ЕРЛЕРДІҢ ЕЛІ - ШИЕЛІ

ЕРЛЕРДІҢ ЕЛІ - ШИЕЛІ

Қызылорда облысында іс сапармен болған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса Жаңақорған ауданынан кейін Шиелі ауданына келді. 

Шиелі аудандық кітапханасында зиялы қауым өкілдерімен кездесу өтті. Кездесу басында Шиелі ауданының жақында сайланған жас әкімі Нұржан Ахатов Қазыбек ағамызға келіп сәлем берді. Елдің жағдайымен таныстырды.

Кітапханада еліміздің белгілі ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық - “Алтын Күз” орденінің Қазақстандағы тұңғыш иегері, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Қазыбек Исаға арналған көрме бұрышын жасалыпты. Онда ақынның шығармалары қойылған.


Шиелі аудандық және балалар кітапханасы меңгерушісі Гүлдана Жақыпова кітапхананмен таныстырып шықты.

Қазыбек Иса залдағы толып отырған зиялылар алдында парламент пен “Ақ жол” партиясының жұмысы туралы таныстырды.

-Күнделікті парламенттегі депутаттық жұмыс, қайнаған саясат қазанында жүріп ұмытып кетеді екенбіз, мынадай мол кітап қоры бар әсем кітапхананы көріп, мұндағы өз кітаптарым көзіме оттай басылып, залда толып отырған сіздердей оқырмандарды көріп, өзімнің ақын екенім есіме түсіп кетті…-деп бастады сөзін ақын депутат.


-Шиелі - киелі өңір ғой! Қазақтың маңдайына біткен мұзбалақ көсемі Мұстафа Шоқайдың, атақты әнші, балуан Иманжүсіптің, сазды әннің саңлағы Нартай Бекежановтың, “Ақ күріштің атасы”, қазақтың көрнекті ақыны Әбілда Тәжібаевтың, ғұлама ғалым Шахмардан Есеновтың, екі рет Еңбек Ері атанған Ыбырай Жақаев бастаған 41 Еңбек ерінің елі бұл. Оқшы, Асан аталар жатқан жеті әулиенің жері бұл!-деп толғанды.


-Былтыр Шиелі ауданына 90 жыл толыпты. Ауданнан шыққан алыптар аз емес. Тарландардың ішінде қазақтың біртуар саяси көсемі, Тұран тұлғасы, Алты Алаштың ақиық ардақтысы Мұстафа Шоқайдың атын кешегі Кеңес империясы кезеңінен қалған “Бірінші май” ауылына беру керек деп ойлаймын. Бұл Тәуелсіздігіне 32 жылдан асқан Қазақ Елі үшін идеологиялық зор мәні бар мәселені ел де қолдап, Парламентке біздің атымызға келіп жатқан хаттар аз емес. Кеше ғана менің осы елге келе жатқанымды есіткен Шиеліден шыққан қайраткер, кезінде екі рет парламент депутаты болған философия ғылымы докторы, тіл қамқоршысы Әбдіжәлел Бәкір ағамыз да осы тақырыпты қозғап, хабарласты.-деп, Қазыбек Иса Мұстафа Шоқайдың туған жерінде өз ұсынысын жеткізді.

Қазыбек Жарылқасынұлы сонымен қатар Парламент мінберіндегі “Ақжолдықтардың” көтеріп жүрген мәселелері мен түрлі заң шығарушылық қызметтеріне шолу жасады. 


Шиелілік зиялы қауым өкілдері өзекті мәселелерді көтеріп, өздерінің ұсыныс-пікірлерін жеткізді. 

Қазыбек Иса аудан кітапханасына "Ақ жол" партиясы атынан 1920-1927 жылдардағы Қазақ Елінің қоғамдық-саяси шежіресі болып табылатын “Ақ жол» газетінің толық саны жинақталған 25 томын тарту етті.  

-1913 жылы шығып, Алаш Орданың газеті, Қазақтың үні болған “Қазақ” газетін большевиктер жауып тастағасын, бұл ұлттық ұлы миссияны ары қарай “Ақ жол” газеті жалғастырды. Бұл 25 томдықты “Ақ жол” партиясындағы қазақтың белгілі қайраткер-қаламгерлердің қатарындағы арынды ақын апамыз Ханбибі Есенқарақызы құрастырған. “Ақ жол” партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың депутаттық жолдауы бойынша мемлекеттік қолдаумен жарық көрді, - деді Қазыбек Иса.

Кездесуде маңызды мәселелер көтеріліп, ұтымды ұсыныстар айтылды. Шиелідегі еңбек ардагерлері, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Исамил Өркен, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бекішов Қабілеш, Шиелі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Байкенжеев Исабек, «Қазақ тілі қоғамдық қоры» Шиелі аудандық филиалының төрағасы Сыздық Сұлтан, «Шарайна-Сейхун» газетінің бас редакторы Нұрмахан Елтай, қоғам белсендісі Болат Күлімбет және тб сөз сөйледі. Олар елдің күрделі мәселелерін сөз етті. Парламенттің жаңа тынысы ашылып келе жатқанын, “Ақ жол” партиясының қарқынды қайратын атап өтіп, алғыс айтты.


Шиелі аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Исамил Өркен Әзімханұлы Қазыбек Исаға Ақ батасын беріп, Ақ жол тіледі. 

Кездесу соңында Шиеліліктер Қазыбек Исадан қолтаңба алып, естелік суретке түсті.

Қазыбек Исаның депутаттық сапары ертеңіне Қызылорда қаласында жалғасты. 

“Қазақ үні”