Асылжан ЕРЕКЕШОВ: АУЫРҒАН БАЛАНЫ ШЕТЕЛГЕ АЛА ЖҮГІРМЕГЕН ЖӨН

Асылжан ЕРЕКЕШОВ: АУЫРҒАН БАЛАНЫ ШЕТЕЛГЕ АЛА ЖҮГІРМЕГЕН ЖӨН

Бала денсаулығы – ұлт саулығы. Дені сау бала – ата-ананың баға жетпес байлығы. Осы орайда бала саулығын нығайту жолында өлшеусіз еңбек етіп келе жатқан медицина саласының майталман маманы, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма Төрағасының клиникалық қызметтер жөніндегі орынбасары, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс Бас неонаталды (нәрестелер) хирургы, қауымд.профессор Асылжан Ерекешовпен тілдескен едік. 

– Асылжан Әбубәкірұлы, медицинаның өзге емес, дәл осы неонаталды хирургия саласын таңдауыңызға не түрткі болды?

– Менің неонаталды хирургия саласын таңдауыма балаларға жан жүрегіммен жақын болуым себеп болған шығар. Шындығын айтқанда отандық нәрестелер хирургиясының халі осыдан он бес жыл бұрын мүшкіл болғандығын жасыра алмаймын. Елімізде туа бітті ақауы бар нәресте дүниеге келсе, оған тек «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» мамандары ғана көмек қолын соза алатын. Санитарлық авиация ол кездері енді дамып келе жатқан кезең еді, оған неонатолог мамандардың тапшылығы да кері әсерін тигізді. Республика бойынша қаншама нәресте ол орталыққа жете алмай жататын жағдайлар көп кезікті. Сондықтан, сол бір кезеңдерде туа бітті даму ақаумен дүниеге келген нәрестелерге отандық білікті мамандар жасаған отаның дені сәтсіз аяқталып жатты. Ал тіпті кейбір облыстарымызда ота жасайтын мамандар жоқтың қасы еді. Мәселен, 2010 жылы 218 нәрестеге ота жасалса, олардың 88-90 пайызы шетінеп кеткен. Оның үстіне операцияларды жасауға қажетті құрал-жабдықтардың өзі тапшы болатын. Осы жағдайдың барлығын көріп-біліп жүргендіктен, «өмірі қыл үстінде тұрған бір жапырақ ғана нәрестелерге қайтсем өмір сыйлаймын» деген ой маған маза бермеді. Осылайша неонаталды хирургия саласына түбегейлі бет бұрдым. 


– Осындай қысылтаяң шақта істі неден бастадыңыз?

–Жоғарыда атап өткендей, неонаталды хирургия саласында күрмеуі қиын мәселелер шаш етектен еді. Соған қарамастан, саладағы түйткілді мәселенің түйінін шешуге Мемлекет басшысы тікелей өз назарына алды. Сөйтіп, 2007 жылы Астана қаласындағы «Ана мен бала ғылыми орталығынан» арнайы мамандырылған Нәрестелер хирургиясы, қарқынды емдеу және анестезиологиясы бөлімшесінің ашылуына мұрындық болдым. 

Бөлімше ашылған сәттен біздің ең басты мақсатымыз – ел бойынша өмірге келген туа бітті даму ақауы бар нәрестелерге бірден ем жасау болды. Осы мақсатты жүзеге асыру жолында қаншама жүйелі жұмыстар атқарылды да.

– Ендігі жерде әңгімемізді неонаталды хирургияның қалыптасу кезеңі мен дамуы туралы өрбітсек...

