Асхат Сәдібеков. ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖУРНАЛИСТИКА МЕКТЕБІНЕ 30 ЖЫЛ!

Асхат Сәдібеков. ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖУРНАЛИСТИКА МЕКТЕБІНЕ 30 ЖЫЛ!

«Ер түріктің бесігі» атанған Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің шәкірт оқыта бастағанына 33 жыл болыпты. Бұл оқу орнынан маман атанған түлектердің ұзын саны 75 мыңнан асып жығылады шамамен. Ал журналистиканың оқытыла бастағанына тура 30 жыл. Бұл саланың түлектері 700 ден асып қалады. 30 жылдық мерейтой қарсаңында Журналистика кафедрасының аға оқытушысы Асхат Сәдібековтің мақаласын оқырман назарына ұсынуды құп көрдік.

Біз 1995-1999 жылдары оқып, 2-түлек болып бітірдік. Ол кезде кафедра жаңадан құрылған болатын. Кафедраны құрушы, профессор С.Садықов. Біз оқып жүрген кезде практикалық база, студиялар әлі жасақтала қоймаған кез болатын. Бірақ сол кездегі «Түркістан тынысы» телеарнасы біздің кафедрамыздың қасында еді. Бізді кейде дәріс арасында апарып камерамен, телевидение жұмысымен таныстыратын. Біз соған да мәз болып жүретін едік. 

Біз бітіретін жылы радиостудия әкелді Сейдулла ағай. Тұтас радиокешен еді ол. Үлкен-үлкен аппараттары бар. Қазіргі біздің студенттерге жасалған мүмкіндік жоқ еді ол кезде. Бүгінде кафедрамыздың балансында соңғы үлгіде жинақталған 15 дербес компьютерлі мультимедия сыныбы бар. Телестудия, радиостудия, фотостудия, ол да бар. Барлық оқу студияларында қажетті жабдықтар бар. 

Қазіргі таңда біздің шәкірттеріміз емтихандарды шығармашылық үлгіде, диплом жұмыстарын жоба ретінде әзірлейді. Сюжет, деректі фильм, жарнама түсіру, газет-журнал шығару деген сияқты іргелі жұмыстар орындайды. Бұл өз кезегінде білімгердің теория мен практиканы ұштастыруына мол септігін тигізіп отыр. Бұдан бөлек 60-қа жуық медиамен келісім-шарт түзілген. Өндірістік тәжірибеден өту мәселесі де шешілген. 

Таяуда «Түркия телерадиокорпорациясында «TRT» 5 студент тәжірибеден өтіп келді. Ортақ меморандум нәтижесі бұл. Қандай керемет қазір. Қонақ үй, үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етеді. «TRT»-ге рақмет осындай жағдай жасап отырған. 

30 жыл. Қарап отырсақ көп дүниеге қол жеткізіппіз. Бүгінде кафедра құрамында үш толқын қатар қызмет етіп жатырмыз. Біздің ұстаздарымыз Сейдулла Садықов, Бекжігіт Сердәлі болса, олардың шәкірттері Әлия Білдебекова, Балзия Баешова, Молдияр Ергебеков және Мен. Ал, үшінші толқын біздің шәкірттеріміз Жанерке Хумар мен Ажар Ахмет. Кафедраның ғылыми әлеуеті 65%. Бұл процент сәл күнде 80-ге көтеріледі деп ойлаймын. Өйткені әне-міне қорғаймын деп отырған кіселер бар. 

1994 жылы кафедра құрылған уақытта, Түркістан кішкентай, елеусіз қалған қала еді ғой. Қазір білдей облыс орталығы. Түркі елдерінің рухани Астанасы. Бүкіл жағдай бар жастарға. Иә, Сейдулла ағай осы кезде мамандарды жан-жақтан шақырды. Біз тек журналистиканы бітірген кәсіби мамандардан дәріс алдық. Олар: Сейдулла Садықов, Бекжігіт Сердәлі, Әлімбет Бостанов, Әскер Исахов, Кемелбек Шаматаев, Айтқазы Байдәулетов, Досымбек Нысанбаев, Мырзантай Жақып, Балтагүл Оспанова, Сахыбжамал Мұзаффаровалар. Бұл үрдіс күні бүгінге дейін бір сәт бұзылған емес. 100% базалық білімі «журналистика» мамандар дәріс береді. Барлығы да практиктер. Жыл сайын пәндеріміз заман ағымына ілесіп жаңаланып отырады. Оның үстіне соңғы ашылған білім беру бағдарламасы да заман талабынан ашылды. «Сандық телерадиожурналистика» деп аталады. Бұл мамандық дәл қазіргі журналистика талабына жауап беретін кадрларды дайындауға орайластырылған. Бүгінде 2 курс білім алып жатыр. Осы ашылған мамандықтың заманауи дәрістерін меңгеру мақсатында өзім де 1 жыл АҚШ-та білім алып қайттым. Нью-Йоркте орналасқан «New York Film Academy»-де. Айтпақша бұл білім ошағына осы жыл 30 жыл толып отыр. Fred Silverman , Robert Francis Ferraro , Bill Einreinhofer , Evgenia Vlasova, Enrico Rosetti, Daniel Hernandez Alonzo , John Fider және ассистенттер Marina Williams бен Mara Tuleutayeva ұстаздарымды мерейтоймен құттықтаймын. Әрине мұның барлығы да, Отанымның, сосын «Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығының» маған берген мүмкіндігі. «Болашаққа» зор алғысымды білдіремін. Бірді айтып бірге кеттім ғой білем. Арасында мақтанып та кеттім-ау шамасы. Айып етпеңіздер. Сөздің реті келіп қалды.

30 жылдық мерейтой Түркістан Журналистика мектебіне құтымен, жақсылығымен келсін дегім келеді. Еліміздің һәм Түркия, ТМД елдерінің медиасында жүрген түлектерімізді де құттықтаймын. Сонымен қатар бүгінгі таңда журналистиканы қазақ, түрік, орыс, ағылшын тілінде оқып жүрген шәкірттерді құттықтап, дұрыс таңдау жасағандарына сендіргім келеді. Әрине егер өздері оқып отырса мен жазбаға, қалыс қалған тұстарды қоса жатар.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Журналистика кафедрасының 30 жылдық мерейтойы құтты болсын!

Асқат Сәдібеков, 

Журналистика кафедрасының аға оқытушысы