«БЕШБАРМАҚ» – ГОЛОЩЕКИННІҢ САЙҚЫМАЗАҒЫ

«БЕШБАРМАҚ» – ГОЛОЩЕКИННІҢ САЙҚЫМАЗАҒЫ

Алматыдан Астанаға көшіп келген жылдың күзінде тіркеуге тұру үшін Алматы аудандық ардагерлер ұйымының кеңсесіне бардым. Ұйым төрағасы Сайлаубек Дүйсенбекұлы жылы қабылдады. Соңында: «Тілімізге мүлдем жат «бешбармақ» сөзінен қалай құтыламыз? Ұлттың үлкен асымызға лайықты атау тапсаңыз, маған айтыңызшы» деді.

Сол әңгімеден кейін талай уақыт өтсе де қолданыстан қалмаған, тілімізді бұзып тұрған кесірлі сөз жайында ойды ортаға салу үшін қолыма қалам алдым. Өйткені жадымда жатталып қалған әкеммен екеуара болған бір әңгімені де жаңғыртқым келді. Әкем тоқсаннан асып, 1994 жылы дүниеден өтті. Бозбала шағында соқа сүйретіп, алғашқы серіктестіктерді құрысуға қатысып, ауыл басқарып абыройға жеткен. Соғыс жылдарында Сталинград, Ростов шайқастары отының өтінде жүріп, бір қол, бір аяқтан жараланып, бірінші топтағы мүгедек болып елге оралды. Мүгедек қалпымен шаруашылықтан қол үзбей, кеңшар басқарып, жылқышы болып, құрметті зейнеткерлікке шығып, баянды ғұмыр кешті. Мұның бәрін жазып отырғаным, ел десе, ішкенін жерге қоятын ерекше адал адам еді. Сұрапыл шайқаста опат болған туған екі інісінің өтеуіндей (әкем осылай дейтін) соғыстың соңын ала туған, кештеу көрген тұңғышы болғандықтан мені алабөтен жақсы көріп, өзімен қатар адамдай әңгімеге тартып, ішкі сырын ірікпейтін еді. Мен үшін бұл үлкен тәрбие, білім мектебі болды. 

Әкемнен осы «бешбармақ» сөзі жөнінде сұрағаным бүгінгідей есімде. Сонда: «Е-е, бұл Голощекиннің сайқымазағы ғой. Қазақ етті қолмен жейді деп, сондай ат қойыпты. Оны жандайшаптары қолпаштап, ел-жұртқа таратып жіберіпті. Үлкен асымызға таңылған жолбике атау содан бері жабысып, қалмай келеді» деп қынжылып еді. Халқымыз «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дейді. Ардақты асымызға түскен бір құмалақтай ана тілімізді былғап тұрған осы бір жолбике жамау сөзсымақтан арылуға халық болып жұмылатын уақыт жетті емес пе.

Сөзсымақ дегенім, «бешбармақ» қазақ сөзі емес. Орысша да емес, бірақ түп-төркіні орысшадан бастау алатын сияқты. Ойланып көрелік. Неге «бес» сөзі «беш» болып бұзылған? Орыс тілінде де бес сөзі бар. Мағынасы қазақшадан мүлдем бөлек. Мәселен «бес попутал», «беситься» (жын-шайтан түртті). С дыбысы ш-ға айналып (бешеный) кететіні де бар. Сөйтіп қазақша «бес» орысша «беш» болып кетті ме екен? Сондай-ақ бір қол саласында бір бармақ, төрт саусақ бар. Төрт бармақ қайдан келген? Шешуін тағы да тіл ерекшеліктерінен іздейік. Орыс тілінде бармақ деген сөз жоқ. Орысшада екі қол саласының бәрі саусақтар. Орыс тілінің ыңғайымен бір қолдағы бір бармақ, төрт саусағымыз түгелдей бармақ болып кеткендей. Қаласа, жер-судың, қала, дала, ауылдың атауларын, тіпті, кісі есімдерін өктемдікпен оп-оңай орысшаға өзгерте салу – кеңестік билікке тән тәсіл. Ендеше бірі ғана емес, барлығы бармақ болсын деген өктемдіктен «бешбармақ» шыққан сияқты. Қайдан қалай шықса да, тілімізге жат сөзді ұлттық тағамымызға таңып, іштей ұнатпасаң та «қыңқ» демей көніп жүре бердік. Енді арылуымыз, қолданыстан түбірімен жұлып тастауымыз керек.

