ШЕТЕЛ ШАҚЫРТСА, ШЕТІНЕН ТІЗІП ЖІБЕРЕ БЕРЕМІЗ БЕ АЗАМАТТАРЫМЫЗДЫ?! - Қазыбек Иса
2023 ж. 27 қыркүйек
5192
1

Қай елмен, қандай заң болса да, ең бастысы өз еліміздің азаматтарының қауіпсіздігі қорғалуы қажет!
Бұл шет мемлекеттермен жасалатын құқықтық көмек бойынша шарттарда ең алдымен ел азаматтарының қауіпсіздігі басты назарда болуы қажеттігі туралы мәселені бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты, “Ақ жол” фракциясы мүшесі Қазыбек Иса көтерді. Ол ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиевке шет мемлекеттердің қылмыстық процестеріне қатысатын Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігі қалай қорғалатыны жайлы сауал қойды.
Бұл туралы «Қазақ үні» ақпарат агенттігі хабарлайды.
ЕҢ АЛДЫМЕН ЕЛІМІЗДІҢ АЗАМАТТАРЫНЫҢ АМАНДЫҒЫН ОЙЛАУЫМЫЗ ҚАЖЕТ
Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты:
—Құрметті Әсет Қазақбайұлы!
Қандай ел болса да, ең алдымен өз азаматтарының амандығын ойлайды.
Кипр мемлекетімен жасалатын қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы осы шарттың 8-бабында сұрау салушы мемлекеттің құзыретті органдарына шақырылған куәгерлердің немесе сарапшылардың қолсұғылмаушылығына қатысты нормалар бар екен. Бірақ Шартта олардың қауіпсіздігіне қатысты ешқандай талаптар жоқ.
Ал біздің елде «Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» Заң бар. Ол заң белгілі бір адамды, оның ішінде сарапшылар мен куәгерлерді қорғайды.
Оларға зорлық-зомбылық немесе заңсыз іс-әрекет қаупі төнген кезде қауіпсіздігін қорғауды осы заң қамтамасыз етеді.
Ал Кипр мемлекеті туралы бұлай айта аламыз ба? Біздің елімізден Кипрге барған куәгерлер мен сарапшыларды кім қорғайды?!. Олар заңмен қорғала ма, қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі? Ондай заң бар ма оларда? Бұл мәселені біз заң жобаларын талқылауда да көтергенбіз.
Жоқ, шетел шақырды деп шетінен тізіп жібере береміз бе азаматтарымызды?! Онсыз да қоғамда Қытаймен ақпарат алмасу туралы шартқа алаңдаушылық білдіріп жатқандар бар.
Қандай елмен, қандай заң болса да, ең бастысы өз еліміздің азаматтарының қауіпсіздігі қорғалуы қажет!
ОЛАРДА ДА АЗАМАТТАРЫМЫЗДЫ ҚОРҒАЙТЫН ЗАҢ БАР
ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиевтің жауабы:
-Рахмет, өте дұрыс айттыңыз! Иә, өз азаматтарымызды қорғау, ол біздің конституциялық міндетіміз.
Сіздің сұрағыңызға келсек, Кипрда да тура біздегідей куәлар мен сарапшыларды қорғайтын заң бар. Тергеу кезінде қорғау қажет ететін жағдай болып қалса, сол заң бойынша куәлар да, сарапшылар да қорғалады. Бұл заңда қорғауға арналған әртүрлі әрекеттер көзделген. Бізде де ондай әрекеттер бар. Мысалы, мекенжайын өзгерту, төлқұжаттарын ауыстыру, не болмаса, арнайы бір бөлінген орында ұстау. Сол үшін біз де, олар да куәлар мен сарапшылардың қауіпсіздігіне кепілдік бере аламыз.
Бастысы еліміздің азаматтарының амандығы болуы тиіс! Кипрмен де, басқа елдермен де жасаған шарттарда ең алдымен өз мемлекетіміздің азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты назарда ұстаймыз.
Кипр Республикасында да біздің елдегідей қылмыстық процеске қатысушыларды қорғайтын заң бар. Сол заң азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Қазақ үні