– 2011 жылы, сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың тікелей бастамасымен, ең алғаш рет елімізде неонаталды хирургияның дамуы бойынша «Жол картасы» жасалды. Аталмыш картаны «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының шеңберінде жүзеге асыру көзделді. Шындығында бұл бағдарламаның ақсап тұрған саланың жұмысына қан жүгіртуге септігі зор болды десем артық айтқандық емес. Иә, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының аясында республика көлемінде нәрестелер хирургиясының дамуына ден қойылды. Бүкіл облыс орталықтарында нәрестелерге ота жасауға қажетті құрал-жабдықтар мен төсек-орындар алынды. Әр бір өңірден нәрестелерге мамандырылған көмек көрсететін арнайы мультидисциплинарлы топтар құрылып, Ресей, Израиль сынды мемлекеттердегі Үздік заманауи дамыған орталықтарға оқуға жіберіп, мамандардың кәсіби-біліктілігін арттыру ісі жолға қойылды. Осындай көптеген жұмыстардың атқарылуының нәтижесінде қазіргі таңда неонаталды хирургия қарқынды бет алды. Салада білікті мамандардың қатары көбейді, ауқымды істер атқарыла бастады. Нәтижесі де көңіл қуантарлық. Мысалы, Ресей мұндай жетістікке 40 жылда жетсе, біз 10-12 жылдың ішінде жетіп отырмыз. Мұның өзі отандық медицинаның заман талабына сай дамып келе жатқандығының көрінісі.


– Сөзіңіз аузыңызда дәрігер, айтыңызшы жылына туабітті ақаулармен дүние есігін ашатын балалардың саны қанша?

– Ел бойынша бүгінде жыл сайын 400-440 мың бала дүниеге келсе, оның 4,5 мыңға жуығы туа біткен ақаулармен туылады. Олардың жылына 1700-2000- на ота жасалады. Бұл туа біткен ақауларға қоса, шала туылған балалардың өзінің хирургиялық аурулары болады. Ол, никротикалық энтероколит, жүректің артериялары өзегінің жабылмауы, ретинопатия сынды аурулар бойынша шала туылған балаларға да ота жасалады. Сөйтіп жылына 2200 балаға ота жасалады. Қазіргі таңда өлім-жітім азайып, көрсеткіш 11-12 пайызды құрайды.

– Осы орайда, өзіңіз басы-қасында жүрген Қазақстанда бұрын-соңды жасалмаған бірегей операциялар туралы айтып беріңізші...

– Өткен жылы Қазақстанда екі бірдей үлкен ота жасалса, қазіргі таңда жоғары заманауи технологияларды қолданудың арқасында үш бірдей бірегей ота жасалады. Соның бірі – «Ана мен бала ғылыми орталығында»- өңештің туа біткен ақауына жасалған ота. Бұрындары нәрестелердің өңеш аралықтары алшақ болса, біреуін мойнынан, біреуін асқазаннан шығаратынбыз. Сөйтіп бала 3-4 жасқа келгенде өңештің орнына тоқ ішек қойылатын. 2022 жылдан бастап, орталықта эндовидеохирургия әдісін қолдану арқылы алшақ жатқан өңештің жоғары жағы мен төмен жағын біртіндеп тарту арқылы бір-біріне жақындастырып, арада 10 күн өткен кезде алшақ жатқан өңештің жоғары мен төменгі жағын біріншілік жалғастырып өңештің қалпына келтіруге мүмкіндік береді, ал ол келешекте балаға өңешті тоқ ішекпен аламастыру отасын қажет етпейді. Осы ота әлемнің 10 орталығында ғана жасалынады. Қазіргі таңда осы отаны менің шәкіртім, Ана мен бала ғылыми орталығының Нәрестелер хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Жеңіс Сакуов меңгеріп жасап жүр. Осындай шәкірттерімның еңбегін мақтанышпен айтқым келеді.

– Сөзіңіз аузыңызда Асылжан Әбубәкірұлы, балалар арасындағы тағы қандай аурулар бойынша тың тәсілдер қолданыла бастады... Осы туралы оқырман қауым біле отырса....

