“Қазыбек Қаңтарға дейін де Қазыбек еді ақиқатын айтатын!”- Исабек Байкенжеев

“Қазыбек Қаңтарға дейін де Қазыбек еді ақиқатын айтатын!”- Исабек Байкенжеев

Осы қаңтар айының 9-жұлдызы түс ауа Сыр бойына іссапармен келген ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Қазыбек Исамен жүздесудің сәті түсті. Кездесу аудандық орталық кітапхана ғимаратында ұйымдастырылғаны да жөн болған екен, сәл ертерек барған біздер, төрде арнайы жасақталған орындағы ақынның кітаптарын парақтап, қысқаша өмірбаяны жайлы мәліметтерге назар аудардық. Ақындық қуаты «менмін» дейтін талайларды он орап аларлық азаматтың кітаптары аздау болып көрінді. Сірә, қорда бары ғана сол болса керек. Қалай болғанда да, қаламынан басқа қайраты жоқ көптің бірі емес, қайраты да, айбаты да бір басына жетерлік танымал тұлға. Көп жылдардан бері, көп уақыты мен күш-жігерін ең алдымен ұлттық мүдде тұрғысынан айтылар қадау-қадау ойларын ортаға салған мақалалар жазып, қала берді қалың елдің мұң-мұқтажын түгендеуге жұмсап жүрген оның том-том кітап жазуға уақыты қайдан болсын-ау деген ойға қалдым. Ұмытпасам, президент сайлауы науқаны қызу жүріп жатқан 2005 жыл ма екен, Шиеліге сол кездегі «Ақжол» партиясы серкелерінің бірі болған, өздерін тең төраға деп жариялаған (мейлінше, теңдесі жоқ тарихи қателік) Әлихан Бәйменов, Алтынбек Сәрсенбаев бастаған т.б жас саясаткерлер арасында қателеспесем, осы Қазбек бауырымыздың да төбе көрсеткені бар-тын. Көптеген қолдан ұйымдастырылған кедергілерге қарамастан, қалың көпшілік ықыласын өздеріне аударып кеткені анық еді. Сол жолы басқа өңірлерді қайдам, дәл осы Шиеліде ақжолдықтардың басым дауысқа ие болғаны тарихи шындықты біздер ұмыта қойғанымыз жоқ. 

Қоғамда орын алған кейінгі белгілі оқиғалардан соң да, сол топтың ішіндегі жас ақын осы Қазыбек өзінің негізгі бағыт-бағдарынан еш айныған емес. «Қошқардың шегінгені – жеңілгені емес» - дейтіндей, жалтақтамай-ақ, жалпақтамай-ақ жазуын жазып жүріп қайта ширыға түскендей. «Қазақ үні» газеті арқылы орнықты ой, байсалды пікірін білдірген талай мақала жарық көргенінен хабарым бар. «Бүгіндері біздің ауылдың адамдары да, үнді шәйі мен грузин шәйін дәмінен ажырататын болған...»-дегендейін-ақ, қалың жұртшылық бұрынғыдай арзан бедел үшін айтылған тәтті сөз, құрғақ уәдеге алдана қоймайтыны анық. Көпшіліктің Қазыбек Исаның жаңғақтай ділі қатты күрескерлік болмысын, Парламент мінберінен көтерген әрбір сөзінен, депутаттық сауалдары мен ұсыныс-пікірлерінен-ақ танитыны белгілі. Қайраткер тұлғамен кездесуге ауданның бетке ұстар ардагерлерінің түгелге жуық жиналғаны, сөз жоқ елдің де абыройы болғаны хақ. Сырттан келген қонақ қашанда сыншыл келеді. Осы тұрғыдан алғанда ауданымыздың жас, демократиялық үрдіспен жаңадан сайланған әкімі Нұржан Ахатов бауырымыздың да өзі алдынан шығып күтіп алып, інілік ізет көрсетіп ертіп келгені де жарасып тұрды. Мәжілісмен бауырымыздың тартынбай, бүкпесіз сөйлейтінін білетін ардагерлер де, алқа-қотан жайғасқан жастар жағы да жүздесуге әбден ықыласты, «Ана сұрақты сен қой, мына сұрақты мен қояйын» деген сарындағы өзара ұсыныстар да айтысып жатыр. Ардагерлер бірауыздылық танытып, ол қозғамаған тақырып жоқ, немесе жоқтың қасы, ауыл арасындағы кәкір-шүкір әңгіме қозғамауға пәтуәластық. Оған қандай сұрақ қоймақпыз? Алдымен тыңдайық, өзі де біраз нәрсені айтатын шығар деп түйдік. 

