Әбдіжәлел Бәкір: Алаштықтар тілі азат болмаған елді тәуелсіз ел санамаған
2023 ж. 02 қазан
1545
0

Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа
АШЫҚ ХАТ
Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Өзіңіз жоғарғы билікке келгелі бері әлі тиісті қарқын ала қоймаса да, қоғамдық өмірімізде біраз саяси-әлеуметтік өзгеріс басталды. Мен де осы кезге дейін қалыптасқан жағдайдан елді майдан қыл тартқандай етіп алып шығуға ұмтылған ұстанымыңызды толық қолдаймын. Біз күрделі саяси жағдайды түсіне де, көтере де алмайтын халықпыз. Себебі осы кезге дейін саяси санамыз да басылып, еркіндік дегенді сағымдай сезініп келе жатқан жандармыз. Өзіңізге белгілі, кешегі тәуелсіздік жылдары халықтың мұңын айтқысы келгендермен күрестік. Бірен-сараң бас көтергендер өмірмен қоштасты, түрмеге тығылды. Халық жадынан 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы мен 2011 жылғы Жаңаөзен қырғындары кете қойған жоқ.
Ал осы хатты жазуыма бірнеше себеп болып отыр. Біріншіден, осы кезге дейін Президент Әкімшілігіне үш рет хат жаздым. Екі хатыма жөнді жауап болмағаннан соң тікелей Президент Әкімшілігінің басшысына да жаздым. Сөйтсем Президент Әкімшілігінің жұмыс стилі өзгермеген сияқты. Түскен хат тиісті министрлікке жіберіледі екен де, тіпті оған қайтарылған жауаптардың мазмұн-мәнін Президент Әкімшілігі тарапынан ешкім бақыламайды екен. Мен осылай болғаннан соң өзіме өзім хат жазғаныма ренжідім. Сонда халықпен байланыс қалай жүзеге асады? Халық шындықты сүйеді. Ал жұртшылықта ойлы пікірлер аз деп айта алмаймын. Биліктің жұрт пікірін біліп отырғаны, пайдалысын құлаққа іліп отырғаны жөн болар еді. Халық іші – қазына.
Бұрын көтерілген және ойға келген кейбір мәселелерге, мүмкіндігі болса, Сіздің өзіңіздің тікелей араласуыңызды өтініп, хат жазып отырмын.
Біріншісі – 1989 жылы мемлекеттік мәртебеге ие болғанымен, өз төрімізге шыға алмай келе жатқан ана тіліміздің мәселесі. Өзіңізге мәлім - кешегі Тәуелсіздіктің отыз жылында тілге қатысты бір қағидатты қадам болмады. Тіпті үш тұғырлы тіл деп балабақшаға дейін үш тілді үйретуге бардық. Өзіңіз алдымен, өз тілімізді білейік дегеннен соң бұл тыйылды. 1997 жылы қабылданған 27 баптан тұратын «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» (орысшасы «О Языках») Заңның 15 бабы орыс тілінің қамын қарастыратын еді. Бұл сол күйімен қалып келеді.
Тіл мәселесі бағытында, әсіресе, мектеп жүйесі әзір былық етпей тұр. Болашағымызды дайындап жатқан балабақша мен орта мектептердегі қазақ тілін тәртіпке келтіру қажет сияқты. Қазіргі уақытта еліміздегі 7000-нан астам мектептің 53-пайыздайы ғана қазақ мектептері. Басқа қалаларға үлгі көрсетуге тиісті Астанамыз орыс тілділердің астанасы болды. Мұнда мектептердің үштен бірі ғана қазақ мектептері. Осыларды білікті мамандар ғылыми түрде зерттей отырып, ретке келтірсе, дұрыс болар еді. Мүмкіндігі бар аралас мектептерді қазақ мектептері етіп, басым көпшілігі қазақтың ұл-қыздары оқитын орыс мектептері мен сыныптарын аралас деп атап, олар да мемлекеттік тілдік орта жасау аса қажет.
Жақында Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті ұсынған «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының» жобасын талқылауға қатыстым. Сөз сөйлегендер оң баға берді. Ал осының орындалуы жер-жерде қайшылықты кедергілерге ұшырауы сөзсіз.
