Өз әкемізді есек шақырғандай “па-па”-лап жүргеніміз ұят емес пе?!.

Өз әкемізді есек шақырғандай “па-па”-лап жүргеніміз ұят емес пе?!.

Қазақта жылқыны «қыру-қыру», сиырды «ау-хау», ешкіні «шөре-шөре», есекті «па-па» деп шақырамыз. Жылдамдау айтсақ “папа” болып шығады екен

Бүгінгі таңда ауданымызда «Әкелер мектебі» кеңесінің мұрындық болуымен 2020 жылдан бері облыстық және аудандық семинар сабақтар, әкелер мен оқушыларға арнап жыл сайын нәтижелі іс-шаралар жүзеге асырылуда. 

       «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді, атам қазақ. «Әкелер мектебінің» басты мақсаты - бала тәрбиесіндегі әкелер ролін нақтылап, отбасындағы қадір-қасиетін арттыру. Бүгінгі жас әкелердің заманауилануына байланысты баламен арадағы байланысты нәтижелі дей алмаймыз. Тіпті, кейбір әкелердің өзіне де әкелік тәрбие жетіспей жататындығы ащы да болса шындық. Кейбір мектеп оқушыларының бейтаныс қонақтармен сәлемдеспейтіні, мектеп қабырғасында өзін дарақы ұстайтындығы да осындай ата-аналардың отбасы, ошақ қасындағы теріс тәрбиесінің жемісі екендігі даусыз. Ел болашағы деп жүрген жастарымыздың бойындағы оғаш қылықтарды көрген кезде көрші өзбек ағайындар еріксіз ойға оралады. Кез-келген бейтанысқа көкірегіне қолын қойып, иіліп тұрып сәлем бергеніне риясыз мейірімің төгіледі. «Атасына рахмет!» дейсін. 

     Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын деген екен. Аттан жығылсақ та салттан жығылмаған халық едік. Салт – санамыз, ғұрып – ғұмырымыз екендігін сезініп өстік. Дәстүр – ұлттың айнасы, болмыс-бітімі екендігін түйсікке тоқыдық. Сондықтан да ата-баба мұрасы – салт-дәстүрлерімізді негізге ала отырып, әке келбетін жасау, әкелер статусын көтеру – «Әкелелер мектебі» кеңесінің басты мақсаты болып қала бермек.


        Халық, адамгершілігі жоғары кісіні иманды, инабатты, парасатты деп құрмет тұтады. Ұрпақты осындай асыл қасиеттерге баулу үшін олардың ар-ұятын оятып, намысын қайрау арқылы мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік сияқты қасиеттерді бойларына сіңіру - әрбір елім деген азаматтың парызы хәм борышы болуы керек. Осы парыз бен борыш отбасы иелерінің қаперінен бір сәт те шықпауы тиіс. Біз Білге Қағанның, «Әке, үнсіз ғана қиялдай шалыпқарайтын қыран қабағың маған ақыл мен парасаттың ұясы тәрізді елестейді» дегеніндей әкелерге лайық болуға тиіспіз.    

        Мың естігеннен, бір көрген артық екендігін дәлелдеу мақсатында ата-аналармен, оқушы жастармен өткізілген іс-шараларда тәжірибе алмасып, отбасындағы тәрбие мәселесі мен ата-ананың жауапкершілігін арттыру, отбасы мен оқу орны арасындағы ынтымақтастықты нығайту сияқты күрделі мәселелер көтеріліп келеді. «Ел – тарихсыз болмайды» дегеніндей, Кеңестік дәуірде айырылып қалған ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, қайта жандандыру кезек күттірмейтін дүние. Тәуелсіз мемлекет болғанымызға отыз жылдан асса да әлі де «папалап, мамалап» жүргеніміз естіген құлаққа ұят. Асқар таудай әкені көк аспанға, көк тәңіріне теңеп «КӨКЕ!» деген ата-бабаларымыздың жолын жаңғыртып, көкке көтеретін уақыт жетті. 

