сатып алуға 1,2 млрд теңге) көзделген.

Қазіргі уақытта өтініште аталған Жангелдин ауданы Қызбел ауылдық округі бойынша жағдай тұрақталды, ТЖМ және ЖАО тұрақты бақылауында.

Денсаулық сақтау мәселесіне қатысты

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің (бұдан әрі – ДСМ) ақпараты бойынша Жангелдин аудандық ауруханасына және жедел жәрдемге өтініште көрсетілген Қызбел ауылдық округі бойынша деректер тіркелген жоқ.

Қазіргі уақытта уланулар мен жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралар шеңберінде барлық өңірлерде ДСМ Санитариялық - эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері орталықтандырылған және орталықтандырылмаған сумен жабдықтау көздері объектілеріне бақылауды күшейтіп, санитариялық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштерге су сынамаларын іріктеу және зерттеу жүргізуде.

Су тасқыны басталғаннан бері су басқан аймақтардың АЕМ және эвакуациялық пункттерде орталықтандырылған көздерден – 10180 сынама іріктеп алынды, оның ішінде гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтіні – 670 сынама, орталықтандырылмаған су көздерінен – 1363 сынама алынды, соның ішінде гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтіні – 124 сынама (сәйкес келмейтін көрсеткіштер бойынша сынамалар ауыз судың ластануының жанама факторы болып табылады).

Жалпы сынамалар бойынша көрсеткіш 2022-2023 жылдардың қорытындылары бойынша орташа республикалық жылдық көрсеткіштен аспайды.

Су көрсеткіштері нормативтерге сәйкес келмеген жағдайда су шаруашылығы ұйымдары су құбыры желілерін жууды және дезинфекциялауды, кейіннен су сынамаларын бақылау үшін іріктеп алуды жүргізеді.

Сондай-ақ бүгінгі таңда су басқан аймақтарда және су айдындарда вирустар мен бактериялардың болуына сарқынды және тасқын суға зертханалық бақылау жүргізілуде.

А.ж. 29 сәуірінде 250-ден астам сынама алынды, рұқсат етілген мәндерден ауытқу анықталған жоқ. 

Су тасқыны кезеңінің басынан бері Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары мен Ұлытау облыстарында 68 су көздері тазартылып, дезинфекциялау шаралары жүргізілуде.

А.ж. 29 сәуірінде су айдау жұмыстары аяқталғаннан кейін 23 су көзінде (Ақмола - 12, Ақтөбе - 2, Атырау - 1, Қарағанды - 4, Батыс Қазақстан - 1, Қостанай- 2 және Ұлытау - 1) дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.

Өңірлерде су факторына байланысты халықтың жұқпалы аурулармен сырқаттану жағдайлары тіркелген жоқ.

Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

         Басқа мәселелерге қатысты

Қостанай облысы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, облыс аумағындағы су тасқынының алдын алу мақсатында ЖАО тарапынан қабылданған шаралар нәтижесінде Қостанай, Арқалық, Рудный қалалары, Амангелді, Жангелдин, Қостанай, Әулиекөл аудандарында төтенше жағдай бойынша жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ, денсаулық сақтау, төтенше жағдай, азаматтық қорғаныс, құқық қорғау т.б. салалары бойынша ықтимал жағдайлар жіті бақылауға алынды.

Қазіргі уақытта Жангелдин ауданының Қызбел ауылдық округі бойынша жағдай тұрақталды, а.ж. 17 сәуірінен бастап орталықтандырылған сумен және электр қуатымен жабдықтау штаттық режимде жұмыс жасап тұр, байланыс қалпына келтірілді.

Атап өтетін жағдай, бұған дейін Қызбел ауылдық округінде газ және жанар-жағармай беру бекеттері болмауына байланысты, ауыл тұрғындары Жангелдин ауданының орталығы Торғай ауылынан тасымалдап келген. Қазіргі таңда Торғай ауылында газ және жанар-жағармай беру бекеттері тұрғындарды тұрақты түрде қамтамасыз етуде.

Жалпы төтенше жағдай мәселесі мүдделі мемлекеттік органдардың және ЖАО тұрақты бақылауында.

ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Б. Омарбеков