Бүгінгі қалыптасқан жағдайларды қалай оңалтуға болады? Ұсыныстар көп-ақ. Конституцияның 7-бабының «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген 2-тармағын алып тастау, «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдау т.б. ұсыныстар бар.
Сіз бір сөзіңізде «Қазақ тілін ұлтаралық қатынас тілі етейік» дедіңіз. Меніңше, осы жол бізді ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесіне төкпей-шашпай апаратын бірден-бір дұрыс жол сияқты. Осыған байланысты өз ойымды білдірсем деймін.
Ең бірінші, облыстардағы біразы жойылып кеткен тіл саясатын жүзеге асырып отырған Тілдерді дамыту басқармаларын қайта құрған жөн. Сонан соң ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі құрамындағы Тіл саясаты комитетін өз алдына дербес белгілі құқықтық мүмкіндіктерімен Тіл жөніндегі мемлекеттік Агенттік етіп құрған дұрыс болар еді. Тіпті осындай өзгерістердің өзі жұртшылық арасында оң пікірін туғызады.
Біз жаңа Қазақстанды ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуден, әрбір қазақтың өз тілін білуден бастауымыз керек деп ойлаймын. Кешегі егемендіктің елең-алаңында ұлтшыл азаматтар да қайта құруды ана тіліміз үшін күрестен бастаған болатын. Бұлар тиісті қолдау тапқанда көп нәрсе бітетін еді. Бірақ олай болмады.
Алаштықтар тілі азат болмаған елді тәуелсіз елге жатқызбаған. Кеңес Одағында болған іргелі елдердің бірде-бірінде біздегідей жағдай жоқ. Өз тілімізге өзіміз ие болуымызға кім кедергі келтіреді. Сол себепті алдымен өзімізді өз тілімізге ие етудің амал-тәсілдерін жан-жақты ойластырсақ жөн болар еді. Мысалы, кешегі егемендіктің елең-алаңында, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында белсенді қызмет атқарған, кейін билік тарапынан қолдаусыз қалған, қазір қайта құрылып жатқан «Қазақ тілі» қоғамдарын Үкімет тарапынан қолдау қажет дегім келеді. Сонда жер-жерде құрылған қоғамдар белсенді қызмет етіп, ұлттық рухымызды көтеріп, тіліміздің қолданыс аясын кеңейту бағытында жемісті жұмыс жасап, ана тілімізді ұлтаралық қатынас тілі етуде көп тірлік бітірер еді.
Екінші мәселе - аты әлемге танылған Мұстафа Шоқай мұрасы туралы. Шығармалары тоғыз тілде жазылған он екі томдық жинақ 2012-2014 жылдары жарық көрді. Оған енген «Яш Түркістан» журналында басылған 224 мақаладан басқа 448-дей орыс және 130-дай француз, сондай-ақ ағылшын, неміс, поляк, түрік т.б. тілдеріндегі еңбектері осы кезге дейін ана тілімізде жарық көрген жоқ. Бұл мәселеге тиісті министрліктер еш жауап жазбады.
Алаш жетекшілерінің ішінде Түркістанда (кең мағынада) тәуелсіз ұлттық мемлекет құруды ту еткен бірден-бір ардақты саяси қайраткеріміздің осы мәселесін шешуге Өзіңіздің тараптан нұсқау болып жатса, дұрыс болар еді.
Үшінші мәселе – Сіздің «Әділетті Қазақстан» идеяңыз қоғамымыздың болашағы жастар қауымына ерекше көзқарасты қажет етеді. Осы кезге дейінгі қоғам дамуында оларға өнегелі дүниелерді көрсете алмадық. Олар нарықтың қайшылықты жағын көбірек қабылдады. Мұстафа Шоқай Батыс пен Шығысты ұштастыра қабылдауды ұсынып еді. Ал біз кейде батысшыл болып кеттік.
Меніңше, жастар тәрбиесінде күрделі және жүйелі өзгерістер керек. Біріншіден, жастар мәселесімен тікелей айналысатын мемлекеттік мекеме қажет. Бұрынғы комсомол жүйесінен оның коммунистік саяси сипаттарын ысырып тастап, пайдалысын алған жөн болар еді. Сондай-ақ «Жас Қазақстан» деген сияқты аттармен өз алдына республикалық газет, телехабарлар ұйымдастырған жөн.