Солай болды да. Өзінің кіріспе сөзінен-ақ, ауданның жай-күйінен де хабардар, халқы мен толымды тұлғалары жөнінде толық мәліметі барын байқадық. Әсіресе, өзі атсалысып көтеріп жүрген мәселелер бойынша, мейлінше көпшілік ден қойып зейін салған тұшымды әңгіме өрбітті. Арамызда уақтысында жауапты қызметтер атқара жүріп, жүрдім-бардым жүздескен болып сөз басын елбасының ерен еңбегін насихаттаудан бастайтын, қызыл сөзден қуырдақ қуырған талай депутаттарды күтіп, шығарып салған ысқаяқ ардагерлер баршылық. Келмеске кеткір заманның өзгергенін де, сөздің парқын да танитын талғам-танымы бар олар, қолдарын кеудеге байлап, Құптаған нышанда бас изесіп үнсіз отыр. Уақыт жетіп, реті келіп жатса, байыпты ой, салмақты сөз саптауға да құмбыл екендері өзіме аян. Жанымдағы Тілеубек ақсақал: «қатарынан 5 сұрақ қоямын деп дайындалып келіп едім, бәрін айтып өткен сияқты ма, жаңылыса бастадым ғой...» - деп сыбырлайды. Мұны депутат ініміздің ә дегеннен-ақ аудиторияны толық үйіріп-иіріп әкеткенінің әсерлі де әдемі көрінісі деп бағалауға әбден болатын сияқты. Әсіресе, осы елдің төл тумасы болып табылатын Мұстафа Шоқайды, Еуропа халықтарының Орта Азиядан шыққан ең атақты да танымал, ең құрметті адам ретінде мойындаған жалғыз қазақ екенін; Лондондағы әлемнің ең мықтылары ғана сөйлейтін зор мінберден бір емес, екі рет сөйлеу құрметіне ие болған тұлғаға Еуропадағы ең мықты шығыстану институтында арнайы орын белгіленгенін айтқанда, басқаны қайдам, өзім көзіме еріксіз жас іркіп, білдіртпей ғана саусақ ұшымен іліп алдым. Сонау 2005 жылдың аяғында ауданның ішкі саясатын басқарған қызметімде атамыздың қайтыс болған күніне орайластырып жетімсіз бюджет қаражатына қосымша демеуші жігіттер тауып толықтырып, соңынан жыл сайын өткізілетін дәстүрлі шараға айналған Мұстафа Шоқай атында қазақ күресінен ең алғаш рет республикалық турнир өткізуге мұрындық болғаным ойға оралды. Сондағы алғашқы қомақты қаржы қосқан азаматтың да осы «Ақжол» партиясының аудандағы белсендісі болған кәсіпкер досым Оразәлі Бәйділдаевтың болғаны кездейсоқ сәйкестік емес екен-ау деген ой қорыттым. Рухани сабақтастық деуге келетін, әйтеуір бір байланыстың тіні көрініс табатындай.

Міне енді бүгіндері, Алаш идеясын ту көтеріп жүрген партияның өкілі ретінде де, жалпы ұлтжанды азамат ретінде де Мұстафа Шоқай есімін ұлықтау жайында, қазір 1 май аталатын туған ауылына есімін беруге депутаттық мандатымен қозғау салатынын айтқанда есіме тағы да осы мәселеге қатысты үш-төрт жыл бұрынғы оқиға жылт етіп қылаң береді. Кеңес өкіметінің символындай атауға ие сол ауылға Мұстафа Шоқай есімін беру жайлы түскен ауыл тұрғындарының ұсынысы, өкінішке орай, сол кездегі аудан ардагерлеріне толық ықпалы жүріп тұрған бір әсіре белсенді ақсақалдың табанды қарсылық көрсетуімен аяқсыз қалып еді. Басында әбден ықыласты болған аудан әкімінің сол кездегі орынбасарының да меселін қайтарып екпінін басқан, басқа да (оның ішінде өзіміз де бар) көзі қарақты азаматтар табандылық таныта алмағанымызды келер ұрпақтың қалай бағаларын кім білсін? Мұндайда қазақ «жер хабар бермесін» дейді, марқұмның сондағы уәжі: «Орталықта бір ескерткіші тұр, өзге ру өкілдерінің өкпесіне қалып не керек?..» деген сарындағы сырғытпа сөз. «Өмірінде бір кітап оқымаған адамның сиқы мен сықпыты осы болса не дауа?»-деп бастама көтеріп жүрген тағы бір ағамыздың күйіп піскені күні бүгін көз алдымда. Әлем мойындаған Тұлғаны рулық деңгеймен өлшеуден арыға ойы жетпейтін ондайлар әлі де жоқ емеске ұқсайды. Елді естілер емес, ептілер басқаратын заманға талақ айтып тас талқанын шығарып жүрген от ауызды, орақ тілді Азамат алдымызда отырғанда да селт етпей, салқынқанды сабырлық танытып отырғандар болмай қойған жоқ. Кертартпалық көрініс деуден аулақпын әрине, бірақ осы мәселенің үлкен рухани күш қуатын байыптауға көпшілік саяси-мәдени деңгейінің әлі де жете бермейтіндігі ойландырарлық жағдай десек артыық сөз болмас. Яғни, Алаш ардақтыларын мемлекеттік дәрежеде кеңінен насихаттауда кемшін тұстардың орнын толтыру қажеттілігінің айқын дәлелі. Қалай болғанда да осы мәселенің ұшқыр ойлы, ұлтжанды мәжіліс депутатының өз аузымен айтып отырғанына шын қуандым, уақтысы келген мәселенің оң нәтижесі болып қалар деген үміт пен сенім ұялаған көкірекпен кең тыныс алғаным рас. 