Әр халықта еттен жасалатын тағам түрлері бар. Қазақта да қуырдақ, сірне, тағы басқалары баршылық. Дегенмен, иісі мұрын жарып, буы бұрқырап, қазы-қартасы, жал-жаясы мен жілік-омыртқасы төңкеріліп алдыңа келгенде тәбетіңді де, көз-көңіл қуанышыңды да әп-сәтте көтеріп жіберетін еттің орны бөлек. Ес білгеннен қазанда пісіп жатқан ерекше иісін сезгеннен-ақ «ет жейміз» деп қуанатынбыз. Келе-келе басқа ұлт адамдарымен аралас-құраластық көбейіп, оларға «Қазақша ет» деп түсіндіріп, осы атауға ден қойып, әбден үйрендік. Тоқсаныншы жылдары Алматы қаласының ірі мейрамханаларының қазақша-орысша жазылған ас мәзірінің (меню) тізімінен «Тайлық ет» («мясо по-тайски»), «Французша салат» («салат по-французски») дегендей, «Қазақша ет», «Мясо по-казахски» атауын оқып, қуанған едік. Бірте-бірте ас мәзірінің қазақша жазылуы да, «Қазақша ет» атауы да сирей бастады. Шынымды айтсам, көңілге қаяу түсіретін, ерсі естілетін «бешбармақ» атауын ұмыттырмай жаңғыртып, төрге сүйреп жүрген өзіміз бе деген де ой келді. Себебі, қазақта, шүкір, той көп. Болсын. Қазақ тойының салтанатын асырып, сәнін көтеретін қазақша ет тартылатын сәтте той тізгінін ұстаған асаба көтеріңкі дауыспен «ет дайын болды» деп хабарлайды. Кейде мәндеп-сәндеп «бешбармақ» деп әндете созып қосып қояды. Оған ешкім «мұның не» демейді.

Әңгіме төркіні ұлттың бас тағамы туралы болған соң, «сыбаға» атауы жөнінде ойымызды білдіре кету жөн сияқты. Өйткені, қазақы қонақжайлықтың үзілмейтін үлгісіндей «сыбаға» сөзі қағажу қалып жатқандай. «Сыбаға» – қазақы сый-құрметтің салты. Халқымыздың салт-дәстүрі көрініс беретін тойларда, әсіресе, екі жастың шаңырақ көтерген қызығында құдаларды шашу шашып, ерекшелеп қарсы аламыз. Ал табақ тартуда олар жалпымен бірдей болып қалады. Құдаларға табақтарын «Сыбаға» деп, жекелей хабарлап, зор құрметпен тартса, той сәні арта түсер еді. «Қазақша ет», «Сыбаға» атаулары қатар естілер еді, яғни, мейрамхана, дәмханаларда ас мәзірі тізіміне «Қазақша ет», «Сыбаға» деп жазылуы керек. «Қазақша ет» туралып, «Сыбаға» мүшелеп тартылады. Осылайша еттің ежелгі атауылары жолбике атаумен тарап кетуіне тосқауыл болар еді. 

***

Осы орайда көкейде жүрген тағы бір пікірді іркіп қалмайын. 

Көпшілік жиналған тойларда өзіміз куә болып жүрген және бір келең- сіздікті сөз етпес бұрын, думанды жүргізуші асаба мәдениеті туралы ойланып көрейікші. Салт-дәстүрге бай қазақ халқының өмірінде той-думанның алар орны ерекше. Осындай басқосуларымыз ұлттық мәдениетіміздің жарасымды көрінісі түрінде өтіп жатса, кейінгі ұрпаққа тәрбиелік мәні зор болмақ. Бұл ретте асабаға жүктелер міндет аз емес. Бір өкініштісі, көптеген асабалар өзі жүргізген тойдың осындай астарына үңіле бермейді. Сөзді асаба мәдениетінен қозғауымыз сондықтан. Біздің ойымызша, ол, ең алдымен – тәрбиеші. Бұл оның сценарийде белгіленген міндеттерінен тыс азаматтық парызы десе де болады. Қазақтың шешендік дәстүрінен бастау алатын тапқырлық, ойдың дәлдігі, әдептен аспау, сөзге тоқтай білу, тоқтата білу, аз сөзге көп мағына сыйғызу, бір мақсатқа жұмылдыру – осының барлығы асаба бойынан табылса, жиналған көпке де өнеге. Алайда сөз білгеннің жөні осы екен деп, төпелей берушілік бар. Қалыптасқан тұрақты сөз тіркестерінің, мақал-мәтелдердің, қастерлі ұғымдардың басын жарып, көзін шығарып дегендей қолдана беру тойларда әдеттегі нәрсеге айналып барады.

