ҚАТАР ЖҮРГЕН КҮНДЕРДІ СЫЙЛАЙЫҚШЫ...
2024 ж. 18 маусым
543
0
1. «Атқораның» баласымыз
Біздің балалық шағымыз жақсы жағдайда өтті. Біз тұрған жер кеншілер қалашығы еді. Ақшатау деген. Тікелей Мәскеуге бағынып тұрды. Сондықтан да мұнда құс сүтінен басқасының бәрі табылатын.
Барлық жерлердегі сияқты Ақшатау да ойдым-ойдым аймақтарға бөлінетін. Қазақ ауылы, Киров, Базар, Расташиловка деген сияқты. Балалар шекіскенде көше-көше болып емес, ауыл ауыл болып төбелесіп тарайтын. Осы ауылдарға кіретін де, кірмейтін де бір өңір болды. Ол – Ақшатаудың атқорасы еді.
Кеніштің басында екі шахта орналасқан. Олардың арақашықтығы бес-алты шақырым. Атқораның арбалары осы екі ортада жүреді. Күндіз-түні. Өйткені шахталардың жүмысы тоқтамайды.
Ел ол кезде мал ұстай қоймайды. Өйткені дүкенде бәрі бар. Сондықтан да төрт түлікті көре бермейміз. Ал атқорада аттардың неше түрлісі кездеседі. Жүрдегі де, көткеншегі де, бірезуі де...
Сондықтан да қаратабандардың барлығы сонда жүреді. Қазағы да, орысы да...
Мен де сонда жүремін. Өйткені атқора біздің ауылға жақын орналасқан.
Дәулетбек Мақаш та сонда жүреді. Өйткені оның әкесі сонда істейді. Оларды бір-ак сөзбен «конюх» дейді. Аға конюх, конюх, кіші конюх болып бөлінеді. Дәукеңнің әкесі аға конюх. Біздің ауылдан онда екі адам істейді. Қасен деген кісі. Өте қарулы адам еді. Сонсоң Клестер деген неміс. Қазақшаға судай-тын. Ақшатауда бұл кісілердің тасы жүріп тұрды. Өйткені ағаш жеткізу керек, көмір түсіру керек... Көшіп қонғанда да осы арбамен жүреді. Сонсоң Ақшатаудың бар баласы осы арбаның айналасында жүреді. Майлау, сырлау жұмыстары осы балалардан артылмайды. Тіпті, бас білдіретін де солар еді. Конюхтардың жұмысы шахтерлердің жұмысымен бірдей бағаланатын. Олардың да омыраулары орден-медальға толы болатын.
Атқорада отыз шақты ат болады. Он шақты арба болады. Арбалардың өзі ұзынды, қысқалы болып бөлінеді. Қысқасымен көмір, цемент, кірпіш сынды заттарды тасымалдаса, ұзынымен тұрбалар тасымалдайтын.
Біздерді атқораның баласы дейтін. Өйткені біздер қашанда жаяу жүрмейміз. Орын болып жатса арбаның үстінде, болмаса белтемірде құсша қонақтап кетіп бара жатамыз. Жай балалар белтемірде отыра алмайды. Аунап түсіп қалады.
Дәулетпен алғаш осы атқорада таныстық. Әкесі Таңат марқұм кең пішілген адам еді. Әкеміздей болып кетіп еді. Ол кісілердің демалатын жайы болды. Кейде сабағымызды сол столда отырып жаза беретінбіз. Шай да ішіп жатамыз. Кейде ат айдауға рұқсат береді. Арбаның үстінде тік тұрып ат айдағанда тура зымыранмен кетіп бара жатқандай сезінеміз-ау.
Атқора жабылғанда біздер де кәдімгідей жыламсырап тұрдық.
Кейін ер жеттік. Қызметке іліктік. Сондай тұстарда анкета дегендер болады. Әкеңнің не істегенін жазу керек болады. Сондайда Дәукең:
– Таксистің баласымын, – деп қарап тұратын.
Оған ел сенетін еді.
