СУ ҮСТІНДЕГІ ШАРДАРАЛЫҚТАР СУСЫЗ ОТЫР - Қазыбек Иса

СУ ҮСТІНДЕГІ ШАРДАРАЛЫҚТАР СУСЫЗ ОТЫР - Қазыбек Иса

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса Түркістан облысы Шардара ауданы тұрғындарымен кездесті.

Жерлестерімен кездесу М. Әуезов атындағы жалпы орта мектепте және Шардара аудандық әкімдік ғимаратында өтті.


Білім ошағында Қазыбек Иса “Ақ жол” партиясының атқарған жұмыстарына тоқталып өтті. Жиналған халық офшордағы ақшаны қайтару, қаңтар оқиғасында жазықсыз жабылғандар, трилиондар бөлінсе де, таза су мәселелесінің шешілмеуі, жемқорлық, қандастар көшінің қарқынының бәсеңдеуі, Азаматтық алу үшін құжат жинаудың қиындығы аясында сөз қозғады. Бұдан бөлек, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың “Егемен Қазақстан” газетіне шықққан сұқбатына қатысты да өз пікірін ортаға салды. 

“Қандастарымыз өз еліне келетін болса, 46 құжат жинау керек екен. Бір құжатты жинап бастаса, екіншісі жарамсыз бола бастайтын. Біз бұл мәселенің оң шешілуіне атсалыстық. Қазір заң қабылданып жатыр. Азаматтық алудағы үлкен кедергі ұлтының “Қазақ” екендігі туралы анықтаманы жергілікті өкілеттік орган беретін болады”,- дейді Қазыбек Иса.

Ал, аудандық әкімдік ғимаратында өткен жиында аудан тұрғындары, зиялы қауым күрмеуі шешілмеген бірталай мәселені ортаға салды. Әсіресе, мақта заңын енгізуді, ауыз су, ағын су мәселесінің шешілуін, Тама-Тастанбек таза су қорын тарту мәселесін, үйлерге газды жеткізуді сұрады.

“Қазыбек Иса, сенің әр сөзіңді, ісіңді қадағалап отырамыз, ризамыз. Таза су - денсаулық кепілі. “Өткенде Парламентте өткен үкімет сағатында “Триллиондар жұмсалса да, таза су мәселесін шеше алмау - таза масқара” деп халық үнін жеткізгеніңе алғысымыз зор. “Су үстінде отырған Шардаралықтар суға зар болып отыр” деп өзіңнің туған жеріңнің өзекті мәселесін өткір көтеріп жатсың, көп рахмет!

Мына жиналған халық сол өзің көтерген “Тама Тастанбектегі” таза суды халыққа жеткізуді сұрайды. Жан жақтан сұрастырып жатырмыз. 16 млрд бөлінген дейді, бірақ әлі қағаз жүзінде екен. Сол таза судың Шардаралықтардың үйіне жетуіне атсалыс, айналайын”,- дейді қала тұрғыны Таңсықбай Сахов.


Қазыбек Иса бұл Шардарадағы ауыз су мәселесі Тама-Тастанбек таза су қорын ел игілігіне пацдалану бойынша әріптесі, осы өңірден сайланған Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиевпен бірге Үкіметке хат жолдап жатқандарын мәлімдеді. “Дәл қазіргі жағдайын көріп, біліп кетсек, ары қарай бұл мәселені бақылауда ұстап отырамыз, тез шешілуіне атсалысамыз” деді Қазыбек Иса. 

Бұдан бөлек, басқосуда экология, Көксарайдан су бөгетінен шығып жатқан қалың шыбын-шіркейді азайту, газ жеткізу мәселелерін де тұрғындар ортаға салды. Ең маңызды сауал шардаралықтар мақта заңын бекітуді талап етіп отыр. 

“Түркістан облысы бойынша 32 000 шаруашылық мақта егумен айналысады. Бас-аяғы 80 000 шаруашылық бар. 1 млн халық мемлекеттен айлық алмайды, диханшылықпен айналысады. Зейнетақы мен салық құяды. Мемлекеттен бөлінген қаржылар, халықтың қолына толық жетпей жатыр. Осы мәселені шешу үшін Астанаға алты рет бардым. Қаншама министрдің алдына кірдім. Бірақ, шешімін таппай жатыр. Мақтанының заңын орнатуға көмек берсеңіз. Түркістан облысы бойынша 110 мың гектар жерге мақта егіледі. 77 млрд ақша бөлінеді, соның 35 млрды ғана шаруаларға жетіп отыр. Қалғаны қайда?”,- дейді әлі тіркелмеген Мақташылар мен диханшылар одағы төрағасының орынбасары Жора Бейсен.

Аудандағы қоғамдық кеңес төрағасы, еңбек ардагері Қыстау Ілесов жерлестері Қазыбек Исаның парламенттегі ел үшін ерекше маңызды өткір сауалдарына халықтың риза екенін жеткізіп, жалпыхалықтық дауыс беруде “2023 жылдың үздік депутаты” таңдауын жеңіп алғанымен құттықтады.

Жиын соңында Қазыбек Иса жеке қабылдау өткізіп, көпшіліктің ұсыныс тілектерін тыңдады. Соның ішінде Қоссейіт ауыл округіндегі каналдың арт жағындағы газ бармай қалған 300–дей тұрғынның атынан келген Сайлаукүл Отарбаеваның арызы тыңдалды. Соныммен қатар Тұрысбеков ауыл округіндегі Ақберді ауылына да газ жетпей қалған екен. Қазыбек Иса бұл ауылдарға газ жеткізілуіне ықпал етіп, жұмыс барысын қадағалайтынын айтты.

Жергілікті мәселелерге жиынға қатысып отырған Шардара ауданы әкімі орынбасарлары Бауыржан Шомпиев пен Нұрмахан Сапаровтар жауап беріп отырды.