«Жылқыда да жылқы бар – қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар – азаматы бір бөлек!» дегендей, Қазыбек Исаның жөні бөлек, тұлғалық тұтастығы көрініп тұрған қаламгерлігінен қайраткерлігі басым азулы Азамат. Қазақтың бұрын соңды тарихында ақындар көп. Бірақ оның бәрі «Алаң да алаң, алаң жұрт...» деп аһ ұрған қарға бойлы Қазтуған емес. Шүкір, мемлекет басшысының саяси реформасынан кейінгі сайлаудан соң, елдік мәселелерді батыл айтатын, батырып айтатып жүргендердің қарасы толыға бастағандай, Бірақ, олардың барлығы да қанды қаңтардан кейін қара көрсеткендер деген ел ішінде ұғым қалыптасқаны жасырын емес. Ал Қазыбек Қаңтарға дейін де Қазыбек еді, алдаспандай қиып ақиқатын айтатын! Бұл өз пайымым. Шындықтың бетіне тура қарап, Парламент мінберінен турап сөйлейтін қаламгерлер ортасынан шыққан жалғыз жартас. Жалпақ жұрт, қалың ел білетін бұл шындықтан ешкім де, ешқашан да аттап өте алмасы анық. Ақынға тән арқасы ұстап, иығын қомдап, тілін безеп тістеніп сөйлей бастағаннан билік басындағы кейбіреулердің кіржиіп, үркіп отыратынын көрген көзде жазық жоқ. «Өзіне зор, халқына сор...», «Сенгені мұнай, өздері құдай...» деген сияқты небір бейнелі сөз, таптырмас теңеулер, шымшыма сөздермен түйрегенде айызың қанып риза болатының соншалық «Ей-ии, бәрекелді Азамат!!!» деп орындарынан тұрып кете жаздайтындар жалғыз мен бе екен, қуана қолдайтындардың сырдың қамысындай қалың болатынына күмән жоқ. Көпке қолжетімді әлеужеліге қарап отырып, сәті түсіп жолыға қалсақ, осы ризашылылебізімді көзбе-көз білдірер едім–ау деген ойдың үдесінен шығар кез келіп тұр деген ойға мықтап бекіндім. 

Қалың ойдың қамауында өз-өзіммен болып отырып аңғармаппын, ардагерлер мен жастар арасынан қойылған бірнеше сауалдарға жауап берген мәжілісменді көпшіліктің әзірге босата қоймасын аңғарған модератор қарындасымыз асықтырып, кездесуімізді жабық деп жариялап та үлгерді. Сыпайылық сақтап, қол көтеріп ишарат жасаған маған сөз тиетін түрі жоқ, көрсе де көрмегенсиді. Амал жоқ, регламентті бұзуға тура келді. Модератордың тоқтатуды өтінген ишарасына да қарамай созалаңдап орнымнан тұрдым. Тосылып қалған қарындастың тоқтатыңыз дегендей созған қолының ауада ілініп қалған шарасыз сәтін пайдаланып сөзімді жалғадым:

- Айналайын қарындасым, менің аты жөнімді жазбай-ақ қойыңыз? Менікі сұрақ емес. Бір ауыз лебіз білдіруге мүмкіндік беріңіз, - деп Парламент депутаты Қазыбек Иса інімізге арнап осы жаңа ғана ойға оралған қысқа ғана сөзімді арнаған болдым. Сөзімнің соңы мәжілісмен ініміздің жайдары жымиысы мен басқалардың ду қол соққан шапалағымен аяқталғанына қарағанда дұрыс қабылданған да секілді. Сөйтіп, өз- өзіме берген уәденің үдесінен шыққан әсермен шығып жүре беріппін. Ой, әттеген-ай...Тым болмаса бірге суретке де түспеппін-ау деген өкінішті ой мазалайды. 

Исабек Байкенжеев, 

Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы,

еңбек ардагері.