“Қазақ тілі” қорын қолдаған Президент бастамасы жалғасын табуда

“Қазақ тілі” қорын қолдаған Президент бастамасы жалғасын табуда

Осы аптада Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамдық қоры төрағасы Рауан Кенжеханұлы тіл жанашырларынан, қазақ қауымынан сүйінші сұрады.

Ол биыл 2023 жылы 12 қазан күні мемлекет басшысының қабылдауында болғанда мемлекеттік тілді дамытуға арналған эндаумент қорын құруды ұсыныпты. Мемлекет басшысы ұсынысты қолдаған. Осы QAZAQ TILI Endowment қорын құру, тіркеу, рәсімдеу шаралары жақында аяқталып, 7 желтоқсанда Қасым-Жомарт Кемелұлы сол қорға бірінші болып жеке қаржысынан 7 миллион теңге көлемінде жарна аударыпты.

 “Бұл қордың басты міндеті – мемлекеттік тілді қолдау және дамытумен айналысатын еліміздегі ең ірі ұйым – «Қазақ тілі» қоғамының тұрақты әрі ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету. 

Эндаумент қорының ерекшелігі – қорға жиналған қаржы жұмсалмайды. Қордағы қаражат басқаруға беріледі және инвестицияға құйылады. Инвестициялық қызметінен түскен табыс «Қазақ тілі» қоғамының жарғылық міндеттеріне жұмсалады.

Әлем елдерінде білім беру мен әлеуметтік бағытта жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың тұрақты әрі ұзақмерзімді қызметін қамтамасыз ету үшін эндаумент қорын құру тәжірибесі кең таралған”-дейді Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы басшысы.

Әрбір дамыған елдерде жалпы ұлттық мүддені қорғап, руханиятқа қамқорлық көрсететіндер рухы биік мемлекет басшылары.

Қазақ тілін қолдаған Президенттің бұл игі бастамасын ең бірінші болып жалғастырған “Ақ жол” демократиялық партиясы болды. Саяси бағдарламасында Мемлекеттік тіл басты бағыты болған Алаш партиясы ұстанымын ұстанған “Ақ жол” партиясы төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Азат Перуашевтың бастамасымен QAZAQ TILI Endowment қорына 1 миллион теңге аударылды.

Ендігі кезек Мемлекеттік тілдің мерейін үстем етуді ойлауы тиіс қаржыгерлерде, кәсіпкер азаматтарда.

QAZAQ TILI Endowment қорына қаржы аударуда еліміздегі қалталылар да қарап қалмас деп ойлаймыз. Олигархтардың да ойланатын кезі келді. 

Иә, қай істе де барлық мәселе қаржыға келіп тіреледі.

Қорың мол болса, қор болмайсың! 

Қаржылық қайрат көрсету қайраткерлікке жалғасып жатуы тиіс.

ҚР Президенті Қ.Тоқаев айтқандай , “Ең басты тіл -Қазақ тілі”, “Қазақстан азаматтары мемлекеттік тілді білуі қасиетті парызы және міндеті” болуы үшін, бәріміз де үлес қосайық, ағайындар!

Қазыбек ИСА, 

Қазақ үні