Қазыбек Иса Черчесовты тәубесіне түсірді
2024 ж. 28 маусым
901
5
Жақында ғана қызметіне кірісіп, тілшілерге арнап брифинг өткізген Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов қазақша сұрақ қойған тілшінің сауалына шамданған еді. Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, сынға ұшырады.
Кеше "Қазақ үні" ақпарат агенттігінде Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовты қатаң сынға алған сұхбаты жарияланған еді.
Аталмыш сұхбат қоғамның қолдауына ие болып, әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырды.
- Черчесовті шақырған шенеуніктер Қазақстанның 33 жыл бұрын тәуелсіздік алғанын біле ме? Білмесе, олардың да, Черчесовтің де есіне салып қою керек. Бұл баяғыдан айтып келе жатқан Мемлекеттік тіл туралы заң керектігі күн санап өшіп бара жатқанын, еліміздегі ең басты мәселе екенін көрсетеді. Бұл – халықтың футболға беріп жатқан миллиардтаған қазынасы, ешбір қайтарымы жоқ ақша, - деген еді депутат.
Сонымен қатар, Қазыбек Иса Мемлекеттік тілді білу талабын тек азаматтық алуда ғана емес, Ресейдегідей шетелден келгендер жұмысқа тұру үшін де міндеттеу қажет екенін атап өтті.
- Станислав Черчесов келген Ресейде мемлекеттік тілді білмесе футбол маманы тұрмақ, көшеде аула сыпырушы қызметіне алмайды. Бұл келіп шалқаяды. Қабылданған заңға азаматтық алғанға емтихан тапсырсын деп ұсынысты мен енгізгенмін. Соны дамыту керек. Енді тек Мемлекеттік тілді білу талабын тек азаматтық алуда ғана емес, Ресейдегідей шетелден келгендер жұмысқа тұру үшін де міндеттеу қажет, - деді халық қалаулысы.
Бүгін Черчесов инстаграм парақшасында өзінің қазақ тілін үйренетін мәлімдеді.
- Армысыздар! Достар, мен Қазақстанда, осынау қонақжай елде болғаныма шын қуаныштымын. Алда көп жұмыс бар, сол қиын істе қолдау көрсетулеріңізді сұраймын. Күшімізді біріктіріп ғана жоғары нәтижелерге қол жеткізе аламыз.
Бүгіннен бастап мен біздің қарым-қатынасымызда үлкен рөл атқаратын қазақ тілін үйренуді бастадым. Бүгін алғашқы сабақ өтті. Бұл маған елдің мәдениеті мен салт-дәстүрін тануға зор септігін тигізеді деп сенемін. Рақмет, - деп жазды Черчесов.
А. Тасқараұлы,
Қазақ үні