Қисық жолдан қашан дұрыс жолға бұрыламыз?..

Қисық жолдан қашан дұрыс жолға бұрыламыз?..

Еліміздің бүгінгі ахуалы бір қарағанға жаман емес сияқты. Шын мәнінде солай ма?

Бір ғана көктемгі қардың суынан болған жаппай тасқынды алайық. Бұл біздің соңғы онжылдықта көріп отырған бірінші құқайымыз болмаса да, біз оны жан-жақты дайындықсыз қарсы алдық. Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы И.Әбішев өткеде бір сұхбатында: «Мен 2016 жылы бүкіл елдегі аудан әкімдерінің су қауіпсіздігіне қатысты орынбасарларын жеке-жеке қабылдап, ауыл әкімдерімен онлайн-хабарласып, қай елді мекенде қандай іс-шара жасалуы тиістігі жөніндегі жоспарды ТЖМ-іне өткізгенбіз. Алғашқы бір жыл сол жоспар бойынша қадағалау әрекеті жасалғандай болды, одан кейін ...ұмытылды! Сол жоспар орындалғанда бүгінгі жағдайдың 80%-зы орын алмас еді...» деген. Ең «қызығы», бұрын да, биыл да сол тасқынға қарсы әрекетсіздігі үшін бір де бір әкім ия министр жазаланбапты. Демек, келер жылы тағы да тасқын судың астында қаламыз деген сөз...

Былтыр қаңғыбас иттерді атуға болмайтын заң қабылдап, елді бір шулатып едік, сол кезде Ақтөбеде ер баланы иттер талап өлтіріп қойғанда да ешкім жауап бермеген болатын, биыл енді тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін әкімшілік жазаны қылмыстық жазаға ауыстырып, айды аспанға шығардық. Жазаны қатаңдатқаннан ешқашан қылмыс жойылып кетпейтініне АҚШ-тың үлгісі көз алдымызда тұрса да, барлық заңнама атаулыны европалық қалыпқа ауыстырып әлекпіз. Мыңдаған жылдық бай тарихы бар, нашақорлықты, маскүнемдікті, құмарпаздықты, барымтадан басқа ұрлықты, түрме атаулыны білмеген Қазақ елі деген ел болмағандай қимылдаймыз.

Бұл қаптаған қылмыстың бәрі неден шығады? Халықты буындырып отырған жұмыссыздықтан шығады. Шымкенттен 70 шақырым жерде «Орта Азияның қақпасы» атанған Арыс қаласы, екеуінің ортасында Қараспан деген үлкен ауыл бар. Екі елді мекеннен де Шымкентке баратын жолаушыдан оны апарып тастайтын такси көп. Себебі, басқа жұмыс жоқ! Жұрттың көбісінің жалғыз күн көріс көзі – астындағы ескі көлігі. Шымкенттің өзінде де сондай. Жаңасын алайын десе, «утильалым» машинаның жарты құнынан көп! Үкімет болса ондай «алымнан» тіріде айрылар түрі жоқ. Неге бізбен салыстырғанда «тас кедей» Грузия мен Армениядан машина тасимыз деген сұраққа бас ауыртпайды. Ал, Беларусьта жаңа көліктің ең жоғарғы «алымы» 816 рубль болса, бізде 7 155 000 теңге екен, 2571 есе қымбат!

Үкімет неге бұлай етеді? Жемқорлық жайлаған елдің министрлері басқаша істеп үйренбегеннен. Басшыларының айтқаны басқа, істегені басқа болғандықтан. «Экономиканы әртараптандыру», Стратегиялық, Үдемелілік деп аталған небір әдемі жоба, бағдарламалардың қасақана сөз күйінде қалдырылып отырғандығынан.  

Кезінде жазушы Дулат Исабеков экс-президенттен: «300 мың қытай деген не бұл? Осыған менің қабырғам қайысып жүр» деп сұрағанда: «Мен әрбір адамды есеппен алып отырмын. Оған қабырғаң қайыспай-ақ қойсын» деген екен. («ЕВРАЗИЯ-KZ», 29.04.2005)

Жеткен нәтижеміз мынау – қазақ мұнайының 45 пайызы қытайлықтардың қолында!.. Енді бүгін қытайларды елімізге визасыз кіргізетін болдық. «Сыртқы істер министрлігі: «Бұған дейін де 14 күнге визасыз кіруге рұқсат бергенбіз. Қаптап келген қытай жоқ» дейді. Бұрын келмесе, болашақта да келмейді деген сөз емес қой ол! Қытайдың ешқашан асықпайтынын, қазақтың еркегі үш жылдығын ойласа, қытайдың еркегі кемі үш жүз жылдығын ойлайтын ұлт екенін министрліктегілер білмесе де Президент Тоқаев өте жақсы біледі. Мысалы, Қытай 1949 жылдан бері еліндегі Шыңжандағы қазақтың барлық жағдайын жасап келді-дағы, сол саясатты бір-ақ күнде өзгерткен жоқ па?..

Елімізді жайлаған жұмыссыздықтың салдарынан жастар арасындағы ажырасу 40%-дан асып, біз бүгін Азияның алдына шықтық. Ажырасқан әйелге де еркек керек, ол өмірдің заңы, көпке топырақ шашпайық, дегенмен, солардың көбі болмаса да біразы күн көру үшін қалталылардың ойнасы болуға мәжбүр. Оны көріп жүрген ұл мен қыз намыссыз, жігерсіз, жасық болып өспегенде қайтеді? «Еркек бұзылса үй бұзылады, әйел бұзылса ел бұзылады». Исрайыл Сапарбай ағамызды «қайран қалдырған қазақ қыздары» кеше қандай еді? Европа мен Азияның «ең жақсы үйлерін» жаулап алған «эскортшы» қыздарымыз бүгінгі «қазақ қызы» қандай екенін әлемге паш етіп жүр...

Жүз мың адамға 20 суицид орын алса, психология ғылымында бұл ұлтқа төнген қатерлі жағдай болып есептеледі. Ол көрсеткіш бізде қырықтан асты, әлемнің алдына шықтық, бірақ, бұл биліктің қыртына да кірмейді....Бөлтірік шешеннің ағайындары, Ыстының жігіттері бір қызды алып қашып келгенде, Дулаттың жігіттері бұл жақтың жүз шақты жылқысын айдап кетеді. Бөлтірік барса Сыпатай батыр теңдік бермейді, қайта «қалың малдың қырық жетісін де қайтарасың» дейді. Шешеннің «ең болмаса жарлы-жақыбайдың біраз малы кетіпті, соларды қайтарып беріңіз» дегеніне де көнбейді. Күйіп кеткен Бөлтірік: «Әй, Сыпатай, бір қызыңның к... күбінің сақинасындай шыр айналдырдың-ау, тіпті!» депті. Сөз таппаған Сыпатай: «Қалың малы да құрысын, әкет, әкет бәрін!» деген екен.

Біздің телеарналар да Сыпатай сияқты, қазақтың әндерін неше түрлі атпен бергеннен басқаны білмейді. «Бес жұлдыз», «Егіз лебіз», «Жұлдыздар жекпе-жегі», таусылмайтын ойын-сауық, бітпейтін шоу, концерт. 

Бірақ, таяқтың ең үлкенін жеген қазақ тілі болды.1994 жылы «орыс тілі де мемлекеттік тіл болсын» деп талап қойған әйгілі Б.Әбілов, Р.Баталов, Н.Смағұлов бастаған 150 «жаңа қазақ» бүгін тұтас бір этносқа айналды және өздеріне өте жайлы (комфортабельно) өзге тілдік өмір-тұрмысын өзгертпес үшін ғана қазақ тілінің, демек, Қазақтың да тағдырын құрбандыққа шалып отыр. Олар – ісінің бәрін саналы түрде істейтін өзіміздің «көзқамандар»... Олардың «үлгісін» көріп отырған, «осылар бір нәрсені біледі» деп ойлайтын қарапайым қазақ ақымақ болып қалғысы келмейді – балаларын орыс мектепке береді; Астанадағы, Алматыдағы кез-келген көпқабатты үйдің ауласына кіріңіз, немесе автобус аялдамасына барыңыз, қазақтың тек орысша сөйлейтін үлкен-кішісін, бала-шағасын көресіз.

Бұл жайлы ұлт жанашыры Дина Имамбаева: «Сонымен, түрі қазақ, аты-жөні қазақ, бірақ қазақ тілін білмейтін және білгісі келмейтін тұтас бір қазақстандық ұлт қалыптасты. Қазақ ұлты басқа ұлт өкілдерін ассимиляциялаушы бола алмады. Қазақ тілі біріктіруші фактор бола алмады, болғызбады. Мемлекеттік тіл мәртебесі істе емес, сөз жүзінде қалды. Бұл тіл «кедейлердің, артта қалғандардың» тілі саналатын деңгейге жеттік. Отаршылардың 300 жылда соңына жеткізе алмағанын өзіміз-ақ жеткізетін болдық, неткен жетістік! Сонымен, жаңа субэтностың төңірегіне шоғырланайық дейміз бе, не дейміз...» деп жазса, журналист, сыншы Әмірхан Меңдеке былай дейді (ықшамдап бердік): «Шын мәнінде, қазіргі қазақ ұлтының басындағы тілге байланысты ауыртпалықтың алапаттығы соншалық, бүгін қазақ қақ жарылып, бүгін бірін-бірі бөгде санайтын, бірімен-бірі ортақ тіл табыса алмайтын екі ұлтқа, қазақтілді қазақ пен орыстілді қазаққа айналды. Екіншісінде қазаққа тән ұлттық тіл жоқ, ұлттық түп-тамыр жоқ, ұлттық өріс жоқ, ұлттық діл жоқ, ұлттық рух жоқ, ұлттық тін жоқ, ұлттық намыс жоқ… 

Демек, «орыстілді қазақтар» дегеніміз жаңа ұлт, жаңа халық. Жағдай күрделеніп, мемлекеттік мәселеге, ұлттық мәселеге келіп тірелгенде, орыстілді қазақтардың жалт беретініне ешбір шәк келтірмеуіңізге болады? Өйткені, қазақтілді қазақтар мен орыстілді қазақтарда ортақ энтелехия (ортақ рухтастық, ортақ тілеулестік, ортақ мүдделестік) жоқ. Ортақ энтелехия жоқ жерде ортақ ештеңе жоқ!

Қазақстанда орыстілді қазақтардың жаңа ұлт, жаңа халық ретінде өмір сүруіне барлық қажетті жағдай жасалған: орыстілді қазақтардың өз балабақшасы, өз мектебі бар. Саны да қазақтілдіден әлденеше есеге көп. Өз ақын-жазушылары, өз әртістері, өз телеарналары, өз телебағдарламалары, өз газет-журналдары бар (газет-журналдарының саны қазақтілді газет-журналдардың санынан 65 есеге көп!). Бұлардың мүддесін көздейтін өз саяси қайраткерлері, өз лоббистері, өз бизнесмендері, өз қаржыгерлері бар. Керек десеңіз, өз «көсемдері» де бар. Мысалы, Н.Масанов қазақ халқынан кешірім сұрады ма? Сұраған да жоқ, тәубеге келген де жоқ.