Дәстүрдің озығын алып, тозығын қалдырып отыруды білсе, асабалар ұлттық дәстүрді сақтаушы әрі дұрыс дамытушы рөлін де атқара алады. Қарызданып-қауғаланып, шабылып той жасаушы үйдің иелері асаба таңдауда осы жағына да мән бергені жөн.

Қалай дегенмен де, той өткізетін орын – театр сахнасы емес, өмірдің өзі. Халайықтың асын жөндеп ішкізбей, қайта-қайта ду қол шапалақты күштегендей етіп сұрап алу, өзін ғана тыңдатуға тырысу, кей ретте ұстамсыздық таныту асабаға да, көптің көңілін көтеруге қызмет ету үшін келетін әншілерге де жараспайды. Ұнатқан жағдайда халық өзі-ақ қошеметін білдіреді емес пе. 

Қолымызға қалам алуға мәжбүр еткен бұл жәйттер ғана емес, ең сорақысы, мемлекеттік рәмізді орынсыз қолданудың куәсі болуымыз. Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» туындысын әнұран болмай тұрғанда да әрбір адам сүйіп айтқаны, тойларда қосыла шырқағаны белгілі. «Ямаха» аспабына жазылған осы ән әуені бұрынғы мәтінімен, мемлекеттің Әнұран екеніне қарамастан тойларда ойналатын болып жүр. Мұны саяси сауаттың аздығының, ұлттық намыстың төмендігінің көрінісі демеске амал жоқ. Тойда отырған қауым Әнұранды естігенде не отырарын, не алақанын жүрек тұсына қойып түрегеп тұрарын білмей ыңғайсыз күйге түседі. Алдағы уақытта осындай жағдайға жол бермей, асабалар мен музыканттар сергек, ұқыпты болса дейміз. 

***

Ендігі бір сөз адамгершілік тұрғысында. 

Қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Әр адамның өмірдегі алатын орны да әр түрлі. Бірақ заң алдында адамның бәрі бірдей тең құқылы. Бір Алланың пенделері. Сондықтан адамның адамға менсінбей қарап, астамшылық жасауы көргенділікке, тәрбиелілікке жатпайды, адамның адамдығын тануда жағымсыз пікір туғызады. Әрине, теріс пиғылдан, жат ниеттен, адамнан келер пәле-жала, қауіптен сақтанудың жөні мүлдем бөлек. Жеке бастың не отбасының, ортаның мүддесін ойлап сақтану мен өзің секілді екі аяқты пендеге менсінбеушілік мінез көрсетудің арасы жер мен көктей. Әсіресе, қызмет бабын пайдаланып өзінен қызметі төмен, тұрмысы жұпыны адамдарға мұрын шүйіре қарауға бейім мансапқор, бишікеш шенеуніктердің кісі менсінбеушілігінің кесірі мол.

Бір іссапарда маған арнайы жолығуға келген мұғалім, төрт баланың анасы, үш жасар қызына балабақшаға жолдама сұрай барғанында білім бөлімі бастығының ар-намысына тиіп, қорлағанын, содан бері өз-өзіне келе алмай жүргенін қинала әңгімеледі. Бар жазығы, бірнеше рет барып бастыққа жолыға алмай жүргеніне жаны ашыған хатшы қыздың рұқсатымен сол жолы орнында отырған басшыға кіріп барғанында екен. Есігін ашып, амандасып, босағада тұрып қалған жас әйелге бастық жауап бермей алая қарайды. Күтпеген жағдайға тап болған әйел сасқалақтап өтінішін айта бастайды. Оның сөзін аяқтатпастан сазара түскен бастық «сен кімсің өзің, жап-жас басыңмен сумаңдап, ұятсыз!..» деп, ақырып аузына келгенін айтып, «менің алдыма прокурор, сот күні бұрын рұқсат сұрап кіреді» деп шіреніп, «шық та шықтың» астына алады. Сыртқа қалай атып шыққанын өзі де білмей қалған бейбақ ана есі шығып, бет ауған жағына жүре беріпті. Біраздан кейін ғана өмірінде естімеген ғайбат сөзге, көрмеген қорлыққа шыдай алмай екі көзіне ерік берген. Болған жәйтті үй-ішіне, әріптестеріне айтуға намыстанып, іштей құса болуға жақын қалған ол жылап отырып, «жап-жас деді-ау мені, менің төрт балам барын, мұғалім екенімді білгісі де келмеді» деп, мұңая берді. Қалай жұбатарымды білмей қиналып отырған менің санама сонда ұлы Абайдың «болыс болдым, мінеки, бас изеймін шыбындап» деген өлең жолдары орала берді.