Жоғарыдағы мәселелерді мен екі-үш жылдан бергі БАҚ-тарда, Президент Әкімшілігіне де жазған болатынмын. Олардан бұл мәселелерге жан ашырлық не түсіністік әрекет байқалмады.
Төртінші мәселе - Үкіметте тарихи тұлғалар тізімінің жасалуы дұрыс қадам болған жоқ. Бұл кейбіреулерге керек болған сияқты. Меніңше, бұл бағыттағы басты критерий - ол тұлғаның Республикаға, оның халқына нақты не берді деген үлкен сұрақ пен оның нақты жауабы болуы керек. Кейбір қайраткерлер туралы мақаланы оқып отырып, таң қалмау мүмкін емес. Ана облыста, мына облыста әкім болды немесе анада, мынада бастық болды, сондай-ақ ұлы Отан соғысына қатысты деп олардың аттарын мектептерге, мәдениет үйлеріне беріп, ғимараттарының алдарына ескерткіштер орнаттық. Оларды Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаевтармен теңестірдік. Осындайлардың кейбіреуінің кезінде арнайы жұмыстан алынғанын, тіпті тарихи тұлғаға жатпайтынын ескермей, таныстықпен, қаржының күшімен осындай істерге бардық. Мұндай фактілерді қайта қарау қажет, сүйтіп әділеттілікті орнату керек.
Осы тақырыпқа байланысты мынандай ұсынысым бар. Өзіңізге де қызметі белгілі, Одаққа мәлім республика комсомол басшысы болған Өзбекәлі Жәнібеков кейінгі қызметтерінде де ерекше белсенділік танытты. Алайда өз кезіндегі республика басшысы да, кейінгі басшылар да Өзекеңді орталық биліктен алшақ ұстауға тырысты. Бірде партияның орталық комитетінде қызмет етіп жүрген кезінде Қызылорда облысына іссапармен келіп, бұрынғы өзімен комсомолда қызметтес болған, сол кездегі обкомның Саяси ағарту үйінің меңгерушісі Абылай Айдосовтың кабинетінде отырып, өзінің сонау жаңа құрылған Торғай облысынан шыққанын сыр етіп айтып еді...
Осыларды еске түсіре отырып, Өзбекәлі Жәнібековтің аты берілген Астанадағы №11 мектеп-лицейдің алдына ардақты тұлғаның ең болмаса бюст ескерткіші қойылса, еліміздің тарихи мұрасын қастерлеп, болашағын ойлаған ұлтымыздың ұпайын түгендеуге белсенді ат салысқан асыл азаматқа деген үлкен құрмет болар еді.
Соңғы бесінші мәселем – кешегі тәуелсіздіктің отыз жылында ұлтымыздың рухани байлықтарын молайтқан Алаш ардақтыларына тиісті көңіл бөлмедік. Алаш қозғалысының 100 жылдығын көп шаралардың бірі ретінде өткіздік. Тіпті ұлтымыздың шын мәнісіндегі көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жылдығына байланысты ЮНЕСКО арнайы шешім қабылдағанда, сол кездегі Үкімет басшысы теледидарға шығып, мұны өткізуге қаржы жоқ деп масқара мәлімдеме жасады. Әрине, бұл өзінің сөзі емес еді.
Алаш идеяларына қазір де жеткілікті көңіл бөле бермейміз. Ресми сөздерде айтыла бермейді. Сіздің тапсырмаңызбен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы байланысты тиісті шаралар жап-жақсы өтті. Бұған да шүкір. Шындығына келгенде, біз Алаштың саяси һәм ұлттық идеяларын тиісті игермей, бүгінгі тәуелсіздіктің талаптарын толық жүзеге асыруға ұмтылмай, қазіргі замана ұсынып отырған жайларды өзіміздің тарихи, ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып қабылдамай, толық тәуелсіз ел де, тәуелсіз елдің толыққанды азаматы да бола алмаймыз. Бұл, әрине, менің ойым.
Хатыма арнайы жауап алсам дұрыс болар еді.
Көріскенше күн жақсы болсын!
Сізге деген құрметпен
Әбдіжәлел Бәкір,
саяси ғылымдар докторы, профессор