МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ БАР САЛАДА ДАМУЫ ҮШІН МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ КЕРЕК!
2024 ж. 17 маусым
884
1
✅ Жасанды интелектінің негізгі сөздік қоры - Мемлекеттік тіл - Қазақ тілі болуы тиіс!
✅ Барлығы 100 мыңға жетпейтін (89 мың) мемлекеттік қызметкердің мемлекеттік тілді білмейтіндері 15 мыңдай десек, ол 20 миллион халықтың 0,01 пайыздайы ғана. Ресми мәлімет бойынша 20 миллион халықтың мемлекеттік тілді меңгерген 81 пайызы - 16 миллионнан аса халық. Ал 70 пайыздан асып кеткен тек қазақ халқының санының өзін алсақ, 15 миллионға жуық. Яғни, 15 миллион мемлекет құраушы негізгі халықтың 15 мыңдай мемлекеттік тілге миы жетпейтін “мемлекеттік қызметкерлер” үшін отыз жылдай уақыттан бері тілдік дискриминацияға ұшырап келе жатқан заңсыз масқаралығын тоқтататын уақыт жетті!
ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде өткен “Мемлекеттік тілдің цифрландыру мен ғылым тілі ретіндегі рөлін арттыру” атты кеңейтілген тақырыптық отырыста мемлекеттік тілдің рөлі кеңінен талқыланды.
МАМЫР АЙЫ -ТӘУІР АЙ БОЛДЫ
Жалпы, қорыта айтқанда, өткен мамыр айы тәуір ай болды еліміз үшін.
1.Мамырдың 16-сы күні Азаматтық алу үшін мемлекеттік тілден емтихан тапсыру Азаматтық туралы заңға
енгені Қазақ тілінің мерейін өсіріп тастады. Бұл отыз жылдан бері елдің күтіп келе жатқан заңы еді.
2.Дәл сол 16 мамыр күні ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде “Мемлекеттік тілдің цифрландыру мен ғылым тілі ретіндегі рөлін арттыру” атты кеңейтілген келелі жиын болды. Бұл еліміз бойынша мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жауапты басшылары қатысқан тақырыптық отырыс парламент тарихындағы мемлекеттік тілге арналған тұңғыш жиын болды.
3. ҚР Үкіметінің мемлекеттік тілді дамыту туралы ведомоствоаралық комиссиясы 2006 жылдан кейін қайта құрылды. 24 мамырда Еуразия университетінде комиссияның алғашқы отырысы өтті.
Азаматтық алу үшін Мемлекеттік тілден емтихан тапсыру туралы заң барлық БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде жаппай жарияланып, барлығы қуана қолдап, қоғам бір дүр сілкініп қалды.
Ал одан кейінгі Үкімет комиссиясы мен Парламенттегі мемлекеттік тіл туралы жиын жеткілікті деңгейде жарияланбады. Сондықтан осы олқылықтың орнын толтыру үшін алдымен Парламенттегі мемлекеттік тіл туралы жиын туралы материалдарды жарияламақпыз.
ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде “Мемлекеттік тілдің цифрландыру мен ғылым тілі ретіндегі рөлін арттыру” атты кеңейтілген тақырыптық отырысты Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов жүргізді.
ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмедзәки, ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмагелдиева, ҚР Цифрландыру вице-министрі Асқар Жамбақиев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл комитетінің “Тіл-Қазына” орталығы атқарушы директоры Мақпал Жұмабай, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы президенті Рауан Кенжехан және қоғамдық ұйымдар басшылары, тіл жанашырлары, ғалымдар мен заңгерлер сөйледі.
Біз бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Исаның сөзін жариялап отырмыз.
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ БАР САЛАДА ДАМУЫ ҮШІН МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ КЕРЕК
Біз әдеттегідей жайбарақат жүргенде, жақында ғана Жасанды интеллект күнделікті өмірімізге есікті қақпай-ақ, жұлқып ашып кіріп келгеніне көзімізді жеткізген бір оқиға болды.
Мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыру үшін жасанды интеллектінің маңызы өте зор екенін қазақ тіліне байланысты Фортебанктен шыққан шу дәлелдеп берді.
Еліміздегі Фортебанктың жұмысқа қабылдау үшін жариялаған хабарламасындағы “ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛУ МІНДЕТТІ ЕМЕС!” деген қорлық сөзден шыққан дау банктың кінәні тілсіз роботқа - жасанды интеллектіге аударып, қалың елден кешірім сұрауымен бітті.
Тіл үшін күрес - тілсіз роботқа кінәні аудара салуымен бітпейді. Жасанды интеллекті өзінің базасында, қорында не бар, соны жазады. Яғни, банктің сөздік қорында “ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛУ МІНДЕТТІ ЕМЕС!” деген сөз бар, тіпті, жеткілікті де, “ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛУ - МІНДЕТТІ!” деген сөз жоқ, өмірі болмаған! Мемлекеттік тілді талап ету - банктер түгілі мемлекеттік мекемелердің де көбінде жоқ!