«Адамның қандай екенін білгің келсе, бастық қой» деген мағынадағы ойды мегзейтін әңгіме естігенім бар еді. Бұл оқиға осы ойдың өмірден алынғанын дәлелдеп тұрғандай. Мұғалімдер мен шәкірттердің, жас ұрпақтың мүддесі үшін жұмыс істейтін мекемені басқарып отырған шенеуніктің қызмет бабын пайдаланып, алдына келген кісінің ар-намысына тиіп, моральдық зардап шектіруі – адамдық шектен шыққандық. Өзі сияқты адамды өзінен төмен санап, менсінбей қарайтын жағымсыз мінездің, жан ауыртатын келеңсіздіктің бұл бір ғана мысалы.

Адамдыққа шіркеу болатын, көлеңке түсіретін кісі менсінбеушілік мінез-құлық уыты, әсіресе, жас адамның бойына батпандап кірсе, оның отбасына, жүрген ортасына қат-қабат қиындық кірді дей беріңіз. Мұның тұрпайы әр түрлі көріністерін күнделікті тұрмыс-тіршіліктің әр тұсынан көріп те, сезіп те, естіп те жүргендейміз.

Педагогтер мен ата-аналар, мектепке қатысты мекемелер өкілдері бас қосқан бір жиналыста жолда жүру тәртібін бақылайтын полиция қызметкері өз сөзінде, жас ұрпақты адамды адам ретінде сыйлауға тәрбиелеуге ерекше назар аударды. Өзінің еңбек тәжірибесінен бір оқиғаға тоқталды.

Бірде ол елді мекенді жарып өтетін үлкен жолда сағатына жүзден асатын үлкен жылдамдықпен келе жатқан жеңіл машинаны дереу тоқтатуға ұмтылады. Біраз жер ұзап барып әрең тоқтаған автокөліктен жүргізуші бой көрсетпегенін байқап, жанына келсе, рөлдегі жас жігіт орындығында сілейіп отырғанын көреді. Мөлшерлі жылдамдықтан асып, жолда жүру ережесін өрескел бұзғанын ескертіп, жүргізушінің машинадан түсуін, құжаттарын көрсетуін сұрайды.

Полиция қызметкерін енді ғана көргендей жап-жас қазақ жігіті марғау күймен мойнын бұрып, төменнен жоғары сүзе қарап, орысша «сколько» деп, міз бақпай отыра береді. Қапелімде не дерін білмей қалған жол сақшысы өзінің баласындай жігіттің бүлк етпеген бетіне қарап, сәл уақыт сілейіп тұрып қалады. Осы сәт жүзіне тағы бір сүзе қараған жігіт шалт қимылдап, полиция қызметкерінің белдігіне бірдеңені қыстыра салып, машинасын ытқытып, зуылдап кете береді. Полиция қызметкері аузын ашып үлгергенше, оның қарасы көз ұшынан ұзап та кетеді. Алдағы постыға хабар жіберіп, енді белдігіне қараса, 20 долларлық көк қағазды қыстырып кетіпті. Қағаздағы сурет оған мырс-мырс күліп, мазақтап тұрғандай көрінеді. Үнжырғасы түсіп, орнынан қозғалып, жол шетінде жеміс-жидек сатып отырған қарияға «мынау сізге» деп, көк қағазды алдына қойып кетеді. Бірақ сол жігіттің «мынау адам-ау демей» сүзе қараған көзқарасы әлі де жанын ауыртып жүргенін жасырмады. Жастарды адамға тән жылылық пен мейірімге тәрбиелеуге шақырды.

Иә, жылылық пен мейірім – адамдықтың шынайы келбеті. Немқұрайдылық пен қаталдықтың, менмендік пен өзімшілдіктің қара өзегі іспетті кісі менсінбейтін тұрпайылық кім-кімге де абырой әкелмейді, ағайынды біріктірмейді. 

Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ, 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері.