Толеранттық па, құлдық па...
2023 ж. 25 қыркүйек
887
0

Қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі де инфляция мен девальвацияның тепкісіне ұшыраған төл теңгеміз сияқты әбден есеңгіреп қалған. Сол есеңгіреген дәстүрдің бірі – бата беру туралы әңгіме қозғамақпыз.
ТМД деп аталатын алыс көршілерге пойызбен сапарға шықтық. Екі жігітпіз, еліміздің шалғай аймағындағы стансалардың бірінен вагонымызға бір топ адам мінді. Іішінде бір шал ерекше, ақ шапан, ақ көйлек, ақ шалбар, ақ қалпақ (осы қалпақты біреу хандікі дейді , біреу қарақшынікі дейді кім білсін, не де болса жарасымды). Шалға енді бір асатаяқ, дәу терек пен плакат болса «нағыздың» өзі болғалы тұр. Біраз жол жүрген соң серігім:
– Ата, бата беріңіз, алысқа жол жүріп барамыз ғой, – деп қалтасынан бес жүз теңге шығарып, шалдың алақанына салды. Шал бес жүз теңгені әрі-бері аударып қарап отырды да:
– Бата беруді білмеймін, – деді. Шал не де болса «адам – адамға дос, жолдас, бауыр» деген ескі заманның адамы ғой деп, «көрермендер залынан подсказ» беруге тура келді:
– Аға, мұның мәнісі былай ғой, бата дегеніміз тілек, тілектің қазақтың жүрегіне ең жақыны, ең қымбаты – бұл тост. Яғни тосттың «бұрынғы айтылған тостарға қосыламын, құйылғанды ақ қылып алып қойыңыздар» деген басы мен аяғын шауып тастасаңыз, бата болады да шығады, – дедім.
– А-а, тост па, тост айтам, – деді, шал көзі жайнап. Мұнан соңғы әңгіме жараспады. Біразға дейін үн-түнсіз отырдық.
«Әкеңнің!.. Сықиып тұрғанға қайдан білейін» деп, серігім тісін шықырлатып, қолын ысқылады. Шал түсіп кеткен соң. Сол өңірдің тумасы болатын. «Кең болсаң кем болмайсың» деген, біз толерантты халықпыз ғой» деп, шалдың қылығына кешіріммен қарадық. Болашақта білетінінің «бас, аяғын» шауып тастаса батагөй боп кетуі де ғажап емес деп ойладық іштей.
***
Көрші шәйға шақырды, анығырағы ет жеуге, құда-құдағиы келген екен. Айтқан уағында топырлап жетіп бардық. Көрші құдасын таныстырып, сценарий бойынша елін, руын, кәзіргі қызметін баса айтты. Сөзінің ыңғайына қарағанда мақтау керек секілді. Біреудің тегін етін жеп отырып жел сөзді аяймыз ба, желдірте жөнелдік. Құданың руын, одан шыққан белгілі «жақсыларды» өкірте мақтадық. Құда жетпістен асса да қызметте, кәрілікті, зейнеткерлікті мойындамаған «переходной возростағы» ақсары кісі екен. Сұрақтарға сараң ғана жауап беріп, екі бетінің ұшы қызарыңқырап, көңілсіз отырды.
Буы бұрқырап келген үйеме табақ етке жапа-тармағай ұмтылдық, ет жеу процесі орталана бергенде құда орнынан ұшып тұрып, көрші бөлмеге өтіп кетті. Құдағи бірге кетіп ізінше қайта оралды, ет желініп табақ алынып, жаңа ғана бізге ет турап қызмет қылған пышақтардың көзі құртылған соң батаға қол жайдық. «Батаны құда берсін, құда» дестік құданың бос тұрған орындығы мен кеткен жағына кезек жалтақтап. «Ему сейчас не до «бата», вчера вечером у нас его сокурсники были, и они до утро гудели, сейчас он спит наверно, сами делайте эту» деп құдағи тегін кредит беріп жатқан банк бастығы сияқты кесірлене кекірейіп, қолын ербеңдетіп батаның ишарасын жасады. Что же делать, мы народ толерантный, и послушный. Особенно когда нам прикажет на языке соседного государства. Сразу бата сделали и расходились. Но одновременно подумали, что құда когда проснется, будет очень доволен, узнав за него мы «бата» сделали.