Бұндай саяси қателік, Мемлекеттік тілдің рөлін жоққа шығару - тек Фортебанкте ғана емес, еліміздегі ең үлкен банк Халық банктен бастап, барлық банкте де бар. Тек қаржылық мекемелерде ғана емес, құқық қорғау органдарында да, министрлік пен әкімдіктерде, мемлекеттік органдарда да мемлекеттік тілдің заңсыздыққа ұшырап келе жатқанын жақсы білеміз. Сол үшін мемлекеттік органдардан бастап, қаржылық институттар мен мекемелердің бәрін тексеріп шығуы керек тиісті органдар.
Тиісті орындар тексермегесін, халық өз күшімен, қоғамдық ұйымдар мен тіл үшін күресуші белсенділер іске кірісіп, мемлекеттік тілді қорғайтын заңнаманың сақталуын талап етіп келеді.
Өмірімізге енді алапат қарқынмен ене бастаған Жасанды интелектінің негізгі сөздік қоры-Мемлекеттік тіл - Қазақ тілі болуы тиіс!
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев мемлекеттік тілдің рөлін арттыруды үнемі қолдап келеді. “Қазақ тілі ғылым тіліне айналуы тиіс” деп, тапсырма бергенін жақсы білеміз.
Жасанды интеллекті жаңадан өмірге еніп жатқандықтан, қазір қазақ тілінің жасанды интеллектінің тіліне айналу мүмкіндігі өзге тілдермен бірдей деуге болады. Ендеше мемлекеттің әкімшілік һәм қаржылық барлық ресурсын мемлекеттік тілге салып, цифрландыру мен жасанды интеллектінің негізгі тіліне айналдыруымыз керек.
Өткен жылдың аяғында тіл саласында бір жақсы жаңалық болды. Астанадағы Назарбаев университетінде елімізде тұңғыш рет қазақ-ағылшын, ағылшын-қазақ тіліне аударылған Оxford сөздігінің тұсаукесері өтті.
Бұл сөздіктің жарыққа шығуының маңызы зор!
60 мың сөзді қамтыған қазақша-ағылшынша және ағылшынша-қазақша OXFORD сөздігінің тұңғыш басылымын Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы дайындады. Жаңа қоғам төрағасы Рауан Кенжеханұлы бауырымыз көптеген облыстық әкімдіктердегі тіл басқармаларының жойылып кеткені жайлы дұрыс айтып берді.
Бізде цифрлық бағдарламалардың бәрі қазақ тілінде болуы тиіс.
Өйткені, ел қай тілде деректер қорынан іздегенін тез таба алса, сол тілді қолдануға мәжбүр.
Қазіргі жаһанды жаулап келе жатқан жасанды интеллектінің негізі, негізгі қоры қазақ тілі болуы керек.
Тағы да қайталап айтамыз, Жасанды интеллект енді еніп келеді өмірге. Сондықтан оның қазақ тіліне негізделуіне жағдай жасау керек үкімет.
Оксфорд сөздігі, қазақ тілінің цифрлық бағдарламалардың барлығына енуі, бұлар толығып жатқан ең қажетті материалдық базалар. Ең бастысы - саяси базамыз толығып, мемлекеттік тіл туралы заң қабылдануы қажет! Сонда ғана төрт құбыламыз түгел бола алады.
Форте банкті айтамыз, кезінде экс президентіміздің өзі де “Орысша сұраққа қазақша жауап бергендер жұмыстан қуылсын” деп, өзі қол қойған заңына қарсы шыққан…
Сол кезде біз, 2016 жылы “Қазақ үні” газетінде “ҚАЙ ТІЛГЕ ДЕ ҚАЗАҚША ЖАУАП БЕРСЕҢІЗ ЗАҢДЫ БОЛАДЫ” деп, қарсы мақала жазғанбыз.
Бірақ, банк дауы біткенмен, халық дауы бітер ме?
Қазақ тілі үшін күрес - Қазақ Елі үшін күрес біткен жоқ?!. Ол қашан бітеді?!.
Ол еліміздегі барлық жұмысқа, қызметке алу үшін “ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛУ МІНДЕТТІ ЕМЕС!” деген қорлық сөзден “ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛУ - МІНДЕТТІ!” деген заңдық сөзге ауысқан күні бітеді!
Ол үшін отыз жылдан бері қалың ел зарлап келе жатқандай, МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МІНДЕТТЕЙТІН ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ КЕРЕК!