– 2008 жылдан бастап Қазақстан Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы ұсынған тiрi туу мен өлi туудың халықаралық өлшемдерiне көшті. Сол уақыттан бастап мерзімінен бұрын босанған және шала туылған балалар тіркеле басталды және тек соларға ғана тән хирургиялық аурулардың болатынын білдік. Жоғарыда айтылып өткендей, Республикалық орталыққа балаларды тасмалдаудың қиындығына байланысты елімізде бірінші рет Астана қаласында №1 Перинаталдық орталықта Нәрестелер хирургиясы бөлімшесін ашқан болатынбыз. Сол жерде жүктілік кезінде ұрығында ақауы анықталған әйелдер босандырып, бірден нәрестені басқа ауруханларға тасымалдамай, бөлімшеге ауыстырылып ем жүргізіле басталды. Анестезиолог, неонатолог дәрігерлер мен арнайы отадан кейінгі күтім жүргізетін мейірбикелер тобының қарқынды жұмысы арқасында елімізде нәрестелерге және шала туылған нәрестелерге жаңадан ота түрелері жасау мүмкіндігі жүзеге асты. Никротикалық энторокалипті де емдеу ісі қолға алынды. Өкінішке орай, бұл оталардың нәтижесі көңіл көншітерліктей деңгейде болмады. Оталар 600-800 граммдық балаларға жасалатындықтан, өте күрделі жағдайда өтетін. Сәтті шығуы неғайбыл болатын.

Сондықтан, никротикалық энторокалипті емдеу тәсілдерін жетілдіру үшін арнайы бағдарлама жасалды. Бүгінде «Никротикалық энторокалипті емдеу» бағдарламасымен Астана қаласындағы Екінші көпбейінді аурухананың Акушерлік-гинекологиялық бөлімшесінде тағы бір шәкіртім Нұржан Желдыбаев бастаған ұжым айналысуда. Егер бастапқы жылдары никротикалық энторокалипке шалдыққан нәрестелер 70-80 пайызды қамтыса, қазіргі таңда бұл көрсеткішті 22-27 пайызға дейін төмендеттік. Осылайша ауыр науқасқа шалдыққан нәрестелерге екінші рет өмір сыйлап, олардың дені сау ұрпақтың санатына қосылуына себепкер болудамыз.

– Білуімізше Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында да түрлі бірегей оталар жасалып жатыр. Солардың бірқатарына тоқталып өтсеңіз...

– Иә, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы – балалар хирургиясының қарашаңырағы. Қаншама білікті мамандарымыз осынау іргелі шаңырақтан түлеп ұшты. Бүгінде жыл сайын бұл орталықта 7500-ден астам бала ем алады. Жылдан жылға Орталықта хирургиялық араласулар саны артып келеді. Шағын инвазивті емдеу әдістері енгізілуде. Инновациялық хирургиялық араласулар балалар хирургиясы, урология, кадиохирургия және иентервенциялық кардиология, онкология, неонатология және жаңа туған нәрестелер хирургиясы бөлімдерінде, сондай-ақ гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау бөлімінде кеңінен қолданылады. Туа біткен даму ақауы (ТДА) бар жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсету үшін ПБХҒО-да 20 төсектік неонатология және нәрестелер хирургиясы бөлімшесі жұмыс істейді. Жоғары білікті хирургтар урологиялық, абдоминальды және басқа патологияларға шағын инвазивті бейне-эндоскопиялық араласуды қолданады. ТДА бар жаңа туған нәрестелердің өміршеңдігінің үлес салмағы бүгінгі таңда 83%-ды құрайды.

Ғылыми орталық 12 түрлі бағыт бойынша жұмыс істейді. Қазіргі таңда өздеріңіз білетіндей, орталықта өте күрделі оталарды жасау ісі жемісті жүзеге асып жатыр. Атап айтқанда, аталмыш ғылыми орталықта эндоваскулярлы хирургия тәсілідері тек балаларда ғана қолданылмай, нәрестелердегі бауырдың қан тамыры ісігіне елімізде алғаш қолданылды. Мағынасы - ісікті қанмен қамтамасыз ететін қан тамырларына бұғаттар қойылып, ісік кішірейгеннен кейін, минималды инфвазивті ота жасау арқылы бауырының зақымдалған бөлігін алынып тасталады. Бұл да үлкен жетістік. Бұл тек Қазақстан да ғана емес, Орталық Азия мемлекеттерінде бірінші рет жасалған ота түрі. 

