СЫРДА АЙТЫЛҒАН СЫРЛАР КӨП

СЫРДА АЙТЫЛҒАН СЫРЛАР КӨП

Сыр өңірінде депутаттық іс-сапармен ел аралап жүрген ҚР Парламент Мәжілісіндегі депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса Жарылқасынұлы 2024 жылдың 10 қаңтарында Қызылорда қаласындағы "Достық үйі" орталығында қаланың зиялы қауым өкілдерімен кездесті. 

Кездесуді Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы Алмасбек Есмахан жүргізіп отырды.

Кездесу барысында Қазыбек Жарылқасынұлы "Ақ жол" партиясының атқарып жатқан жұмыстары мен көтеріп жатқан депутаттық сауалдары бойынша жиналған жұртшылыққа ақпарат берді.

-Киелі Сыр еліне, жыр еліне келіп қалдық. Қорқыт бабаның қобызының үні естіліп тұратын қасиетті өңірде қазақтың біртуар асылдары аз емес.

Қазақтың маңдайына біткен мұзбалақ көсемі Мұстафа Шоқайдың, атақты әнші, балуан Иманжүсіптің, сырнайынан саз саулаған саңлақ әнші, ақын Нартай Бекежановтың, тарлан тұлғалар Асқар Тоқмағамбетов, Әбілда Тәжібаев, Қалтай Мұқамеджановтардың, екі рет Еңбек Ері атанған Ыбырай Жақаев бастаған елуге жуық Еңбек ерлерінің елі бұл. Оқшы, Асан аталар жатқан жеті әулиенің жері бұл!

Осындай алыптардың ішінде Тұранның тұлғасы, Алты Алаштың ақиығы Мұстафа Шоқайдың атын кешегі өзі туған Шиелі ауданындағы Кеңес империясы кезеңінен қалған “Бірінші май” деген ескі атпен тұрған ауылына беру керек деп кеше ел алдында айттық. Мұстафа Шоқайдай мұзбалақ көсемнің атын ауылға да, ауданға да берсе де артықтық етпейді. Бұл жерде де осы мәнді мәселеге назар аударамыз. Бұл Тәуелсіздігіне 32 жылдан асқан Қазақ Елі үшін идеологиялық зор мәні бар мәселені ел де қолдап, Парламентке біздің атымызға келіп жатқан хаттар аз емес. Кеше ғана менің осы елге келе жатқанымды есіткен Шиеліден шыққан қайраткер, кезінде екі рет парламент депутаты болған философия ғылымы докторы, тіл қамқоршысы Әбдіжәлел Бәкір ағамыз да осы тақырыпты қозғап, хабарласты.


Қазақ Елі Тәуелсіздігі үшін күресте құрбан болған ұлт көсемі Мұстафа Шоқай аты берілген Астанадағы #51 мектепте мен екі рет болдым.

Біріншіден, Мұстафа Шоқай бүкіл әлемге танылған алғашқы қазақ. Ұлыбритания астанасы Лондонда бүкіл әлемнің ең мықтылары ғана шығып сөйлейтін зор мінбер бар. Сонда қазақ баласынан, жалпы Орта Азиядан тек Мұстафа Шоқай ғана бір рет емес, екі рет сөйлеген. Бұның өзі Мұстафаның ұлы тұлғасын айқындай түседі. 

Екіншіден, тағы бір назар аударатынымыз, Еуропадағы ең атақты, ең белгілі, ең құрметті қазақ, жалпы Орта Азиядадан шыққан тұлға осы Мұстафа Шоқай. Өйткені, Берлинге барсаң да, Парижге барсаң да, Мұстафа Шоқайды ұлықтаған арнайы белгілер бар. Еуропада ең белгілі Шығыстану институтында тек Мұстафаға арналған бұрыш бар. Яғни бұл да Мұстафаның қандай тұлға екенін көрсетеді. Сондықтан Мұстафаға біз Астана мен Алматыдан, Түркістаннан бастап, өзі болған Грузияда да, Санк-Петербургта да, тб қалаларда ескерткіштер тұрғызу жолында еңбек етуіміз керек. 

Қазір тек осы Қызылорда да ғана бар. Негізі барлық облыс орталықтарында оның ескерткіштері болуы тиіс деп ойлаймын. Мектептер мен көшелер аттары берілуі тиіс.-деп, ақын Қазыбек Иса Мұстафа Шоқай туралы оның туған жерінде толғанып сөйледі.

-Былтыр 2023 жылы Қызылорда облысының құрылғанына 85 жыл толған екен. Өңірге “Ақ жол” партиясы да өз үлестерін қосып жатыр.

