Алаш хирургиясының алыбы
2023 ж. 15 ақпан
920
1
Бүгінде қоғамдық маңызы бар мерекелер, дүбірлі мерейтойлар жиі өтіп жатады.
Біз ғұмырында отыз мыңдай ота жасап, соншама жанға өмір сыйлаған профессор, академик, Халық Қаһарманы Мұхтар Әлиевтің туғанына тоқсан жыл толуын нағыз ұлттық мереке деп есептейміз.
Осы ретте оқырман назарына әлемге танылған әйгілі дәрігердің қызықты еңбек жолы мен басынан кешкен түрлі жағдайлары туралы замандастарының лебізін ұсынуды жөн көрдік.
Академикке айналған қара бала
...Домбыраның қос ішегіндей керілген рельстердің арасымен кішкентай қара бала жүгіріп келеді. Арт жағынан түтіні будақтаған пойыз көрінеді. Әлінің зәресі қалмады. Балаға қарай жанұшыра жүгірді. Бар даусымен:
– Балам, жолдан шық! Пойыз келіп қалды! Мұхтар, Мұхтаржан, жолдан кет! – деп айқайлады.
Әкесінің үрейлі үнінен сескенген бала жолдан аулақ кетті. Теміржолшы жүгіріп келген бойда баласын құшағына алып, бауырына басты. Бұлардың тұсынан жүк пойыздың вагондары жер-жаһанды дүрсілдетіп өтіп жатты...
– Көке, мұнша неге қорықтыңыз? Пойызды өзім де көріп келемін ғой. Мен, әншейін, сіздерге...
– Жоқ, балам, бұдан былай олай етпе. Ойыннан от шығады.
Олар жусанды жазыққа дастархан жайды.
– Мыналарды Базаргүл әкпем беріп жіберді, – деп Мұхтар түйіншіктегі пәтір нан мен құртты дастарханға салды.
Үлкен қызы Базаргүл дайындап беріп жіберген тағамдардан дәм тата отырып Әлі баласына көз тастады. Ұлына сездірмей ауыр күрсініп қойып, іштей: «Аналарың жоқ, әбден абыржыдыңдар-ау, қарақтарым!» – деді. Алайда теміржолшы алдында отырған Мұхтарының ержеткен соң қазіргідей дүниежүзіне белгілі ғалым боларын ойламаған да шығар-ау!
– Иә, мен 1933 жылы ақпанда Жаңақорған маңындағы теміржол разъезінде дүниеге келіппін. Шешем – Құндыз үш жасымда қайтыс болыпты. Мұнан кейін әкеміздің тәрбиесінде болдық. Ас-суымызды үлкен әкпеміз Базаргүл дайындап, анамыздай аялады.
Бұлар төрт ағайынды болатын. Үлкені Базаргүл, одан кейінгі ағасы Әмет, өзінен үлкені Ажаргүл. Мұхтар – кенжесі. Әлі осы перзенттерін жетілдіру жолында аянбай тырбанды.
– Бала күнімде жазатайым қимылдың қатерін мені құшағына қысып тұрып ескерткен әкем, ақыры өзі соның кұрбаны болды. Мен Алматыдығы медициналық институттың төртінші курсында оқып жүргенімде әкемді пойыз қағып, содан қайтыс болды. Ал Базаргүл апамыз тұрмыс кұрған соң перзент үстінде дүние салды, – деді балалық шағы мен өткен өміріне ойша саяхат жасаған Мұхтар аға.
Тағдырдың тәлкегі Мұхтардың оқуына да елеулі қиындық келтірді. Бірақ өмір тауқыметі игі мақсат жолындағы жігіттің жігерін жани түсті.
– Жаңақорған төңірегінде туып-өскеніммен өзімді Қызылқұм ауданының азаматы деп санаймын. Өйткені еңбек жолым сонда басталды, медицина ғылымына деген құштарлық сезімі де сол ауданда оянып, сонда жинақталды, – деді Мұхтар Әлиев еңбек жолы жайында сыр ашарда.
Жаңақорғандағы мектеп-интернатта тоғыз жылдық білім алған Мұхтар Түркістандағы педучилищенің бірден үшінші курсына қабылданады. Оны 1950 жылы ойдағыдай бітіріп, Темір селосындағы мектепке мұғалім болып орналасады.
Ол осында бір жыл еңбек етті. Академик дәрігердің еңбек жолы ауданымызда осылай басталып еді. Ал, медицинаға, дәрігер болуға құштарлық сол кездегі шәкірттер өмірімен байланысты секілді.
– Класқа оқушылар түгел келмейді. Себебін сұрасаң үнемі «ауырып қалыпты» деген жауап аласың. Ал, сабаққа келгендерінің де қызуы көтеріліп, жөтеліп, көзі жасаурап отырады. Сабақты сергек тыңдайтыңдары аз. Осындайда сабақ өтуді тоқтата салып, баланың сырқатын білгім келеді, жалма-жан ем қолданып, аурудан арылтуды армандаймын. Дәл осы үшін дәрігер болуды мақсат еттім. Осы арманмен 1951 жылы Алматыға келдім. Мединститутқа бардым. Абитуриенттер аз екен. Азғантай талапкерлер үшін топ ашылмайтын көрінеді. Сосын, Алматыдан мединститутқа түскісі келетін жастарды іздестірдім. Ақыры он алты абитуриенттің басын құрап, бәрінің документтерін дайындастым. Бәріміз институтқа емтихансыз қабылдандық. Міне, осылайша медицина ғылымына қадам бастым.
Мұхтар ағаның осы әңгімесінен алға қойған мақсатқа жету жолындағы қажымайтын күрескер екендігін аңғарғандай болдым. Ол институтта жақсы ортада тәрбиеленіп, білім алады. Дәріс берген атақты ұстаздары жас Мұхтардың талантты дәрігер болатынына сол кезде-ақ кәміл сенген екен. Практикалық сабақ өту барысында үнемі ұстаздарының тәжірибесін зейін қоя үйренуге тырысатын, күрделі операцияларға қатысуға сұранатын.
Атақты хирургтің алғашқы операция жасағаны әлі есінде. Онда практикада жүрген кезі болатын. Бір күні клиникада кезекшілік етеді. Жұмыс уақыты аяқталып, қайтуға жиналып жатқанда ауруханаға денесі қанға боялған жігіт әкелінді. Бұзақылардың жүрек тұсынан салған пышағы екі елідей бойлапты. Жедел операция жасалуы керек, әйтпесе жігіттің тірі қалуы қиын.
– Қан құямыз, – деді Мұхтар қасындағыларға. – Енді кешігуге болмайды. Операция жасаймыз...
Олар студенттің сөзіне таңдағандай дағдарып тұрып қалады.
– Неге тұрсыңдар, операция столын дайындаңдар!
– Сіз, әлі студентсіз, оның үстіне жүрекке...
– Кім екенімде жұмысым жоқ, адамды аман алып қалу керек!
Мұхтар жаралы жігітке операция жасауға кірісті. Жара қатты аша бергенде жүректен атқылаған қан оның бетін жуып кетті. Бірақ ол саспады. Қимылы батыл әрі икемді. Күміс қандауырды қолына берік ұстаған жас хирург жүректен фонтанша атқылаған қанды қолымен ақырын басып тоқтатты. Пышақ ұшы тілген жүрек қалтасының жыртылған жерін ақырын тіге бастады. Оның сескенбей, сенімді қимыл жасауы қасындағылардың көңіліндегі күдікті мүлдем серпіп тастағандай еді. Операция сәтті аяқталды.
– Құттықтаймыз! Кешіріңіз, – деп жолдастары ризалық көңіл танытты.
– Нағыз ерлік жасадың, көп рахмет! – деп клиниканың бас дәрігері Сақтаған Құлыбековтің өзі де Мұхтардың қолын қысты.
1957 жылы Мұхтар Әлиев мединститутты бітіріп профильді дәрігер болып Шәуілдірге қайтып оралды. Бұл кезде ағайын-туыстары, бауырлары Темір станциясына көшіп келіп, қоныстанып қойған. Мұхтар алғашқыда сегіз айдай аудандық ауруханада еңбек етті. Сосын институт жолдама берген «Темір» совхозындағы участкелік ауруханаға бас дәрігер болып барды. Бір кезде, ұстаз болып жүріп ауру балаларды емдесем деген ізгі арманы орындалғандай болды.