Ақыры біргей оталар төңірегінде әңгіме қозғалды ғой. Сондықтан тағы да бірнеше операциялардың заман талабына сай жаңғырғанын айтқым келіп отыр. Мәселен, нәрестелер арасындағы көтенішектің бітеу боп туылуы кезінде ақау түріне байланысты, алғашқы 24 сағат ішінде бірінші ретінде тоқ ішек сыртына шығарылып қойылатын. Содан кейін нәрестеге бір жасқа дейін бірнеше ота жасалатын. Қазіргі таңда, көтенішекті бірден сыртқа шығаруға мүмкіндік бар. Мұндай оталардан кейін айналасы жиырма күннің ішінде қалыпты жағдайға келеді.

Біздің орталықты 2011 жылдан бері нәрестелердің жүректің туа біткен ақауларында оталардың «ашық» (жасанды жүрек қанайналымын қамтамасыз ету аппаратын қолдану арқылы) күрделі оталар жасайтын арнайы кардиохирург, кардиоанестезиолог, кардиореаниматологтар және мейірбикелер тобы құралып, бөлімше ашылған. Кардиохирургия бөлімінде жыл сайын 200-ден астам ашық жүрекке және 500-ден астам эндоваскулярлық операциялар жасалып, жаңа туған нәрестелерге жаңа өмір сыйлануда. Ол да біздің бір үлкен жетістіктерміздің бірі. Орталықта интервенциялық кардиохирургияны енгізгелі операцияларды ең аз жарақаттаумен орындау қамтамасыз етілді, араласулар нәтижелері жақсарды, өмір сүру ұзақтығы мен сапасы артты, балалардың мүгедектігі төмендеді.

Туа біткен жүрек ақауы (ТЖА) бойынша операция жасалған балалардың жалпы санының 66,7%-ы бір жасқа дейінгі сәбилер. Ашық жүрекке түзетулерден кейін ТЖА-ның емдеу тиімділігі 94%-ды, эндоваскулярлы емдеуден кейін 99%-ды құрады.

Сонымен қатар, 2017 жылдан бастап ПБХҒО ретинопатиясы бар шала туылған нәрестелерге аваскулярлық торлы қабықтың транспупиллярлық лазерлік коагуляциясы енгізілді және сәтті қолданылып келеді. Бүгінгі таңда 805-тен астам лазерлік коагуляция жүргізілді. Терапияның тиімділігі 96%-ды құрайды. Бұл дертке шалдыққан балалардың көзі көрмейді. Осы сырқатпен бетпе-бет келген нәрестелерге ота бұрындары лазер арқылы жасалса, қазір көзге инженерлік препаттар енгізу арқылы соқырлықтың алдын алуға мүмкіндік бар. 

Айта берсек, неонаталды хирургия бойынша жеткен жетістіктеріміз орасан зор. Қаншама уақыт бұрын балалардың өмірін қорғауды ең негізгі мақсатымыз етсек, осынау үдеден шығып келе жатқан жайымыз бар. Әлбетте мұның барлығы қаншама ерен еңбектің, ізденістің, жұдырық болып жұмыла білудің арқасы деп білемін. 

– Осы орайда нәрестелер арасындағы ең жиі кездесетін ауруларды атап берсеңіз...

– Жыл сайын 600 бала жүректің туабітті ақауымен дүниеге келетінін ескерсек, жиі кездесетін аурулардың көшін де осы ауру бастайды.

Сонымен қатар, 500 нәресте асқазан ішек жолдарының ақауларымен дүниеге келсе, 250-і зәр шығару жүйесінің ақауларымен туылады. Одан кейінгі кезекте орталық жүйке жүйесінің ақауларымен дүниеге келетіндер тұр. 