* * *
Бата бере алмайтындар мен бергісі келмейтіндердің әңгімесін бата бергіштермен жалғастыру жөн болар. Бірақ мұнда да есі дұрыс адамның ақылына симайтын жаңа реформаларымен сол саланы тас-талқанын шығарып, бұрынғы күніне зар етіп кететін реформашыл министр сияқты асыра сілтеу басымырақ. Кейбір батагөйлер бір айтқанын екі, екі айтқанын жеті рет қайталап, жұрттың ығырын шығарса, кейбіреуінің шабыты шалқып лағып кететіні бар. Соның бір көрінісі төмендегіше болды.
Мешітте жұма намаздан соң ақсақал бата беретін үрдіс бар, бұл реттегі шал батаны өзгеше бастады. Өзінің елін, руын, келген жерін, бес ұл, одан өрбіген жиырма бір немере, он жеті шөбере өсіріп, қажылыққа үш рет барғанын қадап айтты. Сөздері жұмыр да шымыр, ұжмаққа баруға лицензия алып қойғандай өз-өзіне сенімді. «Бар ғұмырында қолға балға алып бір шеге қақпаған, көп пайдасына асар бір ауыз сөзі болмаған, көпшілік басын қосар бір өнері болмаған, бірақ жұрт жиналса болды қайыртпай сөйлеп, айыртпай төбелесіп жүрген ағайын әлі баршылық» депті бір ғұлама. Осындайларға айтса керек, толеранттты халықпыз ғой, шал өзі жеткен жетістіктерін реті кеп тұрғанда көпке жарнамалағысы келген шығар деп кешірммен қарадық.
***
Бір тойдамыз, той аяқталуға таяу, бірақ көпшілік айналшық жеген адамдай айналсоқтап кете алмай жүр, асаба «тойлаймын, билеймін дегендерге той таң атқанша жалғаса береді, кәзір ақсақалдан бата сұраймыз» деп қағазына қарап алып төрдегі ақсақалдарды аттап өтіп, қарасақалдардың үстеліне беттеді. «Жол пәленшеекеңдікі емеспе, сол емеспе ең жасы үлкен» деді біреу. «Кәзір жасқа қарап бата сұраудың заманы өткен, мына бата беріп жатқан жігіт осы әулеттің нөмірі бірінші бизнесмені , осы әулеттен бірінші «шестисотый мерс» мінген азамат, так ышто кәзір атыңа затың, жасыңа тасың сай болмаса ел назарына ілінуің» қиын деді «түсіндіргіш». Асабаның тізіміндегі екінші батагөй батасын бастағанда «әй, мынау осы әулетке күйеу емес пе, бұл батаға қалай кіріп жүр» деді біреу. «Мұның мәнісі былай, осы үйдің талабы келісіңкіремей, анда барса батпай, мында келсе сіңбей, көз тимесін деп көйін тайлақтың мойнына байлаған кәрі жіліктей салаңдап жүрген ұлын осы күйеуден туған бастық жиен өз қарамағына жұмысқа тұрғызып, «крышевать» етіп отырған жоқ па, соның бодауы да» деп түсіндірді, «түсіндіргіш». Асабаның тізімі бойынша және үш адам, барлығы бес адам бата берді, мына соңғы үш батагөйдің де «көжетамырлық» бірдемесі болды ау, ендеше бұл батаның «бартерге» айналған түрі болды. «Бұрын батаны дуалы ауыз, ең жасы үлкен ақсақал беруші еді де, қалғандар батаның қабыл болатынына сенуші еді. Бес адам берген батаның қабыл болуы қалай болар екен, әнәбір төрт-бес тең төрағасы бар ұйымның ғұмыры қысқа боп еді» деген ой ішімізде кетті. Толеранттымыз ғой сыртқа шығармадық.
Осы біз толерантты капиталистік қоғам құрамыз деп жүріп, ақшаға құл, ақшалыға құл, қожайынға құл болып кеткен, құлдық қоғам құрып жіберген жоқпыз ба? Толеранттық пен құлдықтың арасы қанша жер?
«Елім-айлап айтпас бүгін ешкім жыр,
Айрылғанбыз наркескеннен найзадан.
Інім менің «құл базарға» барып жүр,
Құлдық қоғам құрылғалы қай заман».
(Өлең авторынан кешірім сұраймын, авторының аты жөні, қашан қайда оқығаным есте жоқ, жадта қалған шумақтың орны осында деп ойладым).
Нысанбай ҚУАНӘЛИҰЛЫ,
Астана қаласы