Европаға еліктеп өз әкемізді «папалап» жүріп мағынасына мән бермейді екенбіз. Крест жорығын ойлап тапқан Рим папасын пір тұтып, өз әкесін папа десе «поп» деген сөздің түбірі хрестиян дінінің молдасы болып шығады. Қазақта жылқыны «қыру-қыру», сиырды «ау-хау», ешкіні «шөре-шөре», есекті «па-па» деп шақырамыз. Жылдамдау айтсақ папа болып шығады екен. Яғни, өз әкемізді есек шақырғандай болып жүргенімізді білмеппіз...

Бұл істе шаңырақ иелері – әкелерден де бір қайыр болуы тиіс. Сондықтан да баланы тәрбиелеу үшін өзінің тәрбиелі болуы басты міндет екендігін жас әкелер санасына сіңіре отырып, олардың да ой-пікірлерін тыңдап, көзқарастарымен санасу арқылы ортақ істегі түйткілдердің тиімді шешілу жолдарын іздестіре бермекпіз. Бұл игі жұмыстар жалғасын таба береді де.

Әке-шешенің баламен ақылдасуы, бір істі оларға тапсыруы да маңызды. Істің нәтижесіне емес, оған бел буып кіріскеніне баға берсеңіз, қателессе кінәламай, тығырықтан шығар жол көрсетсеңіз нағыз жанашыр әке болғаныңыз. Әке-шешесімен жұмысқа ерте араласқан бала ата-анасының қадірін біліп өседі. Халқымыз «Еңбегімен ер сыйлы» дейді. Еңбек ету – ер адамның абыройын арттыратын іс. Ер кісі үйленген сәттен бастап отбасының ас-суы, киім-кешегі, тұратын баспанасы, қысқасы, үйдің барлық шығыны мен қажеттіліктері отағасының мойнына жүктеледі. Өйткені отбасын асырау – әкенің міндеті. Ер адам салиқалы көркем мінезі арқылы үйдің тірегіне айналады. Еркектің көркі ақылында. Ер адам ешқашан ұсақталмауы керек. Ұсақталу – жігіттің қасыреті. 

Жастарға ақыл айту – қарыз, 

Өнеге үйрету – парыз, 

Тәжірибе ұқтыру – міндет, 

Бұл үшеуін айтпаса қарт кінәлі, ұқпаса жас кінәлі. 

Атадан жақсы ұл туса – елінің қамын жейді

Атадан жаман ұл туса – елінің малын жейді деген. 

Қарияларын қарттар үйіне апарып тастайтын тасбауыр қоғамға қарап тұрып, Бауыржан Момышұлының сөзі еріксіз есіңе түседі: «Оттан да, оқтан да қорықпаған Бауыржан едім. Енді қорқынышым көбейіп барады. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Немересіне ертегі айтып беретін әжелердің азаюынан қорқамын. Дәмді, дәстүрді білмейтін ұрпақ өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе кімді болса да шауып тастарға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әке-шеше жоқ» - деп аһ ұрған екен. 

Ел аузынан жеткен әңгімеде мынадай бір оқиға айтылады. «Құнанбайды босанарда анасы түс көріпті. Түсінде Өскенбай алтын сақаны үйіріп отыр екен. Анасы Зере ол алтын сақаны Құнанбай болар деп жориды. Зере анамыз: мен Құнашты бір күн дәретсіз емізіп көргем жоқ, бисмилла деп айтпай емізген мезгілім болған емес,» - депті. Міне, осындай өн бойы тазалыққа тұнған Зере әжеміздің тәрбиесін алған немересі Абайдың қандай биік тұлға екені баршаға аян. 


Дәстүрлі тәрбиеде бала анасынан мейірімділік пен даналықты, әкесінен өжеттік пен батылдық сияқты қасиеттерді бойына сіңіріп өседі. Сөзімді қорыта келе, бала бойындағы тұлғалық құндылықтарды қалыптастыруда әкенің ролі баға жетпес байлық екендігін насихаттау арқылы әкелер мектебінің жұмысын одан әрі жандандыруда жас әкелер тарапынан қолдау, қуаттау болатындығына кәміл сенемін және бірге жұмыс әстеуге шақырамын!

Жарылқасын Ергеш,

Түркістан облысы Сарыағаш аудандық «Әкелер мектебі» төрағасы