Мемлекеттік тіл үшін дауды тек Мемлекеттік тіл туралы заң ғана тоқтата алады! Әйтпесе, осылай отыз жыл бір елді екі тілге бөлу арқылы екіге бөлгендіктен туып келе жатқан жанжал жалғаса береді. Оған бәріміз отыз жылдан бері нақты куә болып келеміз.
Бұл қазақ тіліне қарсыларға ұнасын, ұнамасын, иртышбаевтар инфаркт болып кетсе де, өмірдің ащы шындығы! Шындық ащы болғасын, Ақиқатқа қарсыларға ұнамайды! Біз бұған бәрібір келеміз! Ол тарихи да, табиғи да заңдылық!
Осы “ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛУ - МІНДЕТТІ!”деген талап болмағасын, мемлекеттік, квазимемлекеттік, жеке меншіктік болсын, барлық салада қазір сауатсыздар қаптап жүр. Мысалы, 2019 жылы Ислам Әбішевтің сотында Астана соты бір жарым бет қаулыдан 78 қате жіберді. Кез келген ауылдағы, құмдағы, таудағы мектептің бірінші сынып оқушысы бір беттен 78 қате түгілі 7 қате де жібермейді. Сонда біздің Астанадағы сотымыздың білімі қай деңгейде?
Кеше Бишімбаевтың сотында мемлекеттік тілдің шын мәніндегі сот саласындағы деңгейі көрінді. Әрине, бұл жерде Жоғары соттың бұл халықтың резонансын туғызған сотты тікелей эфирде көрсетуі жақсы үрдістің бастауы деп білеміз. Біоақ, елдің бәрі мақтап жатқан сот төрайымы мен прокурор екі қызымыз сотты мемлекеттік тілде жүргізсе, біреу қуып шыға ма, әлде сауаты жетпей ме? Ол сотты 20 миллионнан аса адам, яғни әлемнің бәрі көрді. Сонда олар ойлаған шығар, мынау сот Тәуелсіз Қазақстанның астанасында емес, Ресейдің бір губерниясында өтіп жатқан шығар деп.
Біздің соттың есті адам түсінбейтін “ерекше” талабы бар, айыпталушы қай тілді таңдаса, сот сол тілде өтеді деген. Бұл не сұмдық?!. Сонда айыпталушы шүршіт тілін таңдаса, сот шүршіт тілінде өте ме? Бұл “сот ісі мемлекеттік тілде өтеді” деген заң талабына қарсы ғой! Ал мейлі айыпталушы орыс тілін таңдасын, аудармашыны соған беру керек те, сот мемлекеттік тілде өте беруі тиіс қой!
Белгілі адвокат, қазір депутат Абзал Құспанның сот тіліне қатысты айтқан сөзі бар. Сот орыс тілінде жүріп, сотталғандар кейін, аппелияцияға берген соң, сотты қазақ тілінде жүргізгенде көбісі ақталып кеткен фактілер көп дейді. Өйткені екі тілдің табиғаты екі түрлі. Кеше Бишімбаевтың сыбайласы деп табылған Байжанов қазақша сөйлеп бастағанда, аудармашы не үшін, кімдерге қажет болды? Қылмыскер де, қаза табушының туыстары да түгел қазақтар ғой. Егер аудармашы қажет етпей, тек қазақ тілінде сот болғанда Байжановтың сотталған мерзімі басқа болуы да мүмкін еді...
Барлығы 100 мыңға жетпейтін (89 мың) мемлекеттік қызметкердің мемлекеттік тілді білмейтіндері 15 мыңдай десек, ол 20 миллион халықтың 0,01 пайыздайы ғана. Ресми мәлімет бойынша 20 миллион халықтың мемлекеттік тілді меңгерген 81 пайызы - 16 миллионнан аса халық. Ал 70 пайыздан асып кеткен тек қазақ халқының санының өзін алсақ, 15 миллионға жуық. Яғни, 15 миллион мемлекет құраушы негізгі халықтың 15 мыңдай мемлекеттік тілге миы жетпейтін “мемлекеттік қызметкерлер” үшін отыз жылдай уақыттан бері тілдік дискриминацияға ұшырап келе жатқан заңсыз масқаралығын тоқтататын уақыт жетті!
Мемлекеттік тілді міндеттеу - мемлекеттің міндеті!
“Бізде бір ғана мемлекеттік тіл бар, ол - қазақ тілі”, “Қазақстан азаматтары Мемлекеттік тілді білуі -міндетті”-деп, бірегей ұлт саясатын ұстанған ҚР Президенті Қ.Тоқаев айтқандай, бір ғана Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек!
Сонда ғана мемлекет басшысының айтқаны заңмен бекітіледі.
Тіліміз Тәуелсіздікке жетпей, ЕлімізТәуелсіз бола алмайды!
Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты