ХАЛ ҚАЛАЙ АУЫЛ МЕКТЕБІ?
2023 ж. 23 мамыр
1968
0
«Жаңа Қазақстанның» болашағы – көзі ашық, көкірегі ояу өскелең ұрпақта. Сондықтан да халықтың сапалы білімге қол жеткізуі үшін жүйелі жұмысты жандандырған жөн. Бұл бағытта елдің түкпір-түкпіріндегі мектептерде іргелі істер атғарылып жатқаны аңғарылады.
Біз Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылындағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта лицей-интернатының тыныс-тіршілігіне көз салуды жөн санадық.
Бүгінде аудандағы көш бастап тұрған осынау оқу орнының тарихына көз салар болсақ, сонау 1936 жылы Сырдарияның батыс жағасындағы Балтакөл деп аталатын елдімекенде жеті жылдық мектеп жайы салынып, оған «Ағарту» деген ат беріліпті. Аталмыш мектеп 1959 жылы №4 мектеп-интернатқа айналды. Бүгінде Әділхан Әріпбеков басқаратын Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта лицей-интернатында 43 сыныпта 944 оқушы оқиды. Жеке тұлғалардың жан-жақты дамуына ықпал ететін жаңа педагогикалық технологияларды оқу-тәрбие үдерісіне енгізген мектепте ауыз толтырып айтарлық жаңалықтар да жетерлік.
Әділхан ӘРІПБЕКОВ,
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта лицей-интернатының директоры
Атап, айтсақ, Түркістан облысы бойынша Отырар ауданының Ө.Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта лицей-интернаты Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық академияның ұсынысымен «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» әлеуметтік жобасына қатысушы мектептер тізіміне енген-ді. Жоба аясында «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» тарапынан зор қолдау көрсетіліп келе жатқанын айту ләзім. Жоба «Тұрақты Даму Қоры» мен «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп іске асырылуда. Аталмыш қорлар тарапынан тиісті қаржы бөлініп, бүгінде мектептің материалдық-техникалық базасы толықтай жаңартылған. 2022 жылдан бастау алған Назарбаев зияткерлік мектептерімен бірлескен интеграциялық жұмыстар 2024 жылға дейін өз жалғасын таппақ.
Осынау айтулы жоба еліміздегі ең үздік мектептермен тығыз қарым-қатынас орната отырып ауыл мектептерінің тиімділігін арттыруға күш салмақ. Бұл игі іс қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға да мұрындық болмақ. Педагогтердің кәсіби шеберлігі мен шығармашылығын арттыру, мұғалімдерді дамыту және ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын жабдықтау жұмыстары да біз әңгіме өзегіне айналдырып отырған Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта лицей-интернатында жемісті жүзеге асып келеді.
«Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасына енген мектептердің бірі ретінде аталмыш лицей интернатының мұғалімдері арнайы тағылымдамадан өтіп, мектепке толық жабдықталған кабинеттер мен шығармашылық орталықтар қолдануға берілді.
Инфрақұрылымы жаңартылған лицей мұғалімдері алдағы үш жыл бойы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқу бағдарламасына қатысады. Лицей директоры Әділхан Әріпханов: «Мектебізге осындай қолайлы жағдайдың жасалуы оқушыларымыз үшін де мұғалімдеріміз үшін де керемет жаңалық болып отыр. Мұны өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін жасалып жатқан игілікті істің бір парасы деп білеміз. Сондай-ақ, ұстаздарымыз да жауапкершілік жүгін сезіне отырып осы жолда аянбай тер төгіп келеді. Біздің мектеп алдағы уақытта аймақтың білім деңгейін көтеру жолындағы ілкімді істерді атқаруға ұйытқы болмақ. Шәкірттеріміздің шығар шыңы алдағы уақытта бүгінгіден де биік боларына сенемін» дейді.
Бастауыш сынып мұғалімі Нұргүл САДЫҚ
Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылындағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта лицей-интернатының аймақтағы тірек мектепке айналуы тек қана мектеп оқушылары мен ұжым үшін ғана емес, аймаққа зор пайдасын тигізбек. Яғни, болашақта жалпы ауданға қарасты барша мектептің жоғары жетістікке жетуіне үлес қоспақ.
Сондықтан да лицейдің аудан көлеміндегі нәтижелілігі төмен мектептермен бірлесе жұмыс істеуі үшін арнайы ресурстық орталықтар құрылмақшы. Бұл тұрғыда өзге мектептің мамандары түрлі пәндер бойынша лицей интернаттың тәжірибелі де шебер мұғалімдердерімен тәжірибе алмасуына жағдай жасалмақ.
Бұл туралы мектеп басшысы Әділхан Асылханұлы: «Тірек мектептерінің құрылуындағы басты мақсат – мықты мектептердің ресурстық орталық ретінде өзге мектептерге тәжірибесін таратуында, яғни білгенімен бөлісуінде. Біздің лицей облыстағы маңдай алды мектептерінен алған тәжірибесін аудандағы ұстаздармен бөлісетін болады. Сонымен қатар, жан-жақты дамудың нәтижесінде ақпараттық технологиялар саласында ауыл мектептері педагог қызметкерлерінің белсенділігі артады. Қазіргі таңда материалдық базаның жаңартылуы ең алдымен оқушылар санының артуына ықпал етуде» дейді.
Осы бір ұлағатты бағытты негізге алған мектепте мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға ден қойылған. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта лицей-интернатының директоры Әділхан Асылханұлының сөзінше, жаңа оқу жылы басталғалы бері мектеп мұғалімдері Педагогикалық шеберлік орталықтарының тренерлерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей отырып, өз шеберліктерін шыңдауға жол ашқан екен.
Сонымен қатар, Түркістан облыстық әдістемелік орталығы, Түркістан қаласы зияткерлік мектебі, Шымкент қаласындағы педагогтердің шеберлік орталығы және де Шымкент қаласы зияткерлік мектептерінің атсалысуымен лицей интернат мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келе жатыр екен.
Сондай-ақ, облыстағы Назарбаев зияткерлік мектеп тренерлерінің ұйымдастыруымен «Педагогтердің цифрлық дағдыларын дамыту» бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыруға бағытталған курс өткізіліп, оған 19 мұғалім қатысып, арнайы сертификаттар иеленіпті.
Ауыл мектептері педагогтерінің кәсіби дамуына әдістемелік қолдау көрсету мақсатында өткізілген «Сабақты зерттеу арқылы ауыл мектебінің тәжірибесін жетілдіру» атты республикалық семинарға 10 мұғалім қатысып, сертификат алыпты. Ұстаздар қауымының біліктілігін арттыруға бағытталған шаралардың үздіксіз өткізілуі өз кезегінде мұғалімдердің өз саласының нағыз майталман маманы атануына мұрындық болуда.
Бұл тұрғыда мектептегі әрбір ұжым мүшесінің кәсіби шеберлігін шыңдау көзделген. Сондықтан болар, зертханашылар да назардан тыс қалмапты. Атап айтқанда, Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ базасында физика, химия, биология және STEM кабинетінің лаборанттарына арналған тағылымдамаға лицей интернатының 5 зертханашысы қатысып, біліктілігін жетілдірген.
Жүйелі жұмыстың нәтижелі жүргізілуіне лицей интернаттың іскер басшыларының еңбегі ұшан-теңіз екені белгілі.
Дегенмен, сәт сайын ізденіп отыруды қажет ететін жауапты салада басшыларға да біліктілікті шыңдау талап етіледі. Жоғары талап үдесінен шығу үшін Педагогикалық шеберлік орталығында өткен «Мектеп командасы: тиімді басқару және білім сапасы» атты біліктілік арттыру курсына мектеп директоры, оқу ісі жөніндегі орынбасар, математика пәнінің көшбасшы мұғалімі қатысып, тәжірибе алмасыпты.
Мектеп оқушыларының сапалық көрсеткіштері де жоғары. Мектеп басшысының мәліметінше, 2-4 сыныптар – 67 %, 5-9 сыныптар – 64 %, 10-11 сыныптар – 80 % пайызды құрап отырған көрінеді.
2022-2023 оқу жылындағы атқарылған іс-шаралар қорытындысы бойынша оқушылардың пәндік олимпиадасы негізінде аудандық кезеңде І орынды – 10, ІІ орынды – 2, ІІІ орынды – 2 оқушы иеленіпті. Ал түрлі байқаулар бойынша, аудандық кезеңнен І орынға –1, ІІ орынға – 5, ІІІ орынға – 2 оқушы қол жеткізіпті. Сол сияқты, Президент олимпиадасының аудандық кезеңінде І орын – 1, облыстық кезеңнен ІІІ орын – 1 оқушы алып, жеңіс тұғырынан көрінді. Сонымен қатар, IQanat олимпиадасының аудандық кезеңінен І орынды – 9 оқушы иеленді. Ғылыми жоба бойынша аудандық кезеңнен І орынды – 2, облыстық кезеңнен 1 оқушы Алғыс хат алып, жоғары нәтиже көрсетті.
«Былтырғы оқу жылын да жемісті аяқтаған болатынбыз. Мектепті 45 оқушы бітірген болса, олардың 9-ы «Алтын белгі» иегері. Ал, 10 оқушы «Үздік аттестатпен» аяқтады. ҰБТ-нің қорытындысы бойынша орта балл: 80 балды құрады. 45 оқушыдан 37 (82 %) оқушы грант иегері атанып, өздерінің нағыз үздік екендіктерін дәлелдеп шықты» дейді Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта лицей-интернатының директоры Әділхан Әріпбеков.
Мұндай жоғары көрсеткіш өз кезегінде жоғарыда біз атап өткен «ұстазы жақсының ұс тамы жақсы» екендігін дәлелдей түссе керек. Биылғы оқу жылында да мектеп бітірушілеріміз ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесінен жоғары ұпай жинап, үмітімізді ақтайды деген сенімдеміз дейді директор.
«Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» деп ақын Бейімбет Майлин жырлағандай, ауыл мектептерінің қал-ахуалының жақсаруы – саналы ұрпақты тәрбиелеуге зор ықпалын тигізбек. Ұлағатты ұстаздар қауымының осы жолдағы еселі еңбегіне жеміс тіледік.
Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
qazaquni.kz