Адамдардың денсаулығын түзету жолындағы дамылсыз күндер зуылдап өтіп жатты. Дәрігерлік қызмет кітаптағыдай оңай болмады. Барлық қиындықты жеңуге бекінген жас дәрігер аурухананың материалдық базасын жақсартуға айрықша назар аударды. Бір жылда он орындық аурухана белгілі емдеу орнына айналды. Алған білімін адал қызметіне ұштастырған маман аз уақыттың ішінде «қолы шипалы дәрігер» атанып, көпшіліктің құрметіне бөленді. Науқастанган жанның көпшілігі «Темір» совхозына келетін болды. Олар өз дәрігерлерін мақтан етті.
– Ауылдық ауруханада қиындық көп еді. Отын-су тасуға бір ат арба берілген. Бар көлігіміз осы. Жедел жәрдемге де осымен баратынбыз. Дегенмен, сол кездегі совхоз директоры Ермановтың көмегін айрықша айтқым келеді. Халықтың денсаулығын жақсартудағы ұсыныстарымды түсініп, ауруханаға жаңа жай салдырып берді. Өзіне бекітілген автомашинасын да аз пайдаланбаушы едік, – дейді Мұхтар дәрігерлік қызметінің алғашқы сәттерін еске алып.
Ол участкелік ауруханада хирург те, терапевт те, окулист те, тіпті, акушерлік қызметті де бір өзі атқарды.
Болашақ академик ауырған адаммен бірге өзі де ауырғандай болады. Ол талай таңды кірпік ілмей атқарды. Адамды ажалдан арашалап алып қалу жолындағы арпалысқан күндер мен түндер қаншама! Академик дәрігер әңгімелесу кезінде сол бір қарбалас сәттердің бірнешеуін еске түсірді.
– «Темір» совхоздарындағы участкелік ауруханаға жаңадан барған кезім. Бір күні түс қайта ойламаған жерден соқыр ішек ауруына шалдықтым. Алғашқы белгісінен-ақ сонымен ауырғанымды аңғардым. Ішімнің бүріп ауруы қайталана берді. Сосын өзіме өзім укол салып, ем қолданып, үйде күтініп жаттым. Түн ортасында біреу терезені қатты қағып, «Мұхтар!» деп айқайлап тұр. Есікті аштым.
– Қарағым, Мұхтаржан, мен Сырдария фермасынанмын. Келінім кешелі бері босана алмай қиналып жатыр. Бармасаңыз болмайды, – деді дегбірсізденіп.
Мұхтар соқырішек болып ауырып жатырмын демей, керекті дәрілері мен аспаптарын алып жолға шықты. Желдетіп жауған қар бет қаратар емес. Олар таң саз бере ауылға да келіп жетті.
– Сондағы көрініс әлі көз алдымда, – деді Мұхаң әңгімесін сабақтай түсіп. – Толғатқан келін босанғанымен, баланың жолдасы түспей қалған. Олар соны түсіруге әрекеттеніпті. Ақыры болмаған соң баланың жолдасын ұзын шуда жіппен байлап, жіптің бір ұшын жаны қиналып жатқан келіншектің аяғының бармағына байлап қойыпты.
Мұхтар жас анаға жедел жәрдем жасайды. Сосын майшамның жарығымен акушерлік операция жасап, баланы да оның жолдасын да түсіреді. Келіншек ұл туған.
– Енді кешіккенімізде анадан да, баладан да айырылатын едік, – деп еске алады Мұхтар.
Академик дәрігер әңгімелесер алдында маған сары дәптер ұсынды.
– Мұнда мен туралы материалдар жинақталған, – деді.
Сары дәптерді қарап отырмын. Мұхтар Әлиев жайында баспасөзде жарияланған материалдар тігілген. Екі Құрмет грамотасын қолыма алдым. Алғашқысына Шымкент секретары облыстық комсомол комитетінің секретары Өзбекәлі Жәнібеков қол қойған. Онда: «Шәуілдір ауданы «Темір» совхозының комсомол ұйымын (комсомол комитетінің секретары Мұхтар Әлиев) көпшілікке кітап таратудағы белсенді жұмыс атқарғаны үшін наградтайды» делінген. Екіншісінде «Темір» совхозының дирекциясы, партбюросы, кәсіподақ комитеті Мұхтар Әлиевті 1958 жылғы Бірінші май мерекесіне орай өз жұмысына жауапкершілікпен қарағаны және қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқаны үшін Құрмет грамотасымен наградтапты.
