ҚЫЗ ТОРЫҒАН ҚЫЛМЫСКЕР
2024 ж. 24 маусым
564
0
Бiздiң түсiнiгiмiзде қызға құмар жiгiт болуы мүмкiн, қатынқұмар еркек болуы мүмкiн. Алайда, о заманда бұ заман, қыз торыған қанiшер кездеседi деу ешкiмнiң ойына кiрiп шықпайтын. Ел аман, жұрт тыныш жайлы заманның өзiнде ондайға да куќ болдық. Жә... бәрiн басынан бастап айтайықшы.
1988 жылдың күзiнде қазiргi Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң студенттерi кешке қарай көшеге шығудан қалды. Ол ол ма, Алматыдағы басқа оқу орындарының студенттерi де сол уақыттарда кешке таман ҚазҰУ қалашығына қарай аяқ аттап баспайтын болған. Себебi, студенттердiң арасын үлкен үрей биледi. Қас-қарайса болды, жатақханалардан ұзап кете алмай, топ-топ болып айналшықтап жүретiн де қоятын. Ал, қыздар жағы қонақтаған қарлығаштай, балкондарға шығып алып, айналадағы қалың қара ағаштың арасына үрейлене қарап тұруды әдетке айналдырған едi. ҚазҰУ қалашығында ай сайын бiр қыздың жоғалып кетуi естiген елдiң қай-қайсысын да бей-жай қалдырмаған болатын.
ҚазҰУ қалашығының жоғары жағында үлкен бақ бар-тын. Кешке қарай адам аяғы сирегенде, не жарық жоқ, не басқа жоқ, жабайы өскен қалың қара ағаш қап-қараңғы болып үрей тудыратын. Қас-қарая кiтапханадан қайтқан студенттер жалғыз-жарым болса да, амалсыз, осы бақтың жанынан жүрiп өтедi. Осыны жақсы бiлетiн қыз торыған қылмыскер ағаштың арасында тығылып тұрып, жеке-дара келе жатқан қыздарға тап беретiн болған. Күтпеген шабуылдан жан-дәрменi қалмайтын жалғыз қыздың аяқ-қолы дiрiлдеп, қарақшының қолында жемтiкке айналып кете барады.
Алғашында, бiрiншi қыз жоғалып кеткенде, шынын айтқанда, ешкiмнiң ойында ештеңе бола қойған жоқ. Тура бiр айдан кейiн екiншi қыз жым-жылас жоқ болғанда да, ауылына барып келе алмай қалды ма, тұрмысқа шығып кеттi ме, деген де қойған. Бұрын-соңды бұндай оқиға болмаған соң, жан-жақты iздеу салу ешкiмнiң ойына кiрiп шықпады. Тағы да тура бiр айдан кейiн үшiншi қыз ұрланып кеткен соң, студенттер аяғынан тiк тұрды. Күндiз күлкiден, түнде ұйқыдан қалған олар университет әкiмшiлiгiне қатты талап қоя бастаған.
– Сол уақыттарда бұл оқиға бүкiл Қазақстанды дүрлiктiрген оқиғалардың бiрi болды. Күз айынан бастап төрт ай бойы университеттiң маңынан ай сайын қыздар жоғалып отырды. Бұған студенттер наразылық бiлдiре бастады. Осыған орай университеттiң акт залында қалалық iшкi iстер басқармасының бастығы қатысқан үлкен жиын да болып өттi. Сонда студенттер мына мәселеге айрықша назар аударды. Қыздар әр айдың 21-22-сiнде жоғалып отырған. Студенттер iшкi iстер орындарына қатты талап қойды, – дейдi сол кездегi студент, бүгінгі белгілі ғалым Шәрiпбек Әмiрбек.
Ол кездерi студенттердiң комсомол жасағы деген болатын. Әр факультет сайын жиырма адамнан құралатын студенттер жасағы кешкi сегiзден түнгi он бiрге дейiн жатақханаларды аралап, ҚазҰУ қалашығының маңын шолып, студенттер арасында тәртiпсiздiк орын алмауын қадағалап жүредi. Сол кезде тарих факультетiнiң 2-курсында оқитын Талғат Мекебаев осы студенттiк комсомол жасағының төрағасы едi. Үшiншi қыз ғайып болғаннан кейiн жатақхана маңындағы қалың ағашты аралап жүрiп, үлкен құбырға тығулы жатқан бiр қыздың мәйiтiн тауып алған.
Осы оқиғадан кейiн iшкi iстер орындары iске бел шеше кiрiсiп, қатты бақылау, бiрнеше сынақтар жасайды. Тiптi, бiр милиционердi қыздарша киiндiрiп жiберiп, өздерi қараңғыда отырып аңдып та көредi.
– Бiздiң студенттiк жасақ қыз мәйiтiн тауып алғаннан кейiн iшкi iстер орындарының қызметкерлерi түрлi шараларды қолға алды. Олар мәйiтке қарап, қылмыс жасалған жердi шамалады. Алдында ойлағандай, қылмыскер Тимирязев көшесi жағынан емес, Әл-Фараби жақтан келе жатқан қыздарды ұстап алатындығы анықталды. Түн қараңғысы түсе, автобустан жалғыз қызды түсiрiп жiберiп, оны өздерi аңдып отыратын болды. Тiптi, өздерiнiң iшiндегi бiреуiн қызша киiндiрiп, қараңғы жолмен жүргiзiп те байқады. Күн демей, түн демей, олар көп еңбектендi, – дейдi бұл әңгiменi растаған Талғат Мекебаев.
