ҚАЗАҚША ОҚЫМАЙТЫН ҚАЗАҚ ҮКІМЕТІ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ СҰРАНЫСТЫҢ ЖОҒАРЫ ЕКЕНІН БІЛМЕЙДІ?!. - Қазыбек Иса

ҚАЗАҚША ОҚЫМАЙТЫН ҚАЗАҚ ҮКІМЕТІ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ СҰРАНЫСТЫҢ ЖОҒАРЫ ЕКЕНІН БІЛМЕЙДІ?!. - Қазыбек Иса

Қазақтілді телехабарлар елдің бәрі жатып қалған түнжарымда емес, жұрт көретін уақытта болуы тиіс

Бүгін, 2023 жылы 30 қарашада ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында “Масс-медиа туралы” ҚР Заңының жобасы бірінші оқылымда қабылданды. 

Мәжіліс депутаты, “Ақ жол” фракциясы мүшесі Қазыбек Иса баяндама жасаған ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға қазақ тіліндегі теле-радиобағдарламардың көлемі басқа тілдегілердің жалпы көлемінен 70 пайыздан кем болмауын талап етті.

Құрметті Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы!

Заң жобасына сәйкес қазақ тіліндегі теле-радиобағдарламалардың көлемі басқа тілдердегі теле-радиобағдарламалардың жиынтық көлемінен 50 пайыздан  кем болмауы тиіс еді.

Біз, депутаттар мемлекеттік тілдегі теле-радиобағдарламалардың көлемі 70 пайыздан кем болмауын ұсындық.

Бұл түзету Үкіметтің қорытындысына жіберілген, өкінішке орай, әлі жауап келген жоқ.

Мен әлеуметтік желіде елдің тыныс-тіршілігін жіті бақылап отырамын, сондықтан анық айта аламын, қазір сайттарда, әлеуметтік желілерде, ютубта, тиктокта да қазақтілді дүниелерге сұраныс өте жоғары. Мысалы, осы жақында ғана ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың халықаралық жиында қазақша сөйлеп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтергені туралы қазақ тілді материалдар өзге тілдегі қаралымдардан он еседей жоғары болып, резонансқа айналды.

Осы парламентте де жиынның бәрі бүгінде 90 пайыз мемлекеттік тілде өтеді. Қазір Мәжіліс үкімет мүшелерінен, министрлерден мемлекеттік тілді талап ететін жалғыз билік орнына айналып тұр. Яғни, көп жерде тіл мәселесі бірте-бірте түзеліп келеді.

Қазақ халқының саны баяғыда 70 пайыздан асып кетті. Қазақ тіліндегі мектеп бітіруші түлектер гранты 70 пайызға жетті. Мысалы, әлеуметтік желілер мен ютуб арналардың қазақ тіліндегі жазылымдары мен оқылымдары өзге тілдерге қарағанда оншақты есе жоғары. Кез-келген қоғамдық саяси оқиғалар қазақтілінде өзге тілге қарағанда оншақты есе көп қаралады. Мысалы, бір «Оян,қазақ» фильмі миллиондаған көрермен жинап, өзге тілді фильмдерден оншақты есе асып түсіп, рекорд жасауда. Бұл қазақ тілінің сұраныстағы кәсіби тілге айналып келе жатқанын көрсетеді.

Бірақ мемлекеттік тілде сөйлемейтін, қазақша оқымайтын қазақ үкіметі қазақ тіліне деген талаптың өте жоғары екенін қайдан білсін?!.

Бұл қазақтілді хабарлар елдің бәрі жатып қалған түнжарымда емес, жұрт көретін ыңғайлы уақытта болуы тиіс. Қазақтар түнімен ұйықтамай, теледидар қарайды деп ойлай ма, түн ортасында телеарналар қазақша хабарлар беріп жатады...

Біріншіден, бұл қазақ тіліндегі телерадиобағдарламалардың 70 пайыздан кем болмауы және екіншіден, ел көретін  ыңғайлы уақытта болуы туралы талап тек менің, Қазыбектің ғана емес, Қазақтың қалауы, халықтың талабы!

Осы талап бойынша министрдің пікірі қандай?. Осы ұсыныс қабылданса,  бұл норманың механизмі қандай болады?

Рахмет!

ҚАЗАҚТІЛДІ КОНТЕНТКЕ ДЕГЕН СҰРАНЫС АРТЫП КЕЛЕДІ

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның жауабы:

Құрметті Қазыбек Жарылқасынұлы!

Бірінші сұрағыңыздан бастайын, бізде бүгінгі таңда 5459 бұқаралық ақпарат құралдары ресми түрде тіркелген болса, оның 90 %-ы жекеменшік. Сондықтан ол бизнес субъектілеріне жатады. Сондықтан қазіргі таңда Экономика министрлігі арнайы сараптама жүргізіп жатыр.

Ал екінші қазақ контентін көбейту және оның пайыздық мәселелері бойынша маған салса жүз пайызға көшуге болатын еді. Десе де, жаңа өзім атап өткенімдей, БАҚ-ның 90 %-ы жекеменшік. Олардың әрқайсысының мүмкіндіктері мен ерекшеліктері бар. Біздің ойымызша, бұл мәселе кезең-кезеңімен 40/60 болуы керек деп пайымдап отырмыз. Қазақша телерадиохабарлар көлемін 70 пайызға жеткізу жағын өзіңізбен талқылауға дайынбыз. Біз өзі сізбен жиі пікірлесеміз ғой, осыдан үш жыл бұрын айтқанмын, қазіргі БАҚ-ның контентін 80% қазақ тілінде пайдаланады. Бұл дегеніміз – қазақ тілді контенттің көбейіп, сұранысқа ие болғаны. Біз 70-80 % деп қоя салсақ болады. Бірақ оның ертең сапасы қандай болады? Мәселен радиоларда түрлі-түрлі өлеңдермен қойып, мазмұнды тұрғыдан жұмысымызды кемсітіп алмаймыз ба? Сол мәселе бар. Екіншіден радиолардың да ерекшеліктері бар. Сондықтан менің ойымша, бұл мәселе табиғи түрде рет-ретімен келеді. Өйткені, сараптама жасап отырсақ, кабельдік операторлардың өзі контенттердің дубляжын жасап қазақшалап отыр. Ол дегеніміз аудитория қазақтілді контентті тұтынып отырғанын көрсетеді. Бизнес те өзі соған бейімделіп, өзі соған келеді. Өйткені олар ақша табу керек, олар өзінің аудиториясын, тыңдарманын көбейту керек. Сондықтан біздің ойымыз осындай.