Иә, ол дәрігерлік қызметімен қатар комсомол комитетінің секретары міндетін де мінсіз атқарған.
...Участкелік аурухана дәрігерінің өмір үшін алысқан алғашқы жылдары артта қалды. Алайда оны адамдар денсаулығын жақсартудың күрделі де қиын проблемалары толғандыратын. Мұхтар институт қабырғасында оқып жүргенде кеуде хирургиясының маманы болуды армандайтын. Оның үстіне ұстаздары А.Н.Сызғанов, Е.А.Азаровалардың «Сенде хирургтік талант бар, оны талабымен ұштастыра білуің керек, біліміңді ұштай түс» деген ұсыныс-пікірлерді де жиі айтатын. Бұл ақыл-кеңес есінен шыққан емес.
Ақыры Алматыға аттанды. Бұл Мұхтар Әлиевтің медицина гылымын жете игеруге біржола шешім қабылдауы еді. Ол екі жылдық клиникалық ординатураға түсті. Хирургия жөніндегі теориялық білімін жетілдіріп, практикалық шеберлігін шыңдады. Республиканың белгілі хирургтері Евгения Азарова, Нұрғали Сүлейменов, Александр Сызғановпен істес болды. Творчестволық іздену жолына түсті. Әр сырқат-дерттің себебін зерттеді, операциялар жасады. Ол көп ізденді, көп оқыды, көп еңбектенді. Мұхтар Әлиев клиникалық ординатураны ойдағыдай бітіргеннен кейін Москвадағы, Ленинградтағы білімін бұрынғыдан да жетілдіре түсті. Кеудеге операция жасаумен қатар интубациялық наркоз берудің жолдарын үйренді. Талантты дәрігер республикалық бірінші ауруханаға хирург болып жұмысқа орналасты. Мұнан кейін онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкерлерінен Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрі, кейін өзі басқарған А.Н.Сызғанов атындағы клиникалық және эксперименттік хирургия ғылыми-зерттеу институтының директорлығына дейінгі аралықтағы қызметтерде халықтың денсаулығын сақтау, жақсарту бағытында ұдайы ізденумен қатар, қаншама студенттерге, маман дәрігерлерге дәріс берді десеңші!
Мұхтар Әлиев үш жүз алпыс ғылыми еңбек жазды, жетпіс сегіз медицина ғылымының кандидатын, алпыс сегіз ғылым докторын даярлады.
1966 жылы аспирант, Мұхтар Әлиев қан тамырларьш жалғастыру және оны комплексті емдеу жолдарын ашты. Осы еңбегі үшін медицина ғылымдарының кандидаты, 1974 жылы ғылым докторы, 1976 жылы профессор атағын алды. Оныншы және он бірінші сайланған Қазақ ССР Жоғары Советінің депутаты болып сайланып, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды. Одан академик болып сайланды.
Одан Италия, Дания, Германия, Венгрияда болған кезде Қазақ елінің жетістіктерін баяндады. Америка Құрама Штаты да ғалымның еңбегін жоғары бағалап, Кентукки штатының құрметгі полковнигі және Балтимор қаласының Құрметті азаматы етіп сайлады. «Хирургия» және «Фтизиатрия» мамандықтары бойынша кандидаттық диссертация қорғайтын мамандандырылған Кеңестің, Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрлігінің «Хирургиялық мамандығы» Кенесінің төрағасы, Бүкілодақ хирургтер қоғамы басқармасының президиум, халықаралық хирургтер ассоциациясының мүшесі, «Здравоохранение Казахстана» және «Советское здравоохраннения» журналдарының редакциялық коллегия мүшесі, Қазақ ССР Ғылым академиясы мен Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрлігінің зерттеу жұмыстарын үйлестіріп отыратын ведомствоаралық ғылыми кеңестің мүшесі болды.
Алматының кең көшесінде академикпен бірге аяңдап келемін. Жанға жайлы самал еседі.