Айналдырған төрт-бес айдың iшiнде ҚазҰУ қалашығы төрт қыздан айырылған. Iшкi iстер орындары қаншама әрекет жасағанмен, төрт қыздан кейiн де түк iстей алмады. Әккi қылмыскер артында iз қалдырмай жүретiн болған.
Арада бiраз уақыт өткен соң, келесi 1989 жылдың 28 маусымы күнi кешке қарай болған оқиға ғана қылмысты жағдайдың iзiн көрсеттi.
Сол күнi кешке «Весновка» өзенiнiң (баяғы және қазiргi Есентай) бойын жағалап қыдырып келе жатқан қыз бен жiгiтке аяқ-астынан бiр қандықол қарақшы тап бола кеткен. Сүйiктiсiн қызғыштай қорып ара түскен жiгiттi қылмыскер пышақтап өлтiредi. Ал, қызды ұрып жығып естен тандырып, жәбiрлеп, зорлап, тайып тұрған.
Өз-өзiне келген бейшара қыз болған оқиғаның бәрiн милицияға баяндап бередi. Қыз торыған қылмыскердiң түр-сипатының қандай екендiгi содан кейiн ғана, бесiншi қыз оқиғасынан кейiн белгiлi бола бастады.
Бүкiл Алматыны дүрлiктiрген жағдай бесiншi қыздың оқиғасынан кейiн барып басылды. Себебi, Университетская көшесiнде (қазiргi Шашкин) тұратын, 8 жыл түрмеде отырып келген қанiшер Иван Дмитриевич Манджиков көп ұзамай қолға түстi.
Ол кездерi бұндай мәселе ашық айтылмайтын. Сондықтан, сегiз ай бойы үрей құшағында жүрген студенттер қылмыскердiң ұсталғанын естiгенмен, олардың бiрде-бiрi бұл iстiң немен бiткенiн бiле алмады. Ал, Манджиков ұсталып, ату жазасына кесiлген едi.
– Коммунистiк қоғамға тән бiр нәрсе – болған оқиғаны жасырып ұстап, оның нәтижесiн жұртқа айтпау болатын. Мысалы, сол кездегi қыз өлтiргiш қылмыскер ұсталған соң, iстiң аяғы немен бiткенiн ешкiм бiлген жоқ. Менiң өзiм де кейiннен ғана ғалым-заңгер Сұлтан Сартаевтың бiр естелiк кiтабын оқып отырып бiлдiм. Арада талай уақыт өткен соң барып бiлiп отырмын. Бұл қылмыстың орын алуында iшкi iстер қызметкерлерiнiң де кiнәсi болған шығар, бiрақ менiң есiмде қалғаны – сол кезде ҚазҰУ қалашығында жарықтандыру мәселесi дұрыс жолға қойылмаған едi. Оны бiр жиналыс өткiзгенде, сол кездегi қалалық партия ұйымының хатшысы Шәрiп Омаров үлкен мәселе етiп көтерген болатын, – дейдi Шәрiпбек Әмiрбек.
Расында да, жоғары оқу орнын бiтiрген соң, туған университетiнде оқытушы болып қалған Шәрiпбектiң өзi қылмыскердiң қандай жазаға тартылғанын арада қаншама жыл өткеннен кейiн ғана бiлген. Ойда-жоқта белгiлi оқымысты, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигi, заң ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Сартаевтың «Ар мен дар алдындағы сөз» атты кiтабы қолына түседi. Сол кездерi Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Кешiрiм туралы комиссияның төрағасы болған Сұлтан Сартаев өз жазбаларында Манджиков мәселесiне айрықша тоқталып өткен едi. Сұлтан ағамызға бiз де жолығып, мәселенiң анық-қанығын сұрастырған болатынбыз.
– Қылмыскер Манджиковтың мәселесi маған жақсы таныс. Ол өлiм жазасына кесiлгеннен кейiн де өзiнiң ары атынан сөйлей алмады. Ары оянбады деуге болады. Ол өзiнiң кешiрiм сұраған арызында «Мен жаспын, ендiгi жерде мемлекетке зияным емес, пайдам тиер деп ойлаймын» деп жазды. €зi он екiде бiр гүлi ашылмаған қыздарды өлтiрiп отырып, өзiнiң өмiр сүргiсi келдi, – дедi Кешiрiм туралы комиссияның төрағасы болған Сұлтан Сартаев.
Кешiрiм туралы комиссияның төрағасы бола жүрiп, кезiнде жүздеген кiсi өлтiрушiнiң кешiрiм беру туралы арыздарын қараған Сартаев қыздардың қанын мойнына жүктеген Манджиковтың өз iстеген iсiне кешiрiм сұрамай, ату жазасынан аман қалу үшiн ғана арыз жазғанына қайран қалған едi. Оның кешiрiм берудi сұраған арызы қанағаттандырылмады.
Әнуарбек ӘУЕЛБЕК,
Қазақстанның Құрметті журналисі