КӨРІНБЕЙТІН ЖҰЛДЫЗДАРДЫҢ СӘУЛЕСІ

КӨРІНБЕЙТІН ЖҰЛДЫЗДАРДЫҢ СӘУЛЕСІ

Биыл Түркістанның төрінде қоныс тепкен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Журналистика бөлімінің ашылғанына отыз жыл! Осынау атаулы датаға орай Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры,

ф.ғ.д, Түркістанның Құрметті азаматы Сейдулла Садықовтың мерейтойға арнайы жазған естелігін ұсынып отырмыз. Ұлағатты ұстаздың айтуынша бұл мерейтой шәкірттермен мақтанатын, марқаятын айрықша күн. Олай болса оқытушының жазбасына назар салсақ.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Журналистика бөлімінің ашылғанына отыз жыл! Міне, содан бері киелі Түркістандағы білім ордасынан жүздеген студенттер журналист мамандығын алып, егемен елімізде және күллі түркі әлеміндегі бірқатар бауырлас елдерде өз мамандықтары бойынша абыройлы қызмет атқарып жүр. 

Адамзат баласының тарихында әлдеқашан қалыптасқан түркі әлемі деген қастерлі ұғымның түпқазығы, рухани шаңырағы, ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауидың Отаны – қасиетті Түркістанда бабалар рухы мәңгі жаңғырығып жатыр. Түркістан – бойтұмар мекен, түбі бір түркі халықтары кие тұтар қара шаңырақ. Түркістан – тұнған шежіре. Оның киелі топырағы ғасырлар қойнауынан тарих болып күмбірлейді. Кезінде Қазақ хандығының астанасы болған киелі шаһарда жиырма бір ханның сүйегі жатыр... 

Журналистика мамандығы шаңырақ көтерген алғашқы жылдары кадр тапшылығынан бастап, оқулықтардың, оу құралдарының жетімсіздігі жанымызды жегідей жеді. Телерадио, фотостудиялар арман болды. Осындай қиын кезеңде оқытушылық мойын бұрған Әскер Исақов, Жұмабай Әбілов, Кемелбек Шаматаев, Әлімбет Бостанов (марқұмдар), Мырзантай Жақыпов, Бекжігіт Сердәлі, Досымбек Нысанбаев, тағы басқалар рухани астанадағы білім ордасында абыроймен қызмет етті. Дүниеден өткен бірқатар әріптестерімнің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай!... 

Қастерлі мамандықтың туы желбіреп тұр. Кезінде кафедра меңгерушісі ретінде қолдан келгенше қызмет еткен өзім де жетпістің жетегінде келемін. Кафедра ақсақалы ретінде негізінен өз шәкірттеріммен бірге қызмет етіп жүргенімді мәртебе санаймын. Бекжігіт Сердәлі филология ғылымдарының кандидаты, профессор, кафедра меңгерушісі Әлия Белдебекова филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Балзия Баешова, Молдияр Ергебеков ғылым кандидаттары, доценттер, Асқат Сәдібеков пен Ғалымжан Тәжібаев ғылыми дәрежені қорғау үстінде, тәжірибелі журналист Әтіркүл Тәшімова, ең жас оқытушы Ажар Ахмет, телевизияның айтулы мамандары Жанерке Хумар мен Самат Сүлей шәкірттердің сүйікті ұстаздары. 

Қазір болашақ журналистердің сапалы білім алуына толық жағдай жасалған. Телерадио студиялары талапқа сай жабдықталған, аудиториялар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Осы орайда соңғы жылдары кафедраның абыройлы биіктен көрініп жүргенін мақтанышпен айтуға болады. Айталық, Атамекен Ұлттық палатасының жыл сайын өткізілетін рейтингісінің 2021 жылғы қорытындысы бойынша Журналистика кафедрасы республика ЖОО-дағы 21 факультет, бөлімдер мен кафедралар арасында 6 орынға ие болды. Содан бергі жылдар нәтижелері көңіл қуантады. 

Кезінде қасиетті топырақтағы оқу орнының табалдырығын имене аттаған балауса шәкірттеріміздің арасынан тамаша журналистер, есімдері елге мәлім ақын-жазушылар шықты. Дәрістерімізді, ұстаздық ақыл-кеңестерімізді ибалықпен тыңдап өскен сол балғын шәкірттеріміздің жүздері әлі де көз алдымызда. Біз олармен мақтанамыз, ұстаз ретінде Аллаға мың да бір шүкіршілік етеміз. 

Қазір қалың оқырманға кеңінен танымал болып, әдеби ортаны мойындатқан ақын-жазушылар, журналист-публицистер Лира Қоныс, Айгүл Сейілова, Жолдыбай Базар, Үміт Зұлқарова, Алмат Алтай, Гүлмира Садықова, Нәзира Байырбекова, Жадыра Нармаханова, Дәурен Әбдіраманов, Замира Алдабергенова, Мәриям Әбсаттар, Нұршат Төкен, Асылбек Досалы, Айдар Құлжанов, Жәнібек Нұрышев, Нұргүл Тапаева, Ерболат Айнабеков, Ғабит Сапарбек, Мақсұт Айтжанов, Ақбота Мұсабек, тележүргізуші Ғани Жәпішев, радиожурналист Азамат Тілепов, тағы да басқа кезінде өзіміз үміт күткен сүйікті шәкірттеріміз біз аңсаған биіктен көрініп жүр. Шәкірттеріміз Мәлік Дәулетов пен Ғалымжан Сәрсеков Түркістан облысындағы қалалық және аудандық газеттердің бас редакторлары. Еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстаннан» бастап, барлық республикалық беделді газет-журналдарда, «Қазақстан», «Хабар», «Қазақстан-Шымкент», тағы да басқа телеарналарда, Қазақ радиосында, Ақпарат агенттігінде, Тәуелсіз басылымдарда шәкірттеріміздің абыроймен қызмет етіп жүргенін ризалықпен айта аламыз. Олардың қай-қайсысын болмасын қасиетті Түркістандағы ұлы бабалар рухы жебеп, қолдап жүргендей сезінеміз.

Жылдар жылжып өтіп жатыр. Кей-кейде түнгі аспаға ұзақ-ұзақ қарап жатамын. Миллион-миллион жұлдыздар... . Аспан дегеніңіз тұңғиық әлем. Шәкірттерімді көрінбейтін жұлдыздарға теңер болсам, олардан тарайтын сәуленің де өз ғажайып әлемі бар-ау. Бұл сәуле – Имандылық, Адамгершілік, елге деген шынайы Махаббат сәулесі болар. ...

Р.S. Шәкірттерім, әріптес жас достарым, білім ордасындағы Өздерің түлеп ұшқан Журналистика кафедрасының отыз жылдығын өзімізше атап өтуге ниет етіп отырмыз. Бұл мерейлі басқосуды 14 мамырға межеледік. Келіңдер, қара шаңырақта арқа-жарқа болайық! Біз Өздеріңді сағынып жүрміз. ...

Сейдулла Садықов,

Профессор