– Асылжан Әбубәкірұлы, айтыңызшы, нәрестелердің өміріне қауіп тудыратын аурулардың алдын алу бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

– Иә елімізде жүкті әйелдер жүктіліктің 12-ші аптасына дейін өздерінің жергілікті емханасына барып тіркеледі. Осы сәттен бастап олар гинеколог мамандардың бақылауында болады. Нәрестелердің туабітті пайда болатын ақауларының алдын алуға бағытталған генетикалық анализдер тапсырып, болашақ ананың бойына біткен баланың денсаулығы құрсақта жатқан сәтте-ақ егжей-тегжейлі зерттеледі. Сонымен қатар, туабітті пайда болатын ақауларды жүкті әйелдерге ультрадыбыстық зерттеу жүргізу арқылы анықтайды. Қазіргі таңда барлық өңірлердің перинаталдық орталықтарда ұрықтың қандай да бір ақауы болса оны анықтауға барлық жағдай жасалған. Жүктіліктің барын 12-13 аптасында бірінші скрининг арқылы анықталса, 20-шы аптасында ұрықтың бүкіл мүшелері мен жүйелері толығымен дамып бітеді, дәл осы кезде екінші скрининг өту нәтижесінде туа біткен ақаулар ультрадыбыстық зерттеу арқылы 80-90 пайызда анықтауға болады. Бұл бағытта арнайы жұмыс істейді. Жатыр ішіндегі баладан қандай да бір өміріне қауіпті аурулардың белгісі байқалса пренаталды консилиум мамандары жүктілікті тоқтатуға кеңес береді.

– Салада кадр тапшылығы бар екені белгілі. Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Балалар дәрігері болуға – ешкімнің жүрегі дауалай бермейтіні анық. Себебі бұл өте күрделі сала. Жүректің тазалығын талап ететін өте адал мамандық. Оның үстіне диагнозды дөп басу қиын. Өйткені, кішкентай балалар өздерінің қалай ауыратынын айта алмайды. 

Өздеріңіз білетіндей, 2009 жылы елімізде Педиатрия факультеті жабылғаннан кейін маман тапшылығы туындады. Үкіметтің жарлығымен 2018 жылы педиатр мамандары қайта даярлау қаулысы қабылданып, осы жыл қайтадан С.Асфендяров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінен 150 жас педиатр мамандары шығарғалы тұр.    

Ал балалар хирургиясына келер болсақ, бұл бағытта да мамандар өте аз. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша бас-аяғы 374 балалар хирургы жұмыс істейді. Олардың 42-сі ғана нәрестелерге ота жасай алады. 2007-ші жылдан бастап, шәкірттер дайындау ісін қолға алсам, бұл тұрғыдағы жұмыстар әлі күнге дейін өз жалғасын тауып келеді.

– Өзіңізбен әңгімелесу барысында бүгінгі дамыған медицина түрлі қауіпті дерттерді емдеуге қауқарлы екендігін аңдадық. Десе де көптеген ата-аналар бауыр еті баласының туа бітті ақаумен дүниеге келгенін айтып, дабыл қағып жатады. Тіпті, бірқатары көпшіліктен көмек сұрап, жанын қоярға жер таппай шыр-пыр болып жүр. Қоғамдағы осы бір өзекті мәселенің шешімін табудың қандай да бір тиімді жолы бар ма?