Шынында да ол таксистің баласы еді. Таңат әкеміздің арбасының салдыр-гүлдірі болмайтын. Өйткені оның доңғалағы резеңкелі болатын. Кәдімгі тракторлардың доңғалақтарын салып алатын. Дәукең әкесінің мамандығымен осылай мақтанатын. Оның жылқы жандылығы осы атқорадан қалса керек.
Кейінде ол Қарағандыда, мен Ақадырда газетте жұмыс істедік. Журналистпіз. Күзге қарай:
– Шалға бір-екі арба шөп түсіре салшы, – деп қоңырау шалар еді.
«Зейнетттік демалысқа шығамын, Ақшатауға барамын, атқора саламын, немере-шөберелерімізді катайт етемін», – дейтін Дәукең қиялға ерік беріп.
Онысына кәдімгідей сеніп отырамыз. Өйткені ол төндіріп айтады.
Олар бір кіндіктен он төрт еді. Ал он төрттің үрпағына, әрине, екі-үш арба керек болады.
Дүниеге немересі келерде кәдімгідей абыржып жүрді:
– Ата болатын болдым, – деп...
Оңаша отырғанымызда:
– Бір қойдың етінен қанша табақ ет шығады, – деп сұрап қоюшы еді.
Ертеңінде келер еді:
– Шақыратын кісім бес табақтан асып тұр, – деп. – Оның өзінде қысқанда...
Тағы бірде: – Қойым дайын, – дейтін.
Бір күні өзіне өзі риза болып отырады:
– Жабағы соятын болдым...
Менің де бойымды бір жылы ағыс кернеген.
– Атқораның баласымыз ғой, – деп қосып қойды Дәукең.
Ол сол арманына жете алмады. Сол үлкен қуанышына санаулы күндер қалғанда бақилық болып кете барды.
Бүгінде Дәулет бауырымның бақилығына да бойым үйренген. Алайда оның Ақшатауға барып атқора салмақшы қиялы есімнен кетер емес.
Атқораның басқа балалары қалды ма екен?!.
Төрехан МАЙБАС,
жазушы
2. Қаламдас едік, қанаттас едік...
Әскер қатарынан оралған соң ҚазМУ-дің журналистика факультетіне табан тірегенімде соңғы курстағы Дәулет Мақаштың жатақхана коменданты Любовь Шаламаймен әңгімелесіп отырған үстінен шығыппын. Есі қалмай, мәз бола қауышқан соң қалжыңбас ағам әлгі апайға:
– Менен құтыламын деп қуанып жүр едіңіз, міне, інім жетіпті. Енді сіздің қалған жүйкеңізді осы тоздыратын болар, – деп әзілдеді.
Дәулеттің әдеби псевдонимі «Әжин» еді. Яғни, ол – әжесінің баласы-тын.
Қалт етсе ата қоныстары Сарытерек жаққа жөнейтін. Үлкендердің әңгімесіне құмар еді. Сөйтіп өзі де біртіндеп халықтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, сондай-ақ ескі кітаби тіл саласының білгіріне айналды. Мысалы, туған жеріміз Ақшатаудың атауы «Ақша отау», яғни, сонадайдан жарқырап көз тартқан ақшаңқан үй деген ұғымнан шыққанын әуелі осы Дәулеттің жазбалары арқылы біліппін.
Жылдар аралатып аудандық, облыстық газетте бас қосып тұрыппыз. Кейін түрлі республикалық басылымда қанаттаса еңбек еттік. Баспасөздің ауыр жұмысы арасында көркем әдебиетке ден қойдық. Дәулеттің де мойны газет «қамытынан» босаған емес-ті. Қай-қайсымыз да әр кез қара мақала жазуға мәжбүртінбіз – жұмысың сол. Шегетінің – қу бейнет. Бірақ тірлігіміздің мәні де осында-тын – бақытты шығармашылықтың азабынан тауыппыз...
Жасырақта редакцияда кежегең кейін тартып, ештеңеге зауқың соқпай «зерігіп» отыратын сәттер кездесетін. Сол ағам мұндайды ұнатсын ба, шыдамайды:
– Өй, неге отырсың?! Мынауың не? Бар кет, объектілерге жөнел. Ел-жұртпен жолық. Жаз! – деп қуады. Жас балаша аузын бұлтитып, қабақ түйе, көзінен от ұшқындап: «Қызық-ей! Текке отырып, шалбар тоздырғанға мәз!» – деп бұрқылдап ұрсып жүретіні күлкі шақырады. Ашуланатындай-ақ бар. Есіл уақытты ысырап қылу қай қисынға сыйсын. «Жүргенге жөргем ілігеді» дегендей, бір мезгіл кәсіпорындардың қыз-қыз қайнаған өміріне аралассаң саналуан мамандық құпиясының ұңғыл-шұңғылына көз жүгіртесің, сондағы істің қалтарыс-қырына үңіліп, ой-өрісің кеңейеді. Сөйтіп жазу үстінде өзің де өсіп, ширайсың, ішкі мазмұның байиды. Мазалаған көп түйткілдің жауабы табылады. Ысылып, тәжірибе шыңдайсың. Әмбе әр мақалаңа әжептәуір қаламақы төленбекші. Міне, осының бәрінен өз еркіңмен бас тарту ақымақтық болып шықпай ма.
Осындайда қаламгер мен кенші жұмысының ұқсастығы туралы ой туады. Екеуміз оқудан оқуға ауысатын тұстардағы «өліара» кезеңдерде Ақшатаудың шахталарына да бір-бір соғып, жұмыс істеп кетіп жүріппіз. «Диірменде туған тышқан дүбірден сескенбейді» дегендей, кеніш маңайында туып-өскен балаларға мұндағы іс онша бөтен емес-ті. Шахтер жер қойнауынан асыл қазына іздесе, жазушы да інжу-маржан сырды халықтың жан-жүрегінен сүзеді.
Оның айтқан ақылын жүре тыңдайтындай түр танытқанмен, қалтқысыз қамқорлығына іштей бас иер едім. Қара нар ағам, қаншалықты ауыр екенін біле тұра, адалдық жолынан айнымауға баулитын. Даңғаза-дақпырттан алыс, біртоға, шыншыл жігіт жеке өнегесімен-ақ сыпайылыққа, еңбекшілдікке үйретті.
***
Кейе түнделетіп автобуста тербеліп келе жатып ұзыннан-ұзақ көлбеген «Құс жолы» оттарына көлік терезесінен жалтақтап көп қараймын. Жыпылықтап күлім қағып, мың құбылған сол ертегі дариясынан бір-екі уыс көсіп алсам деп қиялдайсың. Қызыл-жасыл, сиякөк... кей тұста сап-сары, жалтыр қара... қошқылкүрең, қою күлгін өрнекке аппақ жолақ араласқан айшықты бояу көз арбап, әйгілі ұшқыш-космонавт, шебер суретші Алексей Леоновтың туындыларын көз алдыңа әкеледі. Алау жалқынға оранған ғарыш реңкі жеті қат жер астында яки мұхиттар түбінде жататын жақұт пен меруерт, ақық пен зүбаржат тастардың түсінен аумайды. Иә, галактика мен шахтада, сондай-ақ теңіз таулары қойнауындағы бояулар өңінде өзара байланыс, тылсым үйлесім бар! Ең қызығы, буырқанған сол бояулар қазір біздің де кеудемізде сапырылысып жүр.
Осыны сезінгенде, Құдай-ау, бұ не деген құдірет екен деп аңтарыласың. Он сегіз мың ғалам кереметі деген сол шығар; адам жанының құпиясы да күрделі-ау. Расында, әрбір кісі бір-бір әлем...
Уақыт неткен жүйрік, бір кездегі бұлдыраған ақ сағым арасында табаны жалтылдап желмен жарысқан балалар да жерорта жастан асты. Қиядан қияға қарай құйындай ұшып, сол зырлағанда арман қуып жүргенімізді білмеппіз.
Өкініштісі, Дәулет бауырымыздың сапары ертерек үзілген. Елу жасқа да жетпепті. Көйлегі ағараңдап қыр асып бара жатқандай еді, сонау сиқырлы бояулар ғаламына сіңгеннен қайтып оралмай қойды...
Құлан САҒАТҰЛЫ,
журналист
Қарағанды.