Ақбота Мұсабекқызы: Түркістанда білім алу бақыты бұйырған жанның бірімін

Ақбота Мұсабекқызы: Түркістанда білім алу бақыты бұйырған жанның бірімін

Биыл Түркістандағы халықаралық білім ордасы Ахмет Ясауи университетінің Журналистика кафедрасының құрылғанына 30 жыл! Осынау мерейтой аясында аталмыш білім ордасының түлегі, «Ана тілі» газетінің бөлім редакторы, «Ақпарат саласының үздігі» Ақбота Мұсабекқызының лебізін оқырманға ұсынбақпыз.

Біз сол ұядан түлеп ұшқанымызға 11 жыл сырғып өте шығыпты. 2009-2013 жылдары ФЖК-911тобында білім алдым. Түркістан шахарына алғаш барғаным, ондағы адамдардың құшақ жая қарсы алғанын ешқашан ұмытпаймын. 2009 жылы Алматы қаласында мектеп бітіріп, мемлекеттік грант бұйырмаған соң, алыстан білім іздеуге тура келді. Барлық облыстар мен университеттерді зерттей отырып, Түркістандағы университетте жақсы оқыған студентке «түрік квотасын» алу мүмкіндігі барын білгенде, ойланбастан киелі мекенге аттандым. 

Анамның «алыста не бар, Алматыда ақылы-ақ оқи берші» дегеніне көнбедім. Мектепті жақсы оқып, мемлекеттік грантты ала алмағаным намысқа тиген болу керек, бір-ақ күнде құжаттарым мен чемоданымды алып жолға шыққанмын. Ол кезде Түркістанды мүлде көрмеген 17 жастағы қызбын ғой, өзге жерге кету өзіме де қызық болса керек. Құжатымды тапсыруға келгенімде, бағыма орай алдымнан жүзі жылы, мұртты кісі жолыға кетті. Алматыдан келгенімді, жалғыз жүргенімді естіп, құжаттарымды бірге тапсырды да, үйіне ертіп барды. Сол үйдің отанасы ыстық шай, ыстық бауырсақ дайындап әуре. «Бұл бала бізге Алматыдан келіпті, тек жақсы жақтарды көріп, алаңсыз қалсын деп ертіп келдім» деп түсіндіріп жатыр жолдасы. Университетте істейтін ағай екенін білгеніммен, оның кафедра меңгерушісі Бекжігіт Сердәлі екенін кейін білдім. Оқуға қабылданып, жатақхана алғанша көршісінің кіші үйін жалға алуыма да көмектесті. Осылайша «әу» дегеннен үлкен қамқорлықты көрдім.

Кейін қыркүйек айында оқу басталып, Сейдолла Садықұлы, Қуандық Оразбекұлы, Асхат Сәдібеков, Әтіркүл Тәшімова, Сақыпжамал Мұзаффарова және Әлия Білдәбекова ұстаздармен танысып, дәрісін тыңдай бастадық. Мен жоғарыда айтқанымдай ФЖК-911тобына түстім, бізде 10 түрік және 8 қазақ студент болды. Сабағымды жақсы оқып, ұстаздармен жақсы тіл табысқыныммен қатарластарыммен достасу өте қиын болды. Мен Алматыда еркін өскен, мектептен шығып қаланы шыр айналып газет-журналдардың редакцияларын аралап өскен баламын. Ал кішкентай қалада «анау болмайды, мынау болмайды, ұят болады, бөтендермен сөйлессең сөзге қаласың» деген нәрсенің бәрін мен «қысым» деп қабылдайтынмын. Енді екі қала, екітүрлі орта, үйренісу оңай болмады. Апта сайын анама асығушы едім. Дүйсенбі-жұма Түркістанда сабақта, сенбі-жексенбі автобусқа отырып, Алматыға кетіп қалатынмын. Жарты жыл осылай екі ортада қатынаумен болдым. Егер алғашқы жарты жылдықтан кейін «түрік квотасын» ала алмасам, анам айтқандай Алматыға ауысып ақылы-ақ оқимын деген ойда жүрдім. 

Бірінші семестр аяқталып, «түрік квотасының» конкурсы үшін бәріміз Мәдениет үйіндегі үлкен залға жиналдық. Университет бойынша барлық факультет, барлық кафедралардың үздік студенттерінің жалпы балдарын көрсете отырып, квотаны үлестіре бастады. Кезек журналистика бөліміне келгенде бәріміз қатты толқып отырдық. Алдымен жоғары бал деп менің аты-жөнімді көрсетті де, «түрік квотасының» иегері ретінде аталдым. Шынымды айтсам, не істерімді білмедім, қуанамын ба, өкінемін ба, түсінбедім. Өйткені «квота алмасам, Алматыға қайтам» деген ішкі дайындық та бар еді ғой. Бірақ «әу» баста осы квота үшін келгенімді ескеріп, қуандым, шүкір еттім. 

Осыдан кейін қатарластарыммен дос болу керегін, тіл табысып, тең жүру керегін түсіндім. Өйткені осы оқу орнын аяқтайтын болдым. Сонда да болмашы нәрсеге конфликт болатынын, болмашы нәрсеге бір-бірімізді жақтырмай қалатын кездер көп болды. 

Ұстаздардың бәрі керемет жандар болды. Соның ішінде екі ағайымызды ерекше атап өткім келеді. «Журналистика тарихы» деген пәннен Асхат Сәдібеков берді. Ол аудиторияға сұсты жүзімен кіріп келгенде, біртүрлі тіземіз дірілдейтін. Оның сабағын оқымай келетін студент кемде-кем еді. «Түркістан уәләяты» газетінен бастап сол кезгі газет-журналдардың тарихын, шыққан жылы мен редакторларын тізбектеп сұрағанда қателеспеуге тырысатынбыз. Кейін тіпті ұйықтап жатқан жерімізден оятып сұраса, көзді тырнап ашып жылдар мен редакторларды жатқа айтатын жағдайға жеттік. 

Мен кішкене бір нәрсе жазсам, балаша қуанатын ұстазым Сейдолла Садықұлы болды. «Алдымен адам болыңдар», «журналистиканы газеттен бастаңдар» деп ақылын аямайтын Сейдолла ағайымыз мені жазуға көп үйретті. Түрлі мақала, эссе, естеліктер жаздырып жүретін. Кейде «басқалар да жазбай ма, маған неге айта береді» деп келте ойлап кететінім бар, оның мені жазуға бейімдеп жүргенін кейін білдім ғой. 

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші бүгінде журналист ретінде елге адал қызмет етіп жүрсек, оның барлығы ұлағатты ұстаздарымыз берген тәлімнің арқасы. 30 жылдық мерейтой құтты болсын, құрметті біздің ұстаздар және осынау білім ордасының түлектері. Бәріңізге толағай табыс тілеймін!

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,

«Ана тілі» газетінің бөлім редакторы, «Ақпарат саласының үздігі».