Тарихта бір ұлттың тілдік белгілеріне қарай екі, кейде үш-төрт мемлекетке бөлініп кеткені аз кездеспейді. Мұның алдын алудың бір-ақ жолы бар: орыс мектебінде оқып жүрген қазақтың ұл-қыздарын қазақ мектебіне ауыстыруымыз керек. Қалай? Әкімшілік жолмен! Егер, қазақ билігі қазақ тілінің мүддесін көздей алмаса, онда оның несі билік?! Егер, біз қазақ балаларын қазақ мектептерінде оқыта алмасақ, онда несіне ұлт атанып, халық атанып жүрміз?!

Қазақтілді қауым қазақ тілінің мұңы мен зарын айта-айта әбден шаршады. Шаршаған, қажыған жұрт бұрынғыдай ішкі зарын лақылдатып сыртқа төге бермейді, биліктегі дөкейлерге деген ренішін, ызасын ішіне жинап, ішіне бүге береді. Содан ішке жиналған ыза түйінді жараға айналады. Күбірткі сияқты. Ал, күбірткі…».

 Бір сөзбен айтқанда бізде дәл кәзір Ленин айтқан «жоғарыдағылар жаңаша басқара алмайтын, төмендегілер ескіше өмір сүргісі келмейтін төңкеріс алдындағы жағдайда тұрмыз»: қазақтың уранға ең бай кен орнын бір жеке кәсіпкер орыстың Ресейге 1,2 млрд. долларға сатып жіберуі, бірақ, қазақтың қазынасына одан бір теңге түспеуі секілді кез-келген олақ қадамы былтырғыдай оттықтың рөлін ойнап кетуі мүмкін. Сондықтан төңкерісті жоғары жақ өзі істегені жөн және ол рухани-мәдени және ғылыми-техникалық төңкерісті жүзеге асырар Ұлттық мемлекет құру түрінде болуы тиіс. 

«Ұлттық мемлекет» дегеніміз не? Рухы, мәдениеті, әдебиеті, діні, салт-дәстүрі қатаң, айнымас ұлттық негізде; білімі, ғылымы, техникасы дамыған халықаралық негізде құрылған мемлекет. «Жапондық үлгі» бір сөзбен айтқанда. «Адамның жеке басының құқығы» деген екі желеу, бір сылтаумен ешқандай ЛГБТ-ның елге кіруіне жол жоқ! Азғындықтың аты – азғындық, адам түгілі айуан бармайды оған. Шешетін мәселесі қалмаған, енді семіздікті көтере алмай өз еркімен жынданғандар өз елінде білгенін істей берсін, тек бізде шаруасы болмасын! 

Бір-екі жылдық нақты дайындықтан соң елдегі барлық аралас және орыс мектептерді қытайдың үлгісімен 1-сыныптан бастап қазақ тіліне көшіру басталады. Дәл осылайша дайындықпен мемлекеттік қызметтен бастап, барлық салада кезең-кезеңімен қазақ тіліне көшу жүргізіліп, ол мектеппен қатар он жылда толық аяқталады. Әлі күнге дейін заңның бәрі тек орыс тілінде айындалады деген сөз естіген елдерден ұят қой...

Сөйтіп, он жылда бүкіл Қазақстан бір тілді мемлекетке айналады. Бұл – біздің ұлттық құқығымыз, бұл – бүкіл әлемдік тәртіп, өн-жосық, сол себепті талдауға жатпайтын мәселе. 

Біз Ұлттық мемлекетке отыз жыл бойы ерекше езіліп-жаншылған қазақтың Рухын көтеру арқылы ғана жетеміз! Себебі, Рухы биік халық қана мақсатына жете алады. Ал, қазақтың Рухы – оның Тілі! Оның бары да, нары да – сол! Ел аман қалу үшін де ол «бір мемлекет – бір ұлт – бір тіл» деген дәрежеге жетуге тиіс екендігін бүгінгі Украинаның мысалы айдан анық көрсетіп отыр. Ал, біз еліміздің халқы қазақтың айналасында ұйысуы үшін ең алдымен өзіміз, бүкіл қазақ біртілді болып алуға тиіспіз. 

Өмірзақ Ақжігіт,

Қазақ үні