– Уақыт болса, осылай жаяу серуендегенге не жетсін, – дейді Мұхаң.
Шынында да, оның бос уақыты жоқ. Әр күнгі басқару, ұйымдастыру жұмыстарын былай қойғанда күніне алты-жеті операция жасайды. Бұған ғылыми кеңестерге, жиналыстарға қатысу, сайлаушылармен кездесу, шетелдік меймандарды қабылдау қабаттасып жатады. Академик-дәрігер бәріне де уақыт табады. Тек өзі айтқандай «демалуға ғана уақыты жоқ» секілді. Кабинетте әңгімелесу кезінде де еліміздің жер-жеріндегі хирургиялық мекемелер мен ауруханалардан телефон соққандарға кеңес беріп отырды.
...Операция столында ер адам жатыр. Станок оның қолының алақан тұсынан кесіп түскен. Хирург Мұхтар Әлиев мұздың арасына сақталып әкелінген азаматтың төрт саусағын өз орнына жалғауда. Ең алдымен сүйектерін қиюластырып, нерв жүйелерін ұштастырды. Сосын қылдай қан тамырларын біртіндеп біріктіріп шықты. Операция сәтті аяқталды...
– Мұндай операция бұрын Ленинградта жасалатын. Енді Алматыда да жасалады. Ауылдық жерде кездейсоқ жағдайлар жиі болып тұруы мүмкін. Жарақат алғандар біржарым-екі тәуліктің ішінде бізге жеткізілсе, денесінен үзіліп түскен қол-аяқты оз орнына қайтып орналастыруға кепілдік бере аламыз. Тек кесіліп түскен мүшелер мұзда сақталып әкелінуі керек, – дейді Мұхтар Әлиев.
Білгір ғалым Жапон аппаратымен асқазанға операция жасады. Ол да табысты болды. Бөлім меңгерушісі, Қазақ ССР Мемлекттік сыйлығының лауреаты К.А.Кашкин шетелдік аппаратты Мұхтар Әлиевтің шебер игергеніне риза болды. Ол институттың ғылыми хатшысы медицина ғылымының кандидаты Бауыржан Әлбазаровпен институтты аралап көріп шығуыма рұқсат етті.
Әңгімеміз тағы да денсаулық жөнінде болды. Академик Әлиев экологиялық жағдайдың нашарлап кеткеніне тоқталды. Ол өзінің еңбек жолы басталған Қызылқұм ауданын тағы бір еске алып:
– Біз бұрын Арыс өзенінен қайықпен, пароммен өтетінбіз. Қазір оның суы әбден азайған. Бір кезде Отырар өңірін суландырған өзеннің мұншалықты күйзелуі қатты ойландырады. Осының бәрі адам денсаулығына әсер етпей тұрмайды, – деді ол. – Көкөністі көп пайдалану керек. Ең бастысы елдімекендерде тазалық жақсартылуы тиіс...
Иә, ия халықтың денсаулығын жақсарту бағытында ауданда атқарылар жұмыс аз емес. Қоршаған ортаның тазалығы өте маңызды мәселе. Бұл пікірлер академик жерлесіміз Мұхтар Әлиевтің аудан азаматтарына аманаты іспетті.
P.S.
1998 жыл. Тамыз айының 4-і. Редакция тапсырмасымен Алматыға баратын болдым. Мақсат – Қазақтың А.Н.Сызғанов атындағы клиникалық және эксперименттік хирургия ғылыми-зерттеу институтының директоры, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Мұхтар Әліұлымен әңгімелесіп, академикті қалың жұртшылықпен жете таныстыру.
Тапсырма жүгі жеңіл емес, әрі жауапты. Медицина ғылымын меңгерудегі білімділігі мен талантына бүкіл әлем табынып отырған әйгілі ғалым туралы толғанып, оқырман ойынан шығатындай дүние жазу оңай емес. Бірақ тапсырманың аты тапсырма – мүлтіксіз орындалуы керек. Тәуекел еттім.
Алматыға жүрер алдында сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұхамбетқасым Шәкенов мені өзіне шақыртты.
– Академикпен әңгімелесуге дайындығың қалай? Қоятын сұрақтарыңды сұрыптап алған боларсың? – деді хатшы.
