ӨЗІ ҚЫЛМЫС ЖАСАЙТЫН ПОЛИЦИЯҒА ЕЛ ҚАЛАЙ СЕНЕДІ?!. - Қазыбек Иса

ӨЗІ ҚЫЛМЫС ЖАСАЙТЫН ПОЛИЦИЯҒА ЕЛ ҚАЛАЙ СЕНЕДІ?!. - Қазыбек Иса

Бүгін, 2023 жылдың 11 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде "Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар туралы" тақырыбындағы Үкімет сағаты өтті.

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” фракциясы мүшесі Қазыбек Иса Үкімет сағатында баяндама жасаған ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке өткір сұрақ қойды.

Құрметті Ішкі істер министрі Ержан Сапарбекұлы! 

Ел ішіндегі обадай қауіпті, естіні есінен айыратын есірткімен күресу ең алдымен мемлекеттің, қоғамның міндеті. 

Бұл күресте құқық қорғау қызметкерлерінің үлесі көп.

Бұны қазір сіздің баяндамаңыздан байқадық. 

Бірақ, құқық қорғау қызметкерлерінің өздері есірткі сату, өткізу үстінде ұсталып жатқаны туралы БАҚ-тағы деректер ақылға сия ма?

Мысалы, биыл еліміздің 8 өңірінде 11 полиция қызметкері, тіпті басшысымен бірге, есірткі өткізіп жатқанда ұсталды.

Бұл Астана, Тараз, Қостанай, Алматы, Ақтау қалаларында, ШҚО, БҚО, Алматы облысында болған жағдай. 

Бұл полиция қызметкерлері Тәркіленген есірткіні қайта айналымға сатты деп айыпталды.

Бұл не масқара! Қазақ “ет сасыса, тұз себеді, тұз сасыса не себеді” дейді!

Тәркіленген есірткі күшейтілген режимде қорғалып, ерекше тәртіппен жойылуы тиіс емес пе! 

Сонда біз қасқырға қой бақтырғандай, есірткімен күресті кімдерге сеніп тапсырғанбыз?

Биыл күзетші иттер 260 есірткі қылмысын ашып, 6 тоннадан астам есірткі тәркіленген. Сонда иттер есірткі табады, ұстайды, ал полиция оны сатады?!. 

Сонда полиция мен иттің қайсысы сенімді болып тұр?!.

Яғни, тәркіленген есірткіні жоюды қатаң күшейту керек, полицияның өзіне бақылау қажет!

Сізге қояр сауалым:

1.Мемлекет, қоғам болып бұл аса қауіпті дертпен күресіп жатқанда, полицияның мұндай қылмысы жайлы не дейсіз?!

2.Құқық қорғау органы қызметкерлері жасаған қылмыстар бойынша ресми статистика бар ма?

Онымен күресуде не істеп жатсыздар?

3.Бұдан кейін өзі қылмыс жасайтын полицияға Ел қалай сенеді министр мырза?!.

Есірткі сатқан полицияға есті адам сене ме?

Рахмет.

ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің жауабы:

ЕСІРТКІ САТҚАН ПОЛИЦЕЙЛЕР “САТҚЫНДАР” - министр

Сұрағыңыз орынды Қазыбек Жарылқасынұлы! Өзіңіз атап өткендей, өкінішке орай, біздің 11 қызметкер нашақорлыққа қатысты қылмыстар істеген. Жаңа өз сөзіңізде тәркіленген есірткінің қайта айналымға сатылуы туралы айтып өттіңіз. Бізде 2019 жылы заңнама қабылданған. Қазіргі күнде біз нашақорлыққа қатысты қылмысты анықтаған кезде 1 гр есірткіні экспертиза үшін аламыз. Ол бізге жеткілікті. Қалғанының барлығын жоямыз. Тәркіленген есірткінің қайта айналымға сату деген сөз бүгінгі күнде бізде мүлде жоқ. 

Әлгіндей қызметкерлердің барлығы сатқын. Ішкі істер саласында жұмыс істеп жатқан сан мыңдаған адамның беделіне кір келтіргендер. Сол себептен де оларды қылмыскерлер деп санаймыз. Бұл жерде қарамаған бастықтары, комондирлерінде де кінә бар. Бұл жағдай әр салада орын алғандығын жаңа баяндамамда атап көрсеттім. Бізде әр өңірде Қауіпсіздік департаменті олардың басқармалары бар. Қылмысты анықтағаннан кейін, сотқа дейінгі кезең қалай жүргізілетіндігі туралы сұрақ қойылды. Енді кемшіліктер бар. Өзіңіз білесіз, ішкі істер министрлігі деген үлкен армия. Орын алған жағдаймен күресуге, оны жоюға тырысамыз. Мұндай болмауы керек. Дұрыс айтасыз. Рахмет!