Осыдан екі жыл бұрын Ақжолдық депутаттарға аманат еткендей, Бесарық су жүйесін салу үшін, үкіметтен 961 млн теңге бөлініп, қазір қызу құрылыс жұмысы жүріп жатыр. Кеше басына барып, елмен кездесіп,, “Ақ жол” партиясына деген зор алғыстарын алып келе жатырмыз.   

Енді “Манап” ауылы тұрғындарының да өтініші Бесарықтағы су жүйесін 18 шақырым жердегі өз ауылдарына да жеткізу.

Шиеліліктер уран кеніштерінің экологияға зиянын, ал қазынамызды қазып алып жатқан компаниялардың кейінгі жылдары ауданға әлеуметтік қолдау жасамай жатқандарын жеткізді.

Біз бұл мәселелердің бәрін парламентте де қозғаймыз. Кеше Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен кездескенде де көтердік. Әкім шетінен бастап шешеміз деп отыр, рахмет. 

Зиялы қауым өкілдері өздерін толғандырып жүрген мәселелер төңірегінде сыр шертіп, Қазыбек Жарылқасынұлының Сыр еліне келіп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, Парламент мінберінен тіл мәселесі мен еліміз үшін маңызды басқа да мәселелерді көтеріп жатқаны үшін ризашылықтарын білдірді.


Жиында сөйлеп, өз ой-пікірлерін білдірген зиялылар парламенттің жаңа тынысына үмітпен қарап отырғандарын жеткізді.

Атап айтқанда, елімізге белгілі қарымды жазушы, “Кіші Арал" идеясы, Сырдария өзенін қорғау, Қазақстан өзендерінің бір бөлігін Арал аймағына жеткізу идеяларын көтеруші Сайлаубай Жұбатыр, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, «Тіл сақшысы» газетінің бас редакторы, «Тіл жанашыры» белгісінің иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Бақытбек Алпысбай, «Темірбек Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы Сәпен Аңсат, “Ақпарат саласының үздігі”, Қазақстанның Құрметті журналисі Айткүл Шалғынбаева, «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облыстық мәслихатының VIІ шақырылымының депутаты Бихожа Сәрсенкүл, 

“Қорқыт Ата” ҚМУ қазақ тілі кафердасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, социолингвист-ғалым, республика, облыс көлемінде мемлекеттік тіл мәселелері, тіл тазалығы мен мәдениеті, қазақ әдеби тілі, оның нормалары мен стильдері, терминология, әліпби мәселелермен тұрақты айналысып жүрген Аман Абасилов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты, Қызылорда облысының құрметті азаматы Әлима Әбдіқалықова, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, еңбек ардагері,облыстық "Кәсіпкер келбеті" газетінің және "Кәсіпкер және мәдениет" журналының редакторы Жүзбай Таңрықбай және тағы басқалар өз ой-пікірлерін білдірді.

«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Сәдуақас Аңсат бастаған тіл күрескерлері мен зиялылар Тәуелсіздігімізге 32 жыл болса да, әлі күнге Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдаудың кешігіп жатқанына наразы екендіктерін нақты тұжырымдап айтты.

Жазушы Сайлаубай Жұбатыр Арал экологиясы, халықаралық жағдайдың қаупі, жол мәселесін қозғады. Қаламгер Жүзбай Таңырықбай Қызылорда облысында соңғы екі жылда көптеген оң өзгерістер болып жатқанын айтып, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қарқынды қадамдарына қолдау жасап, рахмет айтты.

Қазыбек Иса зиялыларға алғыс айтып, “Ақ жол” партиясы елмен кездесулерде көтерілген өзекті мәселелердің шешімі табылуы үшін күресетіндіктерін жеткізді. 

Қазыбек Иса бұдан соң Қызылордадағы "Анаға тағзым" орталығына барды.

Орталық 2023 жылы қыркүйек айында Қызылорда облысының 85 жылдығы аясында халыққа табысталып, қазіргі уақытта ел игілігіне жұмыс жасап жатыр. “Анаға тағзым” орталығының ерекшелігі туралы жетекшісі

Алтынай Молжанова таныстырды. 

“Анаға тағзым” ордасына тағзым етіп, сұқбат берген Қазыбек Жарылқасынұлы "Лебіздер кітабына" өзінің жүрекжарды тілегін жазып қалдырды.

Елмен кездесулерге “Ақ жол” партиясы мүшелері, Қызылорда облыстық мәслихат депутаты Нұрымжан Сопбеков, “Ақ жол” партиясы облыстық филиалы төрағасы орынбасары Мирамбек Беркімбаев және облыстық филиал қызметкерлері қатысты.

“Қазақ үні”