Тосылып қалдым. Пәлендей сұрақтар сұрыптап үлгермеген едім. Сосын:
– Бара көрермін, – дедім.
– Мұның болмайды. Ол кісінің шешіліп сыр ашуы қиын. Нақтылай сұрақтармен сөзге тартып отырмасаң әңгіме айта қоймас, – деп хатшы менің дайындығыма қанағаттанбаған сыңай танытты.
Бұл жағдай мені бұрынғыдан да әбіржітті. Дегенмен, тағы да:
– Бара көрермін, – дедім.
– Көрсең көріп қайт, жолың болсын, – деді хатшы.
Алайда, хатшымен болған осы бір қысқа пікірлесу жігерімді жани түскендей болды. Оның үстіне газеттің редакторы, тәжірибелі каламгер Тоқтасын Қысмұратов та қамтылатын мәселелер жөнінде бірқатар ақыл-кеңесін айтқан еді.
Сонымен, Алматыға аттанып кеттім.
Міне, академик Мұхтар ағаның алдында отырмын. Әр сауалыма терең ойланып, сабырлы қалпында сонау өмір есігін ашқан сәтінен қазірге дейінгі тұрмыстағы, ғылымдағы тіршілік тынысынан сыр ақтара берді.
Біз көп әңгімелесіп едік. Дәлірек айтқанда, алты күн сырластық. Екі күндей ағаның жасаған операцияларын көрдім, институттың жағдайымен таныстырды. Сол сапарында Мұхтар ағаның бос уақытының мүлдем жоқ екенін аңғардым. Бірде Мұхтар аға әңгімесінде:
– Менің кандидаттық диссертациям радиация кезіндегі тамырлар зақымдалуының хирургиясы болса, бұл ғылыми еңбекке алғашқы қадам да сол Шәуілдірде жасалды деп айта аламын, – деді де сәл ойланып алып, сөзін одан әрі сабақгай түсті. – «Темір» совхозындағы учаскелік ауруханада бас дәрігер болып жұмыс істеп жүрген кезім. Бір жолы малшыларды аралауға шықтық. Есімдері есімде жоқ, бір қойшының үйіне келсем, кішкентай баласының баланүйрек бармағына жара шығыпты. Бармақ бүгіліп қалған, әрі іріңдеп кеткен. Жеңіл-желпі емес, дәрімен қайта қоятын түрі жоқ. Сол баланың саусағына операция жасадым. Бұл – менің қан тамырларын жалғап емдеудегі алғашқы тәжірибем еді, – деп еске алған болатын өткен күн елестерін.
Мұхтар аға осындай есте қаларлықтай елеулі сәттерді көп әңгімеледі. Оның әрқайсысын өз алдына сөз етуге болады...
Сонымен, Мұхаңмен ұзақ әңгімелесіп ауылға қайттым. Келген бойда анам Жаңылға сәлем беріп, қайда болғанымды, ірі, өте ірі ғалыммен сөйлескенімді баяндап шықтым. Сонда анам:
– Жақсы адамға кездескен екенсің. Ол баланы біз жақсы білеміз. Әкең марқұм екеуміз «Темір» совхозында қой бағып отырғанымызда ол адам доғдыр еді, – деп әңгімесінің осы тұсына келгенде іркілген анам: «Кәне қолыңды әкелші, – деді. Сенің мына саусағың жарадан бүгіліп қалғанда сол бала емдеп жазып еді»...
– Солай ма еді?! – деп аң-таң болдым. Анама бір, баланүйрек саусағыма бір қараймын. – Қызық!..
– Қызық еш нәрсесі де жоқ. Бұл өмір ғой, шырағым. Сапарың оң болған екен, қарағым. Сонда-ақ оны тегін адам емес дейтінбіз. Жақсы қасиеттері жеткілікті болатын, – деп анам Мұхтар аға жайында небір мағлұмат айтып жатты...
Тағдырға дауа жоқ-ау, сірә. Сондағы ауыл дәрігері, кейін әлемдік дәрежеге көтерілген ірі ғалым қолын емдеп жазған әлгі қойшының баласы мына мен едім! Енді талай жылдан соң сол атақты академик жөнінде осы қолмен қалам тербеп отырмын! Тәубе демегенде не дейін...
Қойшыбай МАМАСЕРІК,
журналист