– Иә сұрағыңыз өте орынды. Бала – әрбір ата-ананың көз қуанышы. Өмірінің жалғасы. Кемел келешегі. Әрине балалардың туа бітті түрлі дертпен дүниеге келуі кез-келген ата-ананың көңіліне қаяу салары анық. Баланың саулығы өте маңызды десек те, нәрестесінің денсаулығымен сыналып жүрген әрбір ата-ана бірден шетел асып, ем іздеуге құмбыл болмаса екен деймін. Өйткені балалар арасындағы аурулардың 80-90 пайызының емі өз елімізден табылады. Мұндай жағдаймен бетпе-бет келген ата-аналарды мен өте жақсы түсінемін. Қайтсем де баламның дертіне шипа табамын деп басын тауға да, тасқа да ұруға даяр тұрады. Тіпті кейбірі үйін сатып, қомақты несие алып, баласының емі үшін шетел асып жатады. Ал енді бірі әлеуметтік желі арқылы халықтан көмек сұрап, өзге мемлекеттің ауруханаларынан ем іздеп жатады. Ал шындығын айтқанда, шетел мемлекеттеріндегі медицина ақылы болғандықтан дәрігерлер көп жағдайда қаржы мәселесіне көңіл бөледі. Соңғы жылдары осы жағдайға байланысты біріншіден қаражаты таусылған жағдайда баланы емін не тоқтатып немесе бітірмей ақ елімізге қайтарып жатқан жайлар бар. Екіншіден, мысалы, ота жасап шығарған балалардың әрі қарай емі, қайтада қалпына келтіру және әрі қарай бақылау, кейбір кезде асқынулар пайда болған жағдайда емі өз еліміздегі мамандарға жүктеледі. Осының салдарынан дәрігермен ата-ананның арасындағы түніспеушілікке әкелетін жайлар тағы бар. Осыны ата-аналар ұғынуы тиіс. Кеңес ретінде ата-аналарға айтарым, біріншіден - балаңызға жергілікті медицина ұйымдары қойған диагноз немесе ем күмән келетіретін жағдай туындаса ең бірінші кезекте олар еліміздегі Алматы, Астана сынды ірі қалалардағы түрлі денсаулық сақтау саласындағы ғылыми орталықтарға, ауруханаларға арнайы барып, өз диагнозын толық айқындап дерттеріне шипа алуы Мемлекет тарапынан заңды бекітілген. Екіншіден, иә, ілуде бір өте сирек ұшырасатын дертке шалдыққан балалар кезігуі мүмкін. Ондай науқастардың шетелде ем алуы үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Шетелге жіберу орталықтарының көмегіне жүгінуі керек. Аталмыш орталықтар қажетті кеңесті беріп, өздері қаржыландыра отырып, ем алуға тиісті арнайы жолдаманы беруге мүмкіндігі бар. Осы жағын ата-аналар қаперге алса деймін.

– Сөз соңында, жас отбасылар дені сау ұрпақты дүниеге әкелуі үшін оларға маман ретінде қандай кеңес берер едіңіз?

– Денсаулық – адамның ең басты байлығы. Бұл бәріне белгілі. Осы орайда отбасы құрылғаннан кейін, әйел адам дені сау ұрпақты өмірге әкелуі үшін ең бірінші кезекте өзінің де жолдасының да дені сау болуы керек. Ерлі-зайыптылар отбасын құрмай тұрып-ақ, салауатты өмір салтын ұстануы керек. Денсаулыққа залалын тигізетін дүниелерді тұтынбауы тиіс. Мұның барлығы бір қарағанда қарапайым дүние болуы мүмкін. Дегенмен келешекте дені сау ұрпақтың ата-анасы атанғысы келетін жастарымыздың барлығы өз саулығын сақтауға аса зор мән беруі қажет. Басқа нәрсені айтпаған күннің өзінде дұрыс тамақтанудың өзі адамның денсаулығын сақтауға зор ықпалын тигізетінін бүгінгі жастарымыз ескеруі керек. Сондай-ақ, әрбір адам өзінің жергілікті емханасына тіркеліп, жоспарлы түрде скринингтен өтіп тұруы тиіс. Бұл өз кезегінде адам бойындағы байқала бермейтін түрлі сырқатты анықтауға септігін тигізеді. Жалпы кез-келген әйел дені сау ұрпақты өмірге әкелуге мүмкіндігі бар екенін білсе екен деймін!

– Әңгімеңізге рахмет! Еңбектеріңізге жеміс тілеймін!

Сұхбаттасқан: